Азақ тіліндегі ершілік өнер лексикасының этномәдени ерекшеліктері

Қазақ тіліндегі материалдық лексиканың мол қабатын қолөнерге байланысты лексика құрайтыны белгілі. Дегенмен қолөнерге байланысты мол лексиканы этномәдени ерекшелігімізді жан-жақты танытатын терең рухани философиялық ой түйіні бар ұлтымыздың рухани дүниетанымдық шығармашылығы негізінде қалыптасқан қол еңбегінің нәтижесі деуге болады. Қолөнер ұғымдары - белгілі бір шаруашылық түрлерін қажетті құрал-саймандармен жабдықтауға, тіршілік қажеттілігін өтеуге байланысты адам санасының дәуірлік тарихи жемісі.

Тіл ғылымында қолөнер лексикасы мен кәсіби лексика бір-бірімен сабақтас ұғымдар. Кәсіби лексика белгілі бір шаруашылық түріне ғана байланысты қолданылатын сөздер. Олар негізінен сол кәсіппен айналысатындар үшін ғана түсінікті болатыны белгілі. Ал қолөнер лексикасы да осы кәсіптің ішінен жіктелген материалдық лексиканың құрамдас бөлігінің бірі ретінде ұлт дүниетанымында қатталған атаулар жиынтығы. Екеуіне де ортақ нәрсе – еңбек ету, еңбектің қандай да бір түріне бейімделу, машықтану. Осыған орай этнографиялық зерттеулерде бұл ұғымдар іштей ұсталық өнер, етікшілік өнер, тігіншілік өнер, үйшілік өнері, ершілік өнері сияқты түрлерге жіктеліп қолданылып жүр.

Этнографиялық еңбектерде қолөнер бұйымдарын кәсіп тұрғысынан баяндау барысында шаруашылық кәсіптен өзгешелігі ретінде оның белгілі бір шикізатты, материалды өңдеуге байланысты қалыптасқандығы, өңдеудің шығармашылықпен орындалғандығы, соның нәтижесінде бұйымдар қарапайым ғана емес, көркем, әдемі болып шығатындығы, олардың эстетикалық, әлеуметтік жіктеу қызметін атқарғандығы, шеберлердің тапсырыспен жұмыс істейтіндігі, қолөнер бұйымдарында кәсіп, шаруашылық түрлерінің (аңшылық, малшылық, диқаншылық), қоршаған ортаның бейнелетіндігі, олардың мұрагерлік сипаты, символдық мәні т.б. мәселелер сөз етіледі. Бұл айтылғандар – қолөнердің басқа кәсіптерден өзгешелігін көрсететін экстралингвистикалық белгілері.

Қолөнер туындылары этносты шаруашылық құралдарымен, баспанамен, киім-кешекпен, тұрмыстық бұйымдармен, қару-жарақпен қамтамасыз етумен бірге оның рухани дамуына да әсерін тигізді. Жалпыхалықтық атаулардың денін тектік атаулар құрайды. Олар: үй, арба, киім, көйлек, шаңырақ, балға, қысқаш, мата, тері, көн, қамшы, ер, жүген, ноқта, соқа, қылыш, садақ, қын, сандық, жүкаяқ, аяққап, қоржын, кілем, киіз, алаша, білезік т.б.

Осылардың ішінде ер-тоқым ұғымына қатысты семантикалық өрістің ішінде қаншама қазақтың этномәдени дүниетанымдық ақпараты мен аталымы жатқанын төменде жүргізілетін талдаулар дәлелдеп береді.

Жылқы қазақ этномәдениетіндегі көшпелі өмір салтында негізгі көлік құралы болғаны айқын. Көшпелі халықтар өмірі үнемі “ат үстінде өткендіктен” атқа міну үшін, оны басқару үшін ат жабдықтарын рухани шығармашылықпен қалыптастырғаны белгілі. Көшпелі тұрмыстағы мал бағу, аң қуу, жорық, шабуыл т.б. ат үстіндегі қимыл-әрекеттің барлығының толық іске асуы ер тоқымның, ат жабдығының арқасында ғана мүмкін болған.

Ер – салт атқа міну үшін ағаштан жасалған, тоқым үстінен салып адам отыратын, алды-артында таянышы (қасы), аяқ салып отыратын үзеңгісі бар жабдық. Ер-тоқым атқа да, адамға да қолайлылық тудыру мақсатымен жасалған. Ер-тоқым – ат арқасына батпайтын, жүрісіне бөгет болмайтын әрі мінген адамға жайлы болуы әбден ойластырылып жасалатын бұйым, өйткені жақсы жасалмаған ер ат арқасын жауыр қылады, мінген адамды да шаршатады.

