Бап. Елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру

1. Мемлекет меншігіндегі, елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесі сұралған кезде жер учаскесін беру мынадай ретпен жүргізіледі:
1) жер учаскесіне тиісті құқық беру туралы өтінішті қарауға қабылдау;
2) жер учаскесін алдына ала таңдау;
3) мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы не келісу органдарында осы жүйелер болмаған кезде қағаз жеткізгіштерде жер учаскесін алдын ала таңдауды келісу;
4) жер-кадастрлық жоспар жасау;
5) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер-кадастрлық жоспарды қоса бере отырып, жер учаскесiне жер пайдалану құқығын беру туралы шешiм қабылдауы;
6) уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану шартын жасасу;
7) жергілікті жерде жер учаскесiнiң шекараларын белгiлеу.
2. Объект салу үшін жер учаскесiн жер пайдалануға берудi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi осы Кодексте белгiленген өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
Жер пайдалануға берілген жер учаскесін жеке меншікке сатып алу объект пайдалануға берілгеннен кейін жүргізіледі.
Жергілікті атқарушы органдар ұлттық қауіпсіздік органдарымен және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша елді мекендердің бас жоспарларының бекітілген схемалары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, инженерлік коммуникациялар схемалары жөніндегі ақпаратты интернет-ресурста және халыққа қолжетімді жерлердегі арнайы ақпараттық стендтерде, деректерді жаңартып отыру кезеңділігімен тоқсан сайын орналастыруға міндетті.
Жер учаскесі инженерлік желілер мен құрылыстар жоқ аудандарда берілген жағдайларда, аталған желілер мен құрылыстардың пайдалануға берілетін мерзімдері, сондай-ақ оларға қосылу нүктелері көрсетіледі.
Мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін Мемлекеттік корпорация қалалар мен аудандардың жер-кадастрлық схемаларын интернет-ресурста деректерді апта сайын жаңартып отыру кезеңділігімен орналастыруға міндетті.
Өтініштің, келісу органдары қорытындысының, жер учаскесін таңдау актісінің, жер-кадастрлық жоспардың нысандарын орталық уәкілетті орган бекітеді.
3. Жер учаскелерiне жер пайдалану құқығының өздеріне берілуіне мүдделi жеке және заңды тұлғалар жер учаскесi орналасқан жер бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «электрондық үкімет» веб-порталы немесе Мемлекеттік корпорация арқылы белгіленген үлгідегі өтiнiшті бередi. Бұл ретте өтінішке міндетті түрде өтініштің қабылданған күні бойынша тіркеу нөмірі беріледі. Өтініш берушіге өтініштің берілгенін растайтын хабарлама беріледі, онда келісу үшін жер учаскесін таңдау актісі алынған күн көрсетіледі.
Өтініште Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мәліметтер көрсетілуге тиіс. Өтінішке электрондық форматтағы жер учаскесінің орналасу схемасы қоса беріледі.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі жер учаскесіне құқық беру туралы келіп түскен өтінішті жер учаскесі орналасқан жердегі тиісті жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесіне бір жұмыс күні ішінде жібереді.
4. Жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі бекітілген қала құрылысы құжаттарына сәйкес жеті жұмыс күні ішінде жер учаскесін таңдау актісін оның ахуалдық схемасымен қоса дайындайды және оны келісу үшін бір мезгілде барлық мүдделі мемлекеттік органдарға, тиісті қызметтерге және мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы не келісуші органдарда осы жүйелер болмаған кезде қағаз жеткізгіштерде жібереді.
Жер учаскесін таңдау актісінде қазіргі бар инженерлік коммуникациялар көрсетіледі, ал қажет болған жағдайда, инженерлік коммуникацияларды берілетін жер учаскесінің шекарасынан тыс жерге көшіру көзделеді.
Келісу органдары мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша жер учаскесін беру мүмкіндігі туралы тиісті қорытындыны он екі жұмыс күні ішінде ұсынады.
Мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін Мемлекеттік корпорацияның қорытындысына сұратылып отырған учаске жөніндегі мәліметтер және жер-кадастрлық жұмыстарға смета қоса беріледі.
Сұратылып отырған жер учаскесі бос болмаған жағдайда, мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін Мемлекеттік корпорация жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесіне жер учаскесіне құқық беруден бас тартуға негіз болатын тиісті ақпаратты үш жұмыс күні ішінде жібереді.
Жер учаскесіне құқық беруден бас тарту жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесінің қорытындысымен ресімделеді және өтініш берушіге үш жұмыс күні ішінде жіберіледі.
Оң қорытындылар келіп түскен жағдайда, жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі бес жұмыс күні ішінде жер учаскесін түпкілікті таңдау актісін дайындайды және жібереді.
5. Жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі түпкілікті таңдау актісін өтініш берушімен «электрондық үкімет» веб-порталы немесе Мемлекеттік корпорация арқылы хабарлама жіберу арқылы келіседі.
Өтініш берушімен түпкілікті таңдау актісін келісу және оның жер-кадастрлық жұмыстар қызметтеріне ақы төлеуі үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Өтініш берушімен келісілмеген таңдау актісінің қолданылу мерзімі он жұмыс күнін құрайды.
Өтініш беруші түпкілікті таңдау актісін келіскеннен кейін оған қол қою үшін уақытша жер пайдалану шартының алынған күні туралы хабарлама беріледі.
6. Қол қойылған материалдар жер-кадастрлық жоспар дайындау үшін мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін Мемлекеттік корпорацияға келіп түседі.
7. Жер-кадастрлық жоспар он жұмыс күні ішінде дайындалады және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі жер учаскесіне құқық беру туралы шешім жобасын бекітіп, дайындау үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органына жіберіледі.
Жер-кадастрлық жоспарда:
жер учаскесінің кадастрлық нөмірі;
жер учаскесінің жоспары;
жер учаскесінің алаңы;
жер учаскесіне құқық түрі;
жер учаскесінің нысаналы мақсаты;
жер учаскесінің шектеулері мен ауыртпалықтары;
жер учаскесінің бөлінетіндігі немесе бөлінбейтіндігі;
жер учаскесінің аралас меншік иелері мен жер пайдаланушылар туралы мәліметтер;
жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құны немесе жер пайдалану құқығының құны қамтылады.
Жер-кадастрлық жоспар үш жұмыс күні ішінде бекітіледі және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесіне құқық беру туралы оң шешім қабылдауы үшін негіз болып табылады.
Жергілікті жердегі жер учаскесінің шекараларын белгілеу жер-кадастрлық жоспар бекітілгеннен кейін бір ай ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі шешім қабылдағаннан кейін жүргізіледі.
8. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесіне құқық беру туралы шешімі жер-кадастрлық жоспар бекітілген кезден бастап бес жұмыс күні ішінде қабылданады.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі шешімінің көшірмесі, жер-кадастрлық жоспар уақытша жер пайдалану шартын дайындау үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органына бір жұмыс күні ішінде жіберіледі.
Жер-кадастрлық жоспар облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі шешімінің ажырамас бөлігі болып табылады. Ол болмаған кезде, шешім жарамсыз болып есептеледі.
Жер учаскесiне құқықтар ауысқан кезде жер-кадастрлық жоспар сатып алушыға немесе өзге де құқық иеленушiге берiледi. Жер учаскесiнiң сәйкестендiру сипаттамаларында өзгерістер болмаған жағдайда, мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін Мемлекеттік корпорация жаңа жер-кадастрлық жоспарды бермейдi, ал жер-кадастрлық кітап пен жердің бірыңғай мемлекеттік тізіліміне жер учаскесіне құқықтардың ауысуы туралы мәліметтер енгізіледі.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі шешімінің көшірмесі және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы қол қойған уақытша жер пайдалану шарты Мемлекеттік корпорация немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтініш берушіге қол қою үшін жіберіледі.
Меншік құқықтарын жер пайдаланушының сатып алуы осы Кодекстің 47 және 49-баптарына сәйкес реттеледі.
Өтініш беруші хабарламаны алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде уақытша жер пайдалану шартына қол қояды.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі шешімінің көшірмесі жер-кадастрлық жоспармен қоса және уақытша жер пайдалану шарты Мемлекеттік корпорация немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес одан әрі тіркеу үшін жіберіледі.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесіне құқық беру туралы шешімінің жобасында:
жер учаскесіне құқық берілетін жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның атауы;
жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты;
жер учаскесiнiң алаңы;
жер учаскесіне құқық түрi, ауыртпалықтар, шектеулер;
учаске төлемақыға берiлетiн жағдайда жер пайдалану құқығын сатып алу бағасы, жер учаскесiн жалдау құқығын сатып алу-сату шарттарын жасасудың мерзiмдерi мен шарттары;
жер учаскелерінің өлшемдері көрсетіле отырып, оларды мемлекет мұқтажы үшін алып қою, мәжбүрлеп иеліктен шығару жүргізілетін жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның атауы;
өзге де талаптар қамтылуға тиiс.
Шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін, құрылысқа арналған жер учаскесінің нысаналы мақсаты қызмет түрлеріне қарамастан, үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету ретінде белгіленеді.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұратылған кезде азаматтардың өтініштері (қолдаухаттары) арнайы есепке алынады және бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар бар болған кезде қанағаттандырылады. Азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру қағидаларын орталық уәкілетті орган бекітеді. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін тегін негізде беру кезінде азаматта жеке тұрғын үй құрылысы үшін мемлекет құқық берген жер учаскелерінің бар немесе жоқ екендігі ескеріледі.
Арнайы есепке қою кезінде азаматта жеке тұрғын үй құрылысы үшін мемлекет құқық берген жер учаскелерінің бар немесе жоқ екендігі ескеріледі, олар туралы мәліметтер мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін Мемлекеттік корпорациядан сұратылады.
Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері бөліп беруге арналған алаңдардың дайындығы туралы және жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға кезектілік тізімдері туралы ақпаратқа қолжетімділікті оларды кемінде тоқсанына бір рет қазақ және орыс тілдерінде арнайы ақпараттық стендтерде орналастыру арқылы және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен қамтамасыз етуге міндетті.
Бұл ретте тұрғындарының есептік саны жиырма мың адамнан асатын елдi мекеннiң егжей-тегжейлi жоспарлау жобасы немесе бас жоспарлары және тұрғындарының саны жиырма мың адамға дейінгі елді мекеннің егжей-тегжейлі жоспарымен біріктірілген бас жоспарлары (немесе тұрғындарының саны бес мың адамға дейiнгi елдi мекендердi дамытудың және құрылыс салудың оларды алмастыратын схемасы) болмаса, құрылыс үшiн жер учаскелерiн беруге тыйым салынады.
Ескерту. 5-тарау 44-1-баппен толықтырылды - ҚР 02.07.2014 № 225-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 15.06.2015 № 322-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.10.2015 № 366-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.03.2016 № 479-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.