Тапсырма. Тіл, ұлт, мәдениет деген сөздерді қалай түсінесіз?

Тапсырма. Ұлы ғұлама Ахмет Байтұрсыновтың тіл туралы айтқан даналық сөзінің мағынасын түсіндіріңіз.

Тапсырма. Тіл туралы бірнеше мақал – мәтелдерді жатқа айтыңыз.

Тапсырма. Мәдениет дегеніміз не? Ойтолғау жазыңыз.

Тапсырма. Тіл мен мәдениет туралы өнегелі ойларды есте сақтаңыз.

 

Тіл қаруы – сөз, сөз қаруы – ой. Ақылды ой, алғыр сөз – адамның ең жоғары қасиеті. (Ғ. Мұстафин)

***

Тіл жоқ жерде ұлт жоқ. (Ш. Айтматов)

***

Мәдениет пен өнер ісінің сан алуан сәулетті түрін көп уақыт сақтап, келесі заманға мирас етіп отыруға болады.

Лкей Марғұлан

* * *

Адамның мәдениеттілігінің, ой-өрісінің кеңдігінің, жан дүниесінің ләззатшыл нәзіктігінің бірден-бір белгісі – көркем әдебиетті қол үзбей оқи білуі.

Евней Бөкетов

НЕР

Өмір бар жерде өнер бар. Адамның сөз сөйлеуінен бастап, қалалар салуына дейін-өнер-білім. Өйткені, өнер-өмірдің айнасы, тарихтың болашаққа қалдырар асыл мұрасы, адамзаттың рухани қорегі мен игілікті қазынасы. Адам сезімінің нәрі де, ойы мен қиялының темір қазығы да – өнер.Заманалардың тынысы мен үні де, өмірдің келбеті мен көркі де, сәні мен салтанаты да, бүкіл адамзаттың кемелденуіне орасан зор ықпал ететін ғаламат күш пен қуаттың қайнар бұлағы да – өнер. Сондықтан өнерсіз өмір тұл, өмірден тыс өнер жоқ.

Екпіні жоқ жел болмас, өнері жоқ ел болмас. Өсімдігіне қарап жерін таны, аққу-қазына қарап көлін таны, өнеріне қарап елін таны. Өнерлі халық өлмейді, өркендеп өрге өрлейді. Өнері барда қандайлық ел қамыққан, ән мен күйді тыңдаудан кім жалыққан. Сұңқарларды самғатады, ашық аспан, жарық таң, асқақ дарын туар қара халықтан. Халық-өнерпаз. Дана халқымыз: «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, қазақ ежелден өнерлі халық.

Қазақ музыка шығармаларының ішіндегі ең ірі жанрлардың бірі-ән мен күй. Ежелден қазақ халқы ән мен күйге аса бай халықтардың бірі. Қазақ халқының мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерліктері ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі ұрпақтың еншісіне егжей-тегжейлі жеткен ән қазынасы қашаннан дәстүрлі өнердің қаймағы саналады. Дәстүрлі ән үлгілері ежелден ғұрыптық әндер, халық әндері, кәсіби халық композиторлары шығармалары болып, баға жетпес құндылықты құрайды. Қазақтың әншілік өнері жанрлық сипаты жөнінен алуан түрлі. Қазақтың фольклортанушылары мен музыка зерттеушілері қазақтың дәстүрлі ән өнерін тұрмыс-салтқа байланысты ғұрыптық әндер, халық әндері және кәсіби әндер деп жіктеп қарастырып жүр.

Қазақ халқының ән мен күй өнері тарихында алтын әріппен есімдері жазылған өнер шеберлері көптеп саналады. Ән өнерінің шеберлері: Кенен Әзірбаев, Қапез Байғабылұлы, Пішән Жәлмендеұлы, Садығожа Мошанұлы, Сауытбек Ұсаұлы, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жаңыл Қартабаева, Ләззат Сүйіндікова, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Дәнеш Рақышев т.б.

Домбыра күйлері орындалу мәндері мен құрылымдылық ерекшеліктеріне қарай төкпе және шертпе деп аталатын екі үлкен түрге бөлінеді. Төкпе күйлер тұрақты екпін мен өлшемде, оң қолдың тұтас сілтенуімен орындалады. Ал шертпе күйлер көбінесе жалғыз дауысты болып, оң қол саусақтарының ұшымен орындалады.Мысалы: төкпе күйдің орындаушы шеберлері: Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, т.б.

Шертпе күйдің орындаушы шеберлері: Тәттімбет, Сүгір, Сайдалы Сары тоқа, т.б.

Күй өнерінің шеберлері: Тәттімбет Қазанғапұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нүрпейісова, Оқап Қабиғожин, Науша және Махамбет Бөкейхановтар, Лұқпан Мұхитов, Қали Жантілеуов, Ғылман Хайрошев, Төлеген Аршанов, Смағұл Көшекбаевтардың сіңірген еңбектері ұшан-теңіз.