Аударма дербестігі мен стратегиясы

Мақсаты:

- Аудармашы дербестігі мен стратегиясы.

- Аудармашы дербестігінің авторды, оның шығармасын таңдауға қатысты ерекшелігі.

Жоспар:

- Аударманың жоғарғы сапалы болуы.

- Көркем шығарманы таңдауға ықпалды фактор.

- Аудармашы дербестігі ұғымы және оның аудару үдерісіндегі рөлі.

- Аудармашының стратегиялық таңдауы.

- Автор мен аудармашы аралығында байланыс.

Кілт сөздер:аудармашылық әдіс- тәсілдер, еркін аударма, сөзбе-сөз аударма, балама аударма, ұлттық бейімдеушілік, аударма емес, желісі бойынша еліктеу, аударма үдерісі, интерпретациялау (талқылау), сәйкестік, рецепция, «әдеби мәдениет», мәтін, түпнұсқа, коммуникация.

Әдеби байланыстардың сан қырлы формалары әлемдік әдеби үдерісті қамтиды және оның белгілі бір заңдылығы саналып, формалары мен түрлері зерттеу нысаны бола алады. Көркем аударма – әдеби байланыстардың ең маңыздысы, өзара қарым-қатынастары мен формаларының арасында ең бастапқы түрі. Сонымен бірге жеке бір тілдегі туындылардың басқа бір тілде көрініс табу үдерісі ретінде әдеби шығармашылықтың жеке бір түрі болып саналады. Қай кезеңде болмасын, қоғам өмірінің ілгері жылжып, дами түсуіне аударма өнерінің қосқан үлесі айрықша. Себебі, әдебиет, мәдениет, экономика, білім беру, халық шаруашылығы, өнеркәсіп, медицина және т.б. аударма арқылы қанаттанып, қалыптасып отырған.

Аудармашы түпнұсқаның әрбір сөзін өз ұлтының сәйкес сөзімен тура мағынада аударуға талпынады. Бұл жағдайда түпнұсқа мен аударма нұсқаны салыстыра отырып, әдебиет пен тілдер жүйесінің әркелкілігін байқау қиын емес. Ресми және ғылыми тілді аударуда сөзбе-сөз аудару амалы жиі қолданылғанымен, көркем аудармада тиімсіз болып табылады. Сөзбе-сөз аударма ұстанымына қарама-қайшы келетін еркін аударма ұстанымы туды. Бұл ұстанымды жақтаушылар түпнұсқаның тек мазмұнын көрсетуге тырысады. Қазақ әдебиетінде көркем аударма еркін аудармадан бастау алды. Атап айтсақ, Ы. Алтынсарин мен С. Көбеевтің аудармалары еркін аударма қатарын құрайды. Еркін аудармада аудармашы авторды сол қалпында стилін сақтай сөйлетуге емес, оның айтар ойын жеткізуге күш салады. Осы арада аудармашылар үшін қазақ тілді оқырманға аударылатын шығарманың мазмұнын жеткізу маңызды болды.

Аударманың бұл түрінде мәтіннің көркемдігі беріледі де, оның көркемдік ерекшелігі сақталмайды. Соңғы кезде еркін аударма аударманың «желісі бойынша» еліктеу, ұлттық бейімдеушілік пен әдеби өңдеу сияқты жанрлық түрлеріне кіреді. Аударма ғылымының дамуымен аударманың бұл түрі «аударма емес», («неперевод» Жусойтының термині) әдеби өзара ықпалдастықтың жеке бір түрі болып қарастырылады. 7 Қай салада да ғылыми дәлдік, қай тақырыпта да ауа жайылмай сөйлеу талап етілетін жаңа заман көркем аудармаға өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Балама аудармада түпнұсқаның ерекшеліктері мен мазмұнын аударма жасалатын тілдің құрылымын, стилін, лексикасы мен грамматикасын тілдің мінсіз дұрыстығымен үйлестіре отырып, ескеру арқылы дұрыс, дәл және толық беру талап етіледі. Дәлме-дәл немесе балама (адекватты) аудару тәсілін қолдануда аудармашы барынша түпнұсқаның коммуникативтік, мағыналық сәйкестігін сақтауды, оның стильдік ерекшеліктерін жеткізуді көздейді. Көркем аудармада аударманың осы тәсілі түпнұсқаның коммуникативтік белгілерінің тұтас жеткізілуіне, аудармашы үшін қаламгердің суреткерлік шеберлігін танытуға мүмкіндік беретін бірден-бір тәсіл болып саналады.

