Зергерлік өнерге байланысты атаулардың этномәдени танымдық сипаты

 

Қазақ халқының рухани болмысы мен ой-арманының, қиял-ғажайыбының нәтижесінен материалдық лексиканың құнарлы қабатын құрайтын қол өнері туындап отырған. Ұлт мәдениетінің болмысында осындай мол қабат зергерлік өнер лексикасында ерекше көрініс береді. Тіліміздегі зергерлік өнер лексикасын құрайтын ою-өрнек атаулары халқымыздың өткен дәуірлердегі когнитивтік санасы мен материалдық мәдениеті дәрежесінен мол ақпарат береді. Зергерлік өнерде оны жасайтын адамдар яғни, зергерлер - бірнеше өнерді қатар меңгерген, әмбебап шеберлер, бесаспап адамдар болғаны белгілі. Қазақ тіл білімінде бұл тақырыпқа байланысты бірнеше зерттеу еңбектер бар. Мәселен, М.Ш. Өмірбекованың “Қазіргі қазақ тіліндегі ою-өрнекке байланысты лексика” атты зерттеу еңбегінде тіліміздегі ою-өрнек атаулары біршама қамтылып төмендегідей жіктелістерге түскен:

1) ай, күн, жұлдыз – көк әлеміне байланысты ою-өрнек атаулары;

2) малға, малдың дене мүшелеріне байланысты ою-өрнек атаулары;

3) аңға, аңның дене мүшелеріне байланысты ою-өрнек атаулары;

4) құрт-құмырсқаға байланысты ою-өрнек атаулары;

5) құстарға байланысты ою-өрнек атаулары;

6) геометриялық фигуралар тектес ою-өрнектер;

7) қару-құралдарға байланысты ою-өрнек атулары.

Ою-өрнек атауларын бұлайша топтастыру олардың түрлі заттарға ұқсастығына, қандай затты яки оның бөлшегін тұспалдайтындығына негізделген. Зерттеуші “Ою, өрнек сөздерінің мағынасы – бір-біріне жақын сөздер, яғни бір нәрсені ойып, кесіп, қиып алып немесе екі затты оя кесіп қиюластырып, біріктіре жасау, бір заттың бетіне ойып түсіру. Қазақ тілінде, әдетте, бір өрнекке салып, қиып алған үлгіні, яки үлгіге салып кескен сырмақтың қиығын, сондай-ақ мүйіз тектес ою-өрнекке қосылатын барлық қошқармүйіз өрнектерін де ою дейді.Ал, өрнек - әртүрлі ою, бедер-бейненің күйдіріп, бояп, қалыптап, үлгімен істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортақ атауы” - деп жазады [М. Өмірбекова, 5 б.].

Ою-өрнек атаулары грамматикалық құрылымына қарай түбір тұлғалы атаулар, туынды сөздер арқылы жасалған ою-өрнек атаулары, сөздердің бірігуі арқылы жасалған ою-өрнек атаулары деп жіктеліп, олардың лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалған түрлері көрсетіледі.

Ал этнолингвист зерттеуші Р.Н. Шойбеков “Қазақ тіліндегі зергерлік өнерінің лексикасы” атты кандидаттық диссертациясында зергерлік өнерге байланысты атауларды төмендегідей тақырыптық топтарға бөліп қарастырады:

1) зергерлік әшекей атаулары;

2) әшекейленген тұрмыстық бұйым атаулары;

3) зергерлік бұйымдардағы ою-өрнек атаулары;

4) зергерлік өнерінде қолданылатын құрал-сайман атаулары;

5) зергерлік әшекейлер жасауға қажетті материал атаулары;

6) зергерлік өнерінде қолданылатын өңдеу, әдіс-тәсіл атаулары.

Бұл зерттеу жұмыста зергерлік өнерге байланысты атаулардың жасалуындағы лексика-грамматикалық үлгілері, уәж, уәжділік мәселелері, түркі тілдеріне тән ортақ атаулар мен кірме сөздер жан-жақты талдауға түседі [Р. Шойбеков,15 б.]. Ата-бабаларымыз зергерлік бұйымдарға ат қойып, айдар таққанда олардың негізгі мәнді белгілеріне баса назар аударса керек. Бұл тіл ғылымында номинация, уәждеме теорияларымен байланысты жүзеге асады. Номинация актісінде негізгі үш тірек ұғым жұмсалады: ат беруші, таңбаланушы, таңбалаушы. Осылардың нәтижесінде өзімізді қоршаған әлемдегі заттар мен нәрселерді, құбылыстарды білдіретін көптеген атаулар пайда болады. Яғни кез келген ат қою шығармашылығы номинацияның себебін, дәлелін, уәжін болжайды [Ж. Манкеева, 78 б.].

Асыл тастар мен қымбат материалдардан жасалған атаулар. Қазақ халқында әртүрлі бұйымдарды көз салып әсемдеу үшін қолданылатын асыл тастардың түрі көп. Оның ішінде алтын, гауһар, лағыл, інжу, су тас сияқты аса бағалы тастармен қоса, ел ішіне кең тараған ақық, маржан, меруерт және түрлі-түсті шыныларды атауға болады. Оларды шебер зергерлер жиі қолданған. Әсіресе қыз-келіншек, әйелдердің әсем безендірілген бұйымдары (сәукеле, тұмарша, шолпы т.б.) бір-біріне ұқсамайтын өзгешелігімен, қайталамайтын даралығымен ерекшеленеді.

Алтын сөзі бірсыпыра түркі тілдерінде бір ғана металл мағынасында, кейбір тілдерде металл; ақша, пұл және оқа мағынасында қолданылған. Мысалы: қырғыз тілінде алтын– қызғыш сары түсті металл, өзбек тілінде олтин – сарғыш қызыл түсті қымбат бағалы металл; башқұрт тілінде алтын сөзі металл; бұйым; теңге; оқа (зер), якут тілінде алтын – мыс, мысты (медь, медный; Якутско-русский словарь) мағынасында қолданылады. Алтын сөзінің шығу төркініне байланысты кезінде Д.Н. Ушаков, В.А. Богородицкий, М. Фасмер, В.И. Цинциус пен Т.Г.Бугаева т.б. ғалымдар пікір айтқан. Бір топ ғалымдар сөз төркінін алты (сан есім) сөзімен, бір тобы алты тиін сөзімен, бір тобы татар тілінің теңге мағынасындағы алтун сөзімен байланыстырады. Жалпы алтын атауы сол металдың түсіне байланысты қалыптасқан болуы керек.

Таза алтыннан жасалған зергелік бұйым атауларына мыналарды жатқызуға болады: алтын сырға, алтын таж, алтын қоңырау, алтын зер, алтын қапсырма, алтын сақина, алтын жүзік, алтын алқа, алтын білезік, алтын тұмар т. б.

Алтын балдақ – алтыннан жасалған сақина. Ерте кездерде жоғары дәрежелі ел билеушілердің қолына ұстайтын асасының алтындалған тұтқасы да, асаның өзі де алтын балдақ аталған. Тілімізде осы орайда қалыптасқан «алтын балдақты таяғың болғанша, аянбай басар аяғың болсын» деген мақалдың бар екендігін айта кеткен жөн.

Алтын әйкел – мойынға тағатын, алтын мен күмістен жасалған әшекей; ділда алқа – алтын алқа; тілла шашбау– алтын шашбау, зер сырға– алтын сырға; алтын сымынан жасалған сырға; зер шашақ – алтын талшығынан жасалған шашақ; алтын тана – омырауға түйме сияқты тағатын алтыннан құйылған, асыл тасты әшекей т. б.

