Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстардың нақты түрлері 4 страница

Жалған төлем карточкалары мен өзге төлем және есеп құжаттарын дайындау немесе өткізу (207-бап)

Жалған төлем карточкаларына, сондай-ақ бағалы қағаздар болып табылмайтын өзге де төлем және есеп айырысу құжаттарын өткізу мақсатымен дайындау немесе өткізгені үшін қылмыстық жауаптылық Қылмыстық кодекстің 207-бабында белгіленген.

Қылмыстың тікелей объектісі — төлем карточкалары мен өзге төлем және есеп құжаттарын дайындауды, айналымға шығаруды реттейтін қоғамдық қатынастар.

Қылмыстың заты — төлем және есеп карточкалары, бағалы қағаз болып табылмайтын өзге есеп айырысу құжаттары.

Төлем және есеп карточкалары банктегі ағымдағы есеп, банк ашқан банк клиенттеріне берілген төлем құжаттары болып табылады. Өзге есеп құжаттарына (бағалы қағаз болып табылмайтын) — түрлі аккредитивтер, авизо, төлем тапсырмалары және осыларға теңестірілген заңмен белгіленген құжаттар жатады.

Қылмыс объективтік жағынан мына нысандардағы іс-әрекеттерді жасау арқылы сипатталады: 1) жалған төлем және есеп карточкаларын дайындау; 2) осы заттарды өткізу. Қылмыстың объективтік жағының бұл белгілерін Қылмыстық кодекстің 206-бабына талдау жасағанда толық ашып кеттік. Қылмыс осы әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Өйткені бұл қылмыс формальдық құрамға жатады.

Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және арнаулы мақсат — жалған төлем карточкаларын, өзге есеп құжаттарын дайындау немесе өткізуді басшылыққа ала отырылып істеледі. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған, кез кел-ген адам.

Осы баптың 2-тармағында қылмыстың ауырлататын белгісі: бірнеше рет немесе ұйымдасқан топ жасаған әрекеттер үшін жауаптылық көзделген. Олардың түсінігі ҚК-тің 11, 31-баптарында көрсетілген.

Акцизделетін тауарларды акциздік алым маркасымен таңбалаудың тәртібі мен ережелерін бұзу, акциздік алым маркасын қолдан жасау және қайталау (208-бап)

Едәуір зиян келтіруге әкеп соққан акцизделетін тауарларды акциздік алым маркасымен таңбалаудың тәртібі мен ережелерін бұзу, акциздік алым маркасын қолдан жасау немесе алу, сол сияқты оларды пайдалану немесе өткізу әрекеттері үшін Қылмыстық кодекстің 208-бабында жауаптылық белгіленген.

Қылмыстың объектісі акциздік алым маркасымен таңбалаудың акциздік алым маркаларын дайындау, пайдалану, өткізу тәртібін реттейтін қоғамдық катынастар.

Қылмыстың заты — акциздік алым маркалары. Акциз жанама салықтың бір түрі. Көбінесе көпшілік қолды тұтыну тауарларын, сонымен бірге коммуналдық, көліктік басқа да кең тараған қызметтерге салынатын салықтың бір түрі. Ол тауар бағасының немесе көрсетілген қызметтер үшін белгіленген тарифке кіреді, сөйтіп ол табыс көзіне айналады. Осыған байланысты салықтың осы түрін төлегендерге акциздік алым маркалары беріледі.

Қылмыстың объективтік жағы бірнеше әрекеттерді істеумен сипатталады. 1) Едәуір зиян келтіруге әкеп соккан акцизделетін тауарлардың акциздік алым маркасымен таңбалаудың тәртібі мен ережесін бұзу. Едәуір зиян он айлық есептік көрсеткіштен жүз есе алатын соманы айтамыз; 2) акциздік алым маркаларын қолдан дайындау; 3) осындай акциздік маркаларды алу; 4) сол сиякты қолдан жасалған акциздік маркаларды пайдалану; 5) қолдан жасалған акциздік маркаларды өткізу. Осында көрсетілген дайындау, алу, пайдалану, өткізу әрекеттерінің түсінігі Қылмыстық кодекстің 206, 207-баптарына талдау жасалғанда айтылды. Айлық есептік көрсеткіштен жүз есе асатын сомада келтірілген залал едәуір залал деп танылады. Құрылысы жағынан қылмыс материалдық құрамға жатады.

Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және мақсатпен жасалады. Кінәлі адам акцизделетін тауарларды акциздік алым маркасымен таңбалаудың тәртібі мен ережесін бұзады, акциздік алым маркаларын қолдан дайындайды немесе көрінеу қолдан жасалған акциздік марканы алады, пайдаланады немесе өткізеді. Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған, кез келген адам.

Экономикалық контрабанда (209-бап)

Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан кеден бақылауын жанай немесе одан жасырын, не кұжаттарды немесе кедендік теңдестіру құралдарын алдап пайдалану арқылы тауарларды немесе өзге де заттарды осы Кодекстің 250-бабында көрсетілгендерін қоспағанда, не декларацияланбаумен немесе күмәнді декларациялаумен ұштасқан кедендік шекарадан өткізуге тыйым салынған немесе өткізу шектелген, кедендік шекара арқылы өткізудің арнайы ережелері белгіленген тауарларды, заттар мен құндылыктарды ірі мөлшерде өткізу — Қылмыстық кодекстің 209-бабында көрсетілген экономикалык контрабандының түсінігін береді.

Экономикалық контрабандының тікелей объектісі кеден шекарасынан өткізілетін тауарлар мен өзге заттарды (Кодекстің 250-бабында көрсетілгендерді қоспағанда) реттейтін қоғамдық қатынастар.

Қылмыстың заты — Қылмыстық кодекстің 250-бабында көрсетілгендерден басқа тауарлар мен өзге заттар болып табылады.

Осы тауарлар мен өзге заттарды, құндылықтарды ірі мөлшерде кедендік шекарадан өткізген әрекеттер осы қылмыстың құрамын құрайды. Қылмыстық кодекстің 209-бабының ескертуінде, егер өткізілген тауарлардың құны бір мың айлық есептік көрсеткіштен асса, ірі мөлшерде жасалған әрекеттер деп танылады деп түсіндірілген.

Қылмыс объективтік жағынан мына іс-әрекеттерді істеумен сипатталады: экономикалық контрабанда заттарын кеден шекарасынан өткізу, қылмыс жасау орны — Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы; қылмыс істеу тәсілдері — контрабанда заттарын кеден бақылауынан жасырын, не құжаттарды немесе кедендік теңдестіру құралдарын алдап пайдалану, не декларацияланбаған немесе күмәнді декларация алумен ұштасқан, кедендік шекарадан өткізуге тыйым салынған немесе өткізуі шектелген, кедендік шекара аркылы өткізудің арнаулы ережелері белгіленген тауарлар мен құндылыктарды ірі мөлшерде өткізу.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1997 жылғы 18 шілдедегі №10 қаулысында "Контрабанда үшін қылмыстық жауаптылықты заңдарын қолдану жөніндегі тәжірибелер туралы" қаулысында осы мәселеге терең талдау берілген.

Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан кеден бақылауын жанай немесе одан жасырын түрде өтуге (әртүрлі тәсілдерді қолданып заттарды жасырын өткізу, кеден шекарасын сырт айналып кету, бір затқа екінші бір затты қосып ізін жасыру т.б.) жатады.

Құжаттарды немесе кедендік теңдестіру құралдарын алдап пайдалануға кеден органдарына әртүрлі жалған құжаттар немесе теңдестіру құралдарын көрсету, көрінеу жалған құжаттарды қолдан жасау арқылы кеден шекарасынан өтуге тырысу немесе заңсыз жолмен алынған құжаттар мен теңдестіру құралдарын алдап пайдалануға тырысулар жатады.

Декларацияланбаған немесе күмәнді декларацияланумен ұштасқан әрекеттерге — декларациялануға міндетті тауарлар мен құндылықтарды кеден декларациясына енгізбеу; кеден декларациясына жалған мәлімет енгізулер жатады.

Кедендік шекарадан өткізуге тыйым салынған немесе өткізуге шектелген тауарлардың тізімі арнаулы нормативтік актілермен реттеледі.

Кедендік шекара аркылы өткізудің арнайы ережелері де сондай тәртіппен реттеледі. Қылмыстық кодекстің 209-бабының диспозициясы бланкеттік. Мұндағы кедендік шекара, кедендік декларация т.б. ұғымдардың түсінігі Қазақстан Республикасының Кеден кодексінде берілген, ал қандай тауарлар мен заттардың, құндылықтардың кедендік шекарадан өткізілуі немесе өткізілмеуі немесе оларға шек қойылуы арнаулы нормативтік актілерде белгіленген.

