Мұраның ашылу орны және уақыты

Мұра азаматтың қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау салдарынан ашылады. Мұра қалдырушының қайтыс болған күні, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде, егер сот шешімінде басқа күн көрсетілмесе, азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі күшіне енген күн мұраның ашылу уақыты болып табылады. Егер бірінен кейін бірі мұрагер болуға құқылы адамдар бір күнде қайтыс болса олар бір мезлілде қайтыс болған деп танылады және олардың әрқайсысынан кейін мұрагерлік ашылады да олардың әрқайсысының мұрагерлері мұрагерлікке шақырылады. Мысалы, белгілі бір апатта азаматты қайтыс болды деп жариялағанда, сот қайтыс болу күні деп, апат болған күнді бекітеді.

Мұраны қалдыру уақыты дегеніміз не? Сот шешімінде көрсетілген күн мен сол шешімнің күшіне енген мерзімі әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан осындай жағдайларда сот шешімі күшіне енген күннен бастап есептеген дұрыс.

Мұраны ашу уақыты өте маңызды, өйткені онымен келесі анықтамалар байланысты:

· мұрагерлік мүліктің құрамы;

· мұраны қалдыру не мұрадан бас тарту мерзімі;

· кредиторлардың талап қою уақыты;

· мұрагерлердің мұрагерлік мүлікке ие болу құқығының пайда болу уақыты;

· мұрагерлік құқы куәлігін беру уақыты;

· негізге алынатын заңдар.

Мұраны ашу жері мұра қалдырушының соңғы тұрған жері болып табылады. Егер мұра қалдырушының соңғы тұрған жері белгісіз болса, мұраны ашу жері мұра немесе оның үлкен бөлігі орналасқан жер болып табылады. Кейбір жағдайларда тұрғылықты жерді анықтау мүмкін емес. Бұл ең алдымен босқындарға қатысты. Бірақ қандай жағдай болмаса да мұра қалдырушы тұрған жер мұраны ашу орны болып саналады. Бірақ осы сияқты жағдайларда нотариалдық тәжірибеде кездесетін проблемалар туындайды. Егер мұра қалдырушы Қазақстандағы кірпіш завод және Армениядағы шарап заводының иесі және еш жерде тұрақты тұрмаған болса, мұраны ашу орны қайда болады? Бұл кезде мұраны ашу жері болып мұраның көп бөлігі орналасқан жер болып табылады. Уақытша шет елде тұрып, қайтыс болған Қазақстан Республикасының азаматының мұрасын ашу орны болып, шет елге шыққанша Қазақстан Республикасында тұрған жері болып табылады. Шет елде тұрақты тұрған Қазақстан Республикасы азаматының мұрасын ашу орны болып, оның шет елде тұрақты тұрған жері болып табылады. Бұл кезде мұрагерлік құқық куәлігін Қазақстан Республикасының Консулдық мекемесі немесе шет елдің осындай жұмыстарымен айналысатын мекемесі береді.

Мұра қалдырушыМұра қалдырушы (Қазақстан Республикасының, шет ел немесе азаматтығы жоқ тұлға) қайтыс болғаннан кейін мүлкі мұрагерлік тәртіп бойынша басқа тұлғаларға өтетін жеке тұлға. Егер мұра қалдырушы азамат заңды түрде өз мүлкін қалай бөлетінін жазса, өсиетші болып табылады. Ал мүлкі туралы жазған документ өсиет деп аталады. Мұрагерлікте заңды мұрагерлер және өсиет бойынша мұрагерлер болады. Заңды тұлғадан мұра алу мүмкін емес, сондықтан заңды тұлға мұра қалдырушы бола алмайды.

Мұрагерлер Қайтыс болған азамат мүлкі өтетін тұлға мұрагер деп саналады. Заңды мұрагерлердің қатарын заң бекітеді де, өсиет бойынша мұрагерлердің қатарын өсиет белгілейді. Азаматтар сияқты заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасы, шет елдер, халықарлық ұйымдар мұрагер бола алады. Мұра қалдырушы қайтыс болған уақытта тірі болған әрбір азамат мұрагер бола алады.

Мұра ашылған кезде тiрi жүрген, сондай-ақ мұра қалдырушының тiрi кезiнде iште қалған және мұра ашылғаннан кейiн тiрi туған азаматтар өсиет және заң бойынша мұрагер бола алады.

Мұра ашылғанға дейiн құрылған және мұраның ашылу уақытында болған заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет өсиет бойынша мұрагерлер болуы мүмкiн. Кейбір жағдайларда мұрадан лайықсыз мұрагерлер шеттетіледі:

1. Мұра қалдырушыны немесе мүмкiн болатын мұрагерлердiң бiреуiн қасақана өлтiрген немесе олардың өмiрiне қастандық жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ. Бұған өсиет қалдырушы оның өмiрiне қастандық жасалғаннан кейiн өздерiне қатысты өсиет қалдырған адамдар кiрмейдi.

2. Мұра қалдырушының соңғы еркiн жүзеге асыруға қасақана кедергi жасаған және сол арқылы олардың өздерiн немесе оларға жақын адамдарды мұрагерлiкке шақыруға не мұраның оларға тиесілі үлесін көбейтуге ықпал жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ.

3. Балаларына ата-аналық құқықтарынан айырылған және мұра ашылған кезде бұл құқықтарын қалпына келтiрмеген ата-аналардың балаларынан қалған мұраны, сондай-ақ мұра қалдырушыны күту жөнiнде өздерiне заң күшiмен жүктелген мiндеттердi орындаудан жалтарған ата-аналардың (асырап алушылардың) және кәмелетке толған (асырап алынған) балалардың заң бойынша мұраны алуға құқығы жоқ.

4. Лайықсыз мұрагерлердi мұрагерлiктен шеттетуге негiз болатын мән-жайларды сот белгiлейдi.

Осы ережелер барлық мұрагерлерге, соның iшiнде міндеттi үлеске құқығы бар мұрагерлерге де қолданылады.

Өсиет бойынша мұрагерлікте мұрагерлердi қосымша тағайындау да кездеседі.

Өсиет қалдырушы өсиетте көрсетiлген мұрагер мұра ашылғанға дейiн қайтыс болған, оны қабылдамаған не одан бас тартқан, сондай-ақ мұрагер мұра қалдырушының заңды талаптарын өсиет бойынша орындамаған жағдайда, басқа мұрагерлер тағайындалады.

Мұрагер бола алатын кез келген адам қосымша тағайындалған мұрагер болуы мүмкiн. Өсиет бойынша мұрагердiң қосымша тағайындалған мұрагерге пайдасы тимейтiн бас тартуына жол берiлмейдi.