Жоспар

- Аудармашының дәстүрлер, ұстанымдар, ашылымдар, жетістіктер сабақтастығы.

- Аудармашы мәдениетінің ұлттық тілге, түпнұсқалық тіл мен мәдениетке қатынасы.

- Аудармашының түпнұсқаға адалдығы мен авторға деген құрмет сезімінің жеке тұлғалық сипаты.

- Аудармашы әдебі оның аударма түрлеріндегі қажеттілігі.

Кілт сөздер: поэтика, пейзаж, портрет, полифониялық роман, көпдауыстылық, сюжет, бейнелеу-баяндау құралдары, монолог, диалог, көркемдік қызмет, көркемдік идея.

Аударма ұғымы мен оның мәнін, әсіресе, мәдениеттанулық ғылым аясындағы мазмұнын ашып көрсету осы бөлімшенің алға қойып отырған міндеті. Соған қол жеткізу үшін аударма түсінігін талдаудан бастаған жөн. Айтылған сөзді ауызша қотару барысындағы тілмаштық болсын, хатқа түсірілген сөзді жазбаша тәржімалау болсын, жалпы, мән-мағынаны тасымалдау (хабарлау, баяндау, әңгімелеу) болсын – бәрі-бәріне қатысты, жалпылама алғанда, аударма деуге негіз бар. Макроконтексте аударма дегеніміз адами әлемнің заңды процесі әрі кез келген жанның табиғи қабілеті. Бір тілдің өз ішінде әлдебіреудің айтқанын, жазғанын одан басқа адам қабылдау, түсіну барысында өзінің “ішкі” тіліне аударады деуге болады. Өйткені әрбір адамның “өз тілі” бар, сондықтан басқа адамның айтқанын біз үнемі аударма заңдылығымен қабыл аламыз.

Кезінде Р. Якобсон “Аударма туралы” деген эссесінде аударманың үш түрін көрсеткен екен:

1) бір тілдің өзінің ішіндегі тілішілік аударма, яғни бір тілдің лингвистикалық белгілерін сол тілдің басқа белгілерімен сипаттау – түсініктеме, талдау, мазмұндау, бір тілдің ескі нұсқасында жазылған шығарманы жаңаша сөйлету (мысалы, көне түркі тіліндегі жәдігерлерді бүгінгі қазақ тілінде түсінікті етіп жеткізу) және т.б.;

2) сөздің төл мағынасындағы аударма, немесе, тіларалық аударма, яғни бір тілдің лингвистикалық белгілерін басқа тілде беру;

3) семиотикааралық аударма, немесе трансмутация, яғни тілдің лингвистикалық белгілерін бейлингвистикалық белгілер жүйесі арқылы қайталау. Мысалы: белгілі роман не повесть желісінде фильм түсіру немесе қойылымдар даярлау.

Осыдан, былайша айтқанда, аударма болып есептелмейтін “аударманың” екі формасы бар екені көрініп тұр. Біріншісін Якобсон аудармадан басқа сөзбен жеткізеді: тілішілік аударма немесе басқа атау беру, “rewordіng”. Сондай-ақ, үшіншісі де аударма болып есептелмейтін семиотикааралық аударма немесе трансмутация. Бұл екі жағдайда да сөз “аударманың” аудармасы, интерпретациясы туралы болып тұр. Осыдан тура өз мағынасындағы аударма бар және жанама мағынадағы аударма бар деп айтуға болатын секілді.

Аударма ұғымының тар және кең мағынасы бар. Тар мағынасында аударма деп бір тілдің ауызекі немесе жазулы ақпаратын (мәтінін) екінші бір тілде түсінікті етіп жеткізуді айтады. Тар мағынасындағы аударма жалпы аударма ұғымының көпке үйреншікті, дағдылы түсінігін білдіреді. Расында да, аударма дегенде ана тілімізден басқа тілде жазылған көркем-әдеби шығарма мәтіні немесе басқа да керегі болып тұрған ақпарат, хабарлама және т.б.-ны өзімізге түсінікті түрде өз тілімізде бізге жеткізуді көз алдымызға елестетеміз.

