Аударма үдерісінің психологиясы және аудармадағы психологиялық ерекшеліктер

 

Мақсаты:Көркем аудармадағы психологиялық үдерісті қарастыру.

Жоспары:

- Елестету қабылдау, түйсік, зерде, сезімталдық т.б. қасиеттердің көркем аудармадағы ерекшелігі.

- Аудармашылықтың – аса ауыр психологиялық үдеріс екенін сипаттау.

- Аударманың басқа да ғылымдармен байланысы.

- Аударма психологиясының тілдің ойлау жүйесімен, тілдік образдармен байланыстылығы.

- А.В.Федоров, Б.В.Беляевтің аударма психологиясының ерекшеліктеріне қатысты ой-тұжырымдары.

Кілт сөздер: поэтика, пейзаж, портрет, полифониялық роман, көпдауыстылық, сюжет, бейнелеу-баяндау құралдары, монолог, диалог, көркемдік қызмет, көркемдік идея.

 

Әдеби шығарманың мазмұны, стилі, образдылығы, тілі секілді поэтикалық құбылыстар арқылы оның эстетикалық табиғатын құрайтын көркемдік құбылыстарды пайымдау, әдеби аударманың табиғатын таразылау басты міндеттер қатарына жатады. Аударма шығармада оның авторы мен аудармашының шығармашылық шеберлігі мен даралығы қатар көрініс табатындықтан, осының бәрі аударма мәселелерін зерттеудің саласы да, арнасы да өте көп, алуан түрлі екендігін көрсетеді.

Әрбір аударма мәтінді талдамас бұрын, оны бағалау межесін белгілеу міндеті тұрады. Кез келген басқа өнердегі секілді аударма эстетикасы мен сынының негізін құндылық категориясы құрайды. Құндылық шығарманың аталмыш өнер нормасына қатыстылығымен анықталады. Аударма түпнұсқаның екінші тілдегі телтумасы болуы тиіс, алайда, ең алдымен, ол толыққанды әдеби шығарма болуы шарт.

Түпнұсқаға адалдық нормасы, ең алдымен, түпнұсқа мәтін мен аударма мәтін арасындағы сәйкестік деңгейін белгілейді. Әдеби шығарманың мазмұны, стилі, образдылығы, тілі секілді поэтикалық құбылыстар арқылы оның эстетикалық табиғатын құрайтын көркемдік құбылыстарды пайымдау, әдеби аударманың табиғатын таразылау басты міндеттер қатарына жатады.

Аударма шығармада оның авторы мен аудармашының шығармашылық шеберлігі мен даралығы қатар көрініс табатындықтан, осының бәрі аударма мәселелерін зерттеудің саласы да, арнасы да өте көп, алуан түрлі екендігін көрсетеді. Әдеби шығарманың поэтикасы 85 жайында профессор Т.О. Есембеков: «Поэтиканың мақсаты сан алуан. Оның бірі – мәтіннің эстетикалық әсерін қалыптастыратын элементтерін табу және оларды жүйелеу. Ырғақ, лексика, синтаксис, тематика сияқты әдеби шығарманың белгілерінің көркемдік қызметін қарастыру поэтиканың еншісінде» (6, 35), – дей келе, әдеби шығарманың осы элементтерінің аударма мәтінде сақталуын қамтиды.

