Флегмона — теріасты, бұлшықеттер және фасциялар арасындағы (шелдің) клетчаткалардың жайылмалы іріңдеп қабынуы.

Бұл жағдайда ауыратын (тығыз), анық шектелмеген, домбыққан тіндер ішінде орналасқан ұйыспа-инфильтрат байқалады.

Беткей орналасқан флегмоналарда, ауру басталысымен ауыратын тығыз ұйыспаның-инфильтраттың тері қабаты мен шырышты қабығы қан кернеп қызарып, тіндер домбығады. Терісі „жылтырап" керілген, бет шұңқырлары тегістелген, терісі қатпарға жиырылмайды. Тереңдеу орналасқан флегмоналарда, бастапқыда тері қабатында өзгеріс аз болады. Тек бүйір тармақтар-коллатеральды домбығу мен ауыратын тығыз ұйыспа-инфильтрат байқалады. 2-3 күн өткен соң тіндердің ірінді іруінен ұйыспаның-инфильтраттық тығыздығы төмендейді де, ортасында күлтіреу-флюктуация пайда болады, терісі қызарып, кейде көкшіл тартып тұруы мүмкін. Аумақтық лимфа түйіндері үлкейіп, қолмен басқанда ауырады.

Іріңді «көздің» орналасуына байланысты жергілікті өзгерістер — жақтың қарысуы (контрактура), шайнау қызметінің бұзылуы, жұтына алмаушылық не ауыр жұтыну, сөйлеу және тыныс алу қызметінің бұзылуы, дауыстың қырылдауы сияқты белгілермен білінеді. Сілекейдің бөлінуі көбейіп, ол қою және ауыз қуысы түбі (асты) флегмонасында- тілдің көлемі тез үлкейіп, жоғары көтеріліп тұрады.

Этиологиясы мен патогенезі.Бет және мойын аймақтарының абсцесстері мен флегмоналарын қоздыратын микробтарға стрептококктар, стафилококктар, диплококктар, пневмококктар, ішек таяқшасы микробы және басқа да анаэробты микробтар жатады. Бұл микробтар жекеше не болмаса үйлескен түрінде кездеседі. Көбінесе стафилококк және стрептококк табылады.

Инфекцияның тіндерге кірер қақпасы „бұзылған" тістер мен тіс түбірлері. Сондай-ақ инфекция ошағына тіс-қызыл иек қалтасы, бадамша безі, іріңді жақ сүйектің сарысулы ісігі, жақ сүйектің сынығы, сыздауықтар стоматиттер жатады. Егер жұмсақ тіндерде дамыған флегмона, ауыз қуысындағы тістерге байланысты болса, онда ол одонтогендік (тістен пайда болған) флегмона, ал остеомиелиттің асқынуынан пайда болған флегмона-остеофлегмона деп аталады.

Аденофлегмона — лимфа түйіндері іріңдегенде және қоршаған жұмсак, тіндерге жарып шыққанда пайда болады. Олар одонтогенді (тістен пайда болған) одонтогенді емес (тіске байланысты емес) деп бөлінеді.

Қабыну процесінің дамуына байланысты, организмнің улануы үдеп, жалпы сырқаттану белгілері пайда болады (дененің қалтырауы, жалпы әлсіздік, бас ауруы, тәбеттің шаппауы). Дене қызуы 37°С-тен 40°С-ке дейін көтеріліп, дем алу және тамыр соғуы жиілейді.

Тіндердің анаэробты іріп-шіруінің бастапқы кезеңінде, науқаста эйфория (көңіл-күйінің көтерілуі) пайда болып, жағдайының жақсы екені туралы жалған пікір тууы мүмкін. Бірақ, содан кейін организмнің дереу көп улануына байланысты, барлық ағзалар зардап шеге бастайды. Кей жағдайда жергілікті тіндердің реакциясы (ішкі немесе сыртқы әсерлерге беретін жауабы) әлсіз болады. Бұл, организмнің қарсылау күшінің төмендегенін және аурудың артын болжау күмәнді екенін көрсетеді. Эксудаттың түріне қарай флегмоналар іріңді, іріңді-геморрагиялық және шіріктік деп бөлінеді.

Анаэробтар және олардың басқа да микробтармен үйлесіп тудыратын газды флегмонасы өмірге қауіпті болып есептеледі. Анаэробты инфекция, көбінесе бұлшықет тіндері мен терең клетчаткалы кеңістіктерде кездеседі.

Егер, іріңді флорадан пайда болған флегмонада, тіндердің іріңді қабынуы болады, ал газды флегмонада — тіндердің гангренасы (шіруі) пайда болады. Бұл, тіндердің қан тамырларында қанның ұйып, газбен қысылу қан айналымының нашарлауына байланысты.

Науқастың жалпы жағдайы тез нашарлайды: организмнің улануы-интоксикациясы өсіп, (жиі және әлсіз тамыр соғуы, қан қысымының төмендеуі), эритроциттердің ыдырауынан тері қабаты сарғыштанады.

1965 ж. Д. Е. Альперн және 1971 ж. В. И. Русаков және т. б. қабыну кезеңдерін-процестерінде гиперфибриногенемия (фибриннің пайда болуының үдеуі) болатынын байқаған. Фибриннің, пайда болуы, қабыну ошағын шектеуге бағытталған қорғаныс реакциясы болып табылады.

Гиперергиялық қабынуда, қан ұю процесі жеделдейді, сонымен бірге фибриногеннің сапалық өзгерісінің негізінде, ол фибрин және фибриноид ретінде тұнып, қан тамыры ішінде қанның ұюына, капиллярлар мен прекапиллярдың жабылып қалуына себепші болады. Бұл кей жағдайда, шіріктік қабынуға әкеп соғады. Жақ-бет аймағының іріңді ауауларында, гемокоагуляция мәселесіне аса зор назар аударған жөн, өйткені анатомия-физиологиялық ерекшеліктері, аурудың ерекше түрін туғызады. Соның әсерінен аурудың клиникалықкөрінісі, нақтамасы-диагностикасы, сондай-ақ дәрігердің науқасты тексеруі, емдеу тәсілі де өзгеруі мумкін.

Жақ-бет және мойын аймақтарының флегмоналары мен абсцесстерінің топографиялық-анатомиялық жіктелуі: