АДАЛАНҒАН АЛБАСТЫЛАР 26 страница

Шәуешекте – аймақтық ұйымда тұрғанында қолында өскен Қуаттың таныстыруымен мені құшақтай алған Ақан маңдайымнан сүйді.

– Қап! – деп қалды ойлана қарап. – Кеше келсеңдер тым болмаса ақша жағынан көмектесіп кететін едім. Қалғанын бүгін орналастырып болғанмын... Әке-шешең аман ба? – деп сонан соң сұрады. – Ал, біз... дереу кетіп құтылуымыз керек! Туысқан-туған, аға-жеңге, бауырлардың бәріне сәлем айтыңдар!...

– Аға, біздің Сәдуақас ағаның қайда екенін білесіз бе, – деп сөзді Қуат бөлді. Өзінің үлкен ағасын Шәуешектен қара машинемен кеткенін маған осы жолда келе жатқанда ғана сыбырлаған болатын.

– 18-ші түрмеде деп естігенмін, қазірше аман. Тұра тұр, мен бір қағаз жазып берейін! – деп Ақан кішкене үстеліне отыра қалды. Шекелі кең маңдайынан бұршақтаған терін орамалымен сүрте салып жаза жөнелді. Семіз қара жеңгеміз бір-екі чемодан буыншақтарын дайындай салып, пальтосын кие тықыршыды. Дір-дір қағады. Сұраған Қуатқа жалғыз қызын күндіз жөнелтіп қойғандай жыламсырай тұрып айтты. Ақсары Ақанның қалқиған үлкен құлағы да, кесек кеңсірікті мұрны да қып-қызыл. Өмір мен өлім арасындағы жанталас «қызылтанау» деп аталатын нағыз қарбалас кезең осы-ақ болар деп ойладым мен. Ірі денесі сонда да сабыр сабын міз бақпай сақтағандай, асықпай жазып шықты, – Құндақбай дейтін жігітті сыртынан сұрап анық біліп ал да, осы хатты бер! Өзі де құндақталғандай тас түйін киініп жүретін, тап-тұйнақтай шағын ғана сары жігіт! – деп Қуатқа анықтап ұқтырып жатты. Мен ести отырып Қуаттың енді табатыны дәл өз сыңары екеніне әуестендім. Жалғыз-ақ парқы сұрғылт сары Қуаттың басының ерекше жуандығы ғана сияқты, – Бұл хатты алда-жалда қате танып басқа біреуге беріп қойсаң өзің де дереу қолға алынасың! – деп Ақан қайталай түсіндірді, – Құндақбай сол Сәдуақастар жатқан бірқатар түрменің кілтшісі. Ағаңның халін содан толық ұғуың мүмкін. – Оған көрісіп те тұрасың! Өздеріңнің осы мектепке түсулерің бір ойдан жақсы болыпты. Өмірді толық түсіндіретін мектеп, жаңа келген әрі жассыңдар ғой, сақ жүрсеңдер, қазірше сендерді жей қоймас! – деп Ақан сағатына қарады, – ал, ауланы қоршамай тұрғанда кетіп алайық! Аман болсақ, әлі-ақ көрісерміз, қарашықтарым!.. Хош–сау тұрыңдар!

Ақан үні дірілдеп, көңілі босай қоштасты да, біз көзімізді бір-бір сығып тастап, шыға бердік. Қақпадан шығып, көшемен сәл өрлегенімізде арт жағымыздан жеңіл машинаның үні естілген соң, қайырыла қалып едік, кішкене сұры машина сол қақпаның алдына келіп тоқтай қалды. Чемоданды, буыншақты екі адам келіп кірісімен қайта бұрылып – сырғи жөнелді.

– Аман кетті, құтылды! – деді Қуат, – алдыңдағы анау сары дуалды қызыл қақпа – Совет елшілігі, соған кіре салады!

