Жақ-бет аймағы флегмоналарын емдеудің негізгі қағидалары

Емдеу жолы жан-жақты кешенді-комплексті шаралардан тұруы қажет.

Негізгі шаралар:

1)Хирургиялық ем.Мақсаты: жұмсақ тіндердегі ошақты іріңді ашып, қашыртқы-дренаж жасау; 2)микробқа қарсы; 3)улануға-интоксикацияға қарсы; 4)сенсибилизацияға қарсы; 5)организмнің нашарлаған функциясын қалпына келтіруге бағытталған; 6)жалпы әлдендіргіш және иммуды-биологиялық қасиеттерді көтеру үшін бағытталған стимуляциялық емдер.

Жақ-бет аймағының флегмонасында ота-оперативтік ем,яғни бұзылған (қабынуға себепші болған) тісті жұлу және жұмсақ тіндерді ашып, іріңді шығару кейінге қалдыруға болмайтын, кей жағдайда шұғыл ота-операция түріне жатады.

Тісті жұлудың негізгі мақсаты — сүйек ішіндегі іріңді қашыртқы-дренаж шығарып токсиндердің қанға сіңуін және экссудаттың сүйек өзектері арқылы жайылуын азайту болып табылады.

Сонымен бірге, тісті жұлғанда, инфекция «көзі» де жойылады.

Микробқа қарсы ем.Антибиотиктер. Микробтар клеткасына әсер ету механизміне байланысты антибиотиктер екіге бөлінеді:

1) Бактерицидті; 2) Бактериостатикті әсерлі антибиотиктер.

Егер организмнің реактивтігі сақталса, онда бактериостатикті антибиотиктерді (стрептомицин, неомицин, нитрофурандар тобы, фурадонин, фурагин) тағайындайды. Жедел одонтогенді инфекцияларда пенициллиннің жартылай синтетикалық препараттары, жоғары нәтижелі болып есептеледі. Олардың кейбірлері пенициллинге тұрақты микробтар штамдарында антибактериалды әсер етеді. Олардың бірі — метациклин, 1960 жылы алынған. Оның ерекшелігі — бензилпенициллинге және басқа да антибиотиктерге тұрақты стафилококктарға әсер етеді.

Метициллин организмнен дереу бөлініп шығады, сондықтан оны бұлшықет ішіне тәулігіне 1 гр-нан 4-6 рет салады.

Одонтогенді инфекциялардың асқынған жағдайында (сепсис) метициллиннің тәуліктік дозасын 10-12 г дейін көбейту қажет. Оксациллин — әлсіз қышқыл ортаға тұрақты, сондықтан оны ішке тәулігіне, 5 грамнан 4-6 рет (тамақ ішер алдында 30-40 мин бұрын) тағайындайды. Бұлшықет ішіне де тәулігіне 0,5 граммнан 4-6 рет жіберіледі.

Пенициллиннің басқа түрлеріне қарағанда, ампициллиннің әсер ету спектрі үлкен. Ол грамм оң және грамм теріс бактерияларды жоя алады. Оны ішке, тамақ ішерден 30-40 минут бұрын тәулігіне 0,5 граммнан 4-6 рет тағайындайды.

Тетрациклиндер-микробтарға бактериостатикті әсер етеді. (Ненициллин мен стрептомицинге тұрақты түрлеріне). Олар жаңа микроб клеткалары пайда болу үшін қажет белок синтезін ұстап қалады.

Тетрациклин немесе окситетрациклин гидрохлориді 1-2% новокаин ерітіндісінде 0,1-0,25 граммнан тәулігіне 3-4 рет бұлшықет ішіне енгізіледі.

Морфоциклин — остеотропты антибиотик қатарына жатады сондықтан ол сүйек тініндегі инфекцияға, басқа антибиотиктергр қарағанда күшті әсер етеді. Оны көбінесе жедел одонтогенді остеомиелитте тағайындайды. Оның 10-20 мл 5% глюкоза ерітіндісіндегі 0,1-0,15 грамы көк тамыр-венаға тәулігіне 1 рет жәйлап жіберіледі. Ем курсы 5-7 күн.

Стрептомициндер — көбейіп келе жатқан микробтар клеткаларына, бактериостатикті әсер етеді. Ас қорыту жолында нашар сіңетін болғандықтан, оны бұлшықет ішіне тәулігіне 0,5-1,0 г 2 рет енгізеді.

Стрептомициннің бір инъекциясы 8 сағаттан көп уақыт қаң құрамында жүреді.

Неомициндердің әсер ету спектрі кең, бірақ орталық жүйке-нерв жүйесіне және бүйрекке улы әсер етеді.

Қисындасқан антибиотиктер. Олететрин- олеандомицин мен тетрациклиннен тұрады, спектрі кең болғандықтан, грамм теріс бактерияларға күшті әсер етеді. Сондықтан оны қатты ауырған жағдайларда тағайындайды.

Олететрин таблеткасын тәулігіне 4-5 рет 0,5 г-нан қабылдайды.

Тетраолеан (сигмамицин) олететрин тәрізді, тек бұлшықет ішіне 0,1 г-нан изотониялық ