Сот әділдігін жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдарының жасайтын қылмыстары

Көрінеу кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту (344-бап)

Қылмыстық кодекстің 344-бабында көзделген осы қылмысты жасау азаматтардың конституциялық құқығын өрескел бұзумен бірге, әділ соттылық мүддесіне, жәбірленушінің заңды құқықтары мен бостандықтарына қылмысты қиянат келтіре отырып, заңдылық қағидасының өрескел бұзылуына әкеп соғады.

Қылмыстың тікелей объектісі прокуратура, сот, тергеу, анықтама және басқа да осыларға теңестірілген органдардың дұрыс қызметі. Қосымша тікелей объект жәбірленушінің заңды мүдделері (жеке бостандығы, ар-намысы, адамгершілігі, қызметтік немесе мүліктік мүдделері).

Қылмыс объективтік жағынан алғанда көрінеу кінәсіз адамды кылмыстық жауаптылыққа тарту әрекетін жүзеге асыру арқылы сипаталады.

Қылмыстық жауаптылыққа кінәсіз тарту деп — кінәсіз адамды айыпкер ретінде қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы қаулы шығаруды айтамыз. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 37-бабында қылмыстық қудалауға жол берілмейтін жағдайлар көрсетілген. Қылмыстық кұқық принципі бойынша қылмыстық жауаптылықтың негізі — істелген іс-әрекетте қылмыс құрамының барлық белгілерінің болуы (КК-тің 3-бабы) шарт. Қылмыс жасады деп айыптау үшін негіз беретін жеткілікті дәлелдемелер болған кезде адамды айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы дәлелді қаулы шығарады (ҚІЖК-нің 206-ба-бының 1-тармағы). Заңның осы талаптарын сақтамай адамды қылмыстық жауапқа тарту заңға қайшы, қоғамға қауіпті іс-әрекет болып табылады. Көрінеу кінәсіздіктің түсінігі кінәсіздік презумпциясымен тікелей байланысты. Кінәсіздік презумпциясына сәйкес әр адам оның қылмыс жасағандығы үшін кінәлілігі Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген тәртіппен дәлелденген және соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз деп танылады. Ешкімде өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес. Айыпкердің кінәлілігі жөніндегі күдік оның пайдасына шешіледі. Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу заңын қолдану кезінде пайда болған күмәндер де айыпкердің пайдасына шешілуі тиіс.

Сонымен занда көрсетілген қылмысты істемеген кінәсіз адамды негізсіз жауапқа тарту осы қылмыстың объективтік жағының басты белгісі болып табылады. Қылмыс құрылысы жағынан формальдық құрамға жатады және ол кінәсіз адамды қылмыстық жауапқа тарту туралы қаулы шығарған уақыттан бастап аяқталған деп танылады.

Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Ол туралы заңның өзінде көрінеу кінәсіз адамды қылмыстық жауапқа тарту деп тура көрсетіліп отыр. Кінәлі адамның көрінеу кінәсіз екенін біле тұра өзінің қызмет өкілдігін пайдалана отырып, оны қылмыстық жауапқа тартатынын сезеді және соны тілеп істейді. Қылмыстық ниеттің сан алуан болуы қылмыстың ашылу пайызын көрсетуі (айыпкерді жаңылыстырып, оған ашылмай қалған қылмысты таңу, кек алу, қызғаныш, өзге де қара ниет ойлар т.с.с.) мүмкін.

Заңсыз қылмыстық іс қозғау бұл қылмыстың құрамына жатпайды. Мұндай ретте кінәлі адам лауазымды қылмыстар ушін жауапқа тартылады. Егер сот немесе тергеудің қатесі бойынша адамды қылмыстық, жауапқа, оның көрінеу кінәсіз екендігі анықталмаған жағдайда жауапқа тарту, көрсетілген қылмыс құрамын түзбейді. Мұндай әрекеттер тәртіптік теріс қылық немесе салақтық болып табылады.

Қылмыстың субъектісі — арнаулы судья, прокурор, тергеуші және анықтама органдарының қызметкерлері.

Адамды ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасқан дәл сол әрекеттер осы қылмыстың ауырлататын түрі болып табылады (344-баптың 2-тармағы). Ауыр немесе осы қылмыстардың түсінігі Қылмыстық кодекстің 10-бабында көрсетілген.