Олай болса, салыстырмалы талдауымызда «Ағайынды Карамазовтар» романының түпнұсқасы мен аударма мәтіні поэтикасының сәйкестігін, ең алдымен, портрет пен пейзаж бейнелеу құралдарының романдағы эстетикалық әсерін, көркемдік қызметі мен ерекшелігін сараптай отырып, олардың сәйкес аударылуын қарастырудан бастаймыз. Салыстырмалы мәтіндік талдауымызда «Ағайынды Карамазовтар» романының түпнұсқасындағы бейнелеу-баяндау құралдарының аударма мәтінде сәйкес бірліктермен берілуіне, аударманың көркемдік құндылығының сақталуына басты назар аударамыз. Романдағы кейіпкерлер портреттерінің символикалық маңызы зор. Жазушы романдағы кейіпкерлердің бейнесін христиандық діни образ- символдарды қолдану арқылы аша түседі. «Символ – әдебиетте ойды астарлап, басқа нәрсені суреттеу арқылы жасалатын нақтылы сипаты бар балама бейне» (52, 299). Мұның өзі ой мен образға әрқашан астыртын, бұлдыр мағына береді деу қате, ең бастысы – символ сөз өнерінде көркем кестеленіп отырған шындыққа әсем ажар, байсалды философиялық астар береді. Шығармаға сыршыл сипат береді. Түпнұсқада автордың Алешаға берген сипаттамасы оның шынайы бейнесімен керемет үйлесім тауып, біртұтас, айқын әсер тудыратындығын айтсақ, аудармашы да осы әсерді қазақ оқырманына дәлме-дәл жеткізе білген. Аудармашы Алешаны суреттеудегі әрбір сөзге мән беріп, олардың баламасын беруге тырысады. Осы орайда түпнұсқадағы бейнелі сипаттау сөздер қазақ тілінде де мағынасы бұзылмай әдемі балама сөздермен және тіркестермен беріледі.

Мәселен: «экстазный» – «тым еліккіш», «бледно развитая натура» – «оған қоса жетесіз», «бледный мечтатель» – «құрғақ қиялшыл», «чахлый и испитой человечек» – «жүдеубас, шілбиген біреу», «статный» – «сымбатты», «краснощекий» – «беті нарттай», «со светлым взором» – «жанары жайдары», «несколько удлиненным овалом лица» – «бет-жүзі қияпатты», «с блестящими темно-серыми широко расставленными глазами» – «ашық қоңырсұр көздері алшақ». Романдағы Зосим пірәдардың портреті ішкі және сыртқы біртұтастықта суреттеледі. Зосим пірәдар – романдағы негізгі орталық кейіпкер. Достоевский Зосим пірәдардың образында өзіне таныс болған Амворсий пірәдардың бейнесін сомдайды. Романда дінге сенушілер мен қатар атеистер де Зосим пірәдармен әңгімелесуге құштар. Зосим пірәдардың образында Құдайға деген сүйіспеншілігі адамға деген жанашырлығымен ұштасқан.

Романда Зосим пірәдардың портреті бір рет қана және Миусовтың қабылдауында берілген. Ф.М. Достоевский адамның сыртқы келбеті мен қатар ішкі жан дүниесін суреттеуде біртұтастықты көрсетуді ғана қанағат тұтпайды. Жазушының 86 ойынша, ол адам туралы толық шындық емес. Жазушы романының күрделі фабуласы адамды түрлі қырынан, түрлі аспектіде ашу болып табылады. Ол адам табиғатының тұңғиығында Құдай мен әзәзілді, шексіз әлемді аша біледі, өйткені әрдайым адам мен адамға деген қызығушылығы арқылы ашуға ұмтылады. Ф.М. Достоевскийдің шығармаларында табиғатты, ғарыштағы өмірді, заттарды жиі кездестірмейсің, онда барлығы да адам мен адамның шексіз әлеміне тіреледі. Оның көркемдігі ерекше болып танылады. Ол өзінің антропологиялық зерттеулерін адам табиғатының ең құпия тереңіне апаратын көркемдік арқылы жүзеге асырады.

Ф.М. Достоевский адам бейнесінің әралуан көптігін, болмыстың күрделілігі мен әркелкілігін мойындайды. Мәселен, жазушы 1876 жылы Екатерина Федоровна Юнгаға жазған хатында былай деген: «Сіз өзіңіздің екіұдайылығыңыз туралы жазасыз. Бұл адамдардың ең кәдімгі белгісі... алайда, кәдімгі емес адамдардың десе де болады. Жалпы адам табиғатына тән, бірақ та азамзаттың бүкіл табиғатына тән емес белгі» (65, 536). Жазушы орыс адамының образындағы шексіздікті көрсеткен. Орыс адамы Батыс адамына қарағанда қарама-қайшылыққа толы, оның жанында Азия рухы мен Еуропа рухы, Шығыс пен Батыс қосылған.

