Сурет-1 Ұлттық тәрбие жүйесi

 

Ұлттық тәрбие – ұлағатты iс. Бұл тек қазақ ұлты үшiн емес, Республикадағы барлық ұлттар үшiн қажет. Олар ұлттық тәрбиеде қазақтық халық педагогикасы өздерiне үлгi ретiнде пайдалануы керек.

Ұлттық тәрбие отбасында, балабақшада, мектепте, өндiрiс орындарында, жоғары оқу орындарында жан-жақты жүргiзiлуде. Жауапкершiлiгiн түсiнiп, өзiн- өзi жетiлдiру. Рухани даму жеке тұлғаны қалыптастырудың негiзi болып табылады. Рухани дамыған тұлғаның көрсеткiштерi: басқаларға жақсылық жасау, жақсылыққа ұмтылу, өзiн-өзi дамыту, жетiлдiру.

Бала тәрбиесі қай заманның, қай қоғамның болсын ойшылдары мен зиялыларын толассыз толғанысқа, үздіксіз ізденіске түсірген ізгі мұра екені даусыз. Әр дәуір, әр кезеңде ата-ана арман-мақсаттарын бауырынан өрген балғын перзенттерінің – ертеңгі мұрагерлерінің тәлім-тәрбиесімен, ар-ождан, ақыл-қайрат, білім-білік тәрізді абзал қасиеттерге негізделген саналы тіршілігімен тығыз байланыстыра қараған. Заманына, қоғамына сәйкес талап-тілектерге қажеттіліктерге қарай бала тәрбиесі келе-келе саралана, жүйелене түскенін айқын аңғарамыз.

Жалпы, әл-Фараби рухани пікір үндестігі, ой сабақтастығы ХХ- ғасырда ғұмыр кешкен қазақтың Ы.Алтынсарин, Ш.Уалиханов, Абай Құнанбаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев тәрізді зиялылары мен ағартушы-демократ, ақын-жазушыларының ой орамдарында да ұшырасады. Осы орайда қазақтың тұңғыш педагогы, қазақ балалар әдебиетінің атасы Ы.Алтынсариннің тәрбие саласындағы мұраларын жас ұрпаққа үлгі ету, тәрбие жұмысында пайдалану баршамыздың парызымыз. Ол қазақ сахарасында тұңғыш рет ана тілінде мектеп ашып, оның тәрбиешісі болды. Қазақ тілінде алғаш рет әліппе, оқулық-хрестоматия жазған. Ы.Алтынсариннің 1879 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Қазақша Хрестоматия» деген бірінші кітабында: «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Асыл шөп», «Бақша ағаштары», «Бір уыс мақта», «Шеше мен бала», «Әке мен бала»,», «Таза бұлақ» т.б. өзі жазған тілі жатық, мазмұны қызғылықты 40-тан астам әңгімелері мен аудармалары бар. 1880 жылы Троицк қаласында басылған екінші кітабында балаларды өзін қоршаған орта, жаратылыс құбылыстарымен таныстыратын және хайуанаттар туралы баяндалатын шығармалары жинақталған.

1889 жылы Қазан қаласында басылып шыққан үшінші кітабына тәрбие тақырыбындағы әңгіме, ертегі, мысалы және қысқа өлеңдері топтастырылған. Бұл шығармалар әрі қысқа, әрі мазмұнды, тілге жеңіл, ойға қонымды балалардың жас ерекшеліктеріне лайықталып, жан дүниесіне әсер ететіндей көркемдікпен жазылған. Шығармалар идеясы жағынан бала жанын тазалыққа, адалдыққа, туған жердің табиғатын, еңбекті сүюге, достыққа, қайырымдылық пен мейірімділікке тәрбиелеуге, ата-ананы құрметтеуге негізделген. Ол: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады, себебі ата-анасын сыйламайтын бала жолдасына да, қоғамға да пайда келтіре алмайды» деп отбасылық тәрбиеге ерекше мән берген. Барлық қасиет ананы сүюден, ана еңбегін бағалаудан бастау алады, сондықтан балаларға ана құдіретін ұғындыратын өлеңдерді көп оқып, көбірек жаттатуды ұсынады. Ақын-ұстаз өзінің «Ананың сүюі»деген өлеңінде:

Кім сендерді, балалар сүйетұғын,

Қуанышқа қуанып, қайғысына күйетұғын.

Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,

Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын!

Кім сендерді сағынар шетке кетсең,

Ғылым іздеп, тез қайтпай көпке кетсең,

Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын,

Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін! - деп жеткіншектерге ана мейірін, ананың ақ сүтін ақтауды міндеттейді. Данышпан ойшыл оқу-білім, тәлім-тәрбие мәселелері жайлы еңбектерінде тәрбие мақсаты-адам баласын ізгілік қасиеттерге баулу екенін айтады. Ұлы ұстаз мінез тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Мінезділік – бақытты болудың басты шарттарының бірі, сондықтан баланың жаны мен тәнін тәрбиелеуді бесігінен бастау қажет деген қорытынды жасайды.

Әбу Насыр әл-Фараби еңбегінде музыкалық әуендер өнегелі мінез-құлықты қалыптастыруда елеулі маңыз атқаратынын, ән адамның өзін-өзі тәрбиелеуіне, бойындағы жаман әдеттерден арылуына ықпал ететінін баяндаған.

Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы ұрпақ тәрбиесіндегі үкілі домбыраның мәніне былай баға берген: Домбыра – қазақтың қасиетті дүниесі. Өзің тарта алмасаң да, қадірлей біл. Себебі баланың бойына халықтың рухани байлығын сіңіру домбырадан басталады.

ХХ ғасырдың басында Шоқан, Ыбырай, Абай көтерген ағартушылық қозғалысты батыл жалғастырушы талантты ақын Мағжан Жұмабаев өзінің 1923 жылы тұңғыш жарық көрген «Педагогика» атты кітабында: «Бастапқы кезде жөнді білінбейтін баланың жан дүниесі, ол өскен сайын бірте-бірте біліне бастайды. Сондықтан баланың дене тәрбиесі мен жан тәрбиесін қатар алып қарау керек. Жанды тәрбиелеу үшін жанның жайын баяндайтын еңбекпен таныс болу керек» – келіп, Аристотель мен әл –Фарабидің жан туралы еңбектерін еске алады. Сонымен бірге «Баланы өзімдей бол деп үйретпе, өзімдей болма деп үйрет» – деген. Әзірет Әлінің сөзінде көп шындық бар. Тәрбиедегі мақсат баланы тәрбиешінің өзіндей қылып шығару емес, ерекше өз заманына лайық қылып шығару ғой» – деп тәрбиешінің үлгісіне де ерекше мән береді.

Шынында, қазақ халқының бала бойында ана сүтімен сіңіретін, тәлім-тәрбиелік өзіндік мектебі болғаны даусыз. Көшпелі өмір кешіп жүрген кездің өзінде-ақ ауыз екі үлгі-өнеге ретінде айтылатын ертегі, мысал әңгімелері мен де, шешендік сөздерімен де, түрлі дәстүрлік әдет-ғұрыптарымен де, ұлағатты ырым-тыйымдарымен де баланы алғырлыққа, зерделілік пен көрегенділікке баулып, жаман істер мен әдеттерден тыйып, жалқаулық, жалақорлықтан безіндіре, еңбеккерлікке, адалдыққа, өнерлікке, талапкерлікке үйретіп отырған.

Алтын, күміс-тас екен, арпа, бидай –ас екен деп отыруы – баланың ұғымын кеңейтіп, өмірге, айналаға ойлана қарауға үйретеді. Баланың тәлім-тәрбиесіне ерекше мән берген халқымыз «Баланы –жастан» деген мәтелді тектен-текке айтпаған.

Халық педагогикасы ата-бабаларымыздың тәрбиеге қатысты ғасырлар қойнауынан сараланып жеткен іс-тәжірибелерінің жиынтығы. Ой менен сөз, мазмұнды пікірлер біздің халықтың алдыңғы байлығы болып келген. Біздің ана тіліміз-отбасы мен балабақшалардан басталып, мектепте жалғасатын жүйелі сабақтаса, көздеген мақсатымызға жеткізбек.

Халық тәлімі-ең алдымен түн ұйқысын төрт бөліп, тал бесікті тербеткен ананың мейірлі махаббатқа толы әлдиі-бесік жыры, былдырлап сөйлей бастаған балдырғанның тәтті тіліне балдай оралатын жеңіл де жұп-жұмыр, айтылуы ойнақы тақпақтар. Бесік жырында ата-ананың балаға деген шексіз мейірімі, оның келешегіне деген үміт-сенімі, арман мақсаты айтылады.

Сонымен қатар халық педагогикасы – ол қазақ поэзиясының бөлінбес бір бөлшегі іспетті қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, айтыстар, ертегілер, аңыздар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар.

Ол – жан сезімімізді толқытып, ойымызға ой қосатын, қиялымызға қанат бітіретін халқымыздың рухани байлығы мен болмысы сұлу әндері мен сыршыл күйлері, ұлттық ойындары, осы кезге дейін тәлім-тәрбиелік қадір-қасиетін жоймаған салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары, адалдыққа, тазалыққа, әділдік пен мейірімділікке баулитын ырым-тиымдары. Олар арқылы халық ұл-қызын күллі жаман әдеттен тиып, ең жақын нышандарға үндеген. Олар тектен-тек тумаған: өмірдің тыныс-тіршілігінен, қажетінен, күнделікті мүддесінен алынып, халқымыздың ой-парасатымен, бейнелі сөздерімен кестеленіп, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырған.

Қазақтың аса бай эпосы халықтың ой-арманы мен мақсат-мүддесін білдіреді. Оның адамгершілік және эстетикалық тәрбие беруде, жас ұрпақты рухани жағынан байытып отыруда жырлаған тәлім-тәрбиелік идеялары – балаларға адамгершілік-эстетикалық тәрбие береді, олардың музыкалық талғамын, ой-өрісін дамытады. Оларда қазақ тілінің байлығы және оның шексіз шешендік мүмкіндіктері тайға таңба басқандай байқалады. Соның бір саласы – мақал-мәтелдер. Олар – халықтың көрген-білген, көңілге түйген, бастан кешкен оқиғаларын қорытқан, сан ғасыр уақыт елегінен өткен ақыл-ойының жиынтығы, анықтамасы. Өмірде үнемі қайталанатын оқиғалармен, құбылыстармен байланысты туған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні.

Халық педагогикасы – ұлттық тәжірибелер мен тағлымдардан тұратын бай қазына, өшпес өнеге, тәрбие өрнектері: жырлар, ертегілер, аңыздар, жаңылтпаштар, жұмбақтар, санамақтар, мақал-мәтелдік сөздер, ұлттық салттар мен дәстүрлер, рәсімдер, әдет-ғұрыптар, халықтық ойындар мен ойыншықтар. Үлгі-өнегелер, халықтық құнды мұра, тәлім-тәрбиенің баға жетпес қайнар көзі.

Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиенің белгілі жүйсінде жас буын жадына біртіндеп сіңіріп отыратын арнаулы жолдар, тиісті тәсілдер де болған. Мәселен, мақал-мәтелдерде адамгершілік, имандылық тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда ақыл-ой тәрбиесі, өлең, жыр, дастандарда әсемдік тәрбиенің негізгі принциптері, ал халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәлімдік материал ретінде ертегілер пайдаланылған.

Демек, халықтық педагогика – тәлімдік-тәрбиелік ой-пікірдің бастауы, халықтың рухани мұрасы. Қазақ халқының тәсілдік мәні зор ой-толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс-термелерде көптен кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні адамгершілік-имандылық, ақыл-ой, еңбек, эстетика, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тіреледі.

Ертегілер баланы қызықтырады, сөзді тыңдай білуге үйретеді, оның қиялын дамытып, адамгершілікке тәрбиелейді, тілін ширатып, жан дүниесін, мінез-құлқын қалыптастырады, дарын нышандарын өрнектейді.Ауыз әңгімелер шыншылдыққа, елін сүйіп, еңбек етуге, зұлымдықпен күресе білуге үйретеді.

Жаңылтпаштар тәрбиеленушінің тілін ширатады, жаңылтпаштың дүниетанымдық түрлері мен тәрбиелік нұсқалары баланың ой-өрісін кеңейтеді. Жұмбақтар мен жұмбақ-айтыстар баланың ойын, қиялын шарықтатып, пайымдау қабілетін дамытады, оны тапқырлыққа баулиды. Санамақтар баланың ойлау жүйесін жетілдіріп, оның сюжетті нұсқалары тапқырлық танытуға құштар етеді, дүниетанымдық мәнде құрылған санамақтар балғын жастың танымдық қабілетін дамытуға септігін тигізеді. Мақал-мәтелдер халықтың жиі қолданатын тәрбие құралы. Қазақ халқының мысалдап, мәтелдеп, мақалдап сөйлейтін ұлттық ерекшелігіне сәйкес оның мақал-мәтелдері де мол. Ауыздан –ауызға тарайтын бұл жанрды күн сайын толықтырып отырады. Мақал-мәтел өрендерді еңбекке, адамгершілікке, елін

Қазіргі таңда оқу-тәрбие процесінде зерттеу жұмыстары жүргізіліп, балаларлардың мазмұнды, іскерлікке бағытталған іс-әрекеттерінде халықтық педагогиканың идеяларын қолдану жолы басталуда. Өйткені, халық педагогикасы-ықылым жылдар електен өткен тәрбие мәйегі тәрбие берудің тиімділігі мен сапасын арттырудың негізгі бағыты барлық оқыту, тәрбиелік істі демократияландыру, гуманитарландыру әрбір баланы жеке тұлға деп танып- біліп жан-жақты қалыптастыру міндеті күн тәртібіне қойылып отыр.