Қылмысты жауаптылықтан көрінеу заңсыз босату (345-бап)

Бұл норма Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде жеке құрам ретінде тұңғыш рет көрсетіліп отыр. Бұрынғы кодекс бойынша мұндай әрекеттер қызмет бабына Қиянат жасау ретінде сараланатын еді. Бұл тұрғыдағы қылмыстың қоғамға қауіптілігі орасан, мұндай әрекеттер жауапсыздық сезімін туғызумен бірге, қылмыспен қарсы күрес шараларына кесірін тигізеді, құқық қорғау органы қызметкерлеріне іріткі салып, олардың беделін аякқа басады.

Қылмыстың тікелей объектісі — прокуратура, тергеу және анықтама органдарының дұрыс кызметі, қосымша тікелей объект — жәбірленушінің мүддесі.

Қылмыс объективтік жағынан алғанда прокурордың, тергеушінің немесе алдын ала анықтауды жүргізетін адамның сезікті немесе қылмыс жасады деп айыпталған адамды қылмыстық жауаптылықтан көрінеу заңсыз босатуы арқылы сипатталады. Бұл қылмыс тек әрекет арқылы — қылмыстық, істі қорғаудан бас тарту немесе қылмыстық істі қысқарту туралы тиісті құжат қабылдау жолымен жүзеге асырылады. Қылмыс осы уақыттан бастап аяқталған деп танылады.

Сезік деп — қылмыс жасады деп күмән келтіріліп, соған байланысты қылмыстық, іс қозғалған немесе ұсталған не айыптағылғанға дейін бұлтартпау шарасы қолданылған адамды айтамыз, ал айыпталған адам деп — Қылмыстық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен өзіне қатысты айыпкер ретінде жауапқа тарту туралы қаулы шыққан, сондай-ақ оған қатысты анықтаушы органның бастығы айыптау хаттамасын жасап, бекіткен адамды айтамыз.

Қылмыстық, кодекстің Жалпы және Ерекше бөлімдерінде көрсетілген заң нормаларының шарттарын бұзып, қылмыстық жауаптылықтан негізсіз босатуды заңсыз босату деп айтамыз.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінде қылмыстық ізге түсуді болдырмайтын жағдайлар тұжырымдалған (37-бап). Осы көрсетілген жағдайлардан басқа негізде қылмыстық істі қозғаудан бас тарту немесе қылмыстық істі қысқарту заңсыз деп танылады. Бұл қылмыс формальдық құрамға жатады және ол заңсыз босату туралы қаулы шығару орын алған сәттен бастап аякталған деп танылады.

Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет және мақсат сан алуан болуы мүмкін: танысына жәрдем ету, туыстарының өтінішін орындау, аяушылық білдіру т.с.с. Егер қылмыстық жауаптылықтан көрінеу заңсыз босату заңсыз сыйақы алуға байланысты болса, онда кінәлінің әрекеті қылмыстардың жиынтығы (311,345-баптар) бойынша сараланады.

Қылмыстың субъектісі — арнаулы. Ол заңда тізбектеліп көрсетілген. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін (прокурор, тергеуші, анықтама жүргізуші адам).

Көрінеу заңсыз ұстау, қамауға алу немесе тұтқында ұстау (346-бап)

Қылмыстық кодекстің 346-бабында екі бірдей қылмыс: 1) көрінеу заңсыз ұстау; 2) көрінеу заңсыз камауға алу немесе қамауда ұстау үшін жауаптылық белгіленген. Бұл әрекеттердің қоғамға қауіптілігі сол Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген әркімнің жеке басының бостандығына құқығын (16-баптын 1-тармағы) өрескел аяққа басады. Азаматты ұстау, қамауға алу немесе қамауда ұстау тек қана заңға ңегізделіп жүзеге асырылуы тиіс.

Қылмыстың тікелей объектісі — әділ соттылықтың мүддесі, қосымша тікелей объект — жәбірленушінің жеке бостандығы, азаматтардың басқадай (мүліктік, тұрғын үй, ар-намысы) мүдделері.

Қылмыстың объективтік жағы көрінеу заңсыз ұстау, қамауға алу немесе қамауда ұстау әрекеттері арқылы жүзеге асырылады.

Заңсыз ұстау деп Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделмеген негіздер бойынша адамды еркінен айырып, шара қолдануды айтамыз.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарына көрінеу қайшы түрде бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алуды заңсыз қамау деп түсінген жөн.

Бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алынған адамды одан әрі ұстауға негіз болмаса да, оны босатудың орнына оны одан әрі тұтқында ұстауды заңсыз тұтқында ұстау деп түсінеміз.

Қылмыс формальдық кұрамға жатады. Қылмыс заңсыз ұстау, қамау немесе тұтқында үстау әрекеттері орын алған сәттен бастап аяқталған деп саналады.

Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Занда көрсетілген көрінеу деген сөздің өзі осы іс-әрекеттің тікелей немесе жанама қасақаналықпен жасалатынын білдіреді. Қылмыстық ниет әр түрлі болуы мүмкін, ол қылмысты саралауға әсер етпейді.

Қылмыстың субъектісі — адамды ұстауға, қамауға алуға, тұтқында ұстауға кұзыреті бар адамдар. Олар — прокурор, тергеуші, анықтама жүргізуші адам, сондай-ақ босатылуға жататын адамды одан әрі тұтқыннан босатпаған тұтқын орнының бастығы.

ҚК-тің 346-бабының 3-тармағында заңсыз ұстау, қамауға алу немесе тұтқында ұстау ауыр зардаптарға (қамалған адамның ауыр науқасқа душар болуы, өлуі немесе өзін-өзі өлтіруі, т.с.с) әкеліп соққаны үшін жауаптылық белгіленген.

Жауап беруге мәжбүр ету (347-бап)

Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакті (1966 ж.), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы алдын ала тергеу және анықтама жүргізу сатысында күш қолдануға мүлдем тыйым салады. Мұндай әрекеттерді қолданудың өзі қылмыс.

Осы қылмыстың объектісі — тергеу немесе алдын ала анықтаушы органның бірқалыпты дұрыс қызметі. Қосымша тікелей объекті — азаматтардың жеке басына қол сұғушылық.

Қылмыс объективтік жағынан алғанда тергеушінің немесе алдын ала анықтауды жүргізуші адамның тарапынан күдіктіні, айыпталған адамды, жәбірленушіні, куәгерді жауап беруге, не сарапшыны қорытынды беруге қорқыту, бопсалау немесе өзге де заңсыз іс-әрекеттер колдану жолымен мәжбүр етуі арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстың жәбірленушісі күдікті адам, айыптаушы, жәбірленуші, куә, сарапшы болып табылады. Қылмыс құрамы формальдық, ол занда көрсетілген әрекеттерді істеген сәттен, кінәлінің алға қойған мақсатқа жеткеніне не жетпегеніне қарамастан аяқталған деп танылады. Мәжбүр ету өтірік жауап беруге немесе шындықты айтуға я болмаса сарапшыдан кінәліге қолайлы қорытынды беруді талап ету арқылы істелуі мүмкін. Олар занда көрсетілген көптеген тәсілдерді: қорқыту, бопсалау немесе өзге де заңсыз іс-әрекеттерді қолдану жолымен жүзеге асырылады.

Жәбірленушіні немесе оның жақын туыстарын қамайтын, күш қолданып жанын қинаймын, жағдайын қиындатып, қылмыстық жауапқа тартамын, жақын туыстарыңмен кездестіруге тыйым саламын, тағы сол сияқты әрекеттер қорқыту деп танылады.

Жәбірленушінің өзін немесе жақын туыстары жөнінде масқаралайтын мәліметтерді жариялау туралы немесе олардың отбасының кұпиясын (мысалы бала асырап алғаны туралы) жұртқа жаямын деген әрекеттерді істеу бопсалау деп танылады.

Өзге де заңсыз іс-әрекеттерге жауап алудың арандатушылық тәсілдерін қолдану, жалған дәлелдемелерді ұсыну, жақындарымен кездестіруге жалған уәде беру, тұтқыннан босатамын деп өтірік уәде айту, гипноз, наркотикалық нәрселерді қолдану арқылы жауап алу сияқты амалдар жатады.

Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет субъективтік жақтың қажетті белгісіне жатпайды, олар әр түрлі болуы (кек алу, пайдакүнемдік, қараниеттік т.с.с.) мүмкін.

Қылмыстың субъектісі — арнаулы заңда ол тергеуші немесе алдын ала анықтауды жүргізуші адам деп дәл көрсетіліп отыр.