Мәселен, романдағы портреттер галереясында Дмитрий Карамазовтың портреті әлдеқандай белгісіз екіұдайылығымен ерекшеленеді. Дмитрий Карамазовтың портрет сипаттамасын оқи отырып, оның бойындағы күш-жігер мен қатар бет-әлпетінен ішкі бір сырқат табын байқауға болады. Дмитрий Карамазов – Федор Карамазовтың тұңғыш ұлы. Дмитрийдің образы өз әкесін өлтірген деген айып тағылған Дмитрий Ильинскийдің прототипі болып табылады. Достоевский бұл адамның өмірбаянымен каторгада танысып, осы оқиғаны өз шығармасының желісіне арқау еткен. Зерттеушілердің басым бөлігі романда Дмитрий өз әкесінің екінші сыңары, яғни оның мінез-құлқындағы нәсіпқұмарлық қасиетінің басымдығы бойынша әкесін көбірек қайталайтындығын жазады. ...

Романда жазушы Дмитрийдің трагедиясын әкесіне деген өшпенділігі арқылы көрсетеді. Оның бейнесі романдағы эмоционалдық шиеленісті арттыратын құпиялылыққа толы және оның келбеті де ішкі жан дүниесіндегі күйзеліс күйден хабар береді. Түр-түс пен оның контекстегі атқаратын рөлі Ф.М. Достоевский романындағы кейіпкерлерді бейнелеудегі ең басты көркемдік детальді құрайды. ХVІІІ ғасырдың аяғында орыс әдебиетінде түр-түстің атқаратын рөлі мен маңызы арта бастады, әсіресе, ол ХІХ ғасырдың 20-жылдары қарқын алды. Шығармалардағы түстің қолданыс аясының кеңеюімен қатар әдебиетте жаңа үдеріс басталды: түр-түс анықтамасы басқа да көркемдік құралдар іспетті адамдардың, құбылыстардың жан-жақты белгілерін білдіріп қана қоймай, шығармадағы автордың ойын, суреткердің идеялық-эстетикалық тұжырымдамасын жүзеге асыруға, сонымен қатар адам психологиясын ашуға қатысады. Осылайша көркем шығармада түр-түс көркемдік деталь ретінде қолданылып, суреткердің баяндау ерекшелігін айқындай түседі. Ф.М. Достоевскийдің шығармашылығын зерттеуші ғалымдардың бірқатары – В.Ф. Переверзев, В. Боцяновский, Л.П. Погожева, Ф.И. Евнина, Л. Гроссман 87 жазушының шығармалары түр-түс жұтаңдығымен ерекшеленетінін жазады. Мәселен, В. Боцяновский былай деп тұжырымдады: «Түр-түс пен бояуды сүймеу, көркемдікке деген селқос қарау Достоевскийге тән ерекшеліктердің бірі болып саналады…

Мұны портреттерінен де байқауға болады. Олардың сыры көп, бірақ та көркем емес… Адамның сыртқы келбеті пейзаж сияқты үнемді түрде суреттеледі, осы портреттерде түр-түстер тым біркелкі, қара және ақ түстер басым келеді... Достоевскийдің бояу реңкіне тоқталуға уақыты жетпейтін секілді... Рух, ішкі өмір және оның көрінісі – кейіпкердің көзі бірінші кезекте... Суреткер әсерді бөліп жіберетін детальдардан қорыққан сияқты әрдайым кейіпкердің ең басты белгісін суреттеп беруге асығады» (73, 2). Сонымен, Достоевский шығармаларындағы түске қатысты статистикалық мәліметке сүйенсек, жазушының романдары түр-түске бай емес: ақ, қара немесе қоңыр, сұрғылт түстер басым, алайда түстің маңызы мен деталь ретіндегі рөлі ауқымды. Достоевскийдің романдарында түр-түс жеке кейіпкерлердің психологиясы мен ішкі жан дүниесін дұрыс түсінуге көмектеседі. Зерттеушілердің басым бөлігі жазушының шығармаларында ашық, жарық түстер жоқ болғандықтан, олардың реңкі көмескі тартып, суреткердің пессимистік көзқарасын аңғартатынын жазса, Н.В. Чирков Ф.М. Достоевский шығармаларының стилін зерттеп, алғашқы болып оның түр-түске аса тапшы емес екендігін жазады: «… жазушының «Бишаралардан» бастап «Ағайынды Карамазовтарға» дейінгі шығармашылық жолында сұр, қара-сұр, қара-қоңыр және қара түстерге деген құштарлығын байқамауға болмайды»» (69, 108).