Күмістен жасалған зергерлік әшекейлер мен тұрмыстық бұйым атаулары зергерлік өнер лексикасында мол сақталған. Мысалы: күміс алқа, күміс білезік, күміс жүзік, күміс қапсырма, күміс моншақ, күміс оқа (күміс сымынан тоқылған зер), күміс сақина, күміс түйме (таза күмістен қақтап соққан түйме), күміс ілгек (таза күмістен жасалған киім ілгегі) т. б.

Інжу сөзі орхон жазуларында сол кезде йенжу үгүз деп аталатын географиялық атаудың құрамында кездеседі. Ол – қазіргі Сырдария өзені. Қазіргі түркі тілдерінде інжу сөзі екі түрлі мағынада қолданылады. Оның бірінші, негізгі мағынасы – “інжу”, “меруерт”, екінші мағынасы “әшекей” (моншақ, сырға). Мысалы: татар тілінде энже – маржан , өзбек тілінде инжу – “маржан”, “ақық” , қарақалпақ тілінде інжу – маржан, ұйғыр тілінде инжу– маржан; маржан алқа, қарашай-балқар тілінде инжи – моншақ, татар тілінің диалектісінде энже – ұсақ ақ түйме.

Жергілікті тіл ерекшеліктерінде кездесетін зергерлік әшекейлер мен тұрмыстық бұйым атаулары бар. Бір зат барлық жерде бірдей аталмай, әр түрлі белгісіне орай әртүрлі аталады. Аймақтық лексикада материалына байланысты пайда болған атаулар ұлттық тіл қолданысында әдеби – диалектілік дублеттер, варианттар жасайды. Мысалы, қас//тас дублетін алайық. Бұйымды әшекейлеудің бір тәсілі ретінде оған түсті тас қондырылатыны мәлім. Жергілікті тілде қас деп осындай түсті тастарды айтады [ҚТДС.,169 б.]. Содан келіп асыл тас орнатып жасаған әшекейлер қас сақина, қасты білезік, қасты жүзікт.б. атаулар пайда болған. Сонымен қатар тілімізде салт-дәстүрге, наным-сенімге байланысты қалыптасқан зергерлік өнер атаулары да біршама ұшырасады. Зергерлік бұйымдарының ішінде қандай да бір заттың сан алуан түрлері болған. Олардың түрлік атауларының қалыптасуына әсер еткен факторлар әртүрлі. Солардың кейбіреулері атқаратын қызметіне, қолданатын уақытына, белгілі бір мақсат, ниетке, наным-сенімге, ырымға байланысты болып тұрақты сипат алып, тұтыну салтына айналады.

Аяқ білезік – 1) зарығып көрген баланың аяғына салатын білезік (бұл “темірдей мықты болсын” деген тілекті білдіреді); 2. аяғы ауыратын адамдардың ем үшін тағатын білезігі.

Әйкел – мойынға тағатын, алтын не күмістен жасалған металл әшекейдің көне атауы. Әйкел жоғарыдағы мағынада және одан сәл басқашалау мағынасында өзбек, қарақалпақ, тәжік, түрікмен т.б. тілдерде кездеседі. Өзбек тілінде хайкал – мойынға тағатын әшекей зат, қарақалпақ тілінде хайкел- әйелдердің көкірегіне тағатын, металдан жасалған сәндік бұйым. Заравшан тәжіктері тілінде әйкел - ХХ ғасыр басында (одан бұрын да) тіл-көз тимейді деген түсінік бойынша міндетті түрде адамдарға, үй жануарларына тағылған тұмар. Тәжіктер құран сүрелерінен үзінді жазылған қағазды үшбұрыш былғарының не матаның ішіне салып тігіп, оны оң қолына не киімнің оң жағына кейде құлаққа тағып жүрген. Әйкелді аттың жалына, мүйізді малдардың мүйізіне байлап қойған. Адамға да, малға да бірнеше әйкелден тағылған. Әйкелі бар адамға, малға дию, жын-шайтан жоламайды деген сенім болған [А. Семенов, 73 б.]. Қазақ тұрмысында бірнеше әйкел тағушылық “Қыз Жібек” жырынан да байқалады.