Кең мағынасында аударма деп қандай да болмасын мәдени ақпарат түрін, мәдени мәтінді өзінің үйреншікті арнасынан басқа түрге ауыстыру, оны сол мәтін жазылған, айтылған, жасалған “тілден” (бұл тұста тіл деген тар лингвистикалық мағынада қолданылып тұрған жоқ) басқа бір тілге мән-мағынасын бұзбай жеткізуді айтады. Мысалы, айтулы немесе жазулы тілге негізделмеген мәдени салалар: көркемсурет, музыка, би және т.с.с. өз алдында тілдік кейіпке келе алады. Өйткені біз көркемсурет идеясын, музыканың рухын, бидің қимыл-қозғалыстарының мәнін тілге сала аламыз, яғни тіл арқылы “сөйлете” аламыз. “Тілсіз тілдер” ұғымы осыдан барып шығады, “мәдениет – метатіл” деген түсінік туындайды.

Бәріміздің білетініміздей, адамзаттың бір тілде ғана емес, бірнеше мыңдаған тілдерде сөйлейтіндігінен барып аударма қажеттілігі туындайды. Тілдердің көп түрлі болуына биологиялық тұрғыдан алғанда еш негіз жоқ. Өйткені барлық адамзат балалары биологиялық бір түр өкілдеріне жатады. Шындығында, адам тек нәсілдік белгілері бойынша: терілерінің түсіне, бас сүйектерінің көлемі мен формасына, қан құрамына және т.б. белгілері бойынша ғана бірнеше топқа бөлінеді. Осыны негізге алсақ, онда әлемде бес-алты тіл ғана болуы тиіс еді. Қазіргі заманда, әртүрлі есептеулер бойынша әлемде төрт-бес мыңға жуық тілдер бар көрінеді. Жалпы бар тілдердің нақты санын беру өте қиын екендігін де айта кеткен жөн, өйткені көп жағдайда сөз қандай да бір дербес тіл туралы әлде сол тілдің диалекті туралы болып жатқандығын ажырату қиын. Сонымен, мұндағы мәселе биологиялық себептен мүлдем басқада жатыр деген сөз. Әрине, адамзат тек қана биологиялық-табиғи өмірлік бағдарлама шегінде қалып қоймай, өзінің жаратылыс табиғатынан тысқары жатқан, одан мүлдем бөлек заңдылықтарға, яғни шынайы адами-мәдени әлем заңдылықтарына да тәуелділік танытатыны бәрімізге аян.

Аударма дегеніміз не? Аударманың түп сырына, терең тұңғиығына (философиясына) “сүңгімес” бұрын ұғымның өзін анықтап алу керек. “Аударма” деген сөз күнделікті тұрмыстық деңгейде жалпыға мәлім және де түсінікті болып көрінгенімен де, көптеген басқа сөздер сияқты, ол да бірмағыналы жайдақ сөз емес. Сондықтан оны пайдалану барысында үнемі нақтылап отыру да керек. Сөзді қолдану жағдайы мен контекст аударма терминінің қай мағынада алынғандығын нақтылап береді. Аударманың ғылыми анықтамасын біз сол аударманы арнайы зерттейтін тілтанулық ғылым саласы – аударматанудан көптеп кездестіреміз. Сол анықтамаларды келтіру ретіне сай өзіміздің зерттеу жұмысымызда көрініс тапқан аударма мәселелерін нақтылаймыз. Сонымен, қазіргі таңда аударманың алуан түрлі анықтамалары бар. Аударманың өзіндік теориясын беруге ұмтылған әрбір зерттеуші, әдетте, зерттеу объектісіне өзіндік анықтама береді.