Сөзбе-сөз және еркін аудармалар жетілдіріліп, балама аударманың дамуына әкелді. Бұл дегеніміз – аударма әдебиетте мазмұн мен форма бірлігінің сақталуы. Екіншіден, аудармашының түпнұсқаға деген адалдығы. Аудармашы түпнұсқаны терең түсініп, жетік меңгергенде ғана балама аударма дүниеге келеді. Яғни, «аудармашы екі тілді жетік білумен қатар, әрі жазушы, әрі ғалым болуға тиіс» (3, 172). Балама аудармада мәдениеті, салт-дәстүрі, діні мен көзқарасы мүлдем өзге халықтың әдебиетіндегі ұлттық-мәдени ортасының айырмашылығын, ерекшеліктерін көрсету – көркем аударманың басты мәселелерінің бірі болып табылады. Ә. Сатыбалдиев өзінің «Рухани қазына» атты кітабында аударма жайлы ойларын қорыта келе былай деп жазған: «Көркем аудармада өзінен сөз қосып, ауа жайылып кету тұрпайылыққа, қарадүрсіндікке саяды, ол түпнұсқаны сөзбе-сөз келтіремін деп ұғымсыз етіп сірестіріп қою – тіл бұзарлық болады. Мұның екеуі де сорақы. Нағыз творчестволық көркем аударма дегеніміз түпнұсқаның тілдік ерекшеліктерін түгел ескере отырып, оның көркемдік-идеялық қасиеттерін толық жеткізу, әрі қазақша биязы да жатық етіп шығару. Осы екеуі шебер ұштасқанда ғана аударма көркем болады»

Аударма теориясы мен тәжірибесі балама аударманы қолдап қуаттағанымен, «аударма емес» – еркін аударманың пайда болуы мәселесін күн тәртібінен шығарған емес. Аударманың жанрлық түрлерінің пайда болу себептері қалай? Осы сұраққа жауап беру үшін аударма тарихына көз жүгіртеміз. Аударма тәжірибесі дәләлдегендей, бірыңғай шектеулі аударманың болуы мүмкін емес. Осыған орай, аударманың шығармашылық сипатын еске алсақ, әрбір шығармашының да даралық ерекшелігін ұмытпау қажет. Айтылғандарға өз заңдылықтары бар тіл жүйесінің әркелкілігін қоссақ, аударма түпнұсқаға сәйкес болып шықпайды.

Аударма – басқа бір тілде жазылған шығарманың екінші тілге көшіріліп қайта жасалуы, яғни интерпретациясы. Аударма мәні сәйкестікті іздестіруден, бейімдеуден тұратын шығармашылықтың ерекше бір формасы болып табылады. Бұл дегеніміз – аудармашының еншісінде шамалы қажетті еркіндіктің болуы. Еркіндік шамадан тыс болмай, түпнұсқа мазмұнын дәлме- дәл беру ұтымды болмаған жағдайда ғана қажет. Аудармашы мәтінді қабылдаушы және талдаушы бастапқы коммуникант ретінде интерпретатор рөлін атқарады. Аудармашының біржақтылығы мен «ауа сілтеушілігі, өзінен 8 сөз қосушылығы» «аударма емес» – «желісі бойынша» еліктеуге әкеп соқтырады. Ұлттық бейімдеушілік – бір ұлт әдебиетінің екінші ұлт әдебиетіне ену формаларының бірі. Жеке бір тілде жазылған шығарманың мазмұны мен желісін өзге тілде жаңғырту ұлттық бейімдеушілікке жатады. Аудармашының басты мақсаты – оқырманға түпнұсқаның мазмұнын жай әрі түсінікті тілмен жеткізіп, жұмысын жеңілдету.