Қылмыс құрылысы жағынан формальдық кұрамға жатады. Жоғарыда көрсетілген заңсыз әрекеттер тауарларды, заттарды, құндылықтарды ірі мөлшерде контрабандалық жолмен өткізумен ұштасса қылмыс аяқталған деп танылады.

Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған, есі дұрыс адам.

Қылмыстық кодекстің 209-бабының 2-тармағында осы құрамның ауырлататын (бірнеше рет; лауазымды адам өзінің қызмет бабын пайдаланып, кеден бақылауын жүзеге асырушы адамға күш колдана отырып), ал 3-тармағында аса ауырлататын (ұйымдасқан топ жасағаны әрекеттер) белгілері көрсетілген.

Бірнеше мәрте жасалған қылмыстың түсінігі Қылмыстық кодекстің 2-бабында берілген.

Лауазымды адамның өзінің қызмет бабын пайдалануы. Мұнда кеден кызметі органдарының, сондай-ақ заңмен белгіленген мемлекеттік органдардың, басқа да лауазым адамдарының кеден шекарасынан өту барысында қызметін пайдаланып қиянат жасауы, кеден бақылауын жүзеге асырушыға күш көрсету әрекеттері туралы сөз болып отыр.

Шетел валютасындағы қаражатты шетелден қайтармау (213-бап)

Қылмыстық кодекстің 213-бабы бойынша: ұйым басшысының Қазақстан Республикасының зандарына сәйкес Қазақстан Республикасының уәкілетті банкіндегі шоттарға міндетті түрде аударылуға жататын шетел валютасындағы қаражатты шетелден ірі мөлшерде қайтармауы — қылмыс болып табылады.

Қылмыстың тікелей объектісі — мемлекеттің сыртқы экономикалық қызметін реттейтін қоғамдық қатынастар.

Қылмыстың заты — шетел валютасы.

Шетел валютасы дегеніміз басқа мемлекеттердің ақша жүйесінде айналымға шығарылған банкноттары болып табылады. Олар, мысалы, АҚШ-та — доллар, Англияда — фунт стерлинг, ГФР-де неміс маркасы т.б. Бұл қаражаттар Қазакстан Республикасының уәкілетті банкіндегі шоттарға аударылуға жататын болса, бірақ солай етілмей шетелде қалып қойса, онда ол осы қылмыс құрамының заты болып қарастырылады. Бұл ретте қылмыстық жауаптылықтың негізгі шарты — қайтарылмаған шетел валютасы ірі мөлшерде болуы қажет. Қылмыстык кодекстің осы бабының ескертуінде егер қайтарылмаған шетел валютасындағы қаражат сомасы бес мың айлық есептік көрсеткіштен асса ірі мөлшерде жасалған деп танылады деп түсінік берілген.

Қылмыстың объективтік жағы шетелден аударылуға жататын шетел валютасын қайтармау, яғни әрекетсіздік арқылы сипатталады. Мұндай шетелдік валюта Қазақстан Республикасынан сыртқары жерлерге сатылатын тауарлар үшін немесе атқарылған жұмыс, қызмет көрсетулер үшін Республиканың уәкілетті банкіндегі шоттарға белгіленген уақытта міндетті түрде аударылуға тиіс. Қылмыстық жауаптылық нақты адамның осы шетелдік валютаны Қазақстан банкіне аударуға нақты мүмкіндігі болған ретте және соған міндетті болса, бірақ соған қарамастан бұл әрекетті жүзеге асырмаған жағдайда орын алады. Яғни шетелдік валюта шетелдік банктің шотында немесе басқа жерде болуы, оны Қазақстан Республикасының уәкілетті банкіне аударуға белгілі бір адамның міндетті бола отырып, соны жүзеге асыруға, нақты мүмкіндігі бола отырып, соны істемеуін кінәлі адамның әрекетсіздігі деп білеміз. Егер шетелдік ұйымның теріс әрекеттерінен (мысалы коммерциялық алаяқтықтан) басқа көрсетілген валюталар басқа мақсаттарға жұмсалса немесе ондай қаражаттарды табу мүмкіндігі болмаса, онда адамды осы қаражатты шетелден қайтармады деп жазықсыз жазғыруға негіз жок.