Француз аудармашысы және аударма теоретигі Э. Кари аудармаға берілген анықтамалардағы алуантүрлілікті келесідей түсіндіреді: “Аударма ұғымы, шындап келгенде, өте күрделі ұғым. Бұл аударманың біздің заманымызда кездесетін түрлерінің көптігінен ғана туындап отырған жоқ. Ол аударманың ғасырлар бойы әрдайым өзгеріп отыруына да байланысты құбылыс. Мүмкін, нақ осы жағдай өзінікінен бұрын берілген анықтамалармен не келісіп, не оны жоққа шығарып отырған ғалымдардың өз ойларын тұжырымдауын қиындататын да болар”

Ғылыми терминнің ұтымдылығы оның бірмағыналығы, бірізділігінде болса, онда, ең алдымен, аударма сөзінің ондай талапқа сай еместігін, яғни көпмағыналы екендігін айта кеткен жөн. Ол, ең аз дегенде, екі ұғымға қатысты: аударма – мәдени-интеллектуалды әрекет, яғни процес ретінде алынған аударма және аударма – сол әрекеттің, сол процестің нәтижесі, әрекет өнімі ретінде алынған аударма, басқаша айтқанда, аудармашы жасаған сөз туындысы ретінде алынған аударма. Аударма жасау нәтижесінде пайда болған жаңа туындыны ғалымдар өзара “транслат” деп те атайды.

Аударматану ғылымындағы беделді авторлардың анықтамаларын келтірейік. А.В. Федоров: “Аудару дегеніміз бір тілдің көмегімен осыдан бұрын басқа тіл арқылы көрсетілген шығарманы анық және толық жеткізу” деп анықтаса, Я.И. Рецкер: “Аудармашының мақсаты – түпнұсқаның стилистикалық және экспрессивті ерекшеліктерін сақтай отырып, басқа тілдің көмегімен оның мазмұнын біртұтас және нақты жеткізу” деп біледі; ал Ж. Мунэн: “Аударма – тілдер байланысы, билингвизм құбылысы. Бұл – билингвтің кез келген нормадан ауытқуға, интерференцияға саналы түрде қарсы күресетін жағдайы”деп анықтайды.

Басқаларды қоя тұрып, аударма теориясымен арнайы айналысып жүрген ғалым-зерттеушілердің анықтамаларын келтіргеннің өзінде сан саққа кеткен ойға куә болдық. Осынау келтірілген немесе одан да басқа көптеген аударма анықтамаларынан қорытындылай келе айтатынымыз: аударма – белгілі бір о бастағы мәтіннің (түпнұсқаның) барлығын басқа тілге түсінікті етіп жеткізу процесінің жүргізілуін алғышарт етіп қоятын әрекет түрі. Ендеше, аударма құбылысын қарастыру барысында түпнұсқа мен көшірме, бастапқы негіз бен кейінгі туынды арақатынасы, олардың эквиваленттілігі туралы мәселелер бой көтереді. Оларға арнайы тоқталатын тараушалардың болуына байланысты осы жазылғанмен шектелеміз.

Біздің зерттеп отырған мәдениеттанулық ғылым аясындағы аударма мәселесі туралы сөз болғанда, ең алдымен, аударманың – қоғамдық-мәдени құбылыс екендігін айта кету керек. Яғни аударма тек қана абстрактілі ойлау қабілеті бар, өзін қоршаған орта туралы көзқарастарын шартты белгілерге айналдыра алатын, сөйтіп, сол белгілердің мән-мағынасы туралы келісімге келе алатын жеке адамдар өмір сүретін қоғамда, сол қоғам туындататын мәдениетте орын алады.

Осы жоғарыда айтылған аударма түсінігінде “аудару дегеніміз түсіну” деген тезиске де өзіндік орын табылады. Сөз бұл жерде бөтен тілден өз тіліңе аударып түсінуде ғана емес, яғни “өзімдікі/өзгенікі” арақатынасында ғана емес, сөз бұл жерде “өзіңдікін өзіңнің түсінуіңде” де болуы мүмкін. Басқаша айтар болсақ, мәселе “ішкі аудармада” деген сөз. Өз тіліңде жазылған мәтінді түсіну процесінің өзі өзге тілден өз тіліңе аудару процесіне пара-пар күшті қажет ететін күрделі процесс. Немесе, бір тілдің өзінің ескі түрінен, не болмаса, диалектісінен сол тілдің қазіргі әдеби күйіне аудару мәселесі де жоғарыдағылар қатарына жатады.

