Бап. Мемлекеттiк қызметшiлерге қызмет этикасын сақтау жөнінде қойлатын талаптар

1. Мемлекеттік қызметшілер:

1) мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенімін сақтауға және нығайтуға;

2) жалпы жұрт таныған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға;

3) азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық және әдептілік танытуға;

4) мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуіне кедергі жасайтын іс-әрекеттерге қарсы тұруға;

5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісі болуға;

6) заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға;

7) мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық міндеттерін адал және кәсіби деңгейде атқаруға;

8) лауазымдық міндеттерін атқару кезінде жеке және заңды тұлғаларға ерекше ықылас көрсетпеуге, олардың ықпалынан тәуелсіз болуға;

9) жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауға;

10) кадрларды туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша іріктеу мен орналастыру жағдайларына жол бермеуге;

11) қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден олардың қызметтік міндеттерінің шеңберінен тыс тапсырмалар орындауды талап етпеуге;

12) басқа адамдарды құқыққа қайшы теріс қылықтар немесе жалпы жұрт таныған моральдық-этикалық нормалармен сыйыспайтын іс-әрекеттер жасауға мәжбүрлемеуге;

13) басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызмет этикасы нормаларын бұзу фактілеріне жол бермеуге және олардың жолын кесуге міндетті.

2. Мемлекеттік қызметшілер лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде ресми мінез-құлық нормаларын сақтауға тиіс.

3. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайын және онымен байланысты мүмкіндіктерді коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың мүддесіне орай, оның ішінде оларға өзінің көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс.

Бап. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттері

1. Мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға не сыбайлас жемқорлықпен ұштасатын немесе сыбайлас жемқорлыққа жағдайлар туғызатын әрекеттерге жол бермеуге тиіс.

2. Мемлекеттік қызметшілер басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесуге тиіс.

3. Мемлекеттік қызметші, егер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы анық ақпараты болса, мұндай құқық бұзушылықты болғызбау және тоқтату жөнінде қажетті шаралар қолдануға, оның ішінде жоғары тұрған басшыға, өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органның басшылығына, уәкілетті мемлекеттік органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиіс. Мемлекеттік қызметші өзін басқа адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға көндіру жағдайлары туралы да аталған адамдар мен органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға міндетті.

Мемлекеттік органның басшылығы ақпаратты алған күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндіру жағдайлары туралы мәлімдеулері бойынша шаралар қолдануға, оның ішінде тексерулер ұйымдастыру және уәкілетті органдарға өтініштер жолдау арқылы шаралар қолдануға міндетті.

4. Мемлекеттік органның басшылығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндірудің анық жағдайлары туралы хабарлаған мемлекеттік қызметшіні оның құқықтарын, заңды мүдделерін кемсітетін қудалаудан қорғау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.

5. Мемлекеттік қызметшілер жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруын қиындататын іс-әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге тиіс.

6. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық жасаған деп көпшілік алдында негізсіз айып тағылған жағдайда, ол осындай айыптауды анықтаған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығару жөнінде шаралар қолдануға тиіс.