Депозиттiк операциялар

 

Депозиттік операциялар — бұл заңды және жеке тұлғалардың тартылған қаржылары бойынша белгiлi бір мерзімге немесе талап ету салымы бойынша банктердің операциялары.

Депозиттік операцияларды жүргізу кезiнде кез келген банк өздері дайындаған депозиттік саясатты ұстанады және олар өз кезегiнде келесi ережелерге негiзделедi:

— депозиттік операциялар банктің пайда табуына немесе болашақта пайда табуға мүмкіндік жасауға негiзделiп ұсынылады;

— депозиттік операцияларды ұйымдастыру үдерiсiнде депозиттік опера-циялар субъектiсiнiң ар түрлiлiгiне және депозиттердің әр түрлi нысандардың үйлесiмдiлiгiне ұмтылыс болады;

— депозиттік операцияларды жүзеге асыру барысында осы және депо-зиттер мен несиелiк салымдардың мерзiмдерi мен сомалары бойынша несие ұсыну операциялары арасындағы өзара байланыс пен өзара келісімділіктің болуын қамтамасыз ету қажет;

— депозиттік операцияларды ұйымдастыру үдерiсiнде банк балансының өтiмдiлiгiн жоғары деңгейде қамтамасыз ететiн мерзiмдiк депозиттерге ерекше назар аударған жөн;

— депозиттік операцияларды ұйымдастыра отырып, банк депозиттік шот-тардағы бос қаржы резервтерінің ең аз болуына талпынуы керек;

— депозиттердi тартуға әсер ететiн банктiк қызметтерді дамыту және қызмет керсету сапасы мен мәдениетiн жоғарылату шараларын қарастырған жөн.

Көптеген ұсақ және шағын банктер үшін депозиттер ақша қаржыларының басты көзi болып табылады. Банктер қаржы нарығында қаржылық делдал ретiнде басқа кәсіпорындар мен ұйымдардың, тұрғындардың уақытша бос ақша қаражаттарының iрi сомасын орналастырады. Банктер бұл қаржыларды тиiмдi пайдаланып, олардың сақталуын қамтамасыз етедi және қарыз алушыларға табысты негiзде ұсынады. Көптеген жеке тұлғалар, iскер фирмалар, акционерлiк компаниялар, және кәсіпорындар, коммерциялық емес ұйымдар, үкiмет мекемелерi, мемлекеттiк кәсіпорындар, жергiлiктi органдар өз қаржыларын коммерциялық банктерге салады.

Депозиттік операциялар активті және пассивті болып бөлінеді. Активті депозиттік операциялар – банктің уақытша бос ақша қаражаттарын басқа корреспондент-банктердегі шоттарда орналастыруымен байланысты операциялар. Олар банктің өтімді активтері ретінде, яғни жалпы активтердің өте аз бөлігін алады.

Пассивті депозиттік операциялар – бұл клиенттердің уақытша бос ақша қаражаттарын белгілі уақытқа және пайыз төлеу шартымен тартумен байланысты операциялар. Бұл операциялар көмегімен тартылған депозиттер пассив жағының көп бөлігін алады және банктік ресурстар қалыптастырудың негізгі көзі. Коммерциялық банктің пассивтi операциялары келесi нысанда жүзеге асырылуы мүмкiн:

— банк қорын қалыптастыру және ұлғайту үшін банктердің пайдасы есебiнен аударулар;

— басқа заңды тұлғалардан алынған несиелер;

— депозиттік операциялар.

Қазіргі банктік тәжірибеде салымдардың, депозиттердің және депозиттік емес ресурстардың шоттарының әр түрлері кездеседі. Бұл банктердің жоғарғы бәсекелестік нарықта банк қызметтеріне деген клиенттер топтарының сұранысын қанағаттандыруға және олардың қаражаттары мен уақытша бос қаражаттарын банктік шоттарға тартуға ұмтылуына жағдай жасайды [1, 10 б.].

Экономикалық мазмұнына қарай депозиттерді мынадай топтарға бөледі :

- талап етуіне дейінгі депозиттер;

- мерзімді депозиттер;

- жинақ салымдары;

- бағалы қағаздар.

Сондай-ақ, оларды мынадай белгілеріне байланысты жіктеуге болады :

- мерзімдеріне қарай;

- салым иелерінің категорияларына қарай;

- қаражаттарды салу және қайтарып алу шартына қарай;

- пайыз төлеу тәсіліне қарай;

- банктің активтік операциялары бойынша жеңілдіктер алуына қарай, тағы басқалар.

Салым иелерінің категорияларына байланысты депозиттік шоттар мынадай түрлерге бөлінеді :

- жеке тұлғалардың шоттарына;

- кәсіпорындар және акционерлік қоғамдардың шоттарына;

- жергілікті билік ұйымдарының шоттарына;

- қаржылық мекемелердің шоттарына;

- шетелдік азаматтардың шоттарына .

Бiрiншi топ талап етуіне дейінгі депозиттербұл салым иелерінің бастапқы талап етуіне байланысты әр түрлі төлем құжаттар арқылы қолма-қол ақшаларын алатын әр түрлі шоттардағы қаражаттар [2, 24 б.].

Талап етуіне дейінгі депозитте, олар сондай-ақ чектiк депозиттер деп те аталады. Талап ету депозитi түрiнде қаржы тарту кезiнде банк пен салымшы арасында келiсiмшарт жасалады. Чектiк депозит — бұл міндетті түрде өтелуге тиiстi, салымшыға чек жазуға құқық беретiн шот. Чектiк депозиттердің ыңғайлылығы олардың қауiпсiздiгiмен және чек жазу арқылы төлем жүргізу қарапайымдылығымен түсiндiрiледi. Сонымен катар олар бiрiншi талап бойынша накты ақша алуға мүмкiндiк бередi. Чектiк депозиттерді жүзеге асыру үшін есеп операциялары мен өткізбелерінің айтарлықтай көлемi керек, көптеген банктер осы шарттарды қолданғаны үшін төлем белгiлейдi. Бұл кезде төлем мөлшерi бiр ай көлемiнде жазылатын чектер саны мен депозиттер мөлшерінің өзгеруiмен өзгертiледi. Егер салымшы бiр ай көлемінде шотта банктің өзінің коммерциялық мақсаттары үшін қолданылатын жеткiлiктi баланстық қалдықты сақтаса, банктер кейбiр кездерде бұл төлемдердi алудан бас тартады.

Талап ету депозиттік шотының ерекшелiктерiне мыналарды жатқызуға болады:

— ақшаны салуға немесе алуға шектеудiң болмауы;

— ақша шоттан қолма-қол түрде, сондай-ақ чектер көмегiмен алынуы мүмкiн;

— шот иесi банкке тұрақты айлық мөлшерде немесе әрбiр жазылған чек үшін коммисия төлеуі;

— Ұлттық банкке ең аз резервтің мерзiмдiк депозиттермен салыстырғанда үлкен үлесінің сақталуы.

Талап ету депозитінің бір түрі банктің клиентпен барлық операциялары есептелетiн контокоррент — бірыңғай шот болып табылады. Контокоррентте банк қарыздары, сондай-ақ шоттан клиент тапсырысы бойынша барлық төлемдер және де шотқа салым, аударым және т.б. түрде түсетін барлық қаржы көрсетіледі. Контокорренттi шот ерекше сенiмдiлiк белгiсi ретiнде тек сенiмдi клиенттерге және бiрiншi сыныпты қарызшыларға ашылады. Шот иесi шығындардың түсiмдерден артуы кезiнде әрбiр жеке жағдайда, арнайы рәсімдеусіз-ақ банкпен жасалған келiсiмге сәйкес анықталған сома шегiнде несие алуға мүмкiндiгi бар.

Талап ету депозитiне сондай-ақ ағымды овердрафт шотын жатқызуға болады, овердрафт — банк пен клиент арасындағы келісiмге сәйкес, банк анықтаған мөлшерде шотта бар қаржы көлемiнен артық соманы алуға мүмкіндік беретін шот, бұл да несие алмасуды бiлдiредi Овердрафтың контокорренттен айырмашылығы кездейсоқ сипатты болуында. Атап өтетiн жайт, овердрафт шоты қосымша депозиттік шоттар ашу мүмкiндiгiн шектемейдi. Овердрафт ағымды шоты жеке және заңды тұлғалардың уақытша шығындарын жабу үшін ашылады.