Кылмыстың объективтік жағының тағы бір белгісі шетелден қайтарылмаған валютаның мөлшері болып табылады. Заңда ол ірі мөлшер деп көрсетілген.

Қылмыс шетел валютасындағы қаражатты қайтармаған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Осыған орай арнаулы нормативтік актілер мен басқадай ресми құжаттар негізінде валюталық қаражатты шетелден қайтарудың мерзімін дәлме-дәл анықтау кажет.

Қылмыстың субъективтік жағы — тікелей қасақаналық. Кінәлі адам ірі мөлшердегі шетел валютасындағы қаражатты шетелден қайтармағанын және қолданылып жүрген зандарға сәйкес оның Қазақстан Республикасының уәкілетті банкісіндегі шотына міндетті түрде аударылуға жататынын сезеді және оны Қазақстан Республикасына қайтармауды тілейді.

Қылмыстың субъектісі — арнаулы ұйым басшысы.

Кеден төлемдері мен алымдарын төлеуден жалтару (214-бап)

Қылмыстык кодекстің 214-бабында ірі мөлшерде кеден бажын, салықтарды, кеден алымдарын, лицензия бергені үшін алынатын алымдарды немесе басқа кедендік төлемдерді төлеуден жалтарғаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген.

Қылмыстың объектісі мемлекеттік кеденді реттеу саласында қалыптасқан қоғамдық қатынастар.

Қылмыстың заты — кеден төлемдері мен алымдары.

Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы кодекстің 18-бабына сәйкес кеден төлемдеріне — кеден бажы, кеден ақы және басқалар; кеден алымына — лицензиялар бергені үшін алым, маманның кедендік рәсімдеу жөніндегі біліктілік аттестатын бергені үшін алым, кедендік рәсімдеу үшін кедендік алым, тауарларды сақтау үшін кедендік алым, тауарларды кеденнен ілесе өткізгені үшін кедендік алымдар жатады.

Объективтік жағынан қылмыс әрекетсіздік арқылы — кеден төлемдері мен алымдарын төлеуден жалтару арқылы жүзеге асырылады. Осыған орай кінәлі адамның кеден төлемдері мен алымдарын төлеуге міндетті болғанын және оны жүзеге асыруға толық мүмкіндігі болғанын анықтау ете қажет. Қылмыстық кодекстің 214-бабының негізгі шарты — қылмыстық жауаптылықтың ірі мөлшердегі кеден төлемдері мен алымдарын төлеуден жалтарған жағдайда ғана орын алатыны болып табылады.

Қылмыстық кодекстің 214-бабының ескертуінде "егер төленбеген кеден төлемдерінің құны бір мың айлық есептік көрсеткіштен асса кеден телемдерін төлеуден жалтару ірі мөлшерде жасалған деп танылады",— делінген. Бұл жерде төлемдер мен алымдарды төлеуден жалтарудың тәсілдері сан қилы болуы мүмкін. Олар алдау әрекеттері: кеден декларациясына көрінеу жалған мәліметтер енгізу; жалған құжаттарды пайдалану т.б. әрекеттер, қылмысты саралау үшін мұндай тәсілдердің маңызы жоқ, бірақ бұлар жаза тағайындағанда еске алынуы мүмкін. Қылмыс құрамы формальдық, ол төлемдер мен алымдарды төлеуден жалтарған уақыттан бастап аяқталған деп саналады.

Осы қылмыс құрамын Қылмыстық кодекстің 209-бабындағы экономикалық контрабанда, 250-бабындағы айналыстан алынған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы құрамдарынан ажырата білудің маңызы зор. Осыған байланысты істелген іс-әрекеттер де Қылмыстық кодекстің 209, 250-баптарында көрсетілген белгілері жоқ болуы, оның ішінде осы баптарда көрсетілген қылмыстың арнаулы заттарының, қылмыстың осы құрамдарға тән тәсілдерінің орын алмауы басты шарт болып табылады.

Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлі адам ірі мөлшердегі кеден алымдары мен төлемдерін төлеуден жалтарғанын сезеді және соны тілеп әрекет істейді. Қылмыстық ниет — пайдакүнемдік.

Қылмыстың субъектісі — кеден төлемдері мен алымдарын төлеуге міндетті кез келген 16-ға толған, есі дұрыс адам.

Қылмыстық кодекстің 214-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын түрлері: а) бірнеше рет; б) лауазымды адамның қызмет бабын пайдаланып жасаған әрекеті; в) ұйымдасқан топпен немесе қылмыстық ұйыммен жасалған әрекеттер көрсетілген.

Банкроттық жағдайдағы заңсыз іс-әрекеттер (215-бап)

Кәсіпкерлік немесе басқа да экономикалық қызмет кәсіпкердің өзіне немесе несие берушілерге залал келтіру тәуекелімен тікелей байланысты өзі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты несие берушілердің талаптарын қанағаттандыра алмайтын жеке кәсіпкер сот шешімі бойынша банкрот деп танылуы мүмкін (КР АК-нің 27-бабы). Заңды ұйымдарда осындай негіздермен банкрот деп танылады (КР АК-нің 52—57-баптары). Қазақстан Республикасының 1998 жылы қаңтардың 21-індегі "Банкроттық туралы" Заңы.

Жеке кәсіпкердің немесе заңды түлғалардың соттың банкрот деп тануының негізі және тәртібі немесе олардың өзін ерікті түрде банкрот деп жария етуі, сондай-ақ банкрот болған заңды тұлғалардың қызметін тоқтату мәселелері Қазақстан Республикасының "Банкроттық туралы" арнаулы Заңы арқылы реттеледі.

Жеке кәсіпкерді немесе заңды ұйымды сот шешімімен банкрот деп жариялау және оларды жабу, тарату процесінде кейбір адамдар әр түрлі қиянаттар мен заңсыз іс-әрекеттер жасап, азаматқа, ұйымға, мемлекетке ірі зиян келтіруі мүмкін. Мұндай ретте олардың іс-әрекеті қылмыс деп танылуы мүмкін. Осыған орай Қылмыстық кодекстің 215-бабында "Мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік, оның мөлшері, тұрған жері туралы мәліметтерді не мүлік туралы өзге де ақпаратты жасыру, мүлікті өзгенің иелігіне беру, мүлікті иеліктен шығару немесе жою, сондай-ақ экономикалық қызмет көрініс табатын бухгалтерлік және өзге де есеп құжаттарын жасау, жою, бұрмалау, егер бұл әрекетті банкроттық жағдайында немесе банкроттықты күн ілгері біле отырып, борышкер ұйымның басшысы немесе меншік иесі, не жеке кәсіпкер жасап ірі зиян келтірсе" банкроттық жағдайындағы заңсыз іс-әрекеттер деп танылады деп белгіленген.

Қылмыстың тікелей объектісі — банкроттық жағдайдағы несие берушілердің талаптарын қанағаттандыруды реттейтін қоғамдық катынастар.

Объективтік жағынан қылмыс мынадай іс-әрекеттер нысанын істеу арқылы жүзеге асырылады; 1) мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік, оның мөлшері, тұрған жері туралы мәліметтерді, не мүлік туралы өзге де ақпаратты жасыру; 2) мүлікті өзгенің иелігіне беру; 3) мүлікті иеліктен шығару; 4) мүлікті жою; 5) экономикалық кызмет көрініс табатын бухгалтерлік және өзге де есеп құжаттарын жасыру, жою, бұрмалау.

Қылмыстың нақты жасалу нысандарына қарап қылмыстың заты — мүлік, мүліктік міндеттеме, мүлік туралы мәліметтер, бухгалтерлік және өзге де есеп құжаттары болуы мүмкін. Іс-әрекет белсенді әрекет күйінде (беру, иеліктен шығару, жою, бұрмалау) немесе әрекетсіздік нысанда (мүліктік міндеттемелерді немесе мүлік жөніндегі өзге де ақпаратты жасыру) арқылы жасалады.

Құрылысы жағынан бұл қылмыс материалдық құрамға жатады. Осыған орай қылмыстың зардабы — ірі зиян келтіру орын алуы шарт және де себепті байланысты анықтау қажет.

