Тақырып. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану.

Жоспар:

1. Жануарлар дүниесін пайдалану мен қорғаудың құқықтық режимінің түсінігі және жалпы сипаттамасы.

2. «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының заңы және осы саладағы басқа да заңдар.

3.Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі негізгі талаптар.

4. Жануарлар дүниесін пайдаланудың түрлері және жануарлар дүниесін пайаланушылардың құқықтары мен міндеттері.

Негізгі ұғымдар:жануарлар, жануарлар дүниесі, фауна, жануарлар дүниесін пайдалану, жануралар дүниесін құқықтық қорғау.

Жануарлар дүниесі – айналадағы табиғи ортаның негізгі компоненттерінің бірі, Қазақстан Республикасы табиғи байлықтарының маңызды құрамдас бөлігі.

Жануарлар дүниесіне құрғақта, суда, атмосферада және жер қыртысында табиғи еркін жағдайда тұрақты немесе уақытша мекендейтін барлық жабайы жануарлар (сүтқоректілер, құстар, бауырымен жорғалаушылар, қосмекенділер, балықтар, сондай-ақ ұлутектілер (моллюскалар), шыбын-шіркейлер (насекомдар) және т.б. жатады.

Мақсатты міндетіне сәйкес жануарлар дүниесі мынадай топтарға бөлінеді:

- жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қатері төнген түрлері;

- жануарлардың аң аулау объектілері болып табылатын түрлері;

- жануарлардың балық аулау объектілері болып табылатын түрлері;

- жануарлардың (аң аулау мен балық аулаудан басқа) өзге де шаруашылық мақсатында пайдаланылатын түрлері;

- жануарлардың шаруашылық мақсаттарда пайдаланылмайтын, бірақ экологиялық, мәдени және өзге де құндылығы бар түрлері;

- жануарлардың халық денсаулығын сақтау, ауылшаруашылық және басқа да үй жануарларын аурудан алдын-ала қорғау, халық шаруашылығына нұқсан келтірілуіне жол бермеу мақсатында бас санын реттеп отыруға жататын түрлері.

Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы Қазақстан Республикасы заңдарының міндеттері жабайы жануарлардың табиғи еркін тіршілік жағдайларын қамтамасыз ету, табиғи үйірлердің түр жағынан сан алуандылығы мен тұтастығын сақтау мақсатында оларды қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп отыру, сондай-ақ осы саладағы заңдылықты нығайту болып табылады.

Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастар «Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңмен және осыған сәйкес шығарылатын Қазақстан Республикасының өзге де заң құжаттарымен реттеліп отырады.

Қазақстан Республикасы аумағында жануарлар дүниесін пайдаланудың мынадай түрлеріне жол беріледі:

- аң аулау;

- судағы омыртқасыздар мен теңіз сүтқоректілері аулауды қоса балық аулау;

-аң аулау мен балық аулау объектілеріне жатпайтын жануарларды шаруашылық мақсаттарда пайдалану;

- жануарларды ғылыми, мәдени ағарту тәрбиелік және эстетикалық мақсттарда пайдалану;

- жануарлардың тіршілігіндегі пайдалы қасиеттер мен өнімдерді пайдалану;

- жануарлар дүниесі тұрақты немесе уақытша пайдалануға беріледі.

Жануарлар дүниесін алдын ала белгіленбеген мерзіммен пайдалану тұрақты пайдалану деп танылады.

Жануарлар дүниесін уақытша пайдалану мерзімдері тиісті шартпен белгіленеді.

Жануарлар дүниесін пайдаланушылар арнайы пайдалану кезінде:

- жануарлар дүниесін пайдаланудың оларға рұқсат етілген түрлерін ғана жүзеге асыру;

- жануарлар дүниесі объектілерін олардың ұсынылу жағдайларына сәйкес пайдалану;

- өндірген жануарлар дүниесі объектілері мен сол кезде алынған өнімге меншік ету;

- жолдамалар беру;

- жануарлар дүниесі объектілерін пайдалану үшін жеке және заңды тұлғалармен келісімшарттар жасасу құқығына ие.

- арнайы пайдалану кезінде жануарлар дүниесін пайдаланушылар: Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнама талаптарын орындауға;

- Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіп бойынша жануарлар дүниесін пайдалану үшін төленетін төлемдерді уақтылы жүргізуге;

- шаруашылықішілік аң аулау ұйымдастыруға;

- шаруашылықішілік балық аулау ұйымдастыруға;

- жануарлардың тіршілік ету ортасының нашарлауына жол бермеуге;

- жануарлар дүниесін пайдалану кезінде халық пен қоршаған ортаға қауіпсіз, табиғи қауымдастықтардың бүтіндігін бұзуға және жануарларға қатыгездік танытуға жол бермейтін әдіс-тәсілдерді пайдалануға;

- жануарлар дүниесі объектілерінің сандық есебін жүргізіп, Қазақстан Республикасының заңнамасындағы тәртіппен есеп беруге;

- жануарлар дүниесі объектілерін, оның ішінде сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін қорғау мен өсімін молайтуды қамтамасыз етуге;

-биологиялық-экономикалық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес жануарлар дүниесі объектілерінің өсімін молайтуды қамтамасыз ететін қажетті іс-шаралар өткізуге міндетті.

Жануарлар дүниесін пайдаланушылар жалпы пайдалану кезінде өздерінің мәдени және эстетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жануарлар дүниесі объектілерін пайдалануга құқылы.

Жануарлар дүниесін пайдаланушылар жалпы пайдалану кезінде:

- Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындагы заңнама талаптарын орындауға;

- жануарлардың тіршілік ету ортасының нашарлауына жол бермеуге;

- Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы басқа да талаптарды орындауға міндетті.

Жануарлар дүниесі объектілерін биологиялық қару ретінде пайдалануға тыйым салынады (Заңның 23-бабы).

Мемлекеттік органдар, жауапты тұлғалар мен ұйымдар тарапынан жануарлар дүниесін пайдаланушылардың қызметіне заңсыз араласуға тыйым салынады (Заңның 27-бабы).

Жануарларды сақтау және өсімін молайту мақсатында жану­арлар дүниесін пайдалануға лимиттер мен квоталар белгіленеді.

Жануарларды алып қоюға лимит дегеніміз, жануарлардың табиғи өсімі мен саны сақталатын алып қоюдың жол берілген шекті көлемі.

Жануарларды алып қоюға лимит, жануарлардың өткен жылғы санының есебі мен жануарлар дүниесі объектілеріне және олардың тіршілік ету ортасына жүргізілген мониторингтің, ғылыми зерттеулердің материалдары негізінде дайындалған биологиялық негіздемеге сәйкес анықталады және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметімен бекітіледі.

Бірнеше мемлекеттердің аумағында жылыстайтын немесе мемлекетаралық маңыздағы су айдындарында мекен ететін жануар­ларды алып қоюға лимит халықаралық келісімдер негізінде, ал ол болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес анықталады.

Жануарлар дүниесі объектілерін алып қоюға лимит жыл сайын ҚР Үкіметімен бекітіледі.