Мінетін көлікті (атты) ердің барлық құрамдас бөліктерімен қамтамасыз етуді жабдықтау деп атайды, ал оның құрамдас бөліктері тұтастай алғанда ер-тұрман, ер-тұрман жабдықтары, ат жабдығы, ат әбзелдері, әбзел, ат-тұрман, ат сайман, ер-тоқым жиынтығын жасау ершілік өнер деп аталады. Этнограф- зерттеуші Х.Арғынбаев қазақ жеріне тараған ер-тұрманның сан алуан түрлерін анықтаумен бірге, олардың жасалу технологиясындағы ерекшеліктерді нақтылы деректер негізінде дәлелдеп, ол өзгешеліктердің қалыптасу себебі мен оның халық арасына таралу мөлшерін әлеуметтік-экономикалық қатынастармен байланыстыра отырып талдайды [Х. Арғынбаев, 19-34 бб.]. Сөйтіп ершілер өнерінде де жергілікті өзгешеліктердің бар екенін, ол ерекшеліктер Қазақстанның әр өңіріне тән ер түрлерінің жасалу тәсіліне, сыртқы кескініне, қандай ағаш түрлерінен жасалатындығына және көркемделуіне тікелей байланысты екенін атап көрсетеді. Бұған мысал ретінде Қазақстанның оңтүстігінде, негізінен, құранды ер, батысында қозықұйрық ер, солтүстігінде, орталығында, шығысы мен оңтүстік-шығысында қазақ ерлерінің әр түрі жасалғандығын келтіреді.

“Қазақ ершілерінің құрал-саймандарының бұлайша жіктелуі олардың арасындағы еңбек бөлісу мәселесінің болғандығын көрсетеді. Шынында да, көпшілік жағдайда біреу ердің ағашын шауып жатса, екінші біреу қайыс, былғарыдан істелетін жабдықтарын жасады. Ал ұста–зергерлер күміс әшекейлерін жасап берді. Олай болса, мұның өзі үш түрлі мамандықты керек етеді. Халық арасында осы үш мамандықты бірдей меңгеріп, ер-тұрман жабдықтарын түгелдей өз қолынан шығаратын шеберлер аз болған жоқ. Қазақ ершілерінің шеберлік өрісінің соншалықты кеңдігіне дәлел болатын тағы бір жағдай: жалпы ер-тұрмандарын жасауға ағаш, темір, жез, алтын, күміс, түрлі асыл тастар мен түсті шынылар, сүйек, былғары, қайыс, көн, шұға, барқыт, киіз, қыл, тарамыс, желім, бояу, тоз сияқты заттардың жұмсалатындығы даусыз, өйткені, осы заттардың әрқайсысы ертеден-ақ әр түрлі шеберлікті, сан қилы тәжірибе мен білімді талап етті”, - деп жазады Х. Арғынбаев [21 б.].

Ершілік өнердің өзіндік ерекшеліктері бар. Ол ерекшеліктер ершілердің іскерлігінен, шеберлігінен байқалады. Мәселен, ершілердің кейбіреуі тек ердің өзін ғана ағаштан шауып жасаумен айналысқан, кейбір ершілер ердің соқа басын жасаумен бірге оның былғарыдан, киізден, темірден жасалатын жабдықтарын да жасай білген. Кейбір ершілер зергерлік өнерін де меңгеріп, ер-тоқымды күмістеу, алтын жалату, асыл тастардан көз орнату тәсілдерімен әшекейлеуді де білген. Шын мәнінде, ағаштан ердің өзін ғана жасау ершінің ісі болса, оның жабдықтарын түгел дайындау сол ершіден әртүрлі өнер түрлерін меңгеруді талап етеді. Мысалы, ердің металдардан жасалатын әшекейлерін жасау үшін ұста, зергер болу керек. Ал, былғары, қайыс жабдықтарын жасау үшін тоқымшылық, өрімшілік, тебінгішілік өнерлерін меңгеру керек. Ершілік өнерінде қолданылатын құрал-сайман, материал, әдіс-тәсілдер мен ер түрлеріне қатысты сан алуан атаулар бар.

Бүгінгі сөздік қорымызда көнерген сөздер қатарынан орын табатын бірақ бір ғана ершілік өнерге байланысты осыншама мол атаулар материалдық мәдениетімізде болғанын төмендегі тақырыптық топтарда қамтылған орасан мол атаулар жүйесі дәйектей түседі.

Ершілік өнерінде қолданылатын құрал-сайман атаулары.

