Лекция №9. Тауарлы-материалдық қорлардың есебі

 

Тауарлы-материалдық босалқылар – бұл шикізат, материалдар, сатып алынған жартылай фабрикаттар, отын, ыдыс және ыдыстық материалдар, қосалқы бөлшектер мен басқадай материалдар түріндегі активтер.

Тауарлы материалдық босалқылар өндірісте пайдалану үшін немесе жұмыс, қызметтер орындауда, аяқталмаған өндіріс, дайын өнім, тауарлар шығару үшін арналған. Өздерінің өзгешіліктері мен өнім дайындауда атқаратын міндеттеріне қарай барлық босалқылар негізгі және көмекші материалдар болып бөлінеді.

Кәсіпорында тауарлы материалдық босалқыларды есебін ұйымдастыру үшін олардың атқаратын міндеттеріне қарай дұрыс топтастыру маңызды: шикізат және материалдар, көмекші материалдар, сатып алынған жартылай фабрикаттар, қалдықтар, отын, ыдыс және ыдыстық материалдар, қосалқы бөлшектер.

Материалдық босалқылар қозғалысы мен байланысты барлық операцияларды құжаттайды. Материалдармен бірге келіп түсетін шот-фактураларды, төлем талабы-тапсырмасы, тауар көліктік накладнойын жабдықтау бөліміне немесе бухгалтерияға өткізеді. Мұнда оларды қабылданған жүктерді есепке алу журналына тіркейді.

Материалдардың қабылдануы бойынша келесі құжаттар толтырылады: сенім хат, берілген сенімхаттарды есепке алу журналы, кіріс ордері, материалдарды қабылдау актісі, жетіспеушілігі және жоғалуы туралы акт, табиғи жетіспеушілік мөлшерінде жоғалуы туралы акт, материалдардың бүлінуі, сынуы, қирауы туралы акт.

Материалдарды қоймадан босату кезінде толтырылатын құжаттар: лимитті заборлы карта, материалдарды ауыстырып беру акт талаптамасы.

Қоймадағы материалдық босалқылардың есебін материалды жауапты тұлға натуралды өлшемде материалдарды есепке алу картасында жүргізеді. Әр босалқының номенклатуралық нөміріне жеке карта ашылады.

Материалдардың қозғалысын рәсімдейтін құжаттарды қабылдап алуды бухгалтер қоймада «Құжаттарды қабылдап-тапсыру реестрін» толтыру арқылы жүргізеді.

Босалқылардың есебін бухгалтерияда жедел бухгалтерлік /сальдолық/ әдіс бойынша ұйымдастырады. Сальдолық әдістің мәні мынада: босалқылардың саны бойынша есебін тек қана қоймада жүргізіп, бухгалтерияда сақталу орны және субшот немесе босалқылардың әр тобы бойынша ақшалай өлшемде есепке алу.

Бухгалтерияда бастапқы құжаттардың мәліметтері негізінде материалдарды есепке алу жинақтау ведомосі толтырылады. Ведомостың мәліметтері бухгалтерлік және қоймалық есеп мәліметтерін салыстыру қолданады.

Материалдардың қалдығы кітабы бухгалтерияда сақталады, материалдардың қалдығы жөнінде мәлімет қажет кезінде қолданылады. Айдың соңында кітап бухгалтериядан қоймаға беріледі. Қойма меңгерушісі материалдық құндылықтардың ай соңындағы қалдығын жазып, оны өзінің мөрімен растайды.

Тауарлы-материалдық құндылықтардың есебі 1310, 1350 «Материалдар», 1340 «Аяқталмаған өндіріс», 1320, 1330 «Тауарлар» бөлімшелерінің негізгі, активті шоттарында жүргізіледі.

Тауарлы-материалдық босалқылар өзіндік құнның және сатудың таза құнының ең төменгі мәні бойынша бағаланады. Сатудың таза құны босалқылар толық немесе жартылай секіргенде, бүлінгенде немесе сату бағасы төмендеу себептерінен нақты өзіндік құнын қайта қалпына келтіруге болмайтындықтан қолданылады.

Сатудың таза құны-тауарларды сатуға дайындау және сату шығыстарын шегеріп тастағандағы тауарларды сатудың шамаланған бағасы.

Тауар-материалдық босалқылардың өзіндік құны оларды сатып алу бойынша шығындарын, дайын өнім өндірумен тікелей байланысты шығындардан және тауарлы-материалдық босалқылар орналасқан жерге тасымалдау барысында пайда болатын шығындардан құралады.

Егер кәсіпорынмен материалдық құндылықтардың аналитикалық есебі келісім бағасы бойынша жүргізілсе, онда олардың нақты өзіндік құны осы бағадан және көліктік дайындау шығыстарынан құралады.

Бухгалтерлік есептің стандарттарына сай кәсіпорындарға материалдық босалқыларды бағалаудың келесі әдістері ұсынылады: орташа өлшенген құндық әдіс, босалқыларды алғашқы сатып алу бағалары бойынша бағалау /ФИФО/ әдісі, босалқыларды соңғы сатып алғандардың бағасы бойынша бағалау /ЛИФО/ әдісі, арнайы идентификациялау /бірыңғайлау/ әдісі. Аудармалы әдебиеттерде «ФИФО», «ЛИФО» сөздері қолданылса, бұл сөздер «ФИФО», «ЛайФО» деп те айтыла береді.

Материалдар келіп түскенде және оларды қоймаға қабылдау барысында берілетін бухгалтерлік жазу: 1310, 1350 «Материалдар», 1320, 1330 «Тауарлар» бөлімше шоттарының дебетіне 3310 «Төленетін шоттар», 8010 «Негізгі өндіріс», 8030 «Көмекші өндіріс» бөлімше шоттарының кредитіне.

Қоймадан материалдардың жұмсалуына берілетін бухгалтерлік жазулар: 1310 «Материалдар» бөлімше шоттар1310, 1350 кредиттеліп, 8011, 8031, 8041 «материалдар», 7110 «Дайын өнімді өткізу шығыстары», 7210, 7440 «Жалпы әкімшілік шығындары», 7410 «Негізгі емес қызмет бойынша басқа да шығындар» шоттары дебеттеледі.

Сатылған материалдардың, дайын өнімнің келісім құнына 1210, 2110,301 «Алынатын шоттар», «Алынған векселдер», 1280, 2180 «Сатып алушылар мен тапсырыс берушілердің басқа берешегі» шоттары дебеттеліп, кірістердің шоттары кредиттеледі.

Жұмсалған материалдар тұтынушылардың шоттарына нақты өзіндік құнымен есептен шығарылады. Тауар материалдық босалқылардың есебінің жүйесі үздіксіз және кезеңдік болып бөлінеді.

Үздіксіз жүйені қолдану барысында тауар материалдық босалдқылардың түсуі мен жұмсалуы баланс шоттарында нақты, егжей-тегжейлі көрсетіледі. Ал есептің кезеңдік жүйесінде жыл бойында тауар материалдық босалқыларды есебі түбегейлі жүргізілмейді. Тауар материалдық босалқылардың нақты қолда бары кезеңімен жүргізілетін түгендеудің нәтижсі бойынша анықталады.

Тауарлы-материалдық құндылықтарды түгендеу меншіктің сақталуын, қүндылықтардың сапалы күйін, олардың қоймалық және бухгалтерлік есепке алынуын қамтамасыз ететін бақылаудың бір тәсілі. Түгендеу барлық кәсіпорындарда жүргізіледі. Түгендеуді кәсіпорын қызметкерлерінен құралған түгендеу комиссиясы жүргізеді. Комиссиямен ТМБ-дың нақты қолда бар саны көрсетілген түгендеу тізімі толтырылады. Тізім бухгалтерияға өткізіліп, сонда салыстыру тізімі толтырылады. Нәтижесінде нақты қолда бар материалдардың есеп мәліметімен сәйкестігі анықталады.

Түгендеу нәтижелері есепте мына тәртіппен реттеледі:

Артық шыққан құныдылықтар кірістеледі: 1310,1350 «Материалдар», бөлімше және 1320, 1330 шоттары дебеттеліп, 6160 «Негізгі қызметтен түсетін басқа да табыстар» шоты кредиттеледі. Жетіспеушілік және зиян сомасына 1280, 2180 шоты дебеттеп, 1300,1320 бөлім шоттарын кредиттейді. Табиғи кемуі салдарынан нормалардың шегінде материалдық құндылықтардың жетіспеушілігі өндіріс шығындарына жатқызылады. Ал норма шегінен асып кеткен жетіспеушілік, ұрлау тұлғаның мойнына апарылады. Кінәлі тұлға табылмаған жағдайда жетіспеушілік кәсіпорын шығыстарына жатқызылады.