Көз моншақ – кішкентай ақ бүршіктен әдейі көз қолданылып жасалған моншақ. Көз тимесін деген ырыммен балалардың, кейде бойжеткен қыздардың, жас келіндердің бас киіміне, білегіне таққан.

Құдағи жүзік. Жүзіктер бұрын-соңғы дәстүрлер бойынша, адамдардың бір-біріне сый-сыяпат көрсету, сәлемдеме жіберу, естелік-базарлық беруге пайдаланып келген бұйымдарының бірі болып саналған. Бұл атаудың уәжі қазақтың бұрынғы салтына байланысты болған. Құдағи жүзік – жастардың үйлену тойында қыз шешесінің құдағиына сыйлайтын жүзігі. Ол әдет ертеде Батыс Қазақстан өңірлерінде жиі кездескен. Жүзік астындағы қос дөңгелек - екі жастың ұзақ уақыт бірге өмір сүруіне, қосағымен қоса ағаруына, бақытты болуларына тілектестіктің белгісі болған. Яғни, мұндай жүзіктің аты құдағилардың бір-біріне жүзік сыйлау салты уәжімен байланысты осылайша аталған.

Құстұмсық жүзік – бір саусаққа салатын, үсті құс тұмсығы сияқты сүйір болып жасалған жүзік. Қазақ ұғымында құс – еркіндіктің, бақыттың символы. Бұрынғы салт бойынша, күйеуге ұзатылған қыз белгілі бір уақыттан кейін төркініне сәлемдеме жібереді екен. Сәлемдемеде ұзатылған қыз келін боп түскеннен кейінгі тұрмыс жағдайын ою-өрнекпен немесе басқа бір зат арқылы тұспалмен жеткізуі шарт болған. Осы салт бойынша, қыз сәлемдемесінде алақандай жарғақ, оның бетіне бойы сорайған ұзын және өте жіңішке, арық адамның бейнесі кестеленсе, оның жанында дөп-дөңгелек, жуан адам тұрпаты бейнеленсе, бұл белгіге қарап қыздың төркіні ұзатылған қызының “отырса опақ, тұрса сопақ” болған мүшкіл халін түсінген. Ал қыздан құсмұрын бейнесі салынған сәлемдеме, мысалы құстұмсық оюлы тұскиіз, басқұр сияқты зат немесе сәлемдеме ішінде құстұмсық жүзік болса ата-анасы қуанып, ауыл-аймағын шақырып, қуанышын атап өтуді әдет еткен екен [Ә. Тәжімұратов, 45 б.].

Әйелдерге арналған әсемдік бұйымдар алқа, белбеу, білезік, жүзік, күміс оймақ, сақина, сәукеле, сырға, түйме, түйреуіш, шашбау, шолпының дүниетанымдық және ментальдық этномәдени ерекшеліктері мол болған. Мәселен, шашбау мен шолпыны шатастыруға болмайды. Шашбауды келіншектер, шолпыны қыздар тағады. Себебі, шашбау – бұрым қос өрімге айналғанда оны біріктіру үшін тағылады. Демек, бүтіннің жартысы болғанның, әйелдіктің белгісі. Қыз балада бір ғана өрім болады да, ұшына шолпы тағылады.

Ертеректегі қазақ тұрмысында сырғаның мұрынға тағатын түрі болған. Ол зере, зерен, арабек, әребек деп әр жерде әртүрлі аталған. Зерені күнделікті емес, қыз-келіншектер той-томалаққа барған кезде тағатын болған. Ескі салтта зере малдың мұрнына да тағылған. Оны да зере, зейір деп атаған. Бұл туралы мәдени деректер халық фольклорында сақталған: Мұрындары зейірлі қой қалды деп, Қозы Көрпеш дауыстап шақырады (Қозы Көрпеш-Баян сұлу, 1957, 38 б.).