– Қара машина ағаларды құрту үшін ұрласа, сұры машина құтқару үшін ұрлайды екен, ә! – дедім мен.

Күлгенде екі езуін екі құлағына жеткізе күлетін әдеті бойынша, Қуат жымың-жымың күлді:

– Үрімжі ұрлыққа қолайлы қала екен, қарашы, басып тұрған көк тұманын, бұған электр шырақтары қалай сай келген!... Ал біз де ұрлыққа кірейік енді, ұрлықсыз іс бітпейді, шырағым!

Екеуміз сәл өрлеп келіп, Совет азаматтары ауруханасының қарсысына тоқтай қалдық. Аға сабақтастардың ұқтыруы бойынша анық тауып келіп тоқтадық. Совет кітаптары жақыннан бері осы аурухананың түп жағындағы бір үйде жасырын сатылатын болыпты. Мұнда тіпті, химия, физика, анатомия, математика, астрономия сынды біздің кепкен кенеземізге зәру ғылым кітаптары да өз каридарларына үкіметтен ұрланып өтеді екен. «Жалғыз-ақ аңдып жүретін тыңшылардың көзінен сақтану керек!» деген тәжірибелі ақылгөйлеріміз. Біз жан-жағымызды толық барлау үшін бір-бірімізді түйгіштеп «қалжыңдаса» тұрдық.

Үрімжінің «қасқырды» көп көрген «қылмысты» халқы өздерін–өздері ұрлап бара жатқандай көшеде бірден–екіден ғана бүрісе жорғалап өтіп жатыр. Тіпті біріне–бірі қарамай тұқыра құнжыңдайды. Жан-жағына алара қарап, асықпай теңселетін ешкім көрінбейді. (Мұндағы «қасқырлар» осылай жүреді десетін). Біз «қылмыс» қақпасына зып беріп кіре жөнелдік. Көріспей тұрып-ақ түстаныс болған қара мұртты егделеу өзбек, айтулы үйден көзімізге оттай басылды. Жұмсақ үнмен «не керек» деп сұрасымен-ақ, керегімізді төрт-бестен тізе айтып едік, алдымыздағы үстелге қойылып та үлгерді. Мұндағы адамзат санасының гауһарлары біздің мектептің сабан қағазынан да арзан екен, жарым-жарым сәрі тастап ала жөнелдік. Жөнелгеннен жөнеліп, сырт көшеге бір-ақ тарттық та, жатақхана дуалының артындағы суы қатып қалған арыққа жетіп, ағаш қадалардың арасынан бір-бір ышқынып қана кіріп алдық. Білімді «қылмыспен» табу, шыңтыңжаңша айтқанда, «өзіміздегі жоқты іздеп табу» осылай өз жолына түсті.

Іздейтініміз әлі көп еді, жексенбінің таңертеңі Қуат екеуміз ерте тұрдық, таласып ішетін тамағымызды күтсек, кешігетін сияқтымыз. Ақанның қағазы бойынша, Құндақбайға жерлес, сабақтастан айтқан сәлемі бойынша, қалыңдыққа кездесуіміз керек еді. Тілеухан қудың кеше кешкі тамақтан ұрлап шыққан бөлкесін екеуміз ұрлап жедік те, қала ішіне тарттық. Сөйтіп, бұл жолға да қылмыспен аттануға тура келді. Қыңыр-қиғаш тар көшелердің бірінен 18-ші түрменің қара қақпасы табылған соң Құндақбайдың өзі де табылды. Қақпаны қағып, іште тұратын құралды күзетшіден сұрап едік, әлден уақытта құндақталып шыға келді өзі. Қуат сәлем беріп, атын сұрады да, байыздай қарап хатты ұстата қойды. Жан-жағына жаймен қарап қойып оқыған Құндақбай ойлана қалды да, жалма-жан күлмің қағып қолымызды алды. «Мен сендерді інім деп таныстырамын» деген күбірін ұқтық. Менің малақайымды ала, басымды сылап, дыбыстап сөйледі енді:

– Өзің жігіт болып қалыпсың ғой! – дегенде күліп жіберіп едім, ол да бетімнен сүйген болды. Қақпаға қайырыла ханзушалады сонан соң, – менің інілерім келді!.... Жүріңдер, жатақханам осының ішінде!