Ұлттық бейімдеушілік аудармаға жатпағанымен, онымен тығыз байланысты. Халықтар арасындағы әдеби байланыстардың ерте кезеңінде рухани құндылықтармен алмасу аударманың өзі емес, оның жанрлық түрлерімен жүзеге асты. Аударма әдебиеттің сөзбе-сөздік, еркіндік дәрежесіне, оның аударылу тәсіліне және қабылдануына қарай аударманың жанрлық түрлері жайлы түсінік қалыптасады. Алғашқы аудармалар түпнұсқаның көркемдік ерекшеліктерін, автор стилін толық көрсете алмады. Осындай көптеген кемшіліктеріне қарамастан, бұл аудармалардың өз заманына сай, оқырмандарының мұқтажына лайықты көркемдік маңызын жоққа шығаруға болмайды. Түпнұсқа аудармаға негіз болатыны белгілі. Ал осы аударма шығарманың өзі де келесі аудармаға негізгі қайнар көз бола алады. Бұл жағдайда дәнекер болушы тіл арқылы екі мәдениет арасында байланыс орнап, әдеби құндылықтармен өзара алмасу жүреді. Аударманың осы көпсатылығында түпнұсқа өзінің бастапқы бейнесін жоғалтады, өзгертеді немесе жаңа реңкке ие болады.

Осы құбылыстар да әдеби шығармаларды түрлі ұлт арасында кеңінен тарату күрделі кезеңнен өтетінін айғақтайды. Аударма көркем шығарманың өзге мәдениетке кірігуінің маңызды тәсілдерінің бірі болып табылады. Бұл үдеріс аудармашылық интерпретацияның қатысуынсыз жүзеге асуы мүмкін емес. Осы тәрізді тұжырымдардың болуы қалыптан тыс жайт емес. Оларды жоққа шығаруға болмайды десек, аударманы шығарма ретінде уақытта, кеңістікте және адамдардың санасында өмір сүру формасы ретінде бағалап, талқылаудың, термин тілінде айтқанда, интерпретацияның себептерін зерделеуге тырысу қажет. Қазіргі таңда аударманы зерттеуде аударма туындының әлемдік әдебиетте түпнұсқаның тең дәрежелі орынға ие бір нұсқасы болып табылатындығын ұғыну маңызды.

Сондықтан да, «аударма туынды оқырманға қалай әсер етеді?», «оның түсініктемесі түпнұсқа мәдениетіндегі қалыптасқан түсініктемелерден айырмашылығы неде және ондағы өзгертулердің себептері қандай?» деген сауалдардың туындауы заңды құбылыс. Аударманы әдеби тұрғыдан бағалау барысында оның түпнұсқаға эстетикалық сәйкестігі бағамдалады, аударманың рухани мәдениетті дамытудағы рөлі айқындалады, сондай-ақ аудармашының суреткерлік жеке тұлғасына, оның суреткерлік дара қасиеттеріне назар аудара отырып, оның таңдауын түсінуге талпыныс жасалады. Лингвистермен салыстырғанда, әдебиеттанушылар аударманы шынайы болмысты қайта жаңғыртудың, яғни шығармадағы образдарды игерудің бір тәсілі ретінде қарастырады. 9 Текст (мәтін) – латын сөзінен аударғанда «түзілім, өрілім, қосылым, тілдік бірліктердің мағыналық байланысы арқылы біріккен жүйесі» дегенді білдіреді. Ғалымдар мәтіннің басты қасиеті – орамдылық, тұтастық деп түсіндіреді.

Көркем мәтін – мәтін теориясы, мәтін лингвистикасы, герменевтика, поэтика мен стилистика тұрығысынан зерттеуді қажет ететін күрделі де көп қырлы түзіліс. Тілдік материал ретінде көркем мәтін ұлттық менталитетке сәйкес келетін, сондықтан да ұлттық әлем бейнесіне сәйкестендіріле алатын, тілдік таңбалар мен мәтіндік құрылымдарда көрініс тапқан ұлттық құндылықтар жүйесін құрайды. Көркем мәтін белгілі бір мазмұнды жеткізу үшін тілдік құралдарды мақсатты түрде іріктеу мен айрықша ұйымдастырудың нәтижесі болып табылады. Көркем мәтінді интерпретациялау оны түсіну мен түсіндіруге апаратын үдеріс ретінде мәтіннің мазмұнын ашуды көздейді. Соңғы жылдары көркем мәтінді аудару мен интерпретациялау мәселесі түрлі аспектіде аударматану ғылымының басты назарында тұр. Осы мәселеге арналған еңбектер саны да күн сайын артуда. Бүгінгі таңда ғалымдар әрбір қос тіл мен әрбір мәтін түрі үшін аудармашылық нормаларды анықтауда.

Соңғы уақытқа дейін аударматануда тілдің басымдығын білдіретін лингвистикалық теория жетекші рөл атқарып келеді. Осы ретте аудармашы түпнұсқа тілін аударма тілде толық көлемде, барынша дәл жеткізуді басты міндеті санайды. Аудармада түпнұсқаның мазмұны толықтай сақталуы тиіс деген тұжырымға келе отырып, аударманың кейбір анықтамалары эквиваленттілікті парапарлыққа ауыстырады. Аудармашы мағынаның жартысын ғана беретін семантикалық бірліктің бірін таңдауы тиіс, ал бұл үшін мәтінге телінген ақиқатты білу керек. «Интерпретация» сөзінің мағынасы сөздікте «түсіндіру», «түсінік беру», «мағынасын ашу» дегенді білдіреді.

Ағылшын және француз тілдерінде «interpret» бір мезгілде «аудару» және өзінше «түсіндіру, талқылау» дегенді білдіреді. Мәтінді интерпретациялау – сол мәтіннің ішіндегі мазмұнды ашу деген сөз. Нәтижесінде, кез келген мәтінді оқу, жалпы кез келген сөзді 11 қабылдау акті (адам оқығанын немесе естігенін түсінген жағдайда ғана) интерпретациялау болып табылады. Мәтінді интерпретациялау қандай да бір дәрежеде терең, қандай да бір дәрежеде толық болуы мүмкін. Зерттеу қызметі немесе оқу практикасы ретіндегі мәтінді интерпретациялаудың негізгі міндеті мәтіннен барынша мол ақпарат алып, автордың мәтінге жүктеген мазмұнын, сонымен қатар, автордың еркінен тыс жүктелген мазмұнның мағынасын өзі үшін ғана емес, өзгелерге де барынша ұғындыруды көздейді. Көркем мәтін шектеулі кеңістікте тілдің мүмкіндіктерінен едәуір асып түсетін ақпарат көлемін шоғырландырады. Сондықтан да көркем шығарманы интерпретациялаудың мәні көркем мәтінді тұтас бірлік ретінде, сондай-ақ оның әрбір деталі бүкіл шығарманы көрсететін немесе бүкіл шығарма кішкене бір детальда көрініс табатын қандай да бір жүйе ретінде түсіну мен түсіндіруден тұрады.

Интерпретация шығарманың тілдік бірліктері семантикасында көрініс тапқан концептуалдық мазмұнының мағынасына үңілуге жол ашады. Аударма теориясындағы түпнұсқаны түсіну мәселесіндегі мына бір қағидамен барлығы дерлік келіседі деуге болады: түпнұсқаны дұрыс түсіну үшін аудармашы әлемге автордың көзімен қарай білуі тиіс. Әрине, егер де аудармашы өзінің дүниетанымына ұқсас авторды таңдаса, онда оның атқаратын міндеті жеңілдейтіні рас. Кері жағдайда, аудармашы авторды өз ыңғайына қарай қайта бейімдейді. Түпнұсқаны дұрыс ұғыну үшін аудармашы ерекше сезімталдық (аңғарымпаздық) пен интуицияға ие болуы шарт. Осыған қоса аудармашының түпнұсқаға адалдығы мен талғамы маңызды рөл атқарады. Жеке даралық қасиеттерден тыс аудармашы терең білім мен эрудицияға ие болуы тиіс. Аудармашы ең алдымен түпнұсқа мәдениетін зерттеп, автордың өмірбаянымен және шығармашылығымен, сондай-ақ автордың әдеби бағытымен жете таныс болғаны абзал.

Профессор Т.О. Есембеков «Мәтінді аудару және интерпретация» курсы туралы» атты мақаласында түпнұсқаны интерпретациялаудың мәні мен маңызына, сондай-ақ интерпретациялау үдерісіне қатысты былай деп тұжырымдаған: «Аударматануда түпнұсқаны интерпретациялау туралы пікірлер бір ізге түспеген. Аударылатын мәтінді тәржімалауға дайындық көп сөз болғанымен, ол мәтінді қабылдау, түсіну, талдауға ғана негізделген, ал оны бағалау мен теңестіру (идентификация) сияқты әрекеттер сөз бола бермейді. Осы кезеңде қоғамдық, әлеуметтік, тарихи, адами факторлар мен ақпараттарды жинау, жүйелеу, талдау, қорыту сияқты аудармашы үшін өте бағалы әрекеттер жүзеге асырылуы тиіс. Түпнұсқада оқырманы мен аударманың оқырманының арасындағы білім мен біліктілік айырмашылығы өз алдына, олардың қабылдау жүйесінің ерекшеліктері де бар ғой. Түпнұсқаға интерпретация жасау барысында бұларды ескеру міндетті болғаны жөн»