Қинау (347-1-бап)

Біріккен Ұлттар Ұйымының 1984 жылғы арнаулы конвенциясында жауап алуда азаптау тәсілдерін қолдануға тыйым салынған. Қазақстан Республикасы қол қойған азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалаулардың түрлеріне қарсы конвенцияның орындалуы үшін Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде адамды қинап жауап алу амалдарын қолданғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген. Қылмыстық кодекстің 347-1 бабы бойынша: тергеушінің, анықтауды жүргізуші адамның немесе өзге лауазымды адамның қиналушыдан немесе үшінші адамнан мәліметтер алу немесе мойындату, не оны ол жасады немесе жасады деп күдік келтірілген іс-әрекет үшін жазалау, сондай-ақ оны немесе үшінші адамды кез келген сипаттағы кемсітуге негізделген кез келген себеп бойынша қорқыту немесе мәжбүр ету мақсатымен әдейі тән зардабын және психикалық зардап шектіруі қинау деп танылады.

Қылмыстың объектісі тергеу, анықтама органдарының бірқалыпты, занды, дұрыс қызметі. Қосымша тікелей объект -жекелеген азаматтардың өмірі, денсаулығы, адамгершілік қасиеттері. Қылмыс объективтік жағынан алғанда тергеушінің, алдын ала анықтауды жүргізуші адамның немесе өзге лауазымды адамның қиналушыдан немесе өзге адамнан қинау арқылы жауап, мәліметтер алуы, оларға тән азабын және психикалық зардаптар шектіру арқылы сипатталады.

Қылмыстық кодекстің 347-1 бабының ескертуінде лауазымды адамдардың заңды іс-әрекеті нәтижесінде келтірілген тән зардабы және психикалық зардап қинау деп танылады. Яғни қинаудың өзі екі түрлі іс-әрекеттің: тән зардабы және психикалық зардаптардың жиынтығы болып табылады.

Тән зардабына әртүрлі жарақаттар келтіру жатады. Оларға жәбірленушіні немесе үшінші адамды ұрып-соғып, жеңіл, орта дәрежелі жарақаттар келтіру арқылы олардан мәліметтер алу немесе оларды мойындату немесе басқа бір адамдар жөнінде деректер жинау.

Егер күш қолданудан жәбірленушінің денсаулығына касақана ауыр зиян келтірілсе немесе ол қазаға ұшыраса, онда мұндай әрекет қылмыстардың жиынтығы бойынша сараланады.

Тән зардабын келтірудің тағы бір тәсілдері: жәбірленушінің денесін күйдіру, электр тоғын пайдаланып жауап алу, дене мүшелерін ауырту, саусағына ине тығу, ұзақ уақыт сусыз, тамақ бермей ұстау, ұйқы бермеу болып табылады.

Психикалық зардап келтіруге жәбірленушілерді өзі туралы, туыстары туралы жалған немесе өмірде одан алған келеңсіз мәліметтер тарату, отбасылық, жеке өмірі туралы құпияларды таратамыз деп қорқыту, сондай-ақ олардан қажетті жауап, мәліметтер алу үшін оларға қарсы наркотикалық нәрселерді, басқа да дәрі-дәрмектерді олардың денесіне егу, гипноз қолдану, бопсалау әрекеттері жатады.

Қылмыс құрамы - формальдық-материалдық. Дене жарақатын келтірумен ұштасқан әрекеттер материалдыққа, ал психикалық зардап келтірумен байланысты іс-әрекеттер формальдық құрамға жатады.

Қинау әрекеттері тергеушінің, анықтауды жүргізуші адамның, өзге лауазымды адамның заңды қызмет құзіретіне байланысты жүзеге асырылады. Қинау тәсілдері заңда былай деп көрсетілген: қиналушы немесе үшінші адамнан тән немесе психикалық зардабын келтіру арқылы өзіне немесе өзге қарсы мәліметтер алуға мәжбүрлеу, істемеген іс-әрекетті мойындату; немесе істеген іс-әрекетті басқа адам істеді деп жала жаптыру; жәбірленушінің шын мәніндегі істеген қылмысын қинау тәсілі арқылы мойындату және т.б.

Қинау арқылы жауап алынған адам — осы қылмыстың жәбірленушісі болып табылады.

Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Қылмыстық ниет субъективтік жақтың қажетті белгісі емес, олар әртүрлі болуы мүмкін (қылмыстық істі жылдам ашу, ашылмайтын қылмыстың болмайтындығын дәлелдеу, жасалған қылмыстық іс-әрекетті басқаға қарсы бұру т.с.с.).

