Эмоцияларды білдірудің лексикалық тәсілдері

Тілдегі экспрессивтілікті жеткізуші құралдардың қатарына сөз жатады. Сөйлеу барысында сөз сөйлеуші туралы фактуалды және эмоционалды-экспрессивтік ақпараттарды жеткізіп тұрады, қалыптасқан мағынасынан тыс қосымша мағыналарды жеткізуге қатысады. Сөз мағынасы нақты контекст жағдайында түрлі стилистикалық аспектіде көрініп, бағалауыштық, мәнерлегіштік, функционалдық т.б. экспрессивтік мағыналарды жеткізу құралына айналады.

Эмоционалдылық тілдің барлық деңгейлерінде сөз құрылымдылық, синтактикалык, лексикалық жолдармен, соның ішінде фразеологиямен беріледі. Сезім мен эмоцияны тек бір ғана тілдік құрылым арқылы беру мүмкін емес. Сөздегі эмоционалдылық түрлі деңгейдегі тілдік құралдар жиынтығы арқылы беріледі.

Эмоционалдылық психикалық феномен ретінде эмотивтілік деген тілдік феноменге ауысады, эмотивті семантиканың барлық түрлерін, оны білдірудің деңгейлерін және сәйкес лексиканың түрлерін біріктіреді. Сөздің эмотивті семантикасының үш түрі бар: шын мәніндегі эмотивтілік, сөз семантикасының жүзеге асырылуының бірі ретіндегі эмотивтілік және жағдаятты эмотивтілік. Сәйкесінше эмотивті семантика бейнеленуінің үш деңгейі бар – эмотивті мағына, эмотивті коннотация және эмотивті потенциал –сөздік аффективтері мен коннотативтері арқылы, сонымен қатар жағдаятты аффективтер мен коннотативтер арқылы (Шаховский 1994).

Эмотивті лексика эмоцияны тілде бейнелеудің алдыңғы қатарлы тәсілі болып саналады. Семантиканың эмотивті компоненті тілдегі адами фактор аспектілерінің бірін бейнелейді, атап айтсақ, сөз арқылы берілген эмоционалдық реакцияларды, сөйлеушінің күйі мен қоршаған ортаға деген қатынасын білдіреді. Эмоционалдық қатынас нақты бір мазмұнды базаға ие, соның арқасында эмотивті мағыналардың әр түрлі нұсқалары мүмкін болады. (Фомина, 1995).

Эмотивті семантика – эмоцияның тілде бейнелену нәтижесі ретінде әртекті болып табылады. Лексикалық бірліктің эмотивті мағынасы оның бір түрі, бұл жағдайда сөздегі эмотивтілік үнемі мәнге ие және міндетті болып саналады. Алайда эмотивті мағына қанша тұрақты болса да, ол әрқашан ұйымдасқан және әлеуметтенген белгілі бір көріністермен байланысқа түседі, сондықтанда олар ұғымдардан, сонымен қатар эмотивті мағынаға ие сөздерден тәуелсіз бола алмайды (Бабенко, 1989).

Қазіргі таңдағы ғылым саласында эмоцияның сөйлеу әрекетіне әсері ең алдымен не психологтардың, не психолингвистердің зерттеу нысаны болып табылады. Лингвистикалық ғылым аясында эмоционалды сөйлеу мәселесі әдетте белгілі бір тілдік деңгейде қарастырылады (лексикалық немесе синтаксистік). Осы ғылыми еңбекте қазіргі ағылшын тіліндегі көркем шығармасында эмоцияларды білдіру үшін қолданылатын барлық тілдік деңгейдегі лингвистикалық құралдар айқындалып, эмоционалды сөйлеуді сипаттауға кешенді талдау жасалады. Мұндай талдаудың нәтижесінде... ағылшын тіліндегі лингвистикалық тәсілдері анықталды, оның ішінде 30 лексикалық, 30-синтаксистік, 50-стилистикалық тәсілдер.

Адам эмоциясын тіл арқылы жеткізу механизмдері, және сөйлеуші мен тыңдаушының объективті мәні ретінде эмоциялардың интерпретациясы өзгеше болып келеді. Эмоцияны бейнелеу тілі және эмоцияны білдіру тілі деп айтуға болады. Белгілі бір кезеңде, эмоционалды мағынаны берудің түрлі жолдарын зерттеу мақсатында лексиканы бөлуге тура келді. Екі түрлі терминологиялық бөлінулер пайда болды: эмоциялар лексикасы және эмоционалды лексика. Бұл сөздердің өзіндік функционалды табиғатына қатысты, эмотивті лексиканың екі түрі бар: эмоциялар лексикасы тілдегі эмоциялардың зерттелуіне, аталуына (номинативті қызмет) бағытталған, ал эмоционалды лексика сөйлеуші эмоциясын және сөйлеу объектісінің (экспрессивті және прагматикалық қызмет) эмоционалды бағасын бейнелеуге арналған.