Осы қылмыс құрамының объективтік жағының міндетті белгісі — қылмыстың істелу жағдайы болып табылады. Бұл несие берушілердің талабын қанағаттандыра алмайтын банкроттық немесе банкроттықты күн ілгері білу жағдайында істелген әрекет. Қылмыс ірі зиян келтірілген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Бұл зиян азаматтарға, ұйымдарға, мемлекетке келтірілуі мүмкін. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 21 және 51 -баптарында несие берушілердің талаптарын қанағаттандыру тәртібі белгіленген, оларға: 1) кәсіпкер немесе заңды ұйымның азаматтардың өміріне және денсаулығына келтірілген зиян үшін, сондай-ақ алимент өндіріп алу жөніндегі талаптарын қанағаттандыру жөніндегі жауапкершілігі, 2) еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдардың еңбегіне ақы төлеу және авторлық шарттар бойынша сыйақы төлеу, 3) бюджетке немесе бюджеттен тыс қорларға міндетті төлемдер жөніндегі мемлекетке берешек, 4) несие берушілер жатады.

Зиян осы жоғарыда көрсетілген кез келген адамға, сондай-ақ міндетті төлемдерді алмаған жағдайда немесе несие беруші болып табылған ретте мемлекетке де келтірілуі мүмкін.

Субъективтік жағынан қылмыс қасақаналықтың екі түрімен (тікелей немесе жанама) жүзеге асырылады. Кінәлі адам мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік, оның мөлшері, тұрған жері туралы мәліметтерді не мүлік туралы өзге де ақпаратты жасырғанын, мүлікті өзгенің иелігіне беретінін, оны иеліктен шығаратынын немесе жоятыны, сондай-ақ экономикалық қызмет көрініс табатын бухгалтерлік және өзге де есеп құжаттарын жасырғанын, жойғанын, бұрмалағанын сезеді, одан ірі зиян келетінін күні бұрын біледі және оның болуын тілейді (тікелей қасақаналық) немесе оған саналы түрде жол береді не оған немқұрайды қарайды (жанама касақаналық).

Қылмыстың субъектісі — арнаулы, ол ұйымның басшысы немесе меншік иесі, не жеке кәсіпкер.

Қылмыстық кодекстің 215-бабының 2-тармағында осы қылмыс құрамының ауырлататын түрі көрсетілген. Ол өзінің шын мәнінде дәрменсіздігін (банкроттығын) білетін борышкер ұйымның басшысының немесе меншік иесінің басқа несие берушілерге көпе-көрінеу зиян келтіре отырып, жекелеген несие берушілердің мүліктік талаптарын ірі мөлшерде зиян келтіре отырып қанағаттандыруы болып табылады. Бұл жерде кінәлі адам Азаматтық кодекстің 21 және 31-бабының талаптарын бұзу арқылы несие берушілердің талабын қанағаттандырудың заңда белгіленген кезегін өрескел бұзады, сөйтіп жекелеген несие берушілерге артықшылық жасай отырып, басқа несие берушілерге ірі мөлшерде зиян келтіреді.

Қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Өйткені ұйым басшысы немесе меншік иесі жекелеген несие берушілердің талабын заңсыз қанағаттандыра отырып, басқа несие берушілерге мүліктік залал келтіретінін сезеді және сол зардаптың болуын тілейді (тікелей қасақаналық) немесе соған саналы түрде жол береді немесе бұған немқұрайды қарайды (жанама қасақаналық).

Қылмыстың субъектісі — ұйым басшысы, не меншік иесі немесе жеке кәсіпкер.

Әдейі банкроттық (216-бап)

Қылмыстық кодекстің 216-бабында: "Әдейі банкроттық, яғни коммерциялық ұйым басшысының немесе меншік иесінің, сондай-ақ жеке кәсіпкердің жеке мүддесі немесе өзге адамдардың мүддесі үшін төлем қабілетсіздігін қасақана жасауы немесе ұлғайтуы ірі зиянға немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғуы"— деп түсінік берілген.

Қылмыстың тікелей объектісі, ҚК-тің 215-бабында көрсетілген қылмыс құрамының объектісімен бірдей.

Объективтік жағынан көрсетілген қылмыс құрамы: 1) қылмысты әрекет күйінде; 2) ірі зиян немесе өзге де ауыр зардаптар келтіру арқылы және 3) іс-әрекет пен зардаптың арасындағы себепті байланыс арқылы сипатталады. Қылмысты әрекет әдейі банкроттық жағдайында жасалады. Әдейі банкроттық дегеніміз қасақана төлем қабілетсіздігін жасау немесе ұлғайту (зиянды мәмілелер жасау, бухгалтерлік есепті шатыстыру, ақша қаражатын ұйым мүддесінен тысқары жағдайларға жұмсау) болып табылады.