Тіс жұлу отасын жасайтын жағдайлар

 

Қажеттіліктер толық (абсолюттік) және жартылай (салыстырмалы) Танфильев Д. Е, (1966) жалпы және жергілікті (Бернадский Ю.И.,1970), жедел (срочное п.) және жоспарлы (плановое п.), (Заусаев В,И., 1981) болып жіктеледі.

Жедел және толық қажеттілікке жедел ағымды одонтогендік инфекция (остеомиелит, абсцесс, флегмона, периостит) жатады. Қабыну кезеңі басталуынан көп кешікпей ауру тіс жұлынса, онда инфекцияның әрі қарай тарауы тоқтатылып, тезірек оң нәтижеге қол жетеді. Қабыну кезеңі ұлғайып кетсе, тіс жұлу отасы жеткіліксіз деп табылады. Қосымша көшпелі қатпар, басқа да жақ айналасындағы жұмсақ тіндерді тіліп, жалпы ем жүргізу қажет.

Емдік шаралар нәтижесіз болса, қабыну кезеңі асқынып кетсе, одонтогенді хрониосепсис кезінде ауру тіс шұғыл түрде жұлынады.

Жоспарлы қажеттіліктер мыналар:

1) Сауыты түгел бұзылып, түбірі протез салуға пайдалануға жарамай қалған тіс;

2) Түбірі қисық, өзегі бітеу болып, реплантация мен түбір ұшының резекциясын жасауға, емдеп жазуға болмайтын тіс;

3) Гаймор қуысындағы қабынуға себепкер тіс;

4) Ішкі ағзалардың ауруына себепкер тіс;

5) Пародонтоздың IIIдәрежесінде босап қалған тіс;

6) Ортодонтиялық ем кезінде басқа тіске орын босату үшін;

7) Қарама-қарсы-антагонист тістерін ерте жоғалтып, орнынан мейлінше шығып кеткен (Попов-Годон феномені), протезге пайдалануға жарамсыз күйге жеткен конвергенция, алынатын протездің орнықты тұруына кедергі жасайтын соңғы тіс;

8) Жақ сүйегі сынғанда сынық сызығында қалып инфекцияны әрі қарай тарататын, сынықтардың репозициясына кедергі жасайтын, сынған, мейлінше босаған тіс;

9) Сауытын тегістеп жонса да тіл, ерін қанат-жақ қатпарын жаралайтын тіс;

10) Ортодонтиялық емге келмейтін, тіс доғасынан тыс (жоғарғы сүйір тістер) тіс (косметикалық пайымдау негізінде жұлады);

11) Ретенцияға, дистопияға ұшыраған қиыншылықпен шығатын (ақыл тістер) тіс;

12) Тіс ұяшық-альвеола өсіндісіндегі киста мен ісікті радикалды ота жасап алып тастағанда жыланкөздің шығуына кінәлі тіс.

Сүт тістерді жұлу қажеттілігі балалар стоматологиясында айтылады.

Жоспарлы жағдайда жұлуды (жартылай қажеттілік) 1-2 күн кейінге қалдырғанмен науқастың денсаулығына пәлендей нұқсан келмейді.

Қорыта айтқанда, қажеттілік бар кезде тісті мүмкіндігінше ертерек жұлу дұрыс болып табылады.

 

Тісті жұлуға болмайтын жағдайлар (жартылай)

Тіс жұлуға толық қарсылық жоқ. Жартылай жұлуға болмайтын жағдайлар жалпы және жергілікті деп бөлінеді.

Жалпы жұлуға болмайтын жағдайлар:

1)Қан аурулары (гемофилия, геморрагиялық диатез, анемия, лейкемия);

2) Жүрек-қан тамырлары аурулары (миоркард инфаркты, декомпенсациялы жүрек ақауы т.б.);

3) Жұқпалы аурулар;

4) Жүйке жүйесінің аурулары (эпилепсия, психоз т.б.);

5) Екіқабат кезде, етеккір келгенде (Верльгоф ауруы, гемофилия).

Қан ауруларымен ауырған науқастыңтісін жұлған соң тіс ұясынан аққан қан көпке дейін тиылмауы мүмкін. Сондықтан науқасты стационарға жатқызып гематологтың қатысуымен емдеп, содан соң тісін жұлуға болады.

Науқасты дайындау кезінде оған күнделікті көк тамырға-венаға 10%- 10 мл хлорлы кальций, тері астына 1,0 мл сарысу 50-75-100 мл көк тамырға-венаға бөлшектеп қан құяды. К витамині мен аскорбин қышқылын ішу қажет.

Күнделікті бақылау кезінде қанның ұюы 4-5 минутке жеткенде (қалыпты жағдайдың жоғарғы шегі)тісті жұлуға болады. Әйтседе антигеморрагиялық емді жарақат жазылғанша жүргізу керек.

Лейкемия ауруы кезінде ауызда жара, өлеттенген-некроз болатындығын ескеріп, тіс жұлғанда, оның айналасындағы тіндерді қорғау керек. Етеккір келгенде әйелдердің қан ұюы нашарлайды. Сондықтан егер аса қажеттілік болмаса, тісті етеккір тоқтаған соң 2-3 күннен кейін жұлуға болады.

Жүрек-қан тамырлары бұзылыстарына байланысты болмайтын жағдайлар.Жалпы дәрігерлік дайындықтан соң тісті емханада немесе стационарда жұлуға болады.

Ауыр науқастардың тісін жұлуға болмайтын жағдайларды А. И. Рыбаков (1962) тым артық айтылған деп есептейді. Шұғыл қажеттілік кезінде (жедел ағымды одонтогенді инфекция) асқынудың алдын алып, абайлап, тісті жұлудың еш қиындығы жоқ. Тіс жұлудың алдында терапевтпен кеңескен дұрыс.

В. З. Скоробогатьконың (1966) мәліметі бойынша, тіс жұлған соң кейбір аурулардың асқынуы мүмкін (қан қысымы көтеріліп, жалпы әлсіздік, тамыр соғуы жиілеп, төс қыры, жүрек тұсы сыздап ауырады).

З.М.Миканба (1958) жүрек-қан тамырлары ауыратын науқастарды жете зерттеп, олардың тісін жұлуға толық қарсылық жоқ деп табады. Ол өзінің әдістемелік хатында (1963) ауруларды 3 топқа бөледі.

I топ. Қарсылықтары жартылай, тістерін емханада жұла беруге болатын аурулар түрлері: 1) Жүректің органикалық ақауы; 2) Кардиосклероз; 3) Кризге ұшырамаған І-ІІ-ІІІдәрежелі гипертония; 4) Қан айналымының І-ІІдәрежелі созылмалы кемшілігі; 5) Ревматизмнің өршу фазасындағы жүректің органикалық ақауы; 6) Жүрек астамасы мен стенокардия ұстамалары жоқ жүрек инфарктына үш айдан астам уақыт өтсе.

II топ. Қарсылықтары толық аурулар түрлері: 1) Жедел ағымды миокард инфарктының алғашқы күндері; 2) Инфарктының асқынулары - жиі қайталайтын коллапс пен жүрек қарыншаларының жедел ағымды аневризмасы; 3) Гипертониялық криздер.

III топ. Жартылай қарсылықтары бар аурулар. Жиі стенокардия ұстамасы бар созылмалы жүрек кемшілігі бар аурулар. Жеделдеу септикалық эндокардит пен жүрек қарыншасының созылмалы аневризмасы бар аурулар терапевтикалық стационарда емделіп болған соң терапевтің кеңесімен тіс жұлу мәселесі шешіледі.

Барлық жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауырған ңауқастарды психика-эмоциональды, гормональды дайындықтан (алдын ала дайындау-премедикация, тиянақты анестезия) өткізеді. Жансыздандыру дәрілерге-анестетиктерге адреналин қосылмайды. Триоксазин, андоксин т.б. қорқу, қобалжуды болдырмайтын дәрілер беріледі. Жүрек-қан тамырларының қызметі дұрыс жүріп тұруы үшін жүрек гликозидтері, тіндегі зат алмасуын жақсартатын, антиаритмикалық дәрілер береді.

Қашау мен балғаны қолданбай тісті өте мұқият, абайлап жұлған жөн.

Жұқпалы ауруларкезінде науқас организмінің қорғаныс күштері әлсірейді, соны ескеріп, тиісті қажеттілік болмаса тіс жұлуға болмайды. Жартылай қарсылықтарға жүйке жүйесінің аурулары жатады (истерия, эпилепсия, психозда т.б.) Маман дәрігермен кеңесіп, кіші-гірім дайындықтан соң олардың тістерін жұлуға болады.

Жүйке жүйесі ауруына тістің жұлынуы дұрыс әсер етеді.

Екіқабат әйелдердіңемдеуге болмайтын тістерін, ауыз қуысын тазалау-санация кезінде жұлу қажет. Әйтпесе, тісті жұлудан бұрын акушер-гинекологпен кеңесіп алу керек. Екіқабат әйел сырқат болса тіс жұлу кезінде бала тастап қою қаупі бар. Ауыз қуысын тазалау-санация жасауға ең қолайлы мезгіл үшінші айдан сегізінші айға дейінгі аралық. Себебі, 1-2 ай ішінде лоқсу, сілекей шұбыру, тағы сол сияқты ыңғайсыз жайлар мазаласа, 8-9 айларда әйелдің дәрілерге қатынап, тістерін емдетуі де біраз қиыншылық тудырады.

Жаралы-некроз стоматиті мен гингивит тіс жұлуға жергілікті жартылай қарсылық болып саналады. Жалпы алғанда ауыз қуысында жараның пайда болуы кілегей қабықтың иммунитетінің төмендеп микрофлораның кушеюінің дәлелі. Сондықтан, шұғыл қажеттілік болмаса тіс жұлуды жара беті қабыршақтанып жазыла бастаған кезге дейін қалдыра тұрған жөн. Төменгі жақтың аздап қозғалған соңғы тісін жұлуды кейінге қалдыра тұру, оны аз уақыт болса да алынбалы протездің қалыптасуына септігін тигізетін мүмкіндігіне байланысты.

Қатерлі ісік аймағандағы тісті жұлудың қажеті жоқ, ол ісікті ота жасап алған кезде бірге кетеді. Олай етпегенде, тіс жұлу, ісіктің тез өсуіне әкеліп соқтырады.

Қорыта айтқанда, атап өткен аурулар мен жедел ағымды сәуле ауруы, бүйректің жұқпалы ауруы т.б. тіс жұлуға жартылай қарсылық болып саналады. Толық қажеттілік (жедел ағымды қабыну процесі) болмаса, дәрігер-стоматолог тиісті мамандармен ақылдасып, науқасты дайындап болған соң барып тіс жұлады. Науқастың халі-жағдайы қиын болса, бұл жұмыстардың бәрі стационарда жасалады. Асқынып кетудің алдын алу үшін лейкоз, агранулацитоз, сәуле ауруы, септикалық эндокардит, ревматизм, нефрит ауруларына антибактериялды-терапия жүргізу қажет.

Науқас тарихына байланысты мәліметтер, тіс жұлу отасы қысқа да дәл түрде құжаттарда жазылып отырылуы шарт.