Ата-аналармен жұмысты ұйымдастыруға берілетін ұсыныстар

Топтың жұмыс формасын және сандық құрамын анықтай отырып, аса тиімді форма ретінде 7-10 адамнан құралатын «жекеленген ашық» топтары немесе 2-5 адамнан құралатын шағын жинақты топтар алынатынын ұмытпау қажет. «Жекеленген ашық» топтар – бұл қатысушылардың тіркелген құрамы болмайтын топ. Ол өз балаларының денсаулығына байланысты, белгілі бір сабаққа қатыспаған топ мүшелерімен жұмыс істеуге бағытталған. Сабақтар апта сайын немесе айына екі рет белгіленген күндері өткізілуі мүмкін. Бұл мақсатта арнайы сабақ кестесі құрылады, онымен ата-аналар танысады. Психокоррекциялық міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін топ жұмысының ұзақтығы, кедергі жасайтын фактордың тереңдігін және тұрақтығын ескеріп, кем дегенде бір оқу жылы, жақсы болғанда – екі және одан көп жыл болуы қажет. Топтың жұмысы аяқталғаннан кейін, бұрынғы топтың жекеленген мүшелеріне арналған қолдаушы психокоррекциялық сабақ курсын құрудың қажеттілігін ескеру қажет.

Дамуында бұзылуы бар баланың ата-анасына қамығу мен үрейді жеңуге, баланың дамуының жаңа жолдарын шығармашылықпен іздеуге, оның жаңа мүмкіндіктерін ашуға көмек беретін психологтың іс-әрекетінің мазмұнын анықтау ерекше мәнге ие болады. Дамуында бұзылуы бар балаларды тәрбиелейтін отбасымен жұмыста, психологтың іс-әрекетінің мақсаты ретінде, проблемалы баланың мүмкіндіктерін дамытудың тиімділігін арттыру, оның ата-анасының өзіндік санасын оңтайландыру және жаңа өмірлік бағдарларын қалыптастыру алынады. Мұндай тұғыр олардың ішкі күйін үйлесімді етуге және өзі және бала үшін әлеуметтік орындарын табуға мүмкіндік береді.

Отбасына психологиялық көмек беру, дамуында бұзылуы бар балаларды психологиялық-педагогикалық және медико-әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесінің маңызды бағыты болып табылады. Отбасымен жүргізілетін психологиялық жұмыс келесі бағыттарда жүзеге асырылады: диагностика, кеңес беру және түзету. Отбасыішілік ахуалды оңтайландыру және оны түзетуші ахуалға айналдыру, тұлғааралық, ерлі-зайыптылық, ата-ана-балалар қатынасы мен бала-ата-ана қатынасын үйлесімді ету арқылы, проблемалық баланың саралы және адрестік көмек беру мәселесін шешуге болады.

Ата-аналардың іс-әрекетін белсендіру және олардың санасында балаға көмек берудің қажеттілігін қалыптастыру, балалардың психикасын үйлесімді ететін негізгі психокоррекциялық механизм болып табылады. Психологиялық-педагогикалық іс-шараларды жүргізу барысында, ата-аналардың баланың психофизикалық ерекшеліктері туралы білімдері үнемі кеңейеді, олардың педагогикалық құзыреттілігі, отбасының тәрбиелік әлеуеті артады. Олар баламен әдістемелік тұрғыда дұрыс қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін практикалық дағдыларды меңгереді.

Құрастырылған және тәжірибеден өткен, дамуында бұзылуы бар балаларды тәрбиелейтін отбасына психологиялық көмек беруді ұйымдастырудың инновациялық моделі, өзара байланысқан бағыттарды қамтитын күрделі құрылым ретінде беріледі: ата-аналармен білім беру-ағартушы жұмыс жүргізу және балаларды психологиялық-педагогикалық қамтамасыз ету. Дамуындағы кемістігі бар баланы тәрбиелейтін отбасына кешенді психологиялық көмек беру моделін құру, әрбір балаға деген тұғырды дараландыруға мүмкіндік береді, ата-аналардың фрустрациялық жүктемесін төмендетеді және отбасының реабилитациялық мүмкіндіктерін арттырады.

Тәжірибеде дамуында кемістігі бар балаларды тәрбиелейтін отбасына психологиялық-педагогикалық көмек беру бойынша кешенді жүйені жүзеге асыру, дамуында кемістігі бар баланы жалпы білім беретін мектепке ендіруде инновациялық тұғырлардың дамуына ықпал етеді.

Ата-аналармен жүргізілетін жұмысты дұрыс ұйымдастыру, ата-аналарда психофизикалық кемістігі бар балаға деген позитивті қатынасты қалыптастыруға және оның кемістігін қабылдаудағы бағдарды құруға мүмкіндік береді. Коррекциялық сабақтар мен тренингтер ата-аналарға жаңа өмірлік мәнге ие болуға, өзіндік бағалауын арттыруға, өзіндік санасын үйлесімді етуге және баламен өзра қатынастарын үйлесімді етуге мүмкіндік береді. Дамуында кемістігі бар балаға ата-аналардың жағымды әсері, оның әлеуметтік қоршаған ортамен қатынасын оңтайландырады, оның адамгершілік сапаларын және әлемге деген мейірімді қатынасын қалыптастырады.