Қылмыстың субъектісі – арнаулы, заңда ол тергеуші, анықтауды жүргізуші адам немесе өзге лауазымды адам деп көрсетілген. Өзге лауазым адамдарына тергеу, анықтама органдарының бастықтары, оперативтік қызметкерлері және т.б. жатады.

Көрінеу әділетсіз сот үкімін, шешімін немесе өзгедей сот актісін шығару (350-бап)

Қылмыстың объектісі — сот жүйелерінің бірқалыпты қызметі, әділсоттылық мүддесі, оның беделі.

Қосымша тікелей объект — жәбірленушінің, занды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтары.

Қылмыстың затына — сот үкімі, шешімі немесе өзге де сот актісі (қаулы, қорытынды) жатады.

Объективтік жағынан бұл қылмыс тек әрекет арқылы істеледі. Құрылысы жөнінен қылмыс формальдық құрамға жатады және ол судьяның (судьялардың) көрінеу әділетсіз сот үкімін, шешімін, немесе өзгедей сот актісін шығарған уақыттан бастап аяқталған деп саналады. Істің жағдайларына және материалдық немесе іс жүргізу заң талаптарына көрінеу қайшы шығарылған сот актілерін әділетсіз үкім, шешім немесе өзге де сот актісін шығару деп түсінген жөн.

Бұлар қылмыстық іс бойынша сот үкімінің жиналған дәлелдемелерге сай емес жағдайда шығарылуы, қылмысты дұрыс сараламау, әділетсіз жаза шараларын белгілеу, істі сотталушының сыртынан қарау, оны қорғану құқығынан айыру, заңсыз сот құрамымен істі қарау т.с.с. арқылы, ал азаматтық істер бойынша талапты негізсіз қанағаттандырмау немесе дәлелдемелері жоқ талапты қанағаттандыру, істі заңсыз өндірістен қысқарту немесе оны қарамай тастау, келтірілген зиянның мөлшерін орынсыз ұлғайту немесе азайту, негізсіз жұмысқа қайта орналастырудан бас тарту арқылы көрініс береді. Әкімшілік-құқықтық қатынастардан пайда болатын істер бойынша да әділетсіз сот актілері орын алуы (мысалы, азаматтардан салық түрін заңсыз өндіру, әкімшілік орындарының немесе лауазымды адамдардың теріс әрекеттері туралы азаматтардың шығынын қанағаттандырмай тастау т.с.с.) мүмкін.

Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Мұның өзі заңның мазмұнынан тікелей туындап отыр. Онда "көрінеу әділетсіз сот үкімін, шешімін, өзгедей сот актісін шығару" деп тура көрсетілген. Қылмыстық ниет (пайдакүнемдік, кек қайтару, өзара қатынастардың қайшылығы, қара ниеттік т.с.с.) болуы мүмкін.

Пара алған жағдайда әділетсіз үкім шығару — қылмыстардың жиынтығын құрайды. Заңсыз үкім, шешім немесе өзгедей сот актілері судьяның (судьялардың) көрінеу кәсіптік біліктілігінің жеткіліксіздігінен дәлелдемелерді дұрыс бағаламаудан, іске салақтықпен қарау салдарынан, яғни сот қателігіне жол берілуіне байланысты орын алса, онда істің нақты мән-жайларына қарай кінәлі адам тәртіптік жазаға немесе қылмыстық салақтық үшін жауапқа тартылуы мүмкін.

Қылмыстың субъектісі арнаулы — көрінеу заңсыз үкім, шешім немесе өзгедей сот актісін шығарған барлық сот инстанцияларының судьясы (судьялары).

Қылмыстық кодекстің 350-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын екі түрі көрсетілген:

а) бас бостандығынан айыруға соттың заңсыз үкім шығаруы (негізсіз кінәсіз адамды бас бостандығынан айыру, занда негізделмеген жағдайда өмір бойы бас бостандығынан айыру
жазасын тағайындау);

б) әділетсіз сот актісін шығару өзге ауыр зардаптарға әкеп соқса (әділетсіз сотталған адамның өзін-өзі өлтіруі, жәбірленушінің ауыр науқасқа душар болуы, аса қауіпті қылмыскерді заңсыз босату т.с.с.)