Бап. Уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығы

РҚАО-ның ескертпесі!
1-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 02.11.2015 № 389-V Заңымен (01.07.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
1. Жер учаскесiне уақытша өтеулi (қысқа мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi) жер пайдалану (жалдау) құқығы азаматтарға, мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға, сондай-ақ халықаралық ұйымдарға табысталуы мүмкiн.
2. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған уақытша өтеулi жер пайдаланушы (жалға алушы) шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн, басқа тең жағдайларда, жаңа мерзiмге шарт жасасуға басқа тұлғалар алдында басым құқығы болады. Жалға алушы осындай шарт жасасу ниетi туралы жалға берушiнi шартта көрсетiлген мерзiмде, егер шартта мұндай мерзiм көрсетілмесе, шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн үш ай мерзiмде жазбаша хабардар етуге мiндеттi.
2-1. Жаңа мерзімге шарт жасасу кезінде жер учаскесіне құқық беру, осы Кодекстің 43-бабы 1-тармағының 2), 3), 5)және 8) тармақшаларында белгіленген талаптарды қоспағанда, осы жер учаскесінің шекаралары өзгермейтін жағдайда осы Кодекстің 43-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
РҚАО-ның ескертпесі!
3-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 02.11.2015 № 389-V Заңымен (01.07.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
3. Мемлекеттен уақытша өтеулi ұзақ мерзiмдi жер пайдалану (жалдау) құқығын сатып алған, осы баптың 5-тармағында аталғандардан басқа мемлекеттiк емес жер пайдаланушылар өздерiне тиесiлi жер учаскелерiн (немесе олардың бiр бөлiгiн) жалға (қосалқы жалға) немесе уақытша өтеусiз пайдалануға беруге құқылы, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органына хабарлай отырып, жер учаскесi меншiк иесiнiң келiсiмiнсiз, жер учаскесiн жалға беру шартының мерзiмi шегiнде өздерiне тиесiлi уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруға да құқылы.
Аталған жағдайларда, жалдау құқықтарын кепiлге берудi қоспағанда, жер учаскесiнiң жаңа жалға алушысы жалға берушiнiң алдында жер учаскесiн жалдау шарты бойынша жауапты болады.
4. Жалға берiлетiн жер учаскесiн үйлердiң, құрылыстар мен ғимараттардың меншiк иелерi сатып алатын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк меншiктегi жер учаскесiн сату кезiнде осы жер учаскесiн жалға алушының ортақ меншiк құқығындағы үлесiн бөгде тұлғаға сатуы үшiн Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен оны сатып алуға басым құқығы болады.
РҚАО-ның ескертпесі!
5-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 02.11.2015 № 389-V Заңымен (01.07.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
5. Уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы:
1) шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін:
Қазақстан Республикасының азаматтарына – 10 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге;
оралмандарға – 25 жылға дейінгі мерзімге;
2) тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларына қырық тоғыз жылға дейінгі мерзімге;
РҚАО-ның ескертпесі!
2) тармақшаның үшінші абзацының қолданысы 31.12.2016 дейін тоқтатыла тұрады - ҚР 30.06.2016 № 5-VI Заңымен.
шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға жиырма бес жылға дейiнгі мерзімге беріледі.
6. Жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшін берілген жер учаскесіне жер пайдалану құқығын беру Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын бір тұлғадан екінші тұлғаға беру негізінде жүргізіледі.
Бұл ретте уақытша жер пайдалану (жалдау) шартын облыстың уәкілетті органы жер қойнауын пайдалану келісімшартына қосымша келісімнің және уақытша жер пайдалану (жалдау) шарты бойынша құқықтар мен міндеттерді жаңа жер қойнауын пайдаланушыға беру туралы шарттың негізінде жаңа жер қойнауын пайдаланушыға қайта ресімдейді.
Ескерту. 37-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116(2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V(01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.