Аударма кезінде интерпретацияның рөлі әрқалай бағаланады. Көркем мәтінді аударудағы ең басты мақсат – өзге тілде көркем шығарма жасау. Кей жағдайда түпнұсқа мен аударма мәтіннің сәйкестігі тікелей аудармашының алдына қойған мақсатына да тәуелді. Интерпретацияның қаншалықты дұрыс шығуы немесе дұрыс шықпауы аударылатын мәтіннің түріне де байланысты. Көркем мәтінмен жұмыс істеуде түпнұсқа мазмұнын өзге тілдің құралдары арқылы жеткізіп қана қоймай, өзге тілде көркем шығарма жасау көзделуі тиіс. Аударматану ғылымында аудармашының мұқият зерттеуші болуын талап етеді. Аудармашы рөлін көбінесе кәсіби әдебиеттанушылардың атқаруы да кездейсоқтық емес. Рецепция, яғни қабылдау – компаративистиканың негізгі категориясының бірі. Жалпы аударманың өзі рецепцияның бір формасы ретінде қарастырылады.

Түпнұсқа тілі мен мәдениетін жақсы білу негізінде түпнұсқа мәтінді интерпретациялау аудармашының түпнұсқа тілінде мәтінді өзінше түсінуін білдіреді. Осы ретте аудармашылық түсіру, қосу, сондай-ақ синононим құралдары мен басқа да тілдік құралдар арқылы жекелеген сөздердің, кейде мәтіннің үзінділерін интерпретациялау ауқымын тарылту немесе кеңейту сияқты үдеріс көрініс табады.

 

Дәрісті қорытындылау:

Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, аудармашылық интерпретацияның анықтамасы жайлы былайша саралауға болады:

– интерпретация – түсінудің алғышарты, яғни мәтін мен аудармашы арасында диалог орнатудың алғышарты;

– интерпретация – аудармашылық сананың елегінен өтіп, байытылған жасырын мағынаны айқындау; – интерпретация

– шығарманы диалогқа жетелеп, осы диалогты жүзеге асыруға бағытталған түсіну жолындағы қабылдау, түсіну, талдау, жетілдіру, бағалай сияқты бірқатар әрекеттер жиынтығы.

Сонымен, көркем мәтінді интерпретациялау дегеніміз – көркем шығарманың идеялық-эстетикалық, мағыналық және эмоционалдық ақпаратын авторлық таным мен көзқарасты қайта жасау арқылы меңгеру деп түйіндейміз

Бақылау сұрақтары:

1. Интерпретация ұғымы.

2. Аудармашылық әдіс-тәсілдер мен ұстанымдар.

3. Аударматанудағы интерпретация ұғымы және оның маңызы.

4. Аудармашылық интерпретациялау әрекеттері.

5. Аудармадағы интерпретация мен рецепцияның арақатынасы.

6. Интерпретациялау ауқымын тарылту мен кеңейтудің жолдары.

 

Ұсынылатын әдебиеттер:

1 Виноградов В.В. О теории художественной речи. – М.: 1971. - 231 с.

2 Комиссаров В. Теория перевода. – Москва: Высшая школа, 1990. -250 с.

3 Швейцер А.Д. Теория перевода. Статус проблемы, аспекты. –Москва, 1998. – 118 с.

4 Гарбовский Н.К. Теория перевода. – Москва: МГУ, 2004. – 543 с. 17

5 Есембеков Т. «Мәтінді аудару және интерпретация курсы» // Аударматану мен әдеби компаративистиканың өзекті мәселелері: республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы, 2007. – Б. 5 - 7.

6 Левый И. Искусство перевода / перевод с чешского и предисловие Вл. Россельса. – М.: Прогресс, 1974. – 396 с.

7 Сатыбалдиев Ә. Рухани қазына. – Алматы: Жазушы, 1987. – 229 б.

8 Алпысбаев Қ.Қ. Көркем мәтінді талдау әдістері: Оқу құралы / ҚазҰУ– Алматы: Қазақ университеті. – 2004. – 149 б.

9 Есембеков Т.У. Көркем мәтінді талдау негіздері. – Алматы: Қазақ университеті. 2009. – 132 б. 10 Гальперин И.Р. Текст как обьект лингвистического исследования. – Москва: Наука, 1981. – 285 с.