Романдағы «старец» деген орыс сөзінің бастапқы лексикалық рөлі аудармада да дұрыс анықталған, «… біздің орыс монастырьларында пірәдарлар мен пірәдарлық рәсім жуырда ғана тараған, оған тіпті жүз жыл да толған жоқ, ал бүкіл православиелік Шығыста, әсіресе Синай мен Афонда оған мың жылдан асып кеткен» (31, 53). Н. Сыздықов осы сөзге балама ретінде діни білімі бар адамды білдіретін қазақтың мағынасы көмескіленген «пірәдар» сөзін орынды қолданған. Жазушының романда діни адамдарды суреттеген христиандық діни лексикасын аудармашы қазақ тіліндегі сәйкес діни лексикамен аударған. Мәселен, романдағы діни білімі бар адамдарды атайтын «старец», «отец» деген сөздердің аудармасы ретінде қазақ тіліндегі «пірәдар» деген сәйкес діни лексикалық бірлікті қолданған. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Пірәдар (діни) Пірге барып қол беріп келген, діндар, сопы», деп түсіндірілген. Ферапонт пірәдардың портретін оқырманға бейтарап қабылдайтындай етіп суреттеген. Түпнұсқа мен қазақша нұсқасын салыстыра оқитын болсақ, аудармадағы әрбір сөз бен сөз тіркестерінің түпнұсқаға сәйкес, үйлесімді аударылғандығына көз жеткізуге болады. Аудармашы «при несомненном великом постничестве» дегенді қазақшалауда аударманың тігісін жатқызу үшін еркін аударма тәсіліне жүгінеді. Түпнұсқада жоқ «Бір түйір қара нан мен қара судан өзге нәр татпай өзін-өзі қинағанына» деген сөздер арқылы контекстегі жалпы ойды берген. Ал «сильный» деген сөзді «қуаты қайтпаған әлуетті» деп бейнелі-образды тіркеспен береді. Түпнұсқадағы «Что всего более поразило бедного монашка» деген сөйлемнің басындағы тіркесті аудармашы қазақ тілінің 88 интонациялық заңдылығына сәйкес сөйлемнің соңында «тақуасымақ байғұсты бәрінен де көбірек таңдандырған осы болды» деп аударған. Бұл жерде аудармашы «бедного монашка» деген реалии сөзді түпнұсқаның эмоционалдық реңкін беру үшін «тақуасымақ байғұсты» деп аударады. «Сложения же был атлетического» деген сөйлемді қазақ оқырманының қабылдауына жақын шығуы үшін «Дене бітімі алабөтен ірі» деп аударады. «Несмотря на столь великие лета его» дегенді аудармашы «Кәрілікке берілмегендігінің айғағындай» деп, интерпретациялау әдісімен берген. Бұл жерде түпнұсқа мәтіндегі негізгі ой аударма мәтінде де сақталған. Біз үшін эстетикалық маңызы бар дүниелерге әдебиетте талдау жасау көбінесе табиғат құбылысын суреттеуден басталады.