Сондай-ақ әлеуметтік-гендерлік уәжіне байланысты қалыптасқан зергерлік бұйым атауларына кемпір жүзік, қыз сақина, құдағи жүзікт.б. атауларды жатқызуға болады. Қолөнер лексикасына қатысты атаулардың көпшілігі түркі тілдеріне ортақ атаулар. Бұлар – тіліміздегі тым әріден қолданылып келе жатқан көне атаулар. Ортақ атаулардың көпшілігін түркі тілдерінің түсіндірме, екі тілді аударма, диалектологиялық және кәсіби лексикаға арналған сөздіктерінен, этнографиялық еңбектерден көптеп табамыз.

Сан есім сөздер - ұлт мәдениет құрайтын рухани байлығымыздың бірі. Тіліміздегі сан есім сөздер де ұлттың когнитивтік санасындағы ұғымдарды бір-бірінен ажырата білуде ерекше қызмет атқарып, әлем бейнесін танудың тілдік көрсеткіші. Сан есімдердің кейбіреулері тура мағынасымен бірге ауыспалы мағынасында да қолданылады. Бұл, әсіресе, тұрақты тіркестер құрамындағы сан есімдерден ерекше байқалады. Зергерлік өнер лексикасында үш, төрт, бес, сегіз, тоғызсияқты сан атаулары жиі қолданылады.

Үш. Үш сан есіміне байланысты мынадай ою-өрнек атаулары қалыптасқан: үшқұлақ, үштаспа, үшгүл, үшайшық, үшжапырақ.

Төрт. Тілімізде кілем, үй жиһаздары, тұрмыстық бұйымдарда кездесетін төрткүл, төртмүйіз, төртайшық, төртқұлақ тәрізді ою-өрнек атаулары бар.

Бес. Бес сан есімінің қатысуымен жасалған атаулар көбінесе ою-өрнекке байланысты қолданылып, ою бөлшектерінің сандық көрсеткішін нұқсайды: бесбұрыш, бескүл, бесжапырақ, бесжұлдыз, бессабақ гүл, бесдөңгелек, бессаусақ т.б.

Сегіз. Уәжі сегіз санымен байланысты атаулардың бір тобын ою-өрнек атаулары құрайды: сегіз қырлы өрнек, сегізілме, сегізгүл, сегізпісте т.б.

Тоғыз моншақ – тоғыз тастан тізілген моншақ. Мысалы: – Бірден сіз тоғыз қылып бәйгі алсаңыз, берейін тоғыз моншақ жіпке тізіп (Айтыс, 1-том, 389 б.).

Адамның дене мүшелеріне байланысты қолданылатын зергерлік атаулар:

бетмоншақ - беттің екі жағынан төгіліп тұратын сәукеленің моншақты әшекейі, бетжүздік - темір бетіне қақталған жұқа күміс;

жақмоншақ -бас киім әшекейі;

бармақ сақина - бас бармаққа киетін сақина.

Дыбыстық еліктеуіш сөздерге байланысты қолданылатын зергерлік атаулар:

салпыншақ– заттардың салбырап тұратын әшекей бөлшегі (салпыншақ<сал + п + ын + шақ. Салыстыр. салқылда, салпылда). Салпыншақты сырға – аяқты сырға, сирақты сырға.

сылдырмақ – дыбыс шығаратын түйме, қоңырау сияқты әшекейлер (сылдырмақ <сыл – дыр - мақ. Салыстыр. сылқ-сылқ күлу). Сылдырмақ шолпы – сылдырлаған дыбыс шығартын қозасы бар шолпы.

Жалпы ұлттық мәдениетіміз бен когнитивтік санамыздан мол ақпар беретін лексикалық қорымыздың құнарлы қабатын құрайтын зергерлік өнер атауларын негізінен төмендегідей тақырыптық топтарға бөліп қарастыруға болады:

1) Космогониялық ою-өрнектер: ай, айшық. Бұл өрнектер сәулет өнерінде, қару-жарақтар мен сауыт-саймандарда, зергерлік әшекейлерде мол ұшырасады. Басқа түркі халақтарында да осылай. Бұл өрнекті құйып жасайтын қалыпты ай қалып деп атаған. Қазақта ай сияқты «құдіретті балта» деген ұғымнан туған айбалта аталатын ою ертеде батырлардың қару-жарақтарына, ер-тұрмандарға көбірек салынған. Зергерлік бұйымдарда кездесетін үркергүл оюы – топ жұлдызшаларды бейнелейтін өрнек. Бұл оюдың симвлодық мәні «көк көп болсын, молшылық, береке болсын» дегенді аңғартады. Қолөнер бұйымдарында кемпірқосақ, күнсәулесі, күнкөзі, жұлдыз, бесжұлдыз өрнектері де жиі қолданылған.

2) Малға байланысты ою-өрнектер: аттіс, атерін, түйетабан, қойтұяқ, қойкөз, қойтеру, қойбас, ботагөз, ашатұяқ, айыртұяқ, қошқармүйіз, ботатірсек, ботатабан, қойтұяқ, тайтұяқ, ботамойын атаулары малдың дене мүшелерінің формасын бейнелейді.

3) Құстарға байланысты ою-өрнектер: қарғатырнақ, қарғатұяқ, үкіаяқ, аққу, құстұмсық, қазтабан, құстаңдай, құсмұрын, құсқұйрық, құсмойын, шөжебас, лашынқанат, тырнагүл, құсқанаты, қазаяқ, балалы үйрек, самұрық, қарақұс, бүркіт қанат, бүркіт өрнек.

4) Жабайы аңдарға, жануарларға байланысты ою-өрнектер: құлжамойын, түлкібас, бөріқұлақ, бөрікөз, арқармүйіз, қырықмүйіз.

5) Үй хайуаны – итке байланысты ою аттары: иттабан, итқұйрық, итемшек, иттіс, итізі, күшікіз.

6) Бауырымен жорғалаушыларға, балыққа, құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейге байланысты ою-өрнектер: шыбынқанат, жұлдызқұрт, жыланбауыр, жыланкөз, жыланбас, тышқаніз, тышқанқұйрық, тасбақа, тасбақагүл, қарала құрт, қойқұрт, қызылқұрт, құмырсқа, құмырсқа ен, құмырсқа бел, құмырсқа із, алақұрт, көбелек, балықкөз.

7) Өсімдіктер бейнесіне байланысты ою-өрнектер: арпабас, жапырақ, жармагүл, құлпынай жапырақ, гүл ою, розагүл, ладагүл, мақтагүл, алмагүл, пәтінісгүл, шақагүл, терісбұтақ, гүлдірайхан, гүлбадам, бәйшешекгүл, бессабақгүл, жауқазын, жетігүл, ағашгүл, бесжапырақ, жапырақою, қызғалдақгүл, қурайгүл, масақ, селеубас, сақықгүл, сарғалдақгүл, тобылғыгүл, тораңғыгүл, үйеңкігүл, үшқатгүл, шырмауық, шөпгүл, патшайыгүл, пахтагүл. Айта кету керек, өсімдік атауларынан қойылған ою-өрнектер үнемі өсімдікті бейнелемейді, олар басқа заттарды тұспалдайды. Мысалы, айгүл, айшықгүл, бағанагүл, жұлдызгүл, қобызгүл, моншақгүл, мейізгүл, тырнагүл, тарақгүл атты оюлар айды, бағананы, жұлдызды, қобызды, моншақты, мүйізді, тырнаны, тарақты бейнелейді деп түсіну керек. Мұндай атаулар құрамындағы гүл сөзі “ою”, “нақыш”, “әшекей” ұғымында қолданылады. Күрделі бұл аталымдардың алғашқы сыңары нақыштаудың, сәндеудің уәжі не зат екенін білдіреді.