Ер-тұрман жасайтын шеберлердің аспаптарын үш топқа жіктеуге болады:

1) ердің тек өзін жасайтын аспап атаулары: ара, балға, балта, шот, ойыс жүзді шот, қуысқұлақ, үскі, ыңғыру, пышақ, түрпі, қашау, тістеуік;

2) ердің жұмсақ жабдықтарын жасауға қажетті құрал атаулары: біз, пышақ, мүйіз сызғыш, өрнекті ағаш қалыптар;

3) ердің металл бөлшектері мен әшекейлерін жасауға қажетті құрал-сайман атаулары. Бұл іске темір ұсталары мен зергерлердің құрал-жабдықтары пайдаланылады: төс, сым, көрік, қалып, оқбақыр (металл қорытатын ожау) т.б. бұл атаулардың өзі ершілердің қандай материалдармен жұмыс істейтініне меңзейді. Шыныда да атақты ершілер ағашпен, өсімдік бояуымен, терімен, темірмен, алтын-күміспен, киізбен, матамен, асыл тастармен жұмыс істей білген.

Ершілік өнерінде қолданылатын өңдеуге, әдіс-тәсілдерге байланысты атаулар.

Өңдеуге байланысты атаулар шеберлердің қандай материалмен жұмыс істеуіне орай қалыптасқан. Мысалы: алтынды қолдануына байланысты – алтындау, алтын шабу, алтынмен аптау, алтын жалату; күміспен жұмыс істеуіне байланысты – күміс жабу, күміс шабу, күмістеу, күмбез қағу, күміс қаптау, қақтау; ағашпен жұмыс істеуіне байланысты – сүргілеу, қию, кесу, шабу, қырнау, сүргілеу, тоздау, ағашты тұзды суға қайнату, желімдеу, құрау, қосу, шегелеу, тесу, бояу; теріден өңделген материалмен жұмыс түріне қатысты – көндеу, көктеу, қаю, қайып тігу, сыру, сыдыру, сіңірлеу, шашақтау, өру т.б.

Материалдық мәдениетімізді танытатын ершілік өнер лексиксында ер адамдарға арналған және әйел адамдарға арналған ер ұғымы бар.

Еркектерге арналған ер сүйегі жұқа, ықшам, жеңіл болады, сондықтан оның ағашын өңдеуге айрықша мән беріледі. Күміс әшекейлері аз болғанмен, өте ұнамды етіп жасалады. Солтүстік өңірде ерді қайыңның безінен шабады, мұндай ерге басқа әшекейлерді көп қолданбайды. Себебі қайың безінен қосылған ерлер мұқият өңделіп, таза өсімдік майымен майланады, оны бірнеше қайтара сіңіріп майласа, ағаштың түсі, реңі теңбілденіп, ешқандай әшекейді керек етпейді.

Әйелдерге арналған ер өзінің үлкендігімен, әдемілігімен көзге түседі. Әйел ерінің сүйегі ауыр болады, мол әшекейленеді. Әйел ерінің алдыңғы және артқы бетіне түгелдей күміс шабылады немесе күміс шабылған темір қиындыларымен яки қақталған таза күміс әшекейлермен безендіріледі. Әйел ерін әшекейлеудің тағы бір түрі оймалы өрнек деп аталады. Ол үшін темір әшекейлердің ортасынан өрнектің түрін ойып алып тастап, қалған жеріне күміс шабады. Мұндай әшекейлердің астынан көксауыр, шұға яки барқыт салынады. Олар ойып алынған өрнектерден айқын көрініп тұрады. Күміс әшекейлердің беттеріне сызу арқылы әртүрлі ою жүргізеді.

Ер түрлерінің атаулары. Ер ұғымына байланысты номинациялық аталымдар олардың сыртқы көрінісіне, әшекейлену тәсіліне, кімдерге арналғандығына, этникалық ерекшеліктеріне, жасалу материалдарына орай қалыптасса керек.

Ердің сыртқы көрінісіне байланысты атаулары: қазықбас ер, шошақ бас ер, үйрек бас ер, қозықұйрық ер, ашамай т.б.

Қазық бас ер – алдыңғы қасы үшкір ер.

Үйрек бас ер – алдыңғы қасы үйрек басына ұқсайтын ер түрі. Ол Торғай, Ырғыз, Көкшетау өңірінде қолданылған.

Қозықұйрық ер – артқы қасы отыруға ыңғайлы, орта ағаштың орнына көн тартылған, Маңғыстау, Ембі бойында қолданылған ер түрі.

Ашамай – балаларға арналған ер болғандықтан алды-арты биік сүйемелі келіп, қастары аша сияқты болып көрінеді, екі қасының ұшы айқастырылып жасалады.

Айшықты ер – алдыңғы қасына күміс айшық қондырған ер.

Ақ бас ер – сүйектен әшекейлеп жасаған ер.