Мұхит аралдарының аудандастырылуы.

Мұхит Аралдары – Тының мұхиттың орталығы және оңтүстік-батыс бөлігіндегі аралдары тобы (10 мыңдай). Жері 1,26 млн км². Аралдар Солтүстік жарты шардың субтропиктік (28° 25’ солтүстік ендік) және Оңтүстік жарты шардың қоңыржай ендіктері (52° 30’ оңтүстік ендік) аралықтарында орналасқан. Ең ірі аралдары Жаңа Гвинея мен Жаңа Зеландия мұхит аралдары жерінің 80%-ын қамтиды. Бүкіл құрлықты дүние бөліктеріне бөлгенде мұхит аралдары Австралиямен қосылып айтылады. Халқы (Австралиясыз) 8 млн-дай (1971).

Мұхит аралдары Меланезия (батыстағы ең ірі аралдар), Микронезия (Меланезиядан солтүстіктегі ұсақ аралдар), Жаңа Зеландия және Полинезияға (қалған ұсақ аралдарының бәрі) бөлінеді. Рельефі және геологиялық құрылысы. Батыс Микронезия, Меланезия және Жаңа Зеландия аралдарының рельефі таулы, тілімделген. Ең биік жері Жаңа Гвинеядағы Джая тауы 5029 м. Шығыс Микронезия мен Полинезия аралдары шағын, аласа маржанды атоллдар. Мұхит аралдарының атоллдар. Мұхит аралдарының оңтүстік-батыс бөлігі (Меланезия және Жаңа Зеландия) қазіргі тектоникалық қозғалыстар мен вулканизм күшті байқалған мезозой және қайназой қатпарлық зоналарына жатады. Мұхит аралдарының бұл бөлігі гранит интрузиялары жарып өткен әр түрлі кристалдық және шөгінді жыныстардан құралған. Микронезия, Полинезия және Гавай аралдары вулкандық жыныстардан, кей жерде әк тастардан құралған. Вулкандық жыныстардан бұл ауданда басымы – базальт. Вулкандық аралдарға Гавай, Самоа, Маркиз, Кук (Оңтүстік), Тубуаи, Пасха т.б., маржанды аралдарға Маршалл, Каролин, Гилберт, Эллис, Токелау, Кук (Солтүстік), Феникс, Лайн, Туамоту, Науру, Ошен және басқа ұсақ аралдар жатады. Пайдалы қазбалардан маңыздылары – никель рудалары (Жаңа Каледония), фосфат (Науру және Рождество аралдары), мұнай (Жаңа Гвинея), алтын (Жаңа Гвинея, Фиджи), көмір (Жаң Зеландия), мыс (Бугенвиль).

Меланезия (көне грекше: μέλας – қара + νῆσος – аралдар) — Тынық мұхиттағы негізгі арал топтарының бірі. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 5000 километрге созылып жатыр. Басты аралдары мен арал топтары: Жаңа Гвинея, Бисмарк топаралы,Сүлеймен (Соломон) аралдары, Жаңа Гебрид топаралы, Жаңа Каледония, Фиджи. Меланезия аралдары — Ұлыбритания, Франция, Австралия Одағының басқаруындағы және қамқорлығындағы аумақ. Фиджи — тәуелсіз мемлекет. Жаңа Гвинеяның батыс бөлігі (Батыс Ириан) Индонезияның құрамына кіреді. Жалпы ауданы 1 миллион километр квадрат шамасында. Меланезия аралдарының ірілері материктік, ұсақтары жанартаулық жолмен пайда болған. Олар альпі геосинклинальдық белдеміне кіреді. Күшті қатпарлануға ұшыраған гнейс, кристалдық тақтатас, әктас және гранит интрузиялары кеңінен таралған. Аралдардың басым бөлігінің жер бедері таулы. Ең биік жері Жаңа Гвинеядағы Джая тауы (5029 метр). Климаты экваторлық және субэкваторлық, оңтүстік аралдарда тропиктік. Орташа айлық температурасы жыл бойы тұрақты дерлік: ең ыстық ай — ақпанда 25 — 28°C, ең салқын ай — тамызда 21 — 23°С. Жылдық жауын-шашынның орташа мөлшері таулардың терістік беткейлерінде 700 — 900 миллиметр, қалған бөлігінде 1000 — 2000 миллиметр. Ең ірі өзені — Жаңа Гвинеядағы Флай (ұзындығы 800 километр). Экваторға таяу жатқан солтүстік аралдарда ылғалды тропиктік қалың ормандар өседі (нан ағашы, қауын ағашы, пальма түрлері, тағы басқа). Орталық және оңтүстік аралдарда муссондық ормандар мен саванналар бар. Жануарлар дүниесі австралиялық түрлерге ұқсас (қалталы сүтқоректілер, казуарлар, жұмақ құстары, тағы басқа). Байырғы халқының басым көпшілігі (2/3) папуастар және меланезиялықтар (1/4). Тұрғындары егіншілікпен, балықшылықпен, мал шаруашылығымен, және ағаш дайындау, маржан жинау кәсіптерімен айналысады. Түрлі түсті металл кендері өндіріледі.

