Тіс жұлу әдістері

Тіс жұлу операциясы қызыл иек пен периодонт тіндердері мен тіс ұясынан тісті немесе түбірді зорлап шығарып алу қимылдарынан тұрады. Емханада өткізілетін оталардың 90%-ы тіс жұлу отасымен байланысты.

Тіс түбірлері алшақ орналасқан болса тіс ұясы күштеп кеңейтіледі. Тістерді арнайы қысқыштар мен элеваторлар арқылы жұлады.

Кейбір кездерде тіс жұлуға бормашина, қашау, балға қолданылады. Бұл аспаптармен тісті жұлуға кедергі жасайтын сүйек алынып тасталады. Әрине, бұл оталар науқастарға біршама қиындықтар туғызады.

Тісті жұлудан бұрын анатомиялық ерекшеліктерді ескерген жөн. Мысалы: түбірдің саны, түрі, үлкендігі, қисаюы, түбірлер далдасы, ұя қабырғасының қалыңдығы, гаймор қуысының жақындығы, төменгі жақ өзегінің жақындығы, жүйке жүйесімен қамтамасыз етілуі т.б. Бұл керекті мәліметтер анатомиядан белгілі.

Тісті жұлудың қиындығы алдын ала белгілі болса (төменгі ақыл тістерді жұлу) рентген жасау қажет.

Жұлынатын түбірден басқа тістерге қарап та бірталай мәлімет алуға болады. Мысалы: жалпақ және төмен тіс сауыты оның түбірлерінің алшақ орналасқанының дәлелі. Тіс жұларда науқастың жалпы жағдайын есепке алып, дәрілеп жансыздандыру-анестезия жасап психологиялық дайындықтан өткізу керек.

Науқасқа тіс жұлу кезіндегі кейбір жайлар туралы біршама түсінік берсе, ол тіс жұлған кездегі ыңғайсыз жағдайларға онша назар аудармайды.

 

 

Тіс жұлу кезіндегі науқас пен дәрігердің орналасуы.Жоғарғы тістерді жұлғанда науқас биік орындықта басын шалқайтып отырады. Жұлатын тіс дәрігердің иығы деңгейінде болу керек. Сол жақтың тістерін жұлғанда науқастың басы дәрігерге қарай, ал оң жақтың тістерін жұлғанда әрі қарай бұрылады.

Төменгі жақтың тістерін жұлғанда орындық шынтақ деңгейіне дейін төмендетеді. Науқастың басы тік орналасады. Төменгі күрек, сол жақ кіші, үлкен азу тістерін жұлғанда дәрігер науқастың қарсы алдында, оң жағында тұрады, ал оң жақтың сүйір, кіші және үлкен азу тістерін жұлғанда ол сол қолымен науқастың басын құша оң жағында немесе арт жағында тұрады тіс жұлу қиын болатын болса науқасты жатқызады.

Ота алаңын дайындау. Ауыз қуысын асептикалық жағдайға келтіру мүмкін емес. Әлсіз антисептиктер микрофлораны жоя алмайды, ал күштілері кілегей қабықты жаралайды. Сондықтан ауыз қуысын дайындауды тамақ қалдықтарынан тазалап, оның микрофлорасын азайту деп түсінуге болады. Ол үшін ауызды калийдің марганец қышқылы, хлорамин, фурацилин, ас содасы т.б. әлсіз ерітінділермен шаю керек. Жұлынған тістің ұясына түсіп кетпес үшін жақын тұрған тістерді тастардан калий перманганаты, сутегі тотығымен малынған тампонмен тазарту керек.

Ине шаншитын нүкте мен жұлынатын тіс аумағын йодтың 1- 2% спиртті ерітіндісімен өңдеу керек.

Тіс жұлу аспаптары.Негізгі тіс жұлу аспаптары анатомиялық қысқаштар, элеваторлар. Қысқаштар үш бөліктен тұрады:

1) Жақтары- тістердің анатомиялық құрылысын есепке алып ішін ойық етіп бедерлеп жасалған. Тіс сауытын, немесе түбірдің қалған бөлігін қыса ұстайды.

2) Саптары (сабы, браншы)-дәрігер ұстайтын бөлігі.

3) Құлыбы -қысқаштың екі бөлігін бір-бірімен бекітеді (11,11а, б-сурет).

Тұрақты тістер мен сүт тістерді жұлатын қысқаштар тобы бөлек болады. Олардың басқа жоғарғы, төменгі жақ тістерін, сауыты сақталған тістер мен түбірлерді жұлатын қысқаштар да бір-бірінен өзгеше. Белгілі бір тістерді жұлатын арнайы қысқаштар да бар.

Қысқаштарды таңдағанда төменгідей белгілеріне назар аударады. Бұрыш белгісі – жоғарғы жақ тістерін жұлатын қысқаштардың жақтары мен саптары бір түзудің немесе параллель (параллельге жақын) түзудің бойында орналасады.

Төменгі жақ тістерін жұлатын қысқаштардың жақтары мен саптары бір-бірімен 90° (яғни соған жақын) бұрыш түзеді. Бұлардың барлығы дерлік сапты бойлай иілген (саптары бір-бірінің үстіне орналасады), содан соң кейбіреулері (негізінен ақыл тістерді жұлу үшін) саптың қырына қарай иілген (горизонталь) саптары қатар орналасады. Саптың иілу белгісі: жоғарғы күрек, сүйір тістерді жұлу үшін тік қысқыштар, ал кіші, үлкен азу тістерге S-тәрізді иілген қысқыштар қолданылады, олардың сабы бері орналасқанмен жақтары тісті дәл ұстайды. Жоғарғы ақыл тіске арнайы - немесе байонет (штык тәрізді) қысқыштар қолданылады.