Түрменің суық сырлы ауласына тұңғыш рет осылай кірдік.

Үстінен тікенді сым жүргізілген биік дуалды түрменің ауыз қорасындағы бір бөлме – Құндақбайдың жатақханасы екен. Алдымызға бір-бір шыны шәй құйып қойып, іздеп келген ағамыздың жайын қысқаша айтты:

– Ағаларың аман, – деп бір күрсініп алды өзі, – тергеуі біткеннен бері денсаулығы оңалып қалды. Қазір жеңіл қылмыстылар қатарында жұмыс істеп жүр, сәті түссе қазір сырттай көрісіп те қаласыңдар.

– Өзін не қылмыспен қолға алыпты? – деп Қуат ентіге сұрады.

– Алтайдан көтерілген Оспандармен болған байланысын көп тергеді ғой әйтеуір. Бір кісі тікесінен әрең сыятын темір қапастағы шегеге бір сөтке жалаң аяқ тұрғызып қойғандықтан, мойындап қол қойып беріп еді. Сонда да «байланысқан» адамы дұрыс шықпай, қайтадан қинай, әйнек қиыршығына тізерлетіп бір түн тергегенде басқа біреуді мойындады. Бірақ, шындығында көрмеген тағы бір «сыбайласын» дұрыс түстеп бере алмаған соң көзін өткір тоқ нұрына қаратып отырғызып еді, жығылып түсті. Бірнеше адам бұл жазадан өліп те кеткен. Әйтеуір бұл кісі «қайта тіріліп» байланысқан қарақшысын үш-төрт рет суреттегенде ақыры бір түстеуі сәл ұқсаған сияқты. Тергеу сонымен тоқтады. Сайып келгенде өзінің оқымаған қарапайым адам болғандығынан ғана тірі қалып тұр.

– Япырамай, титтей де қисыны жоқ қылмыс қой мынау! –деп мазаланған Қуаттың құйрығы қоныс таппай, қоқшақтай берді, – Оспанды ғана емес, бүкіл Алтай елін янаттайтын рушыл, надан адам еді. Оспанмен қалай байланыс жасамақ ол!

Құндақбай сыртынан қарағанда момақан-аңқау адамдай көріне білетін озық оқушы екендігін қақпа алдында көрсетіп еді. Сергек ойлы, тым жатық сөйлейтін, білімді адам екен.

– Інішек, «ренжу», «өкпелеу» досқа ғана көрсетілетін жай, – деп жымиды, – ренжу бұл тергеушіміздің теңі емес... Сәдуақасқа артылған бұл жала – барлық жалалардың ішіндегі ең нанымдысы. Ал көпшілігіне тіпті тергеушінің өзі де сенбейтін, тек жанын алу үшін ғана зорлық-сылтаулар айтылып жатыр. Шыңдубан атаңның өзі «Тергеу қанауында өлтірілсе сұраусыз» деген бұйрық түсіріп отыр ғой, – деп ол терезеге қарады. – Анау еңбектеп келе жатқан шал қинаудан ақылы ауысқан жынды болғандықтан осы қорада еркін сүйретіле береді ол. Өзінен сұрап көріңіздерші, не қылмысы бар екенін.

Басында жалба-жұлба түлкі тымағы, тозған саптама етігі бар, қурап кеткен ұйқы–тұйқы ақ сақалы сары ала тартып күйген бір қарт қазақ жер бауырлап есік алдына жетті де:

– Нан!... Нан! – деп айқай салды, – момаңнан бер! – Құндақбай бір момы алып барып берді. Қуат есікті жартылай ғана ашып сәлем беріп еді, қарт аузына кептеп алған нанын жұтқанша бажырайып, бізден көз алмай қадалды да, – е, мұсылман екенсіңдер ғой, әлекісәлем! – деп үңіле түсті.

– Ата, қай жерден келіп едіңіз?

– Іле бойынан, Күнестен келгенмін. Қызаймын.

– Не қылмыспен келдіңіз?

– Адам қылмыспен келе ме мұнда, – шал ақырып жіберіп еді, екі көзі шоқтай шашылып ту сыртымыздан өте шыққандай болды.

– Жаламен, пәлемен келгенмін, білдің бе?

– Білеміз ата, білеміз! – деп Қуат иіле түсті. – Сөйтсе де қандай жала екенін білгіміз келіп еді!

– Е, онда… Онда жөн!... Мені «неміздің» дей ме, «кәрмәнның» дей ме, бірдеменің шпионысың деп неше өлтіріп, неше тірілтті. Қарағым, бәріміз бір құдайдың құлымыз ғой, Аллаға сенсең, сол кәрмен деген немісінің кім екенін әлі күнге дейін білмеймін, соны түсіндіріңдерші маған, немізі кім, кәрмәні кім осыларыңның?

– Оған мойындадыңыз ба?

– Е, мойындамасаң мойыныңды үзе салмай ма бұлар, айтқанына мойындатпай қоя ма?! – деп қарт оң бармағын шошайтты, – мына бармағымды қайырып отырып шығарып еді, қағаздарына өздері басып алған! Ал мен кеттім, көп сөйлесем, анау төбеде тұрған қара төбеттері талап тастайды.

Қарт жер бауырлаған күйі сүйретіле жөнелді. Қалған жарты момысын қатты сығымдап түйілген жұдырығын көтере екі шынтағымен «адымдап» бара жатты. Неміске шпион болуды былай қойып, тіпті неміс пен герман атаудың да не нәрсе екенін әлі білмеген қарапайым қарттың белден төменгі жарымы қымырлауды да білмей қалыпты!

– Белі үзілген! – деп күрсінді Құндақбай.

– Шегелі тақтайға жалаң аяқ бір сөтке тұрды. Кептеліп қалған табанын шегенің жұмыр бастарынан төрт жігіт күшеп жұлып алғанда да үн шығармаған асқан шыдамды шал еді. Шықшытынан қармақ іліп ұшыратын «аэроплан» тергеуінен де, патефон инелері қағылған жылжымалы тақтайға тұрғызып жүгіртетін, «тәңкі» тергеуінен де қатты зақымдалмай аман өтіп еді. Екі-үш күн жатып есін жиған соң әйнек қиыршықтарына тізелетіп қойып, белінен тепкенде күйреп түсті. «Қылмыс» болмысы әлгі өзі айтқандай! – деп Құндақбай басын шұлғып-шұлғып қалды. Сағатына қарап атып тұрды сонан соң, пальтосының жағасын көтеріп құндақтала қойды да, екі қолын жан қалтасына салды.

– Сәдуақастардың жұмыстан қайтатын уақыты болды, мен барып айтып, осы қораға әкелейін, бірақ оған сендерді жақындатпайды да, сөйлестірмейді де, алыстан болса да көрісіп алыңдар! Айтқан сәлемін мен жеткіземін…

Бет-аузына қап-қара сақал өскен үш жыл алдындағы нардай Сәдуақас бүкшиіп семіп кетіпті. Түп қораның тар есігінен шыға келіп тұрып қалды. Біз Құндақбай есігінің алдында сәлем ишарасымен қолымызды кеудемізге апардық. Ол да солай етіп басын изеді. Тым кәртейген адамдай бүкірейіп тұр. Қуат солқ-солқ ете түсті. Сәдуақастың үңілген үңілісіне, көзін сипалай беруіне қарағанда анық көре алмай тұрғаны, тоқтан көзі зақымдалғаны байқалады.

– Мен, аға, мен Қуатпын! – Қуат маған сөйлегендей қарап дауыстады, – оқуға келдім, үй іші аман!

Сәдуақас үш рет бас изеді де, артына қайырылып қайта берді. Оның киіз байпақ пен табылғанынша тамақ әкелуге тапсырғанын Құндақбай айтып келіп еді, тамақ алып беріп тұру жөнін Қуат оның өзіне өтініп көндірді де, ақша өткізді. Сәдуақасқа хат жазып, үй ішінің амандық жайын баян еткенде, мен де әке-шешем атынан сәлем жазып қол қойдым.

– Аға, осы кісілер аман шығар ма екен? – деп Қуат жыламсырай сұрады Құндақбайдан.

– Сәдуақас пен әлгі шал сияқтылардың аман қалуы мүмкін. Бұларды бүкшеңдеуі мен еңбектеуі тірі қойып отыр ғой. Әлі де сақтар, ал аман қалса қатер тудырады деп күдіктенетін қайрат-қабілеті бар адамдарды көміп жоғалтып жатыр. Бұл әрекет герман фашизмі Совет Одағына басып кіргеннен кейін былтырғы июньде басталған. Әр күні кешке жақын әр түрмеге нөмерленген брезент дағарлар (қап) келеді. Іңірде әр дағарға сол нөмерлі қылмыстыны тіркей «қаптап» қояды да, түн ортасында машинамен әкетеді. Дағарға бір кіргенін екінші көре алмаймыз. Сол нөмерлі дағар да жоқ, сол нөмерлі адам да жоқ болады.

Мен түршігіп, тітіреніп алып сұрадым.

– Ағай, Дөрбілжін ауданынан келген Елсадық дейтін кісіні білемісіз?

– Естігенмін. Екінші түрмеде еді… саған… Елсадықтың қандай жақындығы бар еді?

– Ұстаз еді. Дөрбілжін халқының ең құрметті адамы еді.

Құндақбай аз ойланып барып, соза күрсінді.

– Халықтың ең құрметтісі болса, бұл үкіметтің ең ауыр қылмыстысы болғаны ғой. Ол кісіні осы биыл тамыз айында болуы керек, ауырып өлді деп ұқтырды. Мен өзім ауырып өлді деген хабарды «ауыртып» өлтірді деп ұғатын болып жүрмін. Себебі биыл күз басында Чын Тән Чу, Мау Зымин, Қожанияз, Шәріпхандай мықты жауларына әсіре аспирин беріп өлтірген.

– Осынша неліктен жауықты?! – деп ширықты Қуат та. Ал, Құндақбай өзінің үйреншікті мұзындағы түлендей міз бағар емес.

– Жаулықтан қорқыныш туылады, қорқыныштан жаулық туылады, інішек, – деп күлімсіреп қойды өзі, – ішінде жаулығы бар адам қауіптенгіш-секемшіл келеді. «Сезікті секіреді, қорыққан бұрын жұдырықтайды».

– Үкімет басына шыққаннан-ақ «данышпан көсем», халықшыл деген сөздер осы кісінің меншігі сияқты болып келіп еді, сол «халықшылдығы» қайда қалған?! – дедім мен.

