Эмотивтілік және баға беру

Тілдік жүйеде эмотивтілік сөздің семантикалық компоненті ретінде қарастырылады, мұнда оның ең шағын мағыналары-эмотивті семалар болады. Көптеген эмотивті мәтіндердің талдамалары, оның келесідей құрамды бөліктерін тудырады:

- тілдік: эмотивті лексика және фразеология, эмотивті конструкциялар жиынтығы, лексикалық түсінік бойынша эмоционалды “кинемалар” және “просодемалар”.

- тілдік емес: эмоционалды жағдай, оның ішінде эмоционалды ниет, ой.

Эмоционалдылық адамның бүкіл сөйлеу әрекетін әрлендіреді және сөз семантикасында адамның әр түрлі эмоционалды күйлерінің анықтаушысы болып табылады. Дәл сондықтан да В.И. Шаховскийдің айтуы бойынша, тілді зерттеу барысында логикалық семантикасын ескерумен қатар оның эмотивтік семантикасын да ескерген жөн. Жалпы алғанда, сөздің эмотивтік семантикасын адамның қоршаған ортаға деген эмоционалды көзқарасын тіл арқылы білдіру деп санауға болады.

Сөйлеушінің эмоциясының деңгейі мен сипатын, оның тілдік айтылуының тиімділігін анықтау үшін баға беру, экспрессивтілік және эмотивтілік сияқты түсініктерге жүгінуіміз қажет. Бұл терминдер бір-бірімен тығыз байланысты , бірақ бір-бірін ауыстыра алмайды.

Соңғы кездегі лингвистикалық ғылыми еңбектерде эмоционалды деп адамның физиологиялық-психикалық жағдайы көрсетілсе, эмотивтілік осы эмоционалдылықтың тіл арқылы берілуі. Эмоцияның тіл арқылы берілуі эмоционалдылық, яғни психикалық феноменді эмотивтілікке, яғни тілдік феноменге өзгертеді (В.И. Шаховский).
Эмотиология (тіл бірліктерінің эмотивтілігі туралы зерттеу ілімі) құрамында бірнеше аспектілері бар: әр түрлі форма мен мазмұнға ие болатын эмоционалды күй-қатынастарды білдірудің тілдік тәсілдері мен жолдарының аспектілері; функционалды-семантикалық аспект; тіл бірліктерінің эмотивтілігі туралы айтылған сөздердің семантикалық белгілерінің аспектілері; эмоцияны бағалау, экспрессия, модальдылық және т.б. категориялармен байланыс аспектісі. Тілдің лексикалық-семантикалық жүйесінде эмоцияны категоризациялау мақсатында болмысты бейнелеу формасы ретіндегі эмоцияның философиялық концепциясы (Кафтанова 1974; Платонов 1986) мен ерекше психикалық жүйе ретіндегі эмоцияның психологиялық концепциясы (Вилюнас 1984; Леонтьев 1984) соның мүддесін білдіреді. Қазіргі лингвистика ғылымында лингвистикалық талдау жүргізудің негізі болып табылатын концепцияны қолдану қабылданған, аталмыш концепцияда эмоцияның таным процесіндегі рөлі қарастырылады.

Эмотиология үшін эмотивтілік және эмоционалдықты бір-бірінен бөліп қарастыру маңызды. В.И. Шаховский бұл терминдерді лингвистика, психология, нейропсихология және философия сияқты әр түрлі ғылыми пәндерге қызмет көрсететін ұғымдық-терминологиялық аппарат аясында қарастырады. Оның айтуы бойынша эмоционалдылық эмотивтілікке қарағанда сөздің өзіне, оның семантикасына тән сипаттама, сөз эмоцияға атау береді, не эмоциялық компонентті өзінің лексикалық мағынасына кірістіреді. В.И. Шаховский пікіріне сәйкес эмотивтілік тілдің үш негізгі сипаттамаларының біреуін білдіреді (когнитивтілік, коммуникативтілік, эмотивтілік) және «эмоционалдық категорияның лингвистикалық аспектісі», яғни «эмоцияның лингвистикалық берілуі» ретінде болады.

Эмотивтілік сөзде когнитивті-коммуникативті әрекеттің эмоциялық аспектісі негізінде дамиды және эмоционалдылықтың интерпретациясын білдіреді.
Эмотиология өткен ғасырдың 80 жылдарынан бастап белсенді дами бастайды: әлемдік лингвистикада тілдің эмотивтілігі, тұлғаның өзін-өзі ұстауындағы эмоцияның рөлі, эмоционалдық тілдік тұлға, эмоционалды концепттер және т.б. туралы жүздеген монографиялар мен диссертация жұмыстары жазылды [ мысалы: Вежбицкая, 1996; Красавский, 2001].

Эмоция лингвистикасында эмотивтілік категориясын зерттеуге көп көңіл бөлінеді. Ол функционалды-семантикалық категория болып табылады және сөйлеушінің эмоционалды күйін және оның әлемге көзқарасын білдіреді. [Шаховский, Сорокин, Томашева, 1998: 41].
Эмотивтер дегеніміз сөйлеушілердің эмоцияларын жеткізуге немесе тыңдаушыларға эмоционалды әсер қалдыруға арналған лексемалар. Эмотивтер қатарына сол немесе басқа типтелген эмоцияны білдіруге қолдануға болатын лексемалар жатады [Шаховский, 1998: 72-74].

Тілдік немесе сөйлеу бірліктері -эмотивтер- эмотивтік мағынаның тасымалдаушылары болып табылады: олар затты емес, сол затқа деген эмоционалдық қатынасты білдіреді.

Эмотивтілік парадигмалары арасынан белгілі бір сөздер мен олардың эмотивті-субъективті бағалау жұрнақтары бар дериваттарын, синонимдік қатарларды, лексемалардың эмотивті боялған варианттары антонимдік қатарларды бөліп көрсетеді. Барлық аталып өтілген парадигма түрлері «эмотивтіліктің» ортақ семантикалық белгісінің болу не болмауына байланысты семантикалық тұрғыдан туыс лексемалардың парадигмалары болып табылады [Шаховский, 1998: 6-8].

Адамзаттың таным әрекетіне негіз беруші ретінде, эмоциялар оның когнитивтік жүйесінің үлкен бөлігін құрайды, ал эмоцияларды тіл арқылы жеткізу ойлаудың негізгі механизмдерін көрсетеді. Соның нәтижесінде эмоцияны тілде және сәйлеуде жеткізу лингвокогнитивті парадигмада өзіндік орынға ие болды.
Бұл айтылған басты бағыттар мен мәселелердің толық тізімі емес екендігі анық: бұл эмотиологияның беткейінде бұрыннан келе жатқан мәселелер. Алайда 1970 жылы академик А.А.Леонтьев (1970) айтып өткеніндей, ғылымда сөйлеудің эмоциялық жағының лингвистикалық теориясы жоқ, тіл білімінде және психолингвистикада осы тәрізді жалпы эмотиология мен лингвистиканың басқа да көптеген және жоғарыда айтып өтілген мәселелерін зерттеуге методологиялық көмек көрсететін, теорияның зерттелуіне көп жұмыстар жасалды. Бұрын эмотиологияда келесідей «тілде эмоциялық лексика жоқ» (Е.М. Галкина-Федорук), «эмоциялар тіл құрылымына енбейді» (В.А. Звегинцев) және т.б. сияқты мәлімдемелер жиі кездесетін. Ал қазіргі таңда басқа үлгідегі мәлімдемелер талассыз: Мысалы, «тілде бәрі эмоционалды» (Ш. Балли), «барлық айтылымдар эмоционалды» (В.Г. Гак), «тілдің/сөйлеудің барлық лексикасы эмоционалды» (Е.Ю. Мягкова).

Эмотивтіліктің лингвистикалық аспектісінің зерттеу нысаны «сөйлеушінің әр түрлі байланыс жағдайларында тілдік және стилистикалық тәсілдер мен эмоционалдық күй/қатынасты білдіру жолдарын функционалдау және таңдау» болып табылады (Шаховский 1988: 34). Негізінде эмоцияны жеткізу жолдарын зерттеудің лингвистикалық аспектісі тілдік жүйенің барлық деңгейін қамтиды – сөзжасау, морфологиялық, синтаксистік, лексикалық. Бұл аспектілердің кез келгені жан-жақты және терең зерттеуді қажет етеді. Біз лексикалық, синтаксистік және стилистикалық деңгейде берілген эмотивті үрдістерді қарастырамыз.

 



?>