Отандық банктік тәжірибеде талап етуіне дейінгі депозиттерге мыналар жатады :

- мемлекеттік, акционерлік кәсіпорындардың, сондай-ақ әр түрлі шағын коммерциялық құрылымдардың ағымдық шоттарындағы сақталатын қаражаттары;

- әр түрлі мақсатқа тағайындалған қорлардың қаражаттары;

- есеп айырысудағы қаражаттар;

- жіргілікті бюджеттер қаражаттары және олардың шоттарындағы қаражаттар;

- басқа банктердің корреспонденттік шоттарындағы қаражат қалдықтары.

Талап етуге дейінгі депозиттік шоттардың артықшылығы олардың иелері үшін жоғарғы өтімділігіне байланысты сипатталады. Талап етуге дейінгі депозиттік шоттарға қаражаттар, шаруашылық және басқа да операциялардың жүзеге асырылуы барысында түседі және пайдаланылады [2, 85 б.].

Ал кемшілігі – бұл шот бойынша пайыз мүлде төленбейді немесе біршама төменгі мөлшерде төленеді. Міне, осыдан келіп талап етуге дейінгі шоттардың мынадай өзіндік ерекшеліктері қалыптасады:

- ақша салу және оны алу кез келген уақытта ешқандай да шектеусіз жүзеге асырылады;

- шот иесі банктен осы шотты пайдаланғаны үшін пайыз түрінде немесе комиссиондық ақы алып отырады;

- банк талап етуге дейінгі шоттарда ақшалай қаражаттарды сақтағаны үшін өте төменгі деңгейде пайыз төлейді, кейде төлемеуі де мүмкін;

- талап етуге дейінгі депозиттер бойынша, коммерциялық банк Орталық банкте сақталатын міндетті резервтерге жоғарғы мөлшерде аударымдар жасайды.

АҚШ-тың банктік тәжірибесінде, талап етуге дейінгі депозиттік шоттармен қатар, сондай шоттар түріндегі Нау-шотты және куәландырылған чектер сияқты депозиттер АҚШ банктерінде кеңінен қолданылады.

Нау- шоттар — пайыздық мөлшерінің жоғары шегі жоқ шоттар, яғни ол қалқымалы болуы мүмкін. Супернау-шоттар — бұл қолма-қол ақшаны қолдану шоттары оларды ашу кызметтер кешенiн ұсынады.

Нау- шоттың мынадай өзіне тән ерекшеліктері болады:

- бұл шот түрі бойынша пайыз төленеді;

- бұл шот жеке тұлғаларға немесе пайда таппайтын ұжымдарға ашылады;

- салым иелерінен бұл шотта ең төменгі қаражат болуы талап етілмейді.

Депозиттік шоттардың келесi түрі — автоматтық аудару шоттары (АТS-шоттар). Жинақ шоттарынан ақша қаржыларын автоматты түрде аударуға мүмкіндік беретiн, чектердi жабу үшін чектiк депозиттерге пайыз әкелетiн депозиттің түрі. Банктер салымшының келiсiмiн жетекшiлiкке ала отырып пайыз әкелетiн шоттарды талап етуге несиенің артуын жабу немесе чектiк шоттардағы ең аз балансты көтеру талабы туындаған кезде автоматты түрде қосады. Мұндай тәжірибе салымшыға өте аз соманы салымда талап етуге дейiн сақтауға және бiр мезетте шоттар бойынша автоматты түрде аударылған пайыздар алуға мүмкіндік бередi.

Бұл депозиттерден тыс көптеген банктердің баланстық есеп берулерiне «банк қызметкерi жазған чектер және куәландыратын чектер» деп аталатын шағын баптар енгiзiлiп жүр.

Куәландырылған чектер шоттары – бұл куәландырылған чектерді төлеу үшін, сақталатын банктердегі талап етуіне дейінгі депозиттік шоттағы қаражаттарды білдіреді.

Куәландырылған чектер – бұл банктің шоттағы қаражаттың барлығын чектер арқылы куәландыруы және банк қызметкерлерi беретiн төлемi кепiлденген чектер.

Банктер чектi куәландыру кезiнде, куәландырылған чекте керсетiлген соманы салымшы шотынан алады және оны жеке шотта ұстайды. Сонымен қатар, чектi банк қызметкерлерiнің бiрi немесе банктің меншiктi шығындарын төлеу үшін кассир жазған жағдайда, соңғысы ол бойынша төлемдердің жүргiзiлуiн күте отырып, қызметкерлер жазған чек сомасына теңестiрiп депозит құрайды. Талап ету депозиттерi бойынша эксплициттiк пайыздың кiрiстер төленбеуiне байланысты банктің көтеген клиентттсрi осы типтес депозиттердегi қаржыларының мөлшерін төмендетуге тырысады. Шығынды азайтудың осы тұрғыдағы әдістерiнің бiрi автоматты тазалау шоттары қолданылатын мүмкіндіктердi пайдалану. Мұндай шоттармен ағымдағы операцияларды жүргiзе отырып, банк клиентпен келiсiлген аз шектен асатын кез келген ақша сомасынан шотты “тазартады” немесе оларды аударады, оларды пайыздық кiрiс әкелетін қаржылық құралдарға орналастырады, мысалы, қайта сатьш алу туралы мәмiлеге, яғни операцияны банк күнде iскерлiк күн соңында орындайды.

Американдық банктік тәжірибелерде жаңа депозит түріне ақша нарығының депозиттік шоты жатады.

Оның мынадай ерекшелігі бар:

§ ақша нарығының басқа құралдары бойынша мөлшерлемелерінің өзгеруіне байланысты, әр аптада шот бойынша пайыз мөлшерлемесінің өзгеріп отыруы;

§ шот бойынша ең төменгі қалдықтың болуының талап етілуі;

§ салымдардың сақтандырылуы;

§ иемденуші, үшінші жақтан төлемдер үшін айына шоттан алты рет аударма жасауына болады, мұның ішінде үшеуі чекті көшіріп жазу жолымен, үшеуі телефон арқылы жүзеге асады [3, 99 б.].

Кең тараған топтардың бiрi — мерзiмдiк салымдар.

Мерзімді депозит– бұл банктерде белгілі бір мерзімге және пайыз төлеу шартында орналастырылған клиенттердің уақытша бос ақша қаражаттары.

Оған мерзiмдiк салымдар және салымды алу туралы алдын ала хабарлауы бар салымдар кiредi. Бұл салымдар неғұрлым ұзақ мерзiмге, яғни бiр айдан кем емес мерзiмге салынады. Салымшылар басқа депозиттерге қарағанда неғұрлым үлкен пайыз алады және салым салымшыға алдын ада келiсiмде көрсетiлген мерзiмде қайтарылады. Банктер салымды өз жарауы бойынша келiсілген мерзiм ағымында толық пайдалана алады. Депозиттің бұл типiн ашу үшін мерзiмдiк депозит туралы келiсiм жасалынады

Бұл депозит түрі алдын ала хабарлаудан кейін немесе мерзім бойынша алынуы мүмкін. Мерзімді депозиттер чектің көмегімен пайдаланылмайды, бірақ қолма-қол ақша түрінде еркін аударылады немесе ағымдағы шотқа аударылады. Егер мерзімге дейін бұл салымды алатын болса, онда шот иесі айып-пұл төлеуге міндетті.

Бұл салымның ерекшелігі – талап еткенге дейінгі депозитке қарағанда, оларға міндетті резервтердің төменгі мөлшері белгіленеді.

Депозиттің бұл түрін алдын ала хабарлау негізінде немесе уақыты жеткен кезде салым иесі ала алады. Мерзімді депозиттерді чектер арқылы алуға болмайды. Мерзімді депозиттерді басқа шоттарға аударуға болады.

Мерзімді депозиттер мынадай түрлерге бөлінеді:

- меншікті-мерзімді депозиттер;

- алдын ала алуы ескертілетін мерзімді депозиттер.

Меншікті-мерзімді депозиттер сақталу мерзіміне қарай жіктеледі:

- 30 күнге дейінгі;

- 30-90 күнге деінгі;

- 90-180 күнге дейінгі;

- 180 күннен 360 күнге дейінгі;

- 360 күннен жоғары.

Мерзімді депозиттер бойынша, салым иесінен алдын ала хабарлау депозиті бойынша міндетті түрде өтініш талап етеді. Өтініш беру уақыты алдын ала келісіледі және депозит бойынша, соған сәйкес пайыз белгіленеді. Әдетте, алдын ала алуын хабарлау мерзімі жеті күннен жоғары болып келеді.

Мерзімді депозиттердің мынадай ерекшеліктері болады:

- есеп айырысу үшін пайдаланылмайды, әрі мұндай шоттарға ешқандай да есеп айырысу құжаттары толтырылмайды;

- шоттағы қаражат баяу айналады;

- тұрақты пайыз төленеді;

- пайыз мөлшерінің ең жоғарғы деңгейі Ұлттық банкі тарапынан реттеліп отырады;

- ақшаны алуы туралы салым иесінің алдын ала хабардар етуі талап етіледі;

- бұл шоттағы қаражаттар бойынша ең төменгі мөлшерде резервтер белгіленеді.

Тағы бір кеңінен таралған депозиттердің түрі – жинақ салымдары. Олардың белгіленген мерзімі жоқ, қаражатты алуда ескертуін талап етпейді, салымның жоғары шегі шектелген, ақшаны салу және алу кезінде жинақ кітапшасын көрсетуі қажет.

Банктер үшін мұндай шоттар қосымша жұмыстарды талап етеді: операцияны ресімдеу қиынырақ, кітапшаны жоғалту және ұрлатып алу жағдайына сай екі жақты тіркеу енгізу қажет және т.б. Компьютердің көмегімен жасалған жеке бет шоты туралы көшірмесі негізінде жинақ салымдармен басқа салымдарды ауыстыруға мүмкіндігі бар.

Мерзімді депозиттер және жинақ салымдары депозиттік ресурстардың біршама тұрақты бөлігін білдіреді.

Жинақ салымдардың тұрақты мерзімі болмайды. Бұл салымдардың түрі бойынша, мерзімді депозиттерге қарағанда төменгі мөлшерде пайыз төленеді. Жинақ салымдар жинақ кітапшалары негізінде толтырылады.

Жинақ салымдардың мынадай ерекшеліктері болады:

- ақшалай қаражаттар сақтауда тұрақты мерзімі болмайды;

- шоттағы қаражатты алдын ала алу барысында ешқандай да ескерту талап етілмейді;

- ақшаны шотқа саларда немесе шоттан аларда міндетті түрде ақшалай қаражаттар қозғалысы көрсетілетін жинақ кітапшасының болуы талап етіледі [4, 110 б.].

Отандық банктік тәжірибеде жинақ шоттары тек жеке тұлғаларға ғана ашылады. Ал шетел тәжірибесінде мұндай шоттар коммерциялық емес ұйымдарға және іскер фирмаларға ашыла береді.

Отандық банктік тәжірибеде жеке тұлғаларға ашылатын жинақ салымдар салым операцияларының мерзіміне және мазмұнына қарай мынадай түрлерге бөлінеді:

1) мерзімді жинақ салымдар;

2) қосымша жарна қосатын мерзімді жинақ салымдар;

3) ұтыс салымдары;

4) ақшалай- заттай ұтыс салымдары;

5) мақсатты және ағымдық салымдар;

6) алдын ала алуын хабарлайтын салымдар;

7) валюталық салымдар.

Мерзімді жинақ салымдарға тұрақты мерзімі белгіленетін және сол мерзім өткенше алуға мүмкін емес салымдар жатады. Мерзімді жинақ салымдарға басқа жинақ салымдарға қарағанда жоғарғы мөлшерде пайыз төленеді.

Қосымша жарна қосатын салымдар – бұл шоттағы қаражатқа алдын ала келісілген уәде бойынша үздіксіз ақшалай соманы қосып отыруға салымды білдіреді. Бұл шотта жинақталынған соманы белгілі бір күнде (жаңа жылдық салым, бойжеткен кезде және т. с. с ) толық төленеді.

Ағымдық жинақ салымдар, негізінен, жалақы, зейнетақы, үздіксіз төлемдерді төлеу үшін жинақталатын және пайдаланылатын қаражаттарды білдіреді. Мұндай салымдар бойынша өте төменгі пайыз төленеді.

Отандық банктер тәжірибесінде халық салымдарының бірнеше түрлері қолданылады. Айталық, Халық Б анкі мынадай салымдардың түрлерін жеке тұлғаларға ұсынады:

- «НАРОДНЫЙ-СТАНДАРТНЫЙ» салымы – жоғары сыйақы мөлшерлемесі бар және оны мерзімнің соңында төлейтін, мерзімді салым. Алматы мен Астана тұрғындарына төменгі сома көлемі – 15000 теңге не 100 АҚШ доллары немесе 100 евро, ал басқа аймақтарға төменгі сома көлемі – 2000 теңге не 50 АҚШ доллары немесе 50 евро. Салым мерзімі: 1-12, 18, 24, 30 және 36 ай.

- «НАРОДНЫЙ-НАКОПИТЕЛЬНЫЙ» салымы – ай сайын пайыз төленетін мерзімді салым. Алматы мен Астана тұрғындарына төменгі сомасы – 15000 теңге не 100 АҚШ доллары немесе 100 еуро, ал басқа аймақтарға төменгі сомасы – 7000 теңге не 50 АҚШ доллары немесе 50 евро. Салымды қосымша толықтыруға болады, ондай салым кем дегенде – 1000 теңге не 10 АҚШ доллары немесе 10 евромен жүзеге асырылады. Мерзімі: 6, 9, 12, 18, 24 және 36 ай.

- «НАРОДНЫЙ-ПЕНСИОННЫЙ » салымы – кем дегенде 50 жасқа толған немесе 50 жасқа дейінгі зейнеткер куәлігі бар тұлғаларға арналған. Төменгі сомасы – 2000 теңге не 20 АҚШ доллары немесе 20 евро. Салымды қосымша толықтыруға болады, ондай салым кем дегенде – 500 теңге не 5 АҚШ доллары немесе 5 евромен жүзеге асырылады. Мерзімі: Мерзімі: 6, 12 ай.

- «HALYK-ДЕТСКИЙ» салымы – болашақ ұрпаққа ұзақ мерзімге салынатын салым. Алматы мен Астана тұрғындарына төменгі сомасы – 15000 теңге не 100 АҚШ доллары немесе 100 еуро, ал басқа аймақтарға төменгі сомасы – 7000 теңге не 50 АҚШ доллары немесе 50 евро. Салымды қосымша толықтыруға болады, ондай салым кем дегенде – 1000 теңге не 10 АҚШ доллары немесе 10 евромен жүзеге асырылады. Төменгі сомасы – 1000 теңге не 100 АҚШ доллары немесе 100 евро. Мерзімі: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9,10 жыл. Салымның максималды мерзім баланың 14-жасқа толу жағдайымен реттеледі. Салымды белгілі уақыты жетпей біртіндеп ала алмайды.

- «HALYK-УНИВЕРСАЛЬНЫЙ» салымы – өзіңіздің қаржылық ресурсыңызды жоғарғы тиімділікте қолдану ыңғайлы салым. Төменгі салым – 700000 теңге не 5000 АҚШ доллары немесе 5000 евро. Салымды қосымша толықтыруға болады, ондай салым кем дегенде – 15000 теңге не 100 АҚШ доллары немесе 100 евромен жүзеге асырылады. Салымды жинақтау шотынан лимиті 700000 теңгеден не 5000 АҚШ доллары немесе 5000 евродан төмен емес жағдай кезінде қалған жинақтаманы бөліп қолдануға жағдай жасалған. Салым мерзімі: 12 ай.

