Бап. Мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулер

1. Мемлекеттiк қызметшiнiң:

1) өкiлдi органдардың депутаты болуға;

2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға;

3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, соның iшiнде, егер коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оның қызметтiк мiндетiне кiрмейтiн болса, егер "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгіленбесе, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;

4) үшiншi тұлғалардың істерi бойынша өзi қызмет iстейтiн не өзiне тiкелей бағынысты немесе өзiнiң бақылауындағы мемлекеттік органда өкiл болуға;

5) өзiнiң қызметтiк iс-әрекетiн материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсатта пайдалануға;

6) ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;

7) лауазымдық өкiлеттiгiн орындауға байланысты азаматтар мен заңды тұлғалар көрсететiн қызметтi жеке мақсатына пайдалануға құқығы жоқ.

2. Мемлекеттік қызметші қызметке кіріскеннен кейін бір ай ішінде, осы адамға заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы, өзінің меншігіндегі үлестерді, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы табыс алуға әкелетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызметті өткеру уақытына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Мүлікті сенімгерлік басқаруға арналған шартты нотариат куәландыруға тиіс. Мемлекеттiк қызметшi мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға арналған шарттың нотариат куәландырған көшiрмесiн нотариат куәландырған күннен бастап он күн мерзiмде жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметiне) ұсынады. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерін, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы мен мүшелерін қоспағанда, мемлекеттік қызметшілердің өздеріне тиесілі облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын сенімді басқаруға бермеуіне болады.

Мемлекеттік қызметшінің сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен кіріс алуға құқығы бар.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерін, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы мен мүшелерін қоспағанда, мемлекеттік қызметшілер тұрғын үйлерін мүліктік жалдауға беруге құқылы.

2-1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы мен оның орынбасарлары аталған лауазымдарға тағайындалған күндерінен бастап бір ай мерзімде өздеріне тиесілі инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың акцияларын сенімгерлік басқаруға беруге және оларды сенімгерлік басқаруға арналған, нотариат куәландырған шарттың көшірмесін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кадр қызметіне ұсынуға міндетті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы мен оның орынбасарлары инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын сатып алуға құқылы емес.

3. Заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiге өзiнiң жақын туыстары ата-аналары, балалары, бала асырап алушылар, асырап алған балалар, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi, аталары, әжелерi, немерелерi) немесе ерi (зайыбы) атқаратын қызметке тiкелей бағынысты лауазым атқаруына болмайды.

3-1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жақын туыстары мен жекжаттарына (жұбайлардың аға-iнiлерiне, апа-сiңлiлерiне, ата-аналары мен балаларына) қатысты лауазымдық өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен шектеулер көзделуi мүмкiн.

4. Мемлекеттiк қызметке:

1) белгiленген тәртiппен әрекетке қабілетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп танылған;

2) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;

3) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi қызметтердi атқару үшiн денсаулық жағдайына арнаулы талаптар белгiленген реттерде медициналық мекеменiң қорытындысына сәйкес лауазымдық өкiлеттiктi орындауға кедергi келтiретiн науқасы бар;

4) өзiнiң мәртебесiн және соған негізделген беделiн жеке басылық, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi ықтимал әрекеттерге жол бермеу мақсатында өзiне заңмен белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;

5) мемлекеттік қызметке кірер алдында үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған адамды қабылдауға болмайды. Бұл ретте, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған адам мемлекеттік қызметке жіберілмейді;

6) алынып тасталды;

6-1) мемлекеттiк қызметке кiргенге дейiн үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;

6-2) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;

6-3) алынып тасталды;

7) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына өтелмеген немесе заңда белгiленген тәртiппен алынбаған соттылығы бар;

7-1) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыстық жауаптылықтан ақталмайтын негіздер бойынша босатылған;

8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау нысанасына арнайы тексеруден өтпеген;

9) ұйымдасқан топтың, қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның), трансұлттық ұйымдасқан топтың, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың (трансұлттық қылмыстық ұйымның) немесе тұрақты қарулы топтың (банданың) құрамында қылмыс жасаған;

ұйымдасқан топтың, қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның), трансұлттық ұйымдасқан топтың, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың (трансұлттық қылмыстық ұйымның) немесе тұрақты қарулы топтың (банданың) құрамындағы қылмыс туралы оған қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот тоқтатқан не Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі Ерекше бөлімінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шектегі мерзімі өткенге дейін ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қозғаудан қылмыстық қудалау органы бас тартқан адамды қабылдауға болмайды.