8) Формалық уәжді тұрмыстық бұйымдардың ою-өрнек атауларына белгі, негіз болуы: аратіс, балға, балдақ, бағанагүл, дөдегүл (дөдегегүл), дойбыгүл, ергенек, керегегүл, керегегөз, құманбау, қобызтіл, қысқаш, моншақгүл, отаугүл, ожаугүл, он екі таспа, селебе, сырғагүл, шотою, сандықгүл, сезігпісте, табақ, тарақ, тарақгүл, текеметөрнек, тоқпақ, тұмар, тұмаргүл, түймебас, түйемойнақ, тақтаөрнек, шақша, шаңырақгүл, шөмішөрнек, шығыршық, шынжырқатар т.б.

9) ою-өрнек атауларының бір тобы қару-жарақ бейнесінен алынуы: айбалта, балта, селебе, найзекі (найза) т.б.

Тапсырма.

1. Лиро-эпостық жырлардан зергерлік әшекейлер мен тұрмыстық бұйым атауларын теріп жазып, оларды әлеуметтік-гендерлік уәжділігіне байланысты топтастырыңыз, ұлт болмысын танытудағы этномәдени мәніне талдау жасаңыз.

2. Көне зергерлік әшекей түрлерін қазіргі әшекей түрлерімен салыстыра отырып, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын экстралингвистикалық факторлармен байланыстыра отырып дәйектеңіз.

3. Бет моншағы үзілутұрақты тіркесінің о бастағы уәжін этнолингвистикалық этюд негізінде айқындаңыз.

4. М. Әуезовтың «Абай жолы» роман – эпопеясынан алынған мәтіндегі

зергерлік бұйым атауларына семантикалық және тіркесімділік қабілетіне қатысты компоненттік талдау жүргізіңіз..

Сылдырлаған шолпысы, әлдеқандай былдырлаған тілменен Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді. (І том, 141-бет). Құлақтағы әшекей сырғасы, бастағы кәмшат бөркі, білек толған неше білезіктері – баршасы да бұл өңірден Абайдың көрмеген бір сәні сияқты. (І том, 141-бет). Үлкен де, кіші де емес, әшекей сырғасы діріл қағып, дамыл алмай сілкіне түсіп тұр. (І том, 146-бет). Тоғжан да білезікке толы аппақ жұмыр білегін табаққа қарай сирек созады. (І том, 146-бет). Бір уақытта шегірен шымылдық толқып барып қозғалды да, есік жақтағы шетінен шолпы сылдыры естіліп, Тоғжанның әсем бойы көрінді. (І том, 148-бет). Шолпының ендігі сылдырынан ендігі өзі қысылған тәрізді. (І том, 148-бет). Қара шапан сыртынан белін шымқай буған сарғыш жібек белбеуге оң қолын сүйеп, мықынын таянған .(І том, 187-бет). Шолпысы, қара мақпал қамзолы да баяғыша. (ІІ том, 36-бет). Дәл осының артынан, шолпысы ақырын сылдырап, ақ жүзіне жұқалау қызылы нұрдай жарасқан анық Тоғжан өзі келеді екен. (ІІ том, 39-бет). Құлағында үлкен алтын сырғасы ырғалып келе жатқан Тоғжан, мынау ат үстінде, мынадай қыздың тап ортасында, дәл көп жұлдыздың арасындағы Шолпандай. (І том, 187-бет). Көп сақиналы, үлкен білезікті аппақ қолын сәл көтере түсіп, жігітке сыпайы тілек етті. (ІІ том, 71-бет). Соны кәмшат бөрік, алтын сырғалы, ең сәнді киімді сұлу қыз айтты да жүзіндегі әншейіндегі жұқалау қызылынан айырылып, аппақ тартты.

 

ДӘРІС 13