Адамдар бір эмоцияны жеткізу үшін әр түрлі тілдік тәсілдерді сөйлеу жағдаяттарында жиі қолданады. Бір ғана тәсіл әр түрлі эмоцияларды жеткізу кезінде қолданыла алады. Бүкіл эмотивті лексика үш топқа бөлінеді (эмоционаллдық факторға ену белгісі бойынша): жағымды, жағымсыз эмоциялар және амбивалентті – яғни жағымды да жағымсыз эмотивті боялған баға берушілік.

Өзінің немесе басқаның эмоциясын білдіру мақсатында адам, тілдің барлық деңгейінде, оның ішінде морфологиялық деңгейде де ұсынылған арнайы тілдік және сөйлеу тәсілдерін кең түрде қолданады. Эмотивті лексика тобындағы сөздердің көп бөлігін сөз мағынасының эмоционалдық-бағалау компонентімен арнайы берілген лексикалық формалар құрайды, яғни эмотивтіліктің жұрнақтық бейнеленуі бар сөздер.

Соңғы жылдары табысты дамып келе жатқан эмотивті лингвистика және осы аталмыш салада ғылыми зерттеулермен айналысып жүрген ғалымдар (Ю.Д. Апресян, Н.Д. Арутюнова, А. Зализняк, С.Ю. Перфильева, В.Н. Телия, В.И. Шаховский және т.б.) қазіргі заман тіл білімінде негізгі орынға ие. Бұл жаңа лингвистикалық парадигма антропоцентризмімен және адам өміріндегі эмоцияның алатын үлкен рөлімен байланысты.

Лингвистикалық зерттеулерге барлық лексикалық бірліктердің әр түрлерінен эмоционалды лексиканың шектеулі шеңберін бөліп шығару және осы лексиканы бейтарап лексикамен қарама-қарсы қою тән. Сөз мағынасындағы эмоционалдық компоненттің рөлі мен орнын түсіну эмоционалды лексиканың көптүрлі болып топталуын анықтайды. (Арнольд,1959, Гридин, 1976, Виноградов, 1986). Кез келген сөздің потенциалды эмотивтілігі туралы, тілтанушы ғалымдар ұсынған (Квасюк,1983; Шаховский, 1984) гипотезаны ескере отырып, сөздер біркелкі емес деңгейде эмоциональды-экспрессивті мазмұнмен толығуы мүмкін екендігін ескеру керек (Шмелев, 1973, Мягкова, 1981, Говердовский, 1985).

Эмоцияны білдіретін тіл тәсілдерін зерттеудің ауқымды тәжірибесі бар, сондықтан қазіргі ғылым саласындағы тілдің эмотивті семантикасы және оның сәйкес лексиконы туралы ақпарат туралы жеткілікті ауқымды мәлімет бар. Ең алдымен сөйлеушінің эмоцияны жеткізуінің ең басты құралы эмоционалды лексика болып табылады. Эмоцияны білдіруге қатысатын лексикада әр түрлі сөз таптарына жататын (зат есім, етістік, сын есім, т.б.), грамматикалық мағына бойынша ерекшеленетін сөздер кездеседі. Ресей тіл білімінде эмоцияны тілдік тәсілдер арқылы жеткізу мәселесіне әр түрлі зерттеушілер араласты. Олардың бірі эмоционалдық компоненттің сөздің лексикалық мағынасымен байланысын зерттесе (Берлизон, 1972, Харченко, 1976, Арнольд,1984, Стернин,1985, Графова,1987, Арутюнова, 1988); басқалары – эмоционалдылық және экспрессивтілік, баға беру, модальдылық сынды категорияларды зерттейді (Лукьянова, 1991,Ермоленко,1987, Маркелова,1994); үшінші топтың ғалымдары эмотивті лексиканың функционалдану және семантиканың негізгі заңдылықтарын (Гридин, 1976, Буряков,1979, Арнольд, 1981) немесе синтаксистік деңгейде эмоцияның сөйлеу арқылы берілу мүмкіншіліктерін (Бабенко,1990, Пиотровская, 1993, Вольф, 1996) қарастырады.

Экспрессивтілік категорияларын талдай отырып, экспрессивті лексикаға тән келесідей белгілерді атап өтсе болады: 1) мәнерлілік; 2) нейтралды лексикадан айырмашылығы; 3) экспрессивті сөз семантикасында зат, құбылыс, әрекетпен қоса, адамның оған деген көзқарасы да көрінеді; 4) экспрессивті сөзде эмоционалдылық, баға беру, интенсивтілік және осы үш ұғымды байланыстыратын компонент бар.

Қазіргі заманғы тіл мамандарының пікірінше тіл өзінің коммуникативті қызметінде ақпарат алмасу құралы ғана емес, сонымен қатар ол сөйлеушінің эмоциясын жеткізу құралы. Эмоцияны жеткізуге қолданылатын лексикада, әр түрлі сөз таптарына жататын сөздер кездеседі (зат есім, етістік, сын есім және т.б.). лексикалық семантика және функционалды тұрғыдан үйлесе отырып, олар грамматикалық семантика бойынша,яғни мәтіндік және эмоцияны жеткізу әдістерінде ерекшеленеді (Бабенко Л.Г., 1989). Р.С.Сакиева эмотивті лексика топтарына «мағыналық құрылымына баға беру және эмоционалды» сөздерді жатқызады. Оның құрамына енетіндер: одағайлар, эмоциялық күшейтпелі үстеулер, шылаулар, модальдық сөздер, лепті есімдіктер, есімдік сөздер және т.б. (Сакиева Р.С., 1991, б.5).

Лингвистикалық зерттеулерде лексикалық бірліктердің бірнеше түрлерінің арасынан «эмоционалды лексиканың» нақты шектеу қойылған тобын бөліп қарастырады (яғни бұл лексиканы «бейтарап» лексикаға қарама-қарсы қою). Сөз мағынасында эмоциялық компоненттің алатын орны мен рөлін көрудегі бірегейліктің болмауы, эмоциялық лексиканың топтаудың сан алуан болуын алдын ала анықтайды. Алайда осы мәселені қарастырған авторлардың барлығы эмоционалды лексика түсінігіне әлі күнге дейін сәйкес анықтама жоқ екендігін, осы салаға жататын тілдік деңгейлердің тобы анық шектелмегендігін, ал эмоциялық лексика мәселесінің өзі талдауды жүргізуді қажет етеді дейді. (Арнольд И.В., 1959; Виноградов В.В., 1977, б.92; Торсуева И.Г., 1976, б.229; Семейко A.M., 1975).

Лексиканың әр түрлі топтары эмоциялық мағына беруде бірдей мүмкіндікке ие бола бермейді (Шмелёв Д.Н., 1973; Гридин В.Н., 1978; Мягкова Е.Ю., 1981). Сондықтан да эмоциялық лексиканың белгілі бір өтпелі шкаласы жайында айтуға келеді (Гридин В.Н., 1979, б. 51) және тіл мамандары ұсынған (Балли Ш., 1961, б.184; Квасюк И.И., 1983, б.83; Шаховский В.И., 1987, б.10) кез келген сөздің потенциалдық эмотивтілігі жайындағы гипотезаны ескерсек, «сөздер эмоциялық-экспрессивті мазмұнға бірдей деңгейде жете бермейтіндігін» ескерген жөн (Говердовский В.И., 1977, б.64).

Әртүрлі көңіл-күй мен тыңдаушыға және оқырманға деген қарым-қатынасымызды әр түрлі тәсілдер арқылы білдіруге болады. Бұл – көңіл- күйдің түрлі жағдайына қарай қолданылатын сөздер мен экспрессивтілікті білдіретін амал-тәсілдер арқылы іске асады.

Эмоционалды сөздер мен экспрессивтілікті білдірудің фонетикалық, лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік-стилистикалық амал тәсілдері бар.

Эмоцияны білдіретін лексикалық тәсілдердің бірі лексикалық қайталау болып табылады. Олар – синтаксистік құрылымдардағы (сөз орамы, сөйлем, абзац т.б.) қайталанатын бірліктердің біркелкілігін білдіреді. Сөйлемдегі, мәтіндегі, абзацтағы негізгі ақпаратқа байланысты қайталаулар.

Сөйлемге осы әдіс-тәсіл арқылы экспрессивтік мән беруге болатынын көптеген ғылыми еңбектерде кездестіруге болады және бұл мәселеге қазіргі таңда тіл мамандары ерекше назар аударуда.

Лексикалық қайталаулар арқылы сөйлемдердің экспрессивтілігін арттыруға болады.

Мысалы:

Bloody fool, bloody fool.- ҚайталауRepetition

How could he say a thing like that? The fool. The blasted fool.-Қайталау -Repetition

“I’ve been trying to understand. I can’t. I can’t.”-Қайталау – Repetition

I’ll never speak to you again. Never. Never. –Қайталау- Repetition

Шығармада сөйлеушінің эмоционалдық күйін жеткізуге арналған лексикалық құралдарға одағайлар мен эксплетивтер жатады. Сонымен қатар, шығармада одағайлар көбінесе сүйсіну,рахаттануды білдіру үшін қолданылса, ал эксплетивтер көбіне наразылықты білдіруде қолданылады.

Ғылыми зерттеу жүргізіп отырған шығармада мынадай лексикалық тәсілдер (эмоционалды лексика, балағат сөздер және дөрекі сөздер) басым.

Лексикалық тәсілдердің арасында транспозицияның бір түрі зооморфизмдер қолданысы бойынша алдыңғы қатарда. Жануарлардың, құстардың немесе фантастикалық тірі жәндіктердің атын адамға қатысты қолданған жағдайда олар метафоралық, эмоционалды реңкті мағынаға ие болады. Оны осы сөздердің тура және метафоралық нұсқалары салыстыра отырып байқауға болады.

Мысалы: ass, bear, beast, bitch, bookworm, donkey, duck, kid, monkey, mule, pig, shark, snake, swine, tabby, toad, wolf, worm, angel, devil, imp, sphinx, witch. Бұл сөздердің қолданысын осы шығармадан да таба аламыз. Мысалға, He’s only a silly kid.



?>