Дауысты дыбыстардың топтастырылуы. 1 страница

1. Дауысты дыбыстар тілдің қызметіне қарай жуан және жіңішке болып екіге бөлінеді.

Жуан дауысты дыбыстар тілдің ортасы көтеріліп, артқа жылжуы арқылы жасалады. Олар: а, о, ұ, ы.

Жіңішке дауысты дыбыстар тілдің ұшы ілгері жылжып, алға созылуы арқылы жасалады. Олар: ә, ө, ү, і, э, и.

Жуан сөзде жуан айтылып, жіңішке сөзде жіңішке айтылатын дыбыс – у.

(қуаң, куә).

2. Дауысты дыбыстар жақтың ашылуына қарай ашық және қысаң болып екіге бөлінеді:

Ашық дауыстылар жақтың кең ашылуы арқылы жасалады. Оларға: а, ә, о, ө, е, э.

Қысаң дауыстылар жақтың сәл ашылуы арқылы жасалады. Олар: ұ, ү, у, ы, і, и.

3. Дауысты дыбыстар еріннің қызметіне қарай еріндік және езулік болып екіге бөлінеді.

Еріндік дауыстылар еріннің дөңгеленіп ілгері созылуы арқылы жасалады. Олар: о, ө, ұ, ү, у.

Езулік дауыстылар езудің кері тартылуы арқылы жасалады. Олар: а, ә, е, э, ы, і.

Дауыссыз дыбыстар. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздерде қолданылып жүрген дауыссыз дыбыстар, олардың әріптері төмендегідей б, п, в, ф, д, т, э, с, ж, щ, ч, ц, г, к, қ, ғ, м, н, ң, л, р, х, й, һ.

Дауыссыз дыбыстар үнді және ұяң, қатаң болып бөлінеді

Үнді дауыссыз дыбыстар р, л, й (бай), у (бау), м, н, ң.

Ұяң дауыссыз дыбыстар б, в, г, ғ, д, з, ж, һ.

Қатаң дауыссыз дыбыстар п, ф, к, қ, т, с, ш, щ, х, ц, ч.

Қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстар жуан, жіңішке болып бөлінбейді, олар жуан сөзде де, жіңішке сөзде де қолданыла береді, бірақ сөздегі жуан, жіңішке дауысты дыбыстардың дауыссыздарға әсері болады бол, бөл, базар, безер, балта, белде,таза, терезе, дала, деме, зор, зер, мұрын, мешін т.б.

Ескерту. Тілдегі дауыссыз дыбыстардың ішінде тек жуан сөзде қолданылатын екі дауыссыз дыбыс бар, олар қ, ғ, қағаз, ғалым, ғаламат, қазақ, ақын, ағын т.б.

Тілдегі дауыссыз дыбыстардың ішінде екі дыбыс – к, г тек жіңішке сөзде қолданылады көк, көктем, көше, көгілдір, гүл, әңгүдік, гүлдену, белгілі, көкше, гүмбір, гүрсіл т.б.

Буын, оның түрлері.Сөздегі дауысты дыбыстың қатысымен бөлініп айтылатын бөлшегі буын деп аталады ба-ла-лар, ә-ке, а-та, ат-ты.

Қазақ тілінде үш түрлі буын бар:

1. Ашық буын дауыссыздан басталып, дауыстыға аяқталады, не тек дауысты дыбыстан тұрады а-на, ә-же, қа-ла, да-ла, ба-лат.б.

2.Тұйық буын дауысты дыбыстан басталып, дауыссыз дыбысқа аяқталады ас-та-на, ек-пін, ек-ше, ар-шы т.б.

3.Бітеу буын дауыссыз дыбыстан басталып, дауыссыз дыбысқа аяқталады бал-шық, бат-пақ, бөл-шек, таң-дау, сақ-тау, көк-тем, жар-ғақ т.б.

Тасымал.Сөздің жолға сыймаған бөлігін келесі жолға көшіру тасымал арқылы буын жігінен жасалады.Мысалы, қа-лам, қа-зір, мек-теп сияқты сөздерді тасымалдау қажет болса, осы көрсетілген буын жігінен бірінші буынды жазып, екінші буынды келесі жолға тасымалдауға болады. Сөзде бірнеше буынболғанда да, сыйған буындар жол соңына жазылып, қалған буындары келесі жолға тасымалданады. Мына сөздерді осы көрсетілгендей буын жігінен түрліше тасмалдауға болады ақыл-дастық, ақылдас-тық, ха-барландыру, хабар-ландыру, хабарлан-дыру т.б.

Тасымалдауға болмайтын жағдайлар да бар:

1. Бір дауысты әріпті жол соңында қалдырып, сөздің қалған бөлігін тасымалдауға болмайды. Мысалы: әке, ана, әже, ата, осы, өмір, өнер, әзір сияқты сөздер тасымалданбайды.

Сол сияқты сөздің ең соңғы бір дауысты әріптер тұратын буынын тасымалдауға болмайды. Мысалы, армия, Жәния сияқты сөздердегі соңғы я әрпі келесі жолға тасымалданбайды.

2. Бас әріптен қысқарған сөздер тасымалданбайды: МТС, РТС т.б.

3. Қысқартылып алынған кісі аттары тасымалданбайды: А.Құнанбаев, М.О.Әуеуов, С.Мұқанов т.б.

4. Цифрмен алынған сандарды оларға қатысты қысқарған сөзден бөліп тасымалдауға болмайды: 15м, 30см, 60 т.б.

Дәріс

 

Тақырыбы: Лексика туралы жалпы түсінік. Сөз, ұғым және мағына.

Жоспары: 1. Сөз және ұғым.

2. Сөз мағынасының түрлері.

3. Ауыспалы мағынаның берілу жолдары

 

Тірек сөздер: сөз, сөз таптары, логикалық ұғым, тілдік категория, сөздің лексикалық мағынасы, грамматикалық мағына, эмоционалды-экспрессивтік, контекстік-стилистикалық мағына.

 

Лексика көне гректің Lekcikos (сөздік) деген сөзі. Лексика деген сөз дүниежүзі халықтарына ортақ термин. Бұл термин – бір тілдегі барлық сөздердің жиынтығы деген ұғымды білдіреді, оны сөздік құрам деп те айтады. Лексика – тілдегі барлық сөздердің жиынтығы деген мағынада қолданылады. Бұл термин қазақ тілінде сөздік құрам деген атаумен аталады.

Лексика термині жазушының немесе жеке шығарманың тілі яки ғылымның бір саласының тілі деген мағынада да қолданылады. Мұның (лексика) сөздік құрам деген ұғымның мағынасына жақын болуымен қатар, одан гөрі өзгешелеу, өзіне тән ерекшелігі бар. Өйткені лексика сөздік құрам мен негізгі сөздік қорды түгел қамтиды, бірақ олардың арасындағы айырмашылықтарын бөлмейді. Белгілі бір тілдің сөздік құрамындағы барлық сөз санын нақты, дәлме – дәл белгілеу, түгендеп қамтып шығу мүмкін емес. Мәселен, орыс, ағылшын, неміс тілдерінің әрқайсысының сөздік құрамында бір миллионға жуық сөз бар көрінеді. Орыс халқының атақты ғылымы В. И. Дальдің 1863 - 1866 жылдар арасында шыққан “Толковый словарь живого великого русского языка” – (төрт томдық) атты сөздігінде екі жүз мыңдай сөз бар. 1948 1965 жылдары құрастырылған “Словарь современного русского литературного языка” атты сөздікке 120480 сөз енген. Ал “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде” (он томдық) 95 мыңдай реестр сөз бен күрделі және фразеологиялық сөздер қамтылған.

Әлем әдебиетіндегі аса көрнекті жазушылардың лексикасы – тіл-байлығы жиырма мың сөзден астам делініп жүр. “Пушкин тілі сөздігінде” 21290сөз, “Абай тілі сөздігінде” 6000 – дай сөз қолданылған. Бұдан Пушкинге қарағанда Абайдың сөздік қоры кедей екен деген ұғым тумауы тиіс. Ұлт тілінің лексикасы мен ұлы қаламгерлердің сөз қоры деген ұғымдар бір емес. Пушкин де, Абай да өз ғұмырында одан да көп сөз біліп қолданғаны талассыз. Ал біз келтірген сөз саны олардың өз шығармаларында қолданғандары ғана. Ұлы қаламгерлердің қайсысы болмасын өз шығармаларында білген сөздерін түгел пайдалана бермейді, тек қажеттілерін ғана сұрыптап, керегіне жаратады. Мәселен, “Абай тілінің сөздігінде” “ал” етістігі мен оның түрлері – 614-рет, “көр” етістігі – 328 рет, “де” етістігі – 1037 рет, “да” шылауы 769 рет қолданылған.

Лексикология дегеніміз – тілдің лексикасын, дәлірек айтқанда, тілдегі сөздердің сан алуан мағыналарын, сөз байлығын құралу, толығу, даму жолдарын, сөздердің қолданылу ерекшеліктерін зерттейтін сала. Қазақ тілінің сөз байлығындағы негізгі сөздік қор: адам, ай, күн, жер, су, от, ақ, қара, сары, он, бес, бару сияқты сөздер. Сөздік қор негізінде жасалған : бір, бірлік, бірегей, бірыңғай, бірдей, бір-бірінен, бірқыдыру; кірме сөздер: совет, колхоз, звено, ферма, комсомол, роман, поэма; көнерген сөздер: хат, патша, қазы, би, төре, сұлтан, бек, молда, садақ, қылыш; жаңа сөздер: химия, биология, физика, тіл білімі, бастауыш, баяндауыш; диалектизм; әйдік, әтешкүр, кереует, тонау, нән, пәс, пысқан, т.б сөздер сөздік құрамға жатады. Сөйтіп барлық сөздердің ұйытқысы болатын түбір сөздер сөздік қорға жатады. Мәселен, адам, ай, күн, жер, аспан, су тас, тау, ек, мен, сен, жер, тон, жүру, көру т.б. Бұлар сөздік құрамның ішіндегі ең тұрақты элементтері.

Лексикология тіліміздегі сөздерді қарастырғанда, оның мағыналық жақтарын да, құрамын да, олардың шығу төркінін, тарихын да, болмаса сөздерді есепке алып, түрлі сөздіктер жасауды да, тілдегі тұрақты сөз тіркестерін де, говорлар мен жергілікті диалектілерді де, зат немесе құбылыс ұғымының нақты бір сөзбен аталу себептерін де, жер, су, елді мекен және ру, ел, халық аттарын да, жануарлар мен зоологиялық атауларға байланысты сөздерді де қарастырады. Соған орай лексикология өз ішінен семасиология, этимология, лексикография, фразеология, диалектология т.б. көптеген тарауларға бөлінеді.

Лексикологияның ең басты зерттеу объектісі – сөз. Сөзді грамматиканың негізгі салалары – морфология мен синтаксис те қарастырып зерттейді. Бірақ, лексикология мен грамматиканың әрқайсысы сөзді әр басқа тұрғыдан қарастырады.

Сөз дегеніміз дыбыстық форма мен мағынаның тұтастығы, ақиқат заттың, құбылыстың жинақты бейнесінің белгісі. Заттың, құбылыстың бейнесі адамның миына сыртқы түйсік арқылы әсер етеді. Адам тіл арқылы, белгілі сөз арқылы ойлайды. Ойлауға қатысқан сөз мағыналы дыбыстардың жүйелі түрдегі дыбысталуы, айтылуы түрінде болады.

Сөз – тілдің, оның өзіндік құрамының заттар мен құбылыстарды, олардың қасиеттерін, шындық өмірдегі қатынастарды атап білдіретін негізгі единицасы, дербес бөлшегі болып табылады. Сөз жеке тұрып та, басқа сөздермен тіркесіп те тарихи қалыптасқан ұғымдарды білдіріп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырады. Сөздің осы қасиеті оның лексикалық единица екендігін көрсетеді.

Ұғым – логикалық категория, ойлау процесінің нәтижесі, ал сөз тілдік категория. Бұл екеуінің арасында тығыз байланыс бар. Логикалық ұғымның тіл жүйесіне қатысы сөз арқылы іске асады. Ұғым – шындық өмірдегі зат, құбылыс, іс-әркетке тән басты белгілердің адам санасында жинақталып, қорытылып берілген бейнесі.

Сөздің негізгі қызметі – атау яғни зат, құбылыс, әрекетті олардың белгілерін атап білдіру. Сөздер ұғымды білдіру, білдірмеуіне байланысты 2 топқа бөлінеді:

1. Ұғыммен тікелей байланысты, ұғымдық сипаты бар толық мағыналы сөздер. Оларды грамматикалық қызметіне қарап атауыш сөздер деп атайды. Бұларға зат есім, сын есім, сан есім, етістік, үстеу, еліктеу сөздер жатады.

2. Зат, құбылыс ұғымымен тікелей байланыссыз, ұғымдық сипаты жоқ дербес мағынасыз сөздер. Оларға шылау, одағай, көмекші, модаль сөздер жатады.

Сөз мағынасының 2 түрі бар: лексикалық мағына және грамматикалық мағына. Сөздің лексикалық мағынасы лексикологияда зерттеледі. В.В.Виноградовтың анықтамасы бойынша сөздің лексикалық мағынасы дегеніміз – «тілдің грамматикалық заңдарына сай тұлғаланған, оның сөздігіне тән жалпы семантикалық жүйесінің элементі болып табылатын сөздің заттық-материалдық мазмұны».

Тарихи даму тұрғысынан алып қарағанда, сөз мағыналары – негізгі мағына және туынды мағына болып екіге бөлінеді. Мысалы “ер” деген сөздің “еркек” деген мағынасы – көне, негізгі мағынаны көрсетсе, “күйеу, бай”, “батыр”, “жүректі” деген мағыналары сөздің мағыналық жақтан дамуы нәтижесінде кейіннен пайда болған туынды мағыналар.

Тіліміздің қазіргі даму қалпы, сатысы (статистикалық, синхрондық) тұрғысынан келсек, сөз мағыналарын екі түрге бөліп қарауға болады. Біріншісі – сөздің тура мағынасы.Айналадағы заттар мен құбылыстардың, олардың әртүрлі белгілерінің, қимыл, іс-әрекеттерінің ұғымы тілде сөз арқылы беріледі. Яғни тіліміздегі сөздердің өзіне тән мағыналары болады. Сол арқылы адамдар бір-бірімен түсініседі, ұғысады. Сөздің бастапқы негізгі мағынасын тура мағынасы деп атайды.

Екіншісі – сөздің ауыспалы келтірінді мағынасы. Мысалы, “қараңғы” деген сөздің “жарық жоқ, көзге ештеңе көрінбейді” деген мағынасы – (үйдің іші қараңғы, қараңғыда көзім көрмейді) тура мағынасы да, “қараңғы” сөзінің белгісіз, екіталай деген мағынасы (ақыры немен тынатыны маған қараңғы) (Ғ. Мұст.) ауыспалы мағынада қолданылған. Сөздің ауыспалы мағынасы біреу емес, бірнешеу болуы мүмкін, сөздің ауыспалы мағынасы метафора, метонимия жолдарымен де сараланады.

Сөздің тура емес, басқаша, келтірінді, бейнелеу мәтінінде қолданылуын ауыспалы мағынасы деп атайды. Мысалы:

1. Аласы аз қара көзі нұр жайнайды (тура)

2. Бұл іске кім виноват,

Я Семейдің қаласы,

Я қазақтың аласы? ... (ауыспалы)

Осындағы аласы сөзі екі түрлі мағынада: біріншіден, тура мағынасында (аласы аз көз), екіншіден ауыспалы, келтірінді мағынада (бірікпеген, ынтымағы жоқ), қолданылған.

Мысалы: Кішкентай баланың тұсауын кескенде ала жіп пайдаланылады. Біреудің ала жібін аттама

Мұнда екі түрлі мағынаны білдіретін сөз - ала жіп. Бірінші сөйлемде тура мағынада (жіптің ала екендігі), екінші сөйлемде ауыспалы мағынада (жамандық жасама) қолданылған. Ал сөздің грамматикалық мағынасы дегеніміз грамматикалық амал-тәсілдер арқылы туатын, сөздің бірыңғай топтары мен сөз тұлғаларына, синтакистік құрылымдарға тән, жинақталған дерексіз мағына. Грамматикалық мағына сөздің лексикалық мағынасы негізінде туады, бұл екеуінің арасында тығыз байланыс бар.

Тiл бiлiмiнде сөздiң мағыналарын әр тұрғыдан қарастырады және осыған сәйкес сөз мағыналарын түрлiше топтастырып саралайды. Тарихи тұрғыдан алып қарағанда сөз мағыналарын негiзгi мағына және туынды мағынa деп eкi түрге бөлген. Тiлдiн қазiргi қалпы тұрғысынан қарағанда сөз мағыналарын eкi түрге бөлiп топтастыруға болады: бiрi - тура мағына, екiншi келтiрiндi мағына (немесе ауыспалы).

Сөздiң тура немесе номинативтi мағынасы.Тiлдегi көптеген сездер заттар мен құбылыстардың және олардың әр түрлi белгiлерiнiң бейнесiмен тiкелей байланысты лексикалық мағынасы тура немесе номинативті мағына деп аталады.

Фразеологиялық байлаулы мағына.Сөздiң тұрақты сөз тiркестерiнде лексикалықьщ мағынасы фразеологиялық байлаулы мағына деп аталады.

Синтаксистiк шартты мағына.Сөз дара күйiнде емес, әдетте сөйлемде қолданылады. Сөз сөйлемде қолданылу ыңғайына қарай дағдылы (негiзгi немесе туында номинативтi) мағынасынан өзгеше, басқа бiр мағынаға ие болуы мүмкін.

Сөздiң сөйлемде белгiлi бiр синтаксистiк қызмет атқаруына байланысты туған лексикалық мағынасы синтаксистiк шартты мағына деп аталады. Сөз мағыналарының ауысуы, өзгеруi олардың келтірінді мағынада қолданылуы нәтижесінде де іске асады. Келтiрiндi, ауыспалы мағыналар өз iшiнде метафоралық мағына метонимиялық және синидохалық мағына болып сараналады.

Метафора.Өмiрдегi зат пен құбылыстың сыртқы не iшкi бiр ұқсастық белгiлерiне қарай сездiң бiрнеше мағынада ауысып қолданылуын метафора деймiз. Тiл бiлiмiнде бұл заңдылықты кейде ұқсату заңы деп те атайды. Метафора гр. metaphora ­ауысу деп аталады. Метафора тiлдегi қолдану сипатына қарай: а) тiлдiк (сөздiк) метафора, а) тұрақты метафора, б) жеке қолданыста (индивидуальная) метафора болып үшке бөлiнедi.

Метонимия.Іргелес, шектес eкi заттың немесе құбылыстың бiр aтауғa телiнiп бiрiнiң орнына бiрi алмасып қолданылуын метонимия деймiз. Метонимия мынандай ipгeлеcтік, шектестiктер негізінде тууы мүмкін: а) қимыл әрекет пен оның нәтижесiнiң шектестiгi; ә) Зат пен оның iшкi мазмұнының шектестiгi; б) материал мен одан жасалған заттың шектестiгi; в) жалқы есiмдерi оларға қатысты қимыл-әрекет атауларымен байланыстылығы; г) сапалық сын есiмдер мен олардың заттанған мағыналарының байланыстылығы; д) автор мен оның шығармасының, болмаса шығарма аты мен оның iшкi мазмұнының байланыстылығы; ж) іргелес заттың ұғымдардың шектестiгі; з) жалқы есiмдердiң бiр-бiрiмен шектестiгi.

Синекдоха.Сөздердi ауыстырып қолдану арқылы көп мағыналы сөздер тудырудың бір тәсiлi синехдоха (гр. Synekgoche - бiрге жобалап түсіну). Синекдоха тәсiлi сөздердiң мағыналық жағынан түрленiп езгеруiне үлкен ықпал етедi.

Сөздің лексикалық мағынасы – жинақталған күрделі мағына болады. Ол біртектес көп затты жинақтап, жалпылап көрсетеді. Сөздер бір – бірінен лексикалық мағынасы мен дыбыстық құрамы жағынан дараланады.

Бір сөздің сан түрлі тексте, тіркесте құбылып қолданылатынына мысал ретінде құлақ деген сөздің әртүрлі мағыналарын қарастырып көрелік: “құлақ” – адамның не жан – жануардың сезім мүшелерінің бірін білдіретін атау. “Қазаншаның еркі бар, қайдан құлақ шығарса” деген мәтелдегі “құлақ” сөзі қазанның тұтқасы деген мағынада қолданылып тұр. “Домбыраның құлағы” дегенде музыкалық аспапты күйге келтіретін бір тетіктің атауын білдіреді. Сондай – ақ “Ел құлағы - елу”, “Құлың қара құлақ болды”, “Құлақ салу”, “Құлақ тұру”, “Құлақтың құрышын қандыру”, “Көнбесе, оның құлағын бұрап қой” дегенде де, құлақ сөзі тілімізде әлденеше сөз емес, бір ғана сөз болып табылады. Оның мәнісі – құлақ әртүрлі ұғымның атауы болғанымен, ол атаулар бастапқы лексикалық мағынаның негізінде туындаған. Яғни қазанның тұтқасы адамның құлағына ұқсас, сондықтан ол – құлақ деген атауға ие болған.

 

Дәріс

 

Тақырыбы: Қазақ тіліндегі лексикалық құбылыстар.

Жоспары: 1. Табу сөз, оның лексикадан алар орны

2. Эвфемизмдер, олардың туындау себептері

3. Дисфемизмдер мен варваризмдер

 

Тірек сөздер: лексикалық құбылыстар, табу, эвфемизм,ауыспалы мағына, сөз алмастырып қолдану.

Эвфемия - тіл - тілдің барлығында дерлік кездесетін ерекше мәнді құбылыстардың бірі. Бұл тілдік феноменге адамзат ақыл ойы ертеден, біздің дәуірге дөйін назар аударған болатын. Содан бері тілдік табиғаты күрделі аса байырғы бұл құбылыстың сыры бірте - бірте ашыла бастады.

Мұның өзі филогенездік тұрғыдан қарағанда қоғамдық сана түрлерінің дамуы, этикалық, эстетикалық нормалар мен принциптердің қалыптасуы т.б. жайттармен байланысты болды.

Профессор Қ.Жұбанов бұл жөнінде былай деген екен: " Историческое значение того или иного языка, при скудности наших знаний о закономерностях развития речи, встречается с рядом трудностей. В силу своей специфики каждый современный язык содержит в себе значительное количество архаизмов, не соответствующих образу мышления современной ему эпохи, а имеющих глубокие корни в весьма отдаленном прошлом с иными условиями общественных отношений , а потому с иными взглядами на вещи "

Бір жағынан , ойлаудың байрығы формаларымен, екінші жағынан, ойлаудың дамыған формаларымен байланысты эвфемия құбылысының тілдік табиғаты, даму динамикасы, қоғамның мәдени –материалдық, әлеуметтік, саяси өзгерістермен біте қайнасқан оның көп қырлы іргелі ұғым екендігін байқатады.

Бастапқыда бұл ұғым белгілі бір қоғамда "айтуға ұят саналатын сөздерді басқа сөзбен ауыстыру " дегенмен шектелді. Әсіресе мифологиялық санамен байланысты айтуға тыйым салынған түрлі - түрлі сөздер сол кездегі қалыптасқан қоғамдық сананың мифологиялық түрімен немесе байырғыдан келе жатқан наным - сенім бойынша басқаша атаумен аталатыны айқындалды.

Тыйым салынған іс - әрекет, зат, құбылыс т.б. "табу" деп , ал іс -әрекеттің сол затты, құбылысты, нәрсені білдіретін атаулары "табу сөз" деп арнайы терминмен аталды.

Мифтік ескі наным бойынша атын тура айтуға тыйым салынған сөздер тіл білімінде табу деп аталынады. Адамзат өзі тудырған кейбір сөздерді күнделікті тұрмыста өз атымен атамай, басқаша атауға мәжбүр болған. Мұндай тыйым салынған сөздер дүние жүзіндегі халықтардың көпшілігінде кездеседі. Бұл әдет әсіресе түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының өмірінде де кең тараған.

Қазақтың ескі әдет-ғұрпы бойынша келін болып түскен қыз күйеуінің туған-туыстарын өз атымен атамайтын болған. Солардың әрқайсысына лайықтап өз тұсынан басқадай ат қоятын болған. Келін ат қойғанда кездейсоқ түрде емес, ат қоятын адамдардың мінез-құлқын, түр-тұрпатын, өнер-талабын жан-жақты тексеріп түрлі қасиеттеріне қарай сәйкестендіре атаған. Мәселен, мырза жігіт, еркем, шырайлым.

Қазақ тіліндегі табудың ендігі бір түрлері табиғаттың дүлей күшімен, адамды опат қылатын ауру аттарымен, қаскүнем жыртқыш, аң-жәндіктермен тікелей байланысты шыққан. Мысалы: ұлыма, жасыл түсті.

Бір затты, құбылысты өз атымен тура атамай, басқаша атаумен атау тек табумен байланысты емес. Сөздің ұғымы дөрекілеу, қолайсыздау, көңілге тиетіндей болып келген жағдайда да тілде бір сөз бір сөзбен алмастырыла береді. Мұндай жағдайда мағынасы тұрпайы сөздің орнына сол ұғымды жұмсартып, жеңілдетіп жеткізетін сыпайы, жұмсақ сөздер айтылады. Мұндай құбылыс тіл білімінде эвфемизм деп аталады. Эвфемизм табу сияқты үрейленуден туған сенімге негізделмейді, сыпайыгершілік пен әдептілікке негізделеді. Демек, қазіргі кездегі қолданылып жүрген эвфемизмдер халқымыздың қалыптасқан этикалық және эстетикалық нормаларының күнделікті нақты көріністері деп есептеледі. Тіпті мән - мазмұны жағынан дөрекі, әбестігі білінбесе де тыңдаушысының "қамын жеген", көңіл-күйін көтеруді ойлайтын сөйлеуші өзіне дөрекі көрінетін сөздің өзін сыпайырақ сөзбен ауыстыруға тырысады.