- «НАРОДНЫЙ-СПЕЦИАЛЬНЫЙ» салымы – Төменгі салым мөлшері – 75000 теңге не 500 АҚШ доллары немесе 500 евро. Салымды қосымша толықтыруға болады, салымы кем дегенде – 7000 теңге не 50 АҚШ доллары немесе 50 евромен жүзеге асырылады. Салымды жинақтау шотынан лимиті 75000 теңгеден не 500 АҚШ доллары немесе 500 евродан төмен емес жағдай кезінде қалған жинақтаманы бөліп қолдануға жағдай жасалған. Салым мерзімі: 12 ай [5, 67 б.].

Мерзімді депозиттер мен жинақ салымдардың бір түріне депозиттік және жинақ сертификаттарын жатқызуға болады.

Депозиттік және жинақ сертификаты– бұл салым иесіне белгілі мерзім өткен соң, тиісті қаражатты және оған есептелетін пайызды алуға құқық беретін және оның шотындағы ақшалай қаражатының барлығын куәландыратын банк-эмитенттің жазбаша куәлігі.

Депозиттік және жинақ сертификиттары иемденуіне қарай екі түрлі болып келеді:

- атаулы сертификаттар;

- мәлімдеуші сертификаттар (жолданатын).

Атаулы депозиттік және жинақ сертификаттары бұл салым иелерінің атына толтырылып беріледі, салымшыда сақталады және төлем мерзiмi жеткенде банкке ұсынылады;.
Ал мәлімдеуші сертификаттарда салым иесінің аты-жөні көрсетіл-мейді, яғни оны кім иеленсе, сол қаражаттың иесі болып саналады. Жолданатын депозиттік серсертификаттар капиталды кез келген мерзiмге тиiмді инвестициялауға көмектеседi ал қажет болған жағдайда сертифи-каттарды тез қолма-қол ақшаға ауыстыруға болады.

Депозиттік және жинақ сертификаттары сатылған тауарлар және көрсетілген қызметтер үшін төлеуге болатын төлем құралы немесе есеп айырысу қызметін атқара алады. Депозиттік сертификаттар көбіне ірі сомада шығарылатындықтан да, оларды заңды тұлғалар сатып алады [6, 69 б.].

Әлемдік банктік тәжірибеде депозиттік сертификаттардың мынадай екі түрі бар:

- Аударылмайтын;

- Аударылатын.

Адарылмайтын депозиттік сертификаттар салым иелерінің қолдарында болып, уақыты жеткен соң банкке ұсынылады.

Аударылатын депозиттік сертификаттар басқа бір тұлғаларға екінші нарықта сатып алу-сату арқылы өтеді.

Жинақ сертификаты жеке тұлғаларға арналып шығарылады. Жинақ сертификатының мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейінгі мерзім аралығын құрайды. Жинақ сертификаты тек жеке тұлғаларға ғана беріледі.

Мерзімді депозиттік және жинақ сертификаттары мерзімінен бұрын төлеуге ұсынылуы мүмкін. Мұндай жағдайда банк сертификаттары сатып алады, бірақ төменгі мөлшерде пайыз төлейді. Коммерциялық банктер үшін бұл сертификат ресурсты жинақтау тиімділігімен, яғни ірі соманың белгілі бір мерзімге түсуін сипаттайды.

Осындай жағдайда, коммерциялық банктердің активтік операцияларын қаржыландырудың басты көзі ретінде пайдаланылатын тартылған қаражаттарды жинақтауда, коммерциялық банктерден депозиттік саясатты белсенді түрде жүргізе отырып, депозиттік операцияларды ұлғайту талап етеді. Депозиттік операцияларды ұйымдастыру барысында коммерциялық банктер баланс өтімділігін сақтай отырып, мынадай талаптарды ескеруі тиіс:

- депозиттік ресурстардың қаржыландыратын активтік опреациялардың мерзімдері мен сомасына сәйкес келуі;

- депозиттік операциялар банк пайдасын ұлғайтуға немесе болашақта пайда алу үшін жұмыс жасауға тиіс;

- депозиттік операцияларды ұымдастыру процесінде мерзімді депозиттер мен мерзімді салымдардың көбірек тартылуына көңіл бөлу;

- салым иелерінің санын өсіру мақсатында, депозиттік операциялар түрлерін ұлғайтып, қосымша қызмет көрсетіп, жеңілдіктер жасауға тиіс [6, 70 б.].