– Халықшылдық – өзін суға батырмайтын қайығы ғана шығар. «Халықшылдықты» халықтың төбесіне шығатын баспалдақ етіп пайдаланды да, шығып орнығып алған соң онысын теуіп құлата салмады ма, – деп күлімсіреді Құндақбай, – қатарыма біреу шықса жазым етер деп құлатқан. Сонда да жармасады-ау деп қауіптенгендеріне тас домалатып, қылыш сермеп, құныперен-көктүтек болып отыр. – Мына суреттеуге Қуат екеуміз қарқылдап күліп кетіп едік. Шешеннің өзі жай ғана мырс-мырс етіп қойып, сөзін қайта бәсеңдей жалғастырды, – халықшылдық, халыққа қамқорлық ежелден Шың Сысайдың емес, мұнымен шарттасып үкімет құрамына қатынасқан коммунизмшілердің ісі болатын. Халықаралық ауқымның қазіргі түнек боранында оларды жеп болған соң ғана өзінің ежелден кім екенін көрсетіп отырмай ма. Ағасы Жаңкәйшінің аяғын құшақтай алды ғой!... Осы сынды «халықшыл көсемнің» өз ындынына ең лайық «құрметті» Шынжаңда, Алтайдың ақсақ қабыланы Оспан ғана көрсетіп келеді, ха–ха–ха… Әр шатқалдан бір ыршып жүріп, зәресін әбден алып болды өзінің. «Данышпанымыз» жиып алған барлық тасын соған домалатып тауысты… Жә, бауырлар, – деп Құндақбай ресми бір салқын шырайға енді, – бұл сөз осы жерде қалсын, мақұл ма, сыртқа бір ауыз шықпасын!

– Түсінеміз, ағай, жас демей, бала демей сенгеніңізге мың рахмет! – дедім мен де.

– Ақан ең жақын көретін ағайын еді. Соның тапсыруымен ғана таныстық беріп отырмын. Екеуіңе ішкі жағдайды түсіндіріп, қатерден сақтаныңдар, – деп жазған екен, – қолымнан келгенінше жәрдемдесейін деп көп сөйлеп қойдым. Әйтпесе мына көк пальтоның жағасынан тұмсығын да көрсетпейтін кірпі оңайлықпен ашыла қоя ма! Қатер деген қазір қас пен көздің арасында, інішектер, менімен таныстықтарыңды ешкімге білдіре көрмеңдер!

Біз екеулей сенім беріп, қос-қостан серт айта шықтық.

Сыртынан қарағанда өз кәсібіне лайықсыз, құр кербез, қуыс кеуде, тұйық әлемнің бір жануары кейпіне кіріп алған осы түрме кілтшісінің тым сорлы адам емес екенін түсінгендейміз. Неліктен құндақталып жүретіндігі бізге енді мәлім болды.

Үрімжіге келгелі көрмесем де, қалыңдық қыздар институтының қай нөмерлі жатақханасына орналасқанын естігенмін. Түс уақытында жетіп, жазбай таптық. Өзі тұратын ғимараттың алдында келбетті бір ұйғыр офицерімен сөйлесіп тұр екен. Қазіргі Үрімжі қыздары жан береді дейтін сары погон бұл офицердің екі иығынан бірдей тартылып, көкірегін мұздай сірестіріп алыпты. Менің көкірегіме де мұздай бір нәрсе домалаң ете түсіп, дереу қайта жөнелгендей болды. Мұның қызғаныш екенін қапелімде қайдан білейін, көрінгеннен-ақ қалыңдыққа аңтарыла қараумен болдым. Басын төмен салып тұрған ол, бізге жалт қарады да, бес-алты қадам қарсы жүріп келіп амандасты. Қызара қалған ақ сұры жүзі ағарып барып, қайта қызғылт тартты.

– Үй, өздерің нағып мұнша қымбаттап кеттіңдер! – деп үнін мұрнына жібере сөйлеп, зорлана күлімсірегендей болды. Мұнысы анау мырзаның алдында бізге жарқылдаудан қысыла сөйлегендіктің белгісі екенін сезгендеймін.

– Біз, көбе жеп, көңіл көтеруден босай алмай жүрдік, – дедім әлгі бір таралып жүрген өлеңді меңзегенім еді. Қалыңдық түпкі мәнін түсінбеген рай білдірді.

– Сендер де қаспақ жедіңдер ме?

– Үрімжідегі қаспақ «Сыпан шөян таздарына» ғана тән емес пе!

Бұл сөзіме офицер күлімсіреп бетін әрі бұрып алды. Қалыңдық оған бір қарап қойып, біздің жайымызды тақауырлай сұрады.

– Денсаулықтарың қандай? Үрімжінің ауасы жағатындай ма? Тұрмыстарың қалай?

Қуат екеуміз кезектесіп жауапты ыңғай «жақсымен» қайтара бердік те, өз тұрмыс күйінен қысқаша сұрастық.

– Жә, біз амандасып шығуға ғана келдік, – дедім мен ұзаққа созылған амандасуды аяқтай бере, – жолда бір жұмыспен кешігіп қалыппыз. Енді қайтып жеткенімізше уақытымыз бітеді. Кейін және келерміз, қайттық.

– Үй, жатақханаға кірмейсіңдер ме?!

Алдымыздан тосып, осынша амандаса берудің өзі – осы жерден қайтара салайын дегендік екенін түсініп едім.

– Кірмейміз! – деп күбірлей қайырдым жауабын, – анау кісіңіз тосып қалды!

– Кісің не, ол да шәуешектік, ол да, сендер де кіріңдер!

– Жоқ, рахмет, кеш қаламыз! Ал шәуешектік «кісі» емес пе екен, – деп мен үнімді офицерге жеткізе қайырдым, – меніңше, кісінің талайы Шәуешектен шығар!

– Ал, сау тұр! Келесі жексенбіде көрісерміз.

Ойлана күлген қалыңдық біз жөнеле бергенде күлкісін тез жиып, қарап қалып еді.

– Ей, тоқташы ей! – деді іле–шала, ол лыпылдай басып, артымыздан қуа жеткенде, мен де қарсы аяңдадым, – не болды ей, саған? – деп күбірлеп қадала қарады.

– Не болушы еді, кешігіп қаламыз ба деп асығып тұрмын. Не болған сияқты?

– Сөздерің бір түрлі ғой өзіңнің?!

– Сөз деген екі түрлі болушы ма еді?! – Қалыңдық сақылдап күлді.

– Сылқымым, осы сөзіңнің өзіңде де қыршаңқылық тұрмай ма?

– Сүйікті қатқан терім, өзің қуыстанып тұрсың! – Қалыңдық бұған да сақылдады.

– Онда, солай-ақ болсын… Алдағы жексенбіде кел, иә?!

– Мақұл! – деп жөнеле бердім. Әлі қақшиып тұрған офицерге қарай бұрала басып қалыңдық жөнелді. Осы бір ақ жарқын, өткір де өжет әнші қызға мен әдемі гүлге қарағандай ғана қарап, үнін бұлбұлдың үніндей ғана тыңдайтынмын. Алғашқы әуесім соншалық қана дәрежеде еді. Гүлге адамның көзі көп түседі. Бұлбұлға құлағы ұйиды. Бірақ, адам жүрегін екеуі де дәл ғашық жардай құмарлық отына тартып түсіре алмайды ғой. Жол бойында мен оған эстетикалық сезімнің сондай ғана тарту күшімен бағынып, тербетіліп келгенмін, сонда да бірер айдан бергі жолығыспаудан сағыныш сезімі де күшейді. Құштарлығым ер жеткендей болды. Бірақ кітаптардан оқығанымдай, әйел жөнінде күйдіріп өлтіретін құмарлық, өз жаныңнан кештіретін құштарлық бар дегенге сенбейтін күйде болатынмын. Ал, құштарлыққа қызғаныш қосылса ғана сонда апатқа көндіруі мүмкін екеніне осы екінші рет жолығысқанда ғана – қалыңдықты сұлу офицердің қасынан көргенімде ғана бір сәт мойындағандай болдым. Бірақ қызғаныштың өзі жарымес сезімнен пайда болғанын білген жанға ондай апат мүлде жоқ сияқты. Бұл түйінге мен былай келдім: