АДАЛАНҒАН АЛБАСТЫЛАР 20 страница

– Ешкімге жазығы жоқ адамды ғана емес, тіпті жазығы бар адамдарды да күнәсіне лайық қана жазаламай өлтіре қалса, ол қанішер аталмай ма? Ал хазірейілге келсек, ол періштені тіпті құдай тағаланың өзі де жан алмайды деп ақтаған емес. Жаратушының өзі хазірейілді "жан алғыш" деп жарияламаса, оны көрмеген Ораз байғұс қайдан білмек. Оған түс шайысудың жөні тіпті жоқ!..

Ораздың қылмысын осылай жуып-шайып, егесті бұл жолы бассақ та, ертеңіне молда келіп бас салды:

– Ораз, не айттың кеше!.. О, дө... ырт аяқ, шық былай!

– Оны ақтағандарды да шығарыңыз! – деп қалды Мәкен. Нәбиолла бізге тиіспей Оразды ғана шығарып тұрғызып қойып, тергей жөнелді. "Алла тағаланың періштесін шоқыншық Гитлерге, ия юзма-юздей жойытқа ұқсатқанына қатты қаһарланды ол кісі. "Кәпір", "шоқыншық" деп зекіре берді. Ораз да тайынар емес:

– Молдаеке, сіз, хаз.. айылды әмсе жан алатын, Алла тағаланың жан алғыш жендеті деп үйлеттіңіз ғой. Одан басқа істейтін жақсы қызметін естімеген соң, Гитлей нақ сондай екен деп түсіндім. Әгәй жақсылығын үйлетсеңіз Гитлейге ұқсатпас едім!

Жеңілгендіктен тым қатты шығып кеткен молданың дауысын естіген болса керек, ыңғай саясат сабағын өтіп жүрген Сәрсен мұғалім кіріп келді.

– Не себепті? – деп сұрауы-ақ мұң екен, молдамен жарыса сөйледі Мәкен. – Жазықсыз адам өлтіргенді қанішер десек күнә бола ма деген сөзді кім айтатынын Сәрсен мұғалім қайта сұрады да, Мәкен алдымен айтушыны да, артынан құптаушыны да, мықтап бекітушіні де қайталап айтып шықты. Атап, көзіктіре әшкерлегені – Бексапа екеуміз. Онын жақтастары қосарлана шауып, бастыра жөнелді бізді.

Мұғалім молдаға ым қағып, Оразды итермелей айдап шығып кетті де, біз жым-жырт отырып сабағымызға қарадық. Сол дін сабағы сағатында Ораз да, тіпті молданың өзі де қайтып кірмеді. Олар кешіккен сайын күдіктеніп отырып, үзіліске шыққанымызда мұғалім мен молданың мұғалімдер бөлмесінде жарыса ақырып жатқаны естілді. Біз кідіре алмай сыртқа шығып кеттік. Ораздың неліктен мұншалық тергеуге түскені бізге тым қиын жұмбақ болды.

Сыныпқа қайта кіріп едік, саясат сабағын өтеуге Сәрсен де келмеді. Қауіптене түсіп отырғанымызда, Бексапа екеуміз шақырылдық, мұғалімдер бөлмесінде сол екі тергеуші мен тергелушіден басқа ешкім жоқ екен. Ораз айдары додаланып жылап тұр. Толықша қызыл қоңыр жүзі ісініп алыпты. Мұғалімнің сарғыш көзі қып-қызыл, қылмыстыға атылатын оқ жыланша қарап қадалып отыр.

– Жақсы адамды өлтірушіні қанішер десек, күнә бола ма деген сөз қайдан шықты? – деп сұстана қарады ол бізге. Біз үнсіз ойланып тұрып қалдық. Шындығы әркімге аян осы бір "жазықсыз" сұрауды ғана қудалап отырғандығына іштей аңырыс бар еді.

– Осы сұрауды кім үйреткенін айтыңдар! – деп Сәрсен қузай түсті, – бұл өздерің шығарған сөз емес!

Алдымен кімнен естігендіктеріңді айтып берсеңдер болғаны, сендерде мәселе жоқ, қайтіп шығыңдар да сабақтарынды оқындар!

Мұғалім бұл сұрауды алдымен Оразға қойды. Бірақ, «мұның былай қоюында да ешқандай мәселе жоқ?» деп Бексапа Ораздың молдадан қорыққан жайын, өз сөзінін шындығын дәлелдеу үшін осы сурауды қойып, қорқытып отырған сабақтастарын мойындатқанын толық баяндап берді, – бірақ, осы сұраудың неліктен мұншалық тергелгенін түсінбей тұрмыз! – деп күлімсіреді.

Мұғалім қатулана түсті. Арық қызыл сары жүзі сұрланып, бұрыннан қызғыш тартып тұрған сарғыш көк көзі онан сайын қызарып, тұтанып кетті:

– Бұл сұрау осындай жай қалжыңда ғана туылған сұрау емес, мұндай сұраудың дәл қазіргі кезде туылуы тегін емес. Мұның саяси мақсаты, төркіні бар! Қағынған кексе біреуден шыққан сұрау. Осы сұраумен үкіметке халықты қарсы көтермек!.. Оны айтпасаңдар, өздеріңе жаман болады. Қашан иесін айтып бергенше, қамаласыңдар!.. Сендер ыңғай жақсы оқушысындар, қимай тұрмыз, шынын айтып құтылыңдар!..

– Мұғалім ағай, осы сұрауды үкіметке қаратылған сөз деп түсінесіз бе? – деп дір қақтым мен. – Біз сіздің оқушыларыңыз ғой, анықтап түсіндіріп беріңізші. Қай сөзінде мәселе бар мұның?! Шамданса, Гитлер сияқтылар ғана шамданатын сөз ғой! Адам қанын төгушіні, әсіресе, жазығы жоқ адамдарды қырушыны фашизм деп, қанішер демей не дейміз? Бұл сұрауға хазірейіл мысал болып кеткендіктен молдамыздан кешірім сұрармыз, бірақ, сіздін мұны үкіметке қаратып алатындығыңыз түсімізге кірмепті!

Сөйлеп тұрғанымда мұғалім молдаға қарап күлімсіреп еді. Менің дірілдеуіме күлген болар деп сезіп, сөздің соңында қатулана түстім. Бұл "жігерімнен" Ораз қайрат тапты білем!

– Мұғалім әбзи, сіз өзіңіз үкіметіңізді қанішей деп түсінесіз бе?!–деп қалды.

– Ей, сен сақау не деп тұрсың? – деп төне түсті мұғалім.

– Біз халықшыл үкіметіміздің қан ішкенін көйгеміз жоқ, мұғалім!.. Біз бұл сөзді үкіметке не үшін қаятамыз!..

Бексапа жайма шуақтап, кәріленген мұғалімді өзіне қаратып әкетті:

– Мұғалім, Ораз "ешкімге жазығы жоқ еңбекші адамды өлтірушіні айтып еді" ешкім тойтаруға болмайтын шындық болғандықтан, мұны бүкіл сынып болып мойындағанбыз. Сізге Мәкеннің баяндауында жансақтық болмаса, біз қалайша тергелеміз?!

Өзі іштей сынып қалған мұғалім, осы сөзден соң ұзақ түсінік беруге көшті. Түйірі түбіне түсіп кеткен бұл "түсінік" қаншалық сұйық болғанына қарамай, үңіле сімірдік. Қаншалық үңілгенімізбен де шындық оның берген түсінігінен көрінбей, "секіруінен" ғана табылды. Бас изектеп, өз мөлшерімізше бас иіп, әділ шындық тапқандай болып шықтық. Бұл сұрау үкіметімізге тұп-тура қаратылып қойылса, орнын тіпті мықтап тапқандай мығым сұрау екен. Сезікті тергеушіміз секірмесе, мұндай түсінікке жете алмас едік.

Сөйтіп, қанішерлерге тағы бір нақ қанішерді жалаңаштап тауып қосқандай болып, тергеуден табыспен шықтық. Тартқан жалғыз-ақ шығынымыз түскі тамаққа бара алмайтындай кешігіп босағандығымыз ғана болды. Бұл үшін Мәкендерге өшігіп шықтық. Ораздың демалыс уақытында жанама "мұғалімдігі" бұл тергеуден мұқала қоймады. Ертеңінде-ақ бір газетті әкеліп, мұғалім столының үстіне жая салғанда біз ду күліп едік.

– Күлмеңде, балалай, бүгин жаңа сабақ өтеміз, – деп бастады да, Германия мен Совет Одағының жасасқан он жылдық шарты жайында сөйлеп кетті. Оқушыларға тың жаңа хабар екен. Бірі – соғыс өртінің ошағы, бірі – тыныштық ошағы деп аталып, тіктесіп қалып тұрған екі мықты мемлекет. Он жыл бойына соғыспау шартын жасасыпты. Мұны өзі қатынасып келгендей толықтап сөйлеп тұрған сақаудың шешен сөзі бүкіл қаласты өзіне тартып, ұйытып ала қойды. Шарт туралы хабарды аяқтата келе, – мизалай, бұдан сендей не түсіндіңдей? – деп ол Мәкендерге қарады, – Гитлей яс құтиған қаніши болса, соғыспау шаитына қол қоя ма, ол қаніши емес екен, деп ақтап түсінген шығайсындай-ау? "Мұны қанши десек күнә болады" деп молдаға тағы жеткізсендей енді мықтап қателесесіңдей! – Ораздың бұл сөзіне әріптестері де еріксіз күлісті. – Балалай, мен өзім газеттен оқып қоймеген қанишидейді кешеден бейі көзіммен көйдім! Нақақ күйгізетін өсекші жалақойлай да нақ қаніши екен. Қойытып айтқанда, мен анықтаған қанши, үшеу болды... Тойтеу демеңдей, ә, үшеу! – деп Ораз үш саусағымен анықтап көрсетті де, далаға шығып кетті. Бексапа екеуміз оның "төртеу демеңдер, ә!" деп нақтап ескертуіне қатты күлдік. Кешегі тергеуде түсінген қанішерді қосудан қорқып айтқан ескертуі еді. "Халықшыл көсем аталып тұрған Шың Сысайды "қанішер" атау үшін батырға да жан керек сияқты.

Ораз жағынан ол әлі қанішер деп жариялай коймаса да, аузын тағы да кере ашқанын сездік бір күні: 1941 жылы жазға салым, Шаган мерекесі қарсаңында "жасасын" тағы да борай жауып кетті. Керме қызыл ту мен қызыл плакаттар, ұрандар көшені әлем-жәлем бояп, көше үгітшілері жетістіктерімен "данышпандықтарды" сайрап кетті.

– Тағы да "құрылтайға" шақырады-ау! – деп калды Бексапа.

Елсадық кеткеннен бері аудандық қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымының басшылық қызметін орынбасар Шиянжаң Нұржан қосымша атқарып жүр еді. Ол ұйым мекемесіне катарлас отыратын бір ұйғыр байының жалғыз қызымен жақында ғана үйленген болатын. Сол алау-жалау ұранды күндердін бір кешінде үсті кенеппен жабылған кара машине оны үйінен алып кетті. Ерінің қайда кеткенін сұрай алмай қалған жас жұбай, түн бойына ұйықтамай тосып, келмеген соң ертеңіне аудандық үкіметке барып сұраса, "Үрімжіге" тосын бір мәжіліске "кеткендігі" ғана айтылыпты. Нұржанды жұмыспен іздеп үйіне барған ұйым қызметкерлеріне Гүлниса жеңгей: "құрылтайға" шақырып кеткенін айтып жылағанын естідік.

"Құрылтайға шақырылғандардың" көп екені, сол екі-үш күннің ішінде-ақ жайылып болды: Нұржанмен бірге Ташкенттен оқып келгендердің және олармен үйірлесіп жақын жүретін көзі ашық азаматтардың көбі-ақ кетіпті.

«Ташкенттен оқуға өзі бекітіп, өзі қамдап жіберген үкімет борлаған қойындай енді өзі соғымға жиып жатқаны ма?" деген күбірлер әр жерден естілді. Бізге бұл хабарлардың көбін жеткізген Ораз өзінің сақаулығы мен айдарын "құрылтайға" шақырылуға жасы толмайтындығының куәсі етіп күлдірді:

– Айдайым бай, тілім мынау, құдайга шүкишілік, бұл қанши қазише маған тиісе қоймас! – деді ол сыбырлап қана.

– Шыңдубан атамызды "нақ қанішер" атауға шарты рас толды ма? – деп сұрадым.

– Әлбетте, мұның шаиты болмаса, Гитлейдің шаиты мүлде толмас!

– Қалайша?

– Меніңше, Гитлей өзіне бағынбағандайды, қайсы құял көтейгендейді құйтады. Ал, бұл "атаң" өзіне сеніп бағынғандайды да соғып жатпай ма! Ең жазықсыз, тіпті адамзат қоғамына пайдасы тиетін ыңғай саналы кісілейді тандап соғып жати, сенше қалай?

– Халыққа еш жазығы болмаса да, ол өзіне жазықты, өзіне қарсы деп танылған адамдарды ұстап жатқан болар. Және ешқайсысын өлтіргенін естімедік қой. Тексеріп-тексеріп, нақақтарын қоя берер.

– "Сенген сиылым сен болсаң, күйсегенінді... – деп Ораз қарқылдап күліп жүре берді, – осы кеткендейдің ешқайсының оган қайсылығын естімедім. Жұйт танданып жұй!

Мен Ораздың сөзіне қосып, Нұрасылдың тығылып жүрген жайын ескердім де, оның мұнысы білгерлік екен деп сүйіндім. "Ол үкіметке қарсы топ құрушы емес, күн көруші адам ғой". Солай болса да оның кәсіпті тығыла жүріп істеуі Ораздың пікірін дұрысқа шығарғандай. Бірақ, Нұрасылдың айтуынша, "күшті дулығалы бас мұң тыңдағыш басты кеміріп жатыр", ең дұрысы осы болар. "Ұсталып жатқандар, халық мұңын тыңдағыштығымен дулығалы басқа қарсы сөйлеп, иә топ құрып әшкерленіп қалғандар шығар?!" деген оймен, Ораз тілдеп кетсе де өз пікірімде қала бердім.

"Құрылтайға шақырылғандар" кетісімен біздің үйді Қанипа шешеміз тойға шақырды. Дәмешті ұзату тойын жазға қалдырып жүр еді, тым тосын шақырды, бақсақ оның өзі сүйіп уәделескен жігіті де "құрылтайға шақырылғандардың" біреуі болып қалыпты. Ыңғай түнде әкететін қара машине келгенін білген сақ жігіт, қорасының артқы дуалынан секіріп түсіп, Шәуешектен осында Дәмештің үйіне келіп тығылыпты. Өзі бізге де сары сүйек жекжат келетін Әділбек дейтін жігіт еді. Ол «Соу-син торгте» қызмет істеп жүретін, шекараның іргесі Советке өтіп кетуге ең қолайлы жер болғандықтан, Дәмешті қимай, ала кету үшін келіпті. Әке-шешесі де, қайын енесі де қала тұрып, алдымен қатерде тұрған екеуін ұзатып салуға бекіп, той ырымын ердебе–сердебесіз тез өткізе салмақ екен.

Дәмештің жағдайы тіпті "құрылтайға" шақырылуынан да қатерлірек еді, Қанипа шеше жалданған қожайын Дәмешті өз баласына әперуге зорлай берген соң, Әділбектің бір шеттегі нағашысы Қанипаны көшіріп әкетіп, өз қасынан оған екі ауыз үй салып берген. Сонда да қызыл көрген қара құстай айналсоқтап, төніп жүргендер көп. Оны түрмеден құтқарушы ұйғыр-қазақ кепілдері де тұс-тұстан зіл тастап, біздің ел ақсақалдарын шырғалап-шырмап жүрген.

Бірақ, ол шалдардың шешендігі менің әкемнің мінезін ғана шеңгелдеріне сыйғыза алмап еді: "бір рет сатылып әрең құтылған Дәмешті, енді оның шешесіне де екінші рет сатқыза алмаймын! – деп шорт қайыратын әкем, – ол әкесінен жастай жетім қалып, көп сорланған бала, енді кімге барса да өзі келісіп, өзі барады. Балажандықты, "басын уақытында байлайтын" қамқорлықтарыңды өз қыздарыңа көрсет!"

Өзінің сыртынан талас-тартыстың көбейгенін біліп жүрген Дәмеш те түрмеден үйреніп шыққан батыл тілділігін жетілдіріп алып еді. Қатын үстіне сөз салушыларға: "ерлік-опалылығыңыз болса, үйіңіздегі әйеліңізге ғана болсын. Менің басымды ашқан – әйелдердің ерлігі еді. Ешқайсысына күндес болып, көз жасына қалмауға бекіп шыққанмын!" деп қайыратын.

Бұрын үйленбеген мырзаларға қайыратын жауабы тіпті шорт болған: "өзім байдан әрең құтылып шықтым, енді байға бармаймын!" дейтін.

– Түбінде біреуге барасың ғой, алдымен өз алдыңа келген менен аттап өтіп, басқа біреуге кететін болсаң: "ерді намыс өлтіреді" дегендейін, айықпас өштігім, аямас қастығым болады, бұл бекім сені ешкімге қимайтын адал жүрегімнен шыққан. Айтып қойдым, жақсы сөзіңді күтемін, ойлан! – деп
зәресін ала қорқытып шыққандарды да естіп едік.

– Жерге кірсең шашыңнан, көкке шықсаң аяғыңнан
тартамын, сәулешім, сені өзімнен басқа ешкімге қия
алмаймын! – деп бар ғашықтығын жендетінше аттанысқа
келтіріп шыққандар да болған. Сөйтіп, олардың қай-қайсысы да өз еркімен тимеген жағдайда әлсіздігін пайдаланып, Дәмешті алып қашу сыңайына да тым жақын жүрген. Тіпті олардың Дәмешті бірінен-бірі сырттай қызғанып, бірінің майлағанын бірі естісе, көз алартып қапысын тауып қағысып, соғысып жүргендерін де еститінбіз.

Бұл кезде жігіттік кәмелетке толық жеткен Бигелді ағамыздың жайын әке-шешеміз де ойласып көріп еді. Бірақ, ұлының ешкімнен қалыса қоймайтын мүсіні шешектің өрісіндей болып тоналғандығынан шектелді білем, Қанипа шешеге "күнекейіңді біздің күйік шекеге таңайық" деп айта алмады. Ал, Бигелдінің өз нысайына бақсақ, ол біздің ауыр тұрмысымызды бар өмірімен арқалап келе жатқан қақпыш торы сияқты, бас көтеріп, еш жайды ойлар емес. Дәмешті көре қалғанда қасірет пен дерттенген кішкене қарындасындай есіркеп, айналып үйіріледі. "Жабырқамай, еркін жарқылдап жүре бер, жарығым!" деп шәугімдей күсті қолымен оны әдемі басынан сипап, еркелеткенін көреміз. Ол екеуінің ауыздарынан бір-біріне түйіткілсіз-түйіншексіз "аға" мен қалтықсыз – қамсыз "жарығым" ғана шығады.

Дәмеш басы ашылған соң бір жарым жылдан кейін табысқан Әділбек біздің үйге де сәлем беріп келіп, кетіп жүретін. Тілеуі қосылып сөз байласқанын әке-шешеміз де құптаған болатын. Бірнеше мықтының аңдуында тұрған Дәмеш қастықтан, сырттағы соқтықпалы сойқандардан көп сақтанды. Той ырымын жасырын өткізіп, ешкімді арандатпай Шәуешекке ың-жыңсыз кетудің орайын күте келіп, алдағы жазға тоқтатып еді. Енді, міне қос қабат қатерлерден туған жеріне қайтып кетіп, бір-ақ құтылмақ болыпты.

Кештете келіп кірген әке-шешеме осы жайларын жарыса сыбырлаған Қанипа мен Әділбектің нағашысы: "той ретінде емес, әке-шешесі мен ағаларының батасын әперіп жөнелту" екенін де айтып сіңірді. Біздің үй мен Құрышбек, Нұрасылды ғана шақырыпты. Кейінгі төнген зорлық-зомбылықты сырттан шектеп жасқап берген осы екеуі еді. Ырым-тілеуге шақырған адамдары осы ең жақын тілеулестері ғана екен.

Құрышбек пен Нұрасылдың аяқ жағын ала, төмендей келіп отырып, ол екеуіне арақ құйған Әділбек басын төмен салып шіміріккендей, күрсіне сойледі:

– Той ырымы жөнінен осылай тілімізге күрмеу, бетімізге шіркеу түсіп отыр, ағалар!.. Сіздер бар жерде Дәмеш әкесіз де, ағасыз да емес қой, "жетім қыздың тойындай,, өткізбейік деп, көп тосып, ауасы ашығырақ күн күтіп келіп едік. Тап болған күніміз осы боранды түн болды! – деп алып, өксіп-өксіп қалды жігіт. Аз кідіріп қайта жалғады сөзін, – бұл жетім қыздың тойы емес, желкесіне мылтық төнген қашқынның қалып бара жатқан қимастарына өз жөнін айтып бата сұрай кетуі ғана. Кешіріңіздер бізді!

Шеше төсегінің аяқ жағында отырған Дәмеш те тұншыға жылап, солқылдап кетті. Үй іші жым-жырт, бөгіліп қалып еді.

– Жасымаңдар, балалар – деді әкем, – төніп тұрған қатерге карамай, үлкеннің разылық батасын ала кетуге осы шақыруларыңның өзі де жетеді!.. Мұндай кезде ырым-иба демей-ақ, Қанипадан сәлем тастап, үн-түнсіз кете берсеңдер де кешірер едік. Рахмет, Алла жолдарыңды оңғарсын, қайда жүрсеңдер де аман болыңдар!..

– Жақсы жолға жабырқамай аттануларың ғана керек бізге, – деп қостады Нұрасыл, – жетім қыздың тойы емес, үлкен той осы. "Дәл қазір құрылтайдан аман құтылудан үлкен той да, ұлы қуаныш та болмақ емес. "Бетке шіркеу, тілге күрмеу" боларлық түк те жоқ, шырағым! Жетім емессіңдер сендер! Теңімен танысқан екеуіңе жақсы тілек айтып, батасын беріп отыр мынау жұрт. Қазір бұдан үлкен той бар ма! Жәкеңнің батасы Қызыр пайғамбардың батасы болсын!

– Солай, балалар, – деп Құрышбек те, Қуат та қоса
құптады, – ел кепілі – бірлік, той кепілі – тірлік. Тірі болсаңдар
талай той көрсетерсіңдер де, талай той көрерсіңдер де.
Сендердің армандап отырғандарың – әке-шеше, аға-
бауырларыңа үлкен той көрсету болса, біздің казіргі тілегіміз
өздеріңнің бас амандықтарың ғана, ұзағынан сүйіндірсін,
шырақтарым!..

Бұл сөздер қаяулы жандарды тез жадыратты да тез ширатты. Қалауы табылған қадірлестердің осы төрт-бесі ғана өткізіп отырған қалтқысыз шүңкілі – ұлы тойдай ұлан асыр сезілді маған. Барлық шырай ашылып, барлық ақ көңіл ақтарылып жатты. Нұрасылдың бәсең болса да әсем айтылып отырған өлеңі тоқтай қалған бір кідірісте Құрышбек Әділбекке бір сұрауды ашық қойып қалды.

– Шырағым, "кетер аяғың, кетпен таяғың" ғой, бір жайды ұқтыра кетші маған!.. Осы сендерді қара машинеге қалай тықпалап жатыр? Осы кеткендер не жазығымен кетіп жатыр?

– Аға, осы сұрауды мен де әркімге койып едім, – деп күлімсіреді Әділбек жұқалаң қызғылт жүзі тоқ қызылға айнала қалды. Бір жағынан еркін жығыла қоймаған кайратты қара шашын ұзын салалы саусағымен тарай қасып, шодырлау біткен кең мандайын уқалап-уқалап жіберді, – білсе осы білер-ақ деген нелер мықтылардан да сұрап көріп едім. Олар тіпті сол қара машинаға өздерінің де түсерін білмей жүріп, зырылдай жөнелгенін бір-ақ білді.

– Олардың Дубаңға қарсы ұйымдастырған тобын, иә, қарсы сөзін естіген жерің бар ма?

– Жоқ, мен олардың бірсыпырасымен алыс-беріс, барыс-келіс жасап, көп араластым. Білім іздеу талабым, кітап құмарлығым бар еді. Сол жөнінен мен олардың ішіне еніп, сыртынан шығатынмын. Үкіметке ешқандай қайшы ісін көлденең сөзін естімеппін!

Бұл сөзді домбыра шегін баса қойып тыңдаған Нұрасыл ширақ бір "Кеңес" күйінің толқынды ырғағын қағып-қағып жіберіп, домбырасын жүкке сүйей салды. Қушыкеш көзін сығырайта күлімсірегенде, ақ сұры жүзі түгел күлімсіреп келтелеу жуан мұрны таңырая қарады сөйлеушілерге.

– Ері жолаушы кеткенде сыртқы несібеден екі қабат болып қалған бір келіншек, күйеуі қайтып келіп тергеуге алғанда: "Осыған апа да таң, мен де аң-таң!" деп құтылған екен дейді. "Адалдығымды апам да біледі" деп ақталғаны ғой. Әділбек шырағым, сен де соның әдісін қолданып отырған жоқпысын! Ақтығыңды кеткен ағаларыңнан қалай сұраймыз енді! – дегенде үй іші ду күлді.

– Жоқ, аға, Шың Сысайға біздің қарсы ісіміз болған жағдайда да, ол сіздердің алдарыңызда масқаралы іс болмас еді, қайта халық алдында жүзіміз жарық болар еді. Енді кеткелі отырғанда сіздерден жасырып қайтпекпін, анығында сол кеткен ағалар да аң-таң, мен де аң-таң, нақақ кетіп жатыр.