Тақырып. Судың құқықтық режимі.

Жоспар:

1.ҚР-ның су қорының түсінігі.

2.Қазақстан Республикасының Су кодексі және суларды ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз ететін басқа да заңдар.

3. ҚР-сы су заңдарының мақсаттары мен міндеттері.

4. Су қатынастары объектілері.

5. Суды пайдалану құқығы және оның түрлері.

Негізгі ұғымдар: су, судың құқықтық режимі, суды пайдалану,су объектілері, суды құқықтық қорғау.

Сулар дегеніміз – су объектілерінде жинақталған барлық сулардың жиынтығын айтамыз. Су қорының жерлері – су айдындары (өзендер, көлдер, су қоймалары, тоғандар, мұздықтар, батпақтар) су шаруашылығы құрылыстары алып жатқан жерлер, сондай-ақ су қорғау аймақтары мен осы құрылыстардың белдеулеріне және ауыз сумен жабдықтаудың су тарту жүйелерінің санитарлық қорғау аймақтарына бөлініп берілген жерлер.

Қазақстан Республикасының су қоры ҚР Конституциясымен және 2003 жылы қабылданған Су кодексімен реттеледі.

Қазақстан Республикасы су заңдарының мақсаттары халықтың және қоршаған ортаның тіршілік жағдайларын сақтау мен жақсарту үшін су пайдалану мен су қорын қорғаудың экологиялық қауіпсіз және экономикалық оңтайлы деңгейіне қол жеткізу және жолдау болып табылады.

Қазақстан Республикасы су заңдарының міндеттері:

- су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу;

- су қатынастарын реттеу;

- тұрақты су пайдалану және су қорын қорғауды қолдау мен дамытудың құқықтық негіздерін қамтамасыз ету;

- су қорын пайдаланудың және қорғаудың негізгі принциптері мен бағыттарын айқындау;

- су ресурстарын зерттеу, барлау және осы ресурстар мен су шаруашылығы құрылыстарын ұтымды және кешенді пайдалану саласындағы қатынастарды басқару.

Қазақстан Республикасының су қоры айрықша мемлекеттік меншікте болады.

Су қорын иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.

Су объектілеріне мемлекеттік меншік құқығын бұзған жеке және заңды тұлғалардың іс-әрекеттерінің күші болмайды және ол Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершілікке әкеп соқтырады.

Су объектілері, су шаруашылығы құрылыстары және су қорының жерлері су қатынастарының объектілері болып табылады.

Су объектілеріне мыналар жатады:

1. Жер үсті су объектілері.

2. Жер асты су объектілері.

3. Қазақстан Республикасының теңіз сулары.

4. Трансшекаралық сулар.

Жеке және заңды тұлғаларға су объектілері:

1. Қысқа мерзімді пайдалану;

2. Ұзақ мерзімді пайдалану.

Қысқа мерзімді пайдалану құқығы 5 жылға дейінгі мерзімге, ұзақ мерзімді пайдалану құқығы 5 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге табысталады.

Су объектілері пайдалануына берілген жеке және заңды тұлғалар су объектілерін пайдалану құқықтарына билік ете алмайды.

Судың жай - күйіне әсер ететін кәсіпорындар мен құрылыстарды пайдалануға беру тек мемлекеттік қабылдау актісінің немесе қабылдау комиссиясының аталған объектіні (объектілерді) пай­далануға беруді қабылдап алған актісі болған жағдайда ғана жүргізіледі.

Судың жай - күйіне әсер ететін кәсіпорындар мен құрылыстарды пайдалануға қабылдайтын мемлекеттік және қабылдау комиссияларының жұмысына міндетті түрде жергілікті атқарушы уәкі­летті органның, бассейінді су шаруашылығы басқармасының, жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның, халықтың санитарлық - эпидемиологиялық салауаттылығы саласын­дағы уәкілетті органның, және қоршаған ортаны қорғау саласын­дағы уәкілетті органның, өкілдері қатысады.

Мемлекеттік қабылдау және қабылдау комиссияларын құру мен жұмыс істеу, сондай-ақ осыған қажетті құжаттар тізімі мен рәсімдеудің тәртібі Қазақстан Республикасы заңнамасымен реттеледі.

Су объектілері, су қорғау аумақтары мен белдеулерде құрылыс және өзге де жұмыстар жүргізу ережелері жергілікті атқару­шы уәкілетті органның, бассейінді су шаруашылығы басқармасының, қоршаған ортаны қорғау саласындағы аймақтық уәкілетті органмен және халықтың санитарлық - эпидемиологиялық сала­уаттылығы саласындағы тиісті аймақтардағы атқарушы орган­мен, сондай-ақ су объектілеріндегі кеме жолдарында жоспарланған жүмыстар саласындағы су көлігі органдарымен келісілуі қажет.

Су объектілеріндегі жұмыстар кезінде халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға қауіп төндірмейтін техника мен технологиялар пайдаланылуы тиіс.

Су қорғау аймақтары мен белдеулеріндегі құрылыс, ұқғыма қазу, жарылыс және басқа да жұмыстар барысында жергілікті ат­қарушы органдар белгілеген сол аймақ пен белдеулерді пайдала­ну режимі сақталуы жүргізіледі.

Су қорғау аймақтары мен белдеулеріндегі құрылыс және өзге де жұмыстар жүргізу тәртібін мәмілелеу процесі тиісті мемлекеттік органдар тарапынан өтініш берушінің қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін он бес күндік мерзімде іске асады.

Су объектілері мен Су қорғау аймақтары мен белдеулеріндегі құрылыс жұмыстарын орындау кезінде құрылыс салуға бөлінген жерді қайта өңдеу, аумақтарды абаттандыру және қоршаған ор­таны сауықтыру жөнінде шаралар қолданылуға тиіс.

Су объектілері арқылы коммуникациялар салу жобалары тасқын сулар өткізуді, су объектілерін пайдалану режимін, судың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болғызбауды, олардың зиянды әсерін алдын алуды қамтамасыз ететін іс-шаралардың жүргізілуін көздеуге тиіс.

Теніздегі мұнай операцияларымен байланысты жұмыстар белгілі тәртіппен бекітілген, теңіз ластануының алдын алуға арналған арнайы бағдарламаларға сәйкес жүзеге асырылады.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жұмыстар осы аумақтарды қорғау мен пайдалану режимін ұстану арқылы және бекітілген арнайы экологиялық талаптарға сәйкес жүргізіледі.

Су қорғауды қамтамасыз ету мақсатында су объектілерінің жай-күйіне теріс әсер ететін құрылыстарды пайдалануға тыйым салынады. Мыналарды: судың зиянды әсерін, ластануын және қоқыстануын болғызбайтын құрылыстармен қамтамасыз етілмеген, сондай-ақ су тұтынуды және ағынды су ағызуды есепке алу құралдарымен жабдықталмаған жаңа және қайта жанғыртылып жатқан объектілерді:

балық қорғау құрылғыларынсыз су тарту және ағызу құрылыстарын;

тазарту құрылыстары мен санитарлық қорғау аймақтары жоқ мал шаруашылығы фермаларын және басқа да өндірістік кешендерді;

жерді су басуды, топан су басуды, олардын. батпақтануы мен сортаңдануын және топырақ эрозиясын болғызбайтын, жобаларда көзделген іс - шараларды жүргізуге дейін суару, суландыру және құрғату жүйелерін, су қоймаларын, бөгеттерді, каналдарды және басқа да гидротехникалық құрылыстарды;

жер асты суларын оларды су реттеу құрылғыларымен, өлшеу құралдарымен жабдықтамай пайдалануға байланысты су тарту құрылыстарын;

санитарлық қорғау аймақтарын және су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстары жай - күйінің көрсеткіштерін қадағалау пунктерін белгілемей су тарту және өзге де гидротехникалық құрылыстарды;

мұнай, химиялық және басқа да өнімдерді оларды судың ластануын болғызбайтын құралдармен жабдықтамай тасымалдайтын және сақтайтын құрылыстар мен құрылғыларды пайдалануға беруге тыйым салынады.

Су объектілері жай - күйінің көрсеткіштерін байқау пункттерін құрмай ағынды сулармен суару объектілерін пайдалануға беруге рұқсат етілмейді.

Су шаруашылығы объектілерін - жерді қайта өндеу жөніндегі жұмыстарды аяқтамай, ал суқоймаларында - олардың табанын су басуға әзірлеу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырмай пайда­лануға беруге рұқсат етілмейді.

Су объектілерінің жай - күйіне әсер ететін кәсіпорындарды және басқа да құрылыстарды пайдалануға беруге тыйым салу туралы шешімдер Қазақстан Республикасыньщ заңдарында көзделген тәртіппен қабылданады (ҚР СК 88-бабы).

Сарқынды суды жер үсті су объектілеріне және жер қойнауына ағызуға қоршаған ортаға эмиссияға тиісті экологиялық рұқсат бар болған кезде ғана жол беріледі.

Бұл ретте, сарқынды суды жер үсті су объектілеріне ағызып жіберуге - су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты бойынша, сарқынды суды жер қойнауына ағызып жіберуге Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілген сараптаманың оң қорытындысы болған кезде жол беріледі.

Су объектілерін қорғау:

- Су объектілерін пайдаланудың кез келген түрін жүзеге асыратын барлық су пайдаланушыларға осы объектілерді қорғау жөнінде ортақ талаптар қою;

- шаруашылық қызметінің жекелеген түрлеріне арнайы талап­тар қою;

- жаңа техника мен экологиялық, эпидемиологиялық жағынан қауіпсіз технологиялар енгізе отырып, су қорғау іс - шараларын жетілдіру және қолдану;

- су қорғау аймақтарын, су объектілерінің қорғау белдеулерін, ауыз сумен жабдықтау көздерін санитарлық қорғау аймақтарын белгілеу;

- су объектілерін пайдалану мен қорғауды бақылаудық мемлекеттік және басқа да нысандарын жүргізу;

- су объектілерін қорғау жөніндегі талаптардың орындалмағаны үшін жауапкершілік шараларын қолдану арқылы жүзеге асырылады.

Орталық органдар және облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының зандарына сәйкес су объектілерін сақтау олардың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болғызбау, сондай-ақ аталған құбылыстардың зардаптарын жою жөнінде тұрақты даму қағидасымен үйлесімді шаралар қолданады.

Қызметі су объектілерінің жай - күйіне әсер ететін жеке және занды тұлғалар ұйымдастырушылық, технологиялық, орман мелиорациялық, агротехникалық, гидротехникалық, санитарлық - эпидемиологиялық іс-шараларды және су объектілерін ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғауды қамтамасыз ететін басқа да іс-шараларды жүргізуге міндетті (ҚР СК 112-бабы).

Есептеу әдісімен табиғи су объектілеріне төгілетін ластаушы заттардың нормативтері анықталады. Қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерін айқындау әдістемесі Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің 2007 жылдың 21 мамырындағы бұйрығымен ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес белгіленген.