ТІЛ. МӘДЕНИЕТ

Тіл, ұлт, мәдениет деген ұғымдар қашанда бірін-бірі толықтырып тұратын құбылыс. Мысалы, тілсіз – ұлт, ұлтсыз – мәдениет, мәдениетсіз – ұлт та, тіл де болмайтынын ескерсек, тіл мәдениеті, ұлт мәдениеті, ұлт мәдениетінің болмысы, ұлттық сана, ұлттық болмыс секілді тіркестер бүгінгі қоғамда рух пен ақыл, ой мен сананың жедел қалыптасып, дамып жатқан тұсында ерекше маңызға ие.

Ұлы ғұлама Ахмет Байтұрсыновтың «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген ұлағаты бүгінгі күні де ұлттың рухын көтерер орынды сөз.Тәуелсіз еліміздің татулығы мен бірлігін, ынтымақтастығы мен елдігін арттыратын, елдігімізді паш ететін, жас ұрпақты патриотизмге баулитын да осы тілдің құдіреті.

Адам баласына Тәңірдің жасаған үлкен сыйы – тіл. Тіл адамның адамдық белгісі, жұмсайтын қаруы, ұлт намысының биік шыңы, елді тұтастырудың, танытудың кілті. Адами болмыс пен ұлттық болмыс деп аталатын егіз ұғымдардың да негізі тілде. Тіл арқылы кісінің ішкі жан дүниесін түсінесің. Тіл – адам баласының ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан мол қазынасы, басты байлығы. Әр тіл өзінше бір әлем. Қай халықтың болса да алтын діңгегі, ұлттық санасының негізі, іргетасы, тектілік белгісі, қозғаушы күші – тілі мен салт дәстүрі. Ұрпақ тәрбиесінің пәрменді құралы, рухани байлығы, баға жетпес құдіретті, қуатты қайнар бұлағы да тіл.

Мәдениет дегеніміз адамның ойлау, өзіне де, айналасындағыларға да талдау жасай білу қабілеті. Адамдарды ізгілікті, ақылды, моральдық міндеттемелерді мойнына алатын сыншыл жанға айналдыратын да – мәдениет. Мәдениет – адамның рухани және материалдық зерделілігінің және сезімдік қасиеттері айқын аңғарылатын белгілерінің жиынтығы. Кез келген мәдениет өзіндік ерекшелігі бар теңдесі жоқ қазынамыздың қоймасы болып табылады, өйткені әрбір халық өз дәстүрі мен рухани бейнесі арқылы танылады.

Әр халықтың құнды дүниесінің бірі, әрі бірегейі – оның мәдени мұрасы. Мыңдаған жылдардың тарихын таңбалап, өткен күннен белгі болып қалған тарихи-мәдени ескерткіштер, жазбалар, кешегі күн - бүгінгі тарихтан қандайда бір сыр шертетін деректер - баға жетпес асыл қазынамыз. Ғасырлар арасын жалғастырып, алтын көпірге айналған мұраларымыз жоқ емес, жетерлік. Кешегі мен бүгінді, бүгін мен болашақты сабақтастырған бұл қазынаның орны қашанда ерекше екені де баршаға аян. Әр мәдениет көрінісінің жарқын келбеті болған мұраларымызды келер ұрпаққа аманаттау –әрқайсысымыздың қасиетті борышымыз. Адамзаттық ұлы мәдениеттің негізін сан түрлі, сан бояулы ұлттық мәдениеттер құрайды. Ұлттық мәдениет негізін сол ұлттың алғашқы шаруашылық ыңғайы мен ата кәсібі арқылы қалыптасқан дәстүрлі тарихи мәдениетінен іздейді. Ал қаламгер Дидахмет Әшімханұлының тілімен айтатын болсақ:

Мәдениет – кең ұғымды, мол пішінді, терең мазмұнды дүние.

Мәдениетке жанашырлық – туған тілге жанашырлық.

Мәдениет дегеніміз – біздің Адам екенімізді айғақтайтын басты атрибут.

Мәдениет дегеніміз – адамгершілік, имандылық.

Мәдениет – ұлттың рухы.

Мәдениет – білімде ғана емес, біліктілікте.

Мәдениет – зиялы деген атауда емес, иман ұялаған инабатты бетте.

Мәдениет – ақиқат пен шындықта.

Мәдениет – елді, халықты, ұжымды басқаруда емес, елді, халықты, ұжымды сыйлауда, олармен санасуда.

Мәдениет – баршамызға ортақ дүние. Ендеше, баршамыз жабылып, мәдениетті, төл мәдениетімізді көтеруге жұмылайық!