Достоевскийдің шығармаларында қайталанбас ғажайып сұлулығымен көз тартатын орыстың табиғатын суреттеу сирек кездеседі. Осы арада «пейзаж» ұғымының ауқымы да кең: ол тек табиғатты суреттеу ғана емес, Достоевский шығармаларында жиі кездесетін қаланы немесе бір үй-жайдың жабдығын, қоршаған зат әлемін суреттеу. Бұл жайында Достоевский шығармашылығын зерттеуші ғалым Н.М. Чирков былай дейді: «… пейзаж ұғымын кеңейту Достоевский шығармашылығының идеялық-тақырыптық магистральдарынан, жазушының әлемді біртұтас көруіне ие стилінің қандай да бір элементтерінің көптеген мағыналық байланыстарын ашу қажеттілігінен туындайды... Ең алдымен, Достоевскийге пейзаж үшін бөлінген және оны кейіпкердің портретін, оның мінез-құлқы мен іс-әрекетін бейнелеуден бөлетін қатаң белгілі бір шекараның жоқтығы тән. Пейзаж, интерьер, жалпы сыртқы әлемнің суреттеулері романның басынан аяғына дейінгі іс-әрекет алаңында шашыраңқы жайғастырылған. Осы жағдайдың өзі қалыптасқан пікірге елеулі түзету енгізуі тиіс» (69, 81).

Шын мәнінде жазушының шығармаларындағы пейзаж қысқалығымен ерекшеленеді, сондай-ақ жеке бір кейіпкердің іс-қимыл немесе көңіл-күй сәттерінің арасында беріліп, олармен бірге астарласып жатады. Мұндай қысқа пейзаждық көріністерде ең бастысы – ой-әсер қалдыру. Достоевскийді «ойшыл суреткер» деп жиі атайды және оның философиялық ой-тұжырымы суреткерлік шеберлігімен сәйкес келеді. Ол өзінің ішкі жан айқайын түрлі әдістермен: публицистика, уағыз түрінде де береді. «Достоевский шығармаларында сіз әдемі суреттеулерді таппайсыз. Ол табиғаттың жанынан немқұрайды өтеді. Оның шығармаларында сыртқы сұлулық жоқ секілді. Бірақ та Достоевскийде сіз мазмұнның данышпандығы алдында кідіресіз. Ол сізді тезірек таң қалдыруға, сізге мінәжат етуге ұмтылады. Бұл – Достоевский шығармашылығында ең негізгісін білгілейтін екі бірінші қозғаушы күш» (74, 448). Достоевский өз кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін, оның ой-сезімін, күйзелісін оқырманға жақын таныстыруға тырысады. Осы арада пейзаждың рөлі мен маңызы айқын білінеді. Пейзажды қысқа әрі анық суреттеу және сол арқылы шығармада кейіпкерлердің көңіл-күйін білдіріп, оқиғаның желісіне қосымша әсер ету Достоевскийдің қаламына тән ерекшелік, оның жазушылық шеберлігінің бір қыры. Достоевскийдің пейзажы туралы А.П. Белик былай деп жазды: «Орыс табиғатының эстетикалық беделін ашу Достоевскийдің көркемдік әдісінің 89 негізгі талаптарынан туындаған жоқ, оның шығармашылығында біз кейіпкердің көркемдік әлемін, оның көңіл-күйін, сенімін, әлемге және өзіне деген қатынасын образды түрде түсіндіруді көздейтін табиғат құбылысының, қандай да бір заттың, жай-күйдің сұлулығы туралы тұспалдау, еске алу, әңгіме немесе айтысты жиі кездестіреміз» (75, 27). Жазушы шығармаларында даланың табиғат сұлулығынан гөрі қаланың қатаң өмір құрылымы жиі көрініс тапқан. Жазушы шығармаларының қатал да өткір тілі Петербург қаласының пейзажымен сәйкес келді, өйткені ол қала үйлері қабырғаларының адам жанын қаншалықты улайтынын өз басынан кешірген. Мәселен, «Ағайынды Карамазовтар» романындағы оқиға желісі Петербург қаласынан қашық Скотопригоньевск қаласында болса да, романда Петербург қаласы жайлы көңілсіз жайттар айтылады: «Міне дәл осы кезде жұбайының үй іші Аделаида Ивановнаның қайтыс болғаны туралы Петербордан хабар алады. Бейшара бір үйдің шатыры астында жан тапсырыпты, біреулер – сүзектен, екіншілері – аштан өліпті-міс дейді» (31, 32). Ф.М. Достоевский пейзажы сөзге сараңдығымен және қысқалығымен, сондай- ақ, ең бастысы, адам ішкі жан дүниесімен тығыз байланысымен айрықшаланады. Мұндай пейзаждық көріністе барлық көркемдік детальдар: теңеулер, бояулар, суреттеулер адамның ішкі жан дүниесінің күйі арқылы беріледі. Біз романдағы көріністерді кейіпкердің көзімен көреміз. Достоевский шығармашылығын зерттеуші ғалым Г. Чулков былай деп жазды: «Оның романдарының үрдісінен тыс, оның баяндау мәнері және оның композициядан бастап, семантикаға дейінгі оның көркемдік прозасының бүкіл құрылымына тікелей әсер еткен адамға және болмысқа оқыс көзқарасы поэтикалық мәселелерді түсінуде орасан зор бетбұрыс жасады» (75, 335). Жазушының «Ағайынды Карамазовтар» романы да пейзаждық көріністерге бай емес. Романда жыл мезгілінің белгілерін, сол күннің ауа-райын көрсететін пейзаждық белгілер шашыраңқы және табиғаттан немесе қоршаған кеңістіктен ортақ әсер қалдыруға тырысады. Ф.М. Достоевскийдің романындағы қысқа суреттелген пейзаж көріністері кейіпкердің көңіл-күйімен, мінез-құлқымен астарласа отырып, шығарманың стиліне ерекшелік берсе, аудармашы осы стильдік ерекшелікті аударма мәтінде биязы, жатық тілмен жеткізе білген. Ф.М. Достоевскийдің романдарындағы кейіпкерлердің әрбір жеке ішкі монологы екі түрлі дауыстан тұратындықтан, оның романдарында диалогтық қарым-қатынастың рөлі басым. М.М. Бахтин романдағы бір ойдың төңірегінен екінші бір ойды, яғни ойдың екіге бөлінуін атап көрсетеді: «Бір ой көрген жерден ол екі ой, екіге бөліну таба білді; бір қасиет көрген жерден ол басқа, қарама-қарсы қасиеттің болуын ашты. Қарапайым көрінгеннің бәрі де оның әлемінде күрделеніп, көп құрамдыға айналды. Бір дауыста ол екі айтысқан дауысты, әрбір сөзде торығу мен басқа, қарама-қарсы сөзге ауысуға дайындықты ести білді; әрбір ишарада ол бірмезгілде сенімділік пен сенімсіздікті байқай алды; ол әрбір құбылыстың терең екі мағыналығын және көп мағыналығын қабылдай білді» (76, 41). М. Бахтин жазушы кейіпкерлерін тәуелсіз қаһармандар (авторға) деп атайды, себебі олардың бір-бірімен 90 пікірталасқа түсіп, айтысулары арқылы өмірге деген көзқарастары өзгеріске ұшырап отырады. Бұл жазушы шығармашылығының басқа романистерден айырмашылығын білдіреді. Сонымен қатар, бірқатар зерттеуші-ғалымдардың еңбектерінде жазушының романдарындағы монологтар мен диалогтардың орны мен маңызды рөлі туралы пікірлер айтылған. Ф.М. Достоевскийдің шығармашылығын зерттеуші А. Луначарский жазушы өз кейіпкерлерімен тығыз байланыста өмір сүретіндігін, олардың қуанышы мен қайғысын бірге бөлісуде монолог пен диалогқа жүгінетіндігін айтқан. Ф.М. Достоевский қысқа жазбайды, себебі ол өз кейіпкерлерін сомдай отырып, олармен бірге өмір сүреді. Осы ретте оған кейіпкерінің немен айналысатындығы емес, не ойлайтындығы, не айтатындығы маңызды. Жазушы ұзақ сөйлегенді жақсы көреді. Оның шығармасында монологтар мен диалогтар кеңінен орын алған. Осы монологтар мен диалогтар арқылы ол адамның ішкі жан әлемінің тереңдігіне үңіледі. Қаламгердің барлық шығармалары психологиялық-философиялық сипаттағы мазмұны мен пішіні тұрғысынан ерекшеленеді. Қаламгердің «Ағайынды Карамазовтар» романындағы кейіпкерлердің монологтары мен диалогтары арқылы адам баласының ойлау кеңістігі аңғарылады. «Монолог – драмалық шығармадағы, сондай-ақ басқа әдеби шығармадағы кейіпкердің ішкі көңіл-күйін білдіретін толғау сөзі: кейіпкерді сөйлету тәсілі» (52, 142). Б. Майтанов көркем шығармадағы монологтың қызметін былай түсіндіреді: «Монолог арқылы да мінездер ерекшелігі, ойлау сипаттары, образдың дүниетанымдық арналары өрнектеледі» (77, 291). Ф.М. Достоевский шығармаларындағы монологтар философиялық ой-толғаныстар ғана емес, сондай-ақ шығарманың өзегі болып табылады. Жазушы әрбір монологта ерекше жаңалық аша біледі, өйткені оған құпия мағына үстейді. Оның «Бишаралар» романынан бастап соңғы «Ағайынды Карамазовтар» романындағы еркін адамзат тұлғасының жүрек жарды сөзі оның монологының басты тақырыбын құрайды.

Дәрісті қорытындылау.

Ф.М. Достоевский өз ойын баяндауы үшін романдық кеңістік, шабыт пен ойдан шығарылған, сонымен бірге адами мінез- құлықтар мен образдарды қажет етті. Сонымен, жазушының шығармасындағы монологтар идеялар әлеміне жол ашады. Әдеби сын үшін Ф.М. Достоевскийдің творчествосы бірқатар дербес және біріне-бірі қарама-қарсы философиялық ой-түйіндерден тұрады. Бұл керағар ой-түйіндер романдағы кейіпкерлердің сан-алуан көзқарасын білдіреді. М.М. Бахтин осы ой-көзқарастың сан-алуандығын Ф.М. Достоевский шығармашылығына тән құбылыс – «көпдауыстылықпен» түсіндіріп берді. Зерттеуші жазушының шығармашылығына терең талдау жасап, оның романында басқалар көре білмеген жаңа қырды бірінші болып анықтап, оның романына «полифониялық роман» деген анықтама берді.

 

Бақылау сұрақтары:

1. Көркем шығарма поэтикасының аудармадағы көрінісі.

2. Ф.М. Достоевский романдарының поэтикасы туралы айтыңыз.

3. «Ағайынды Карамазовтар» романындағы пейзаждың көркемдік қызметі мен аудармадағы көрінісін анықтаңыз.

4.Романдағы көпдауыстылық мәселесінің аударылуын талдаңыз.

5. Н.Сыздықовтың аудармашылық әдіс-тәсілдері.

6. Монологиялық роман мен полифониялық романның айырмашылықтарын атаңыз.

 

Ұсынылатын әдебиеттер:

1 Б.Майтанов. Қазақ романы және психологиялық талдау. — Алматы: Санат, 1996. –336 б.

2 Пірәлиева Г.Ж. Ішкі монологтың кейіпкер психологиясын ашудағы көркемдік қызметі: филол. ғыл. канд. ... дис. – Алматы, 1994. – 138 б.

3 Соловьев С.М. Изобразительные средства в творчестве Достоевского. Очерки. – М.: Советский писатель, 1976. – 352 с.

4 Ф. М. Достоевский в русской критике // Сборник статей. – М.: Издательство художественной литературы, 1956. – 469 с.

5 Есембеков Т.О. Аударманың поэтикалық мәселелері // Аударматану мен әдеби компаративистиканың өзекті мәселелері: республикалық ғылыми- теориялық конференция материалдары. – Алматы, 2010. – Б. 31-35.