Микронезия Федеративтік Штаттары. Микронезия (ежелгі гректің "микрос, несос" - "кіші аралдар" деген сөзінен шыққан) - Тынық мұхиттың батыс бөлігінде, Каролин аралдарында орналасқан мемлекет. Жер аумағы 702 км2. Астанасы – Паликир қаласы. Халқы 133 мың (2000 жылы). Ресми тілі – ағылшын, жергілікті халықтардың тілдері де кең тараған. Топ арал халқы микронезиялық және полинезиялық аталатын этнос топтардан құрылған. Тұрғындарының басым көпшілігі – протестанттар, қалғандары – католиктер. Мемлекет және үкімет басшысы – президент. Жоғарғы заң шығарушы билік бір палаталы парламент – ұлттық конгресске жүктелген. Әкімшілік жағынан 4 штатқа (Трук, Костраэ, Понапе, Иап) бөлінеді. Ұлттық мейрамы – Тәуелсіздік күні – 10 мамыр (1979 жыл). 1991 жылдан БҰҰ-ға мүше. Елде саяси партиялар жоқ. Ақша бірлігі – АҚШ доллары

Полинезия (көне грекше: πολύς – көп + νῆσος – аралдар) — Тынық мұхиттың орталық бөлігіндегі Мұхиттық аралдар құрамындағы аралдар тобы. Полинезияның құрамына Гавайи, Туамоту, Тонга, Самоа, Пасха, т.б. топаралдар кіреді. П-да тәуелсіз мемлекеттермен қатар, Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Жаңа Зеландия, Чилидің иелігіндегі аралдар бар. Жалпы аумағы (Жаңа Зеландиясыз) 26 мың км²-ге жуық. Халқы 4,5 млн. адам. П. аралдарының көпшілігі маржанды атолдардан тұрады, қалғандары жанартаулық аралдар тобына жатады. Аралдардың басым бөлігінің жер бедері таулы. Ең биік жері — Гавайи аралдарындағы сөнген Мауна-Кеа

жанартауы (4205 м). Гавай, Самоа, Тонга аралдарында сөнбеген жанартаулар кездеседі. Климаты — экваторлық, тропиктік; пассат желдері басым. Жылдық орташа температура 22 — 26°С; жауын-шашынның жылдық орташа мөлш. 1500 — 3500 мм. Таулы аралдардың көпшілігінде мәңгі жасыл субэкваторлық, тропиктік ормандар мен саванналар тараған. Кокос,банан, ананас, какао, пальма түрлері, нан ағашы, күріш, т.б. тропиктік дақылдар өсіріледі. Балық, теңіз тасбақасы ауланады, меруерт жиналады. Полинезия аралдары Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия және Австралияны жалғастырушы жол болып табылады. Ірі қалалары мен порттары — Гонолулу (Гавайи аралдары), Апиа (Самоа), Аваруа (Кук), т.б.

 

Билет