Аудармаға коммуникациялық теория тұрғысынан берілген анықтама Р.К. Миньяр-Белоручевке тиесілі: “Аударма туралы ғылымның нысанасы – екі тілді қолдану арқылы жүзеге асатын жай ғана коммуникация емес, түпнұсқаның аудармашы мен қабылдаушының өзара әрекеттесуін корреляциялайтын қызметтен құралатын коммуникация. Бұл коммуникацияның орталық буыны аудармашының қызметіне барып тіреледі, немесе сөздік әрекеттің ең күрделі түрлерінің бірі болып табылатын аударма осы сөздің толық мағынасындағы аударма болып есептеледі”.

Демек, аударма нәтижесінде екі сөз туындысы мен екі қабылдаушы қалыптасады. Аударма қандай да болсын коммуникация компоненттерін қосарландыра түседі. Аударма теориясын ұқсастық туралы, шынайы әлем заттарының ұқсастығы туралы, шынайы әлемнің адам санасында көрініс табуының ұқсастығы мен адамзат тілдерінің ерекше көркем мүмкіндіктерінің ұқсастығы туралы іргелі білім деуге болады

Біз тілдердің шындықты түрліше бөлшектеп, бірдей құбылыстар мен заттарды олардың алуан түрлі белгілеріне назар аудара отырып, түрліше түзіп, түрліше “дауыс беріп”, өмірді түрлі бояуларда көрсететіндігін білеміз. Алайда, түрлі мәдениет пен алуан түрлі тілдік сана иегерлері мұндай айырмашылықты түсіне білуге де қабілетті. Сондықтан, егер аударманы бір шындықты басқа тілдің көмегімен бейнелеудің құралы ретінде қарастырсақ, онда “аударылмайтын ұғымдар” мәселесі мүлдем туындамай, аударма проблемасы оңай шешілетін болады.

Аударма – құндылықты қайта таныту. Егер кез келген сөз туындысы шындықтың фрагментінің индивид санасы арқылы бейнеленуі болса, онда аударма бейненің бейнесі, көріністің көрінісі болып табылады. Аударма шындықтың тікелей тура өзінің емес, оның Басқаның санасымен сарапталған көрінісі болады, өйткені біз фактінің бейнеленуін емес, факт туралы басқа біреудің ойын аударамыз. Аударма Басқаның ойын қаншалықты анық жеткізе алады және ол қаншалықты қажет, аудармашылық “адалдықтың” шекарасы қайда? Осындай сұрақтар легі аудармамен айналысатын әрбір адам алдында толассыз туындап отырары сөзсіз.

Аударманың анықтамаларынан аудармашы тұлғасын да жалпы түрде бейнелеу мүмкіндігін табамыз. Аудармашы – ең аз дегенде, екі мәдениетке бет бұрған, екіжақты Янус секілді, екі (әлде одан да көп) тілді тұлға. Аудармашылық қызмет қоғамның бүкіл өмірімен байланысын танытып, аударманың өркениет дамуындағы рөлі мен орнын көруге мүмкіндік береді. Мұндай тәжірбиені иемдену басқа тілдердегі әлемді басқаша тұжырымдау, көруден, басқаша дүниетаным тәжірбиесінен, әлемді басқаша тану жолдарынан көрініс береді.

Осы ізденіс жұмысында аударманы мәдениеттанулық мәселе етіп жаңа бір қырынан қарастыруды көздеп отырғанымыз белгілі. Бірақ сол ізденіс барысында аударманы арнайы зерттеу пәні қылатын аударматанудан біржола қара үзіп кетуге де болмайды, өйткені ол ғылым саласының аудармаға енді ғана пәнаралық аймақ ретінде “ауыз сала бастаған” мәдениеттанудан гөрі жинақтаған мағлұматтары да, әдіс-тәсілдемелері де жетерлік.

Жалпы, аударманы, оны арнайы зерттейтін ғылыми пәндерге қатысты жазған авторлардың анықтамаларын тұжырымдай келе, аударманың мәдениеттанулық мәселе екендігін мойындауға, сөйтіп, аудармаға жаңа бір мәдениеттанулық анықтама беруге әбден болатын сияқты.

Аударма теориясы аударма тәжірибесі, практикасымен тығыз байланыста дамыған дүние. Тағы бір ескеретін нәрсе – аударма теориясында аударуға даярланған түпнұсқа мәтін тілін – түпнұсқа тілі (ТТ) дейді, ал аударма жасалып отырған тілді – аударма тілі (АТ) дейді. Осындай керекті деп табылған мағлұматтардан соң енді тікелей аударма теориясының бастамасын сол кәрі тарих қойнауынан мәтін қазбалай отырып табуға болады екен. Аударма тарихы сонау көнегөз қария Цицероннан бастап осы замандағы аударма теоретиктеріне дейін ешкімді ұмыт қалдырған жоқ. Бірақ біз монография көлемін ескере отырып, ең маңызды-маңызды деген тұлғаларға, олардың аударма туралы айтқан, жазған пікірлеріне тоқталамыз.

Римнің ұлы шешен ділмары – Марк Тулий Цицерон (б.д.ғ.106-43) Эсхил мен Демосфен сөздерінің аудармасына берген алғысөзінде өзін ұлы шешен-жазушының қарапайым аудармашысына теңейді. Бұл салыстыруымен ол Рим қоғамының аудармашы мамандығына қалай қарайтындығын танытты. Өйткені біз Цицерон трактаттарынан аударма, аудармашы, аудармашылық қызмет туралы кейбір теориялық ой түйіндерді кездестіреміз. Сондай-ақ, Цицерон еңбектерінен біз ең алғаш рет аударма теориясы категориясының оппозициясын, ал нақтырақ айтсақ, еркін аударманың сөзбе-сөз аудармаға қарама-қарсы қойылғанын анықтаймыз.

Аударма толықтылығы (барабарлық) ұғымын дәлдеуге тырыса отырып, А.Федоров толығырақ түсініктеме береді: «Аударманың толықтылығы – бұл түпнұсқада берілген мазмұн мағынасының толық жеткізілуі және аударманың түпнұсқаға функционалды-стилистикалық жағынан толық сәйкес келуі». Аударма толықтығы түпнұсқаға сәйкес мазмұны және форма ара қатынас ерекшеліктерін жеткізуде немесе осы ерекшеліктеріне функционалды сәйкестіліктерді жасауда. А. В. Федоров толықтық және барабарлық ұғымдары арасында тепе-теңдік белгісін қояды. Ол үшін барабарлық – бұл тек қана шетел термині. Мәтіннің көркем редакциялау ережелеріне сәйкес оны ана тіліндегі сөзбен алмастыру жақсырақ болар еді. Бірақ, алмастыру болса да, мәселе айқын шешілмейді.

Дәрісті қорытындылау:

1.Аударманың толықтылығы – бұл түпнұсқада берілген мазмұн мағынасының толық жеткізілуі және аударманың түпнұсқаға функционалды-стилистикалық жағынан толық сәйкес келу.

2. А. Федоров толықтық және барабарлық ұғымдары арасында тепе-теңдік белгісін қояды.

Бақылау сұрақтары:

1. Аударманың толықтылығы дегеніміз не?

2. Аудармадағы барабарлық дегеніміз не?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Алдашева А. Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелер. – Алматы: Арыс, 2006. – 158 б.

2. Жақыпов Ж.А. Аударматануды аңдату. – Алматы, 2004. – 192 б.