Бап. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту тәртібі

1. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтінішті қарауға қабылдау;
2) жер учаскесін сұралып отырған нысаналы мақсат бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау;
3) мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы не келісу органдарында осы жүйелер болмаған кезде қағаз жеткізгіштерде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтінішті келісу;
4) осы Кодекстің 43-бабының 2-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар құратын комиссияның қорытындысын дайындау;
5) елді мекен шегінде орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсаты құрылыс мақсаттары үшін өзгертілген жағдайда, жер учаскесінің жер-кадастрлық жоспарын жасау;
6) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің құзыреті шегінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешiм қабылдауы;
7) жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау.
2. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге мүдделі жеке және заңды тұлғалар жер учаскесі орналасқан жер бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қағаз жеткізгіште не «электрондық үкімет» веб-порталы немесе Мемлекеттік корпорация арқылы өтініш береді.
Өтінішке қабылданған күні бойынша тіркеу нөмірі беріледі және өтініш берушіге өтініш берілгенін растайтын хабарлама беріледі, онда жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту не одан бас тарту мәселесі бойынша шешімді алатын күн көрсетіледі.
Өтініште мынадай мәліметтер көрсетіледі:
жер учаскесінің кадастрлық нөмірі;
жер учаскесінің сұралып отырған нысаналы мақсат;
жер учаскесінің алаңы;
жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарының нөмірі мен күні.
3. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш келіп түскен кезінен бастап күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімде қаралады.
4. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы келіп түскен өтінішті бір жұмыс күні ішінде құзыреті шегінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органына не тиісті жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесіне жібереді.
5. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы не жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі құзыреті шегінде өтініш келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындайды және оны барлық мүдделі мемлекеттік органдарға, тиісті қызметтерге келісуге бір мезгілде жібереді.
6. Келісу органдары бес жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы тиісті қорытындыларды береді.
7. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы не жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі құзыреті шегінде қорытындылар келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныс дайындайды.
8. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім осы Кодекстің 43-бабының 2-тармағына сәйкес құрылатын комиссияның қорытындысы негізінде қабылданады. Комиссия қорытындысы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігі туралы ұсыныс комиссияға келіп түскен кезден бастап бес жұмыс күні ішінде хаттамалық шешім нысанында екі данада жасалады.
9. Елді мекен шегінде орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсаты құрылыс мақсаттары үшін өзгертілген жағдайда, осы Кодекстің
44-1-бабының 7-тармағында көзделген тәртіппен жер-кадастрлық жоспар жасалады.
10. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы не жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі құзыреті шегінде комиссияның тиісті қорытындысы келіп түскен кезден бастап үш жұмыс күні ішінде, ал елді мекен шегінде орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсаты құрылыс мақсаттары үшін өзгертілген кезде жер-кадастрлық жоспар бекітілген кезден бастап үш жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің тиісті шешімін дайындайды.
11. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы не өзгертуден бас тарту туралы шешімі комиссияның тиісті қорытындысы келіп түскен кезден бастап бес жұмыс күні ішінде, елді мекен шегінде орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсаты құрылыс мақсаттары үшін өзгертілген кезде жер-кадастрлық жоспар бекітілген кезден бастап бес жұмыс күні ішінде қабылданады.
12. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тарту уәжді болуға тиіс.
13. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге келісу туралы не одан бас тарту туралы шешімінің көшірмесі шешім қабылданғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тапсырылады.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімінде:
жер учаскесінің кадастрлық нөмірі;
жер учаскесінің нысаналы мақсаты;
жер учаскесінің алаңы қамтылуға тиіс.
Өтініш «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық құжат нысанында берілген жағдайда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өзгертуге келісу туралы не одан бас тарту туралы шешiмi өтініш берушіге ол қабылданғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде электрондық құжат нысанында жіберіледі.
14. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгертілген кезде сәйкестендіру құжаттарын қайта ресімдеу мерзімі алты жұмыс күнінен аспайды.
Ескерту. 49-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.07.06 N 279; жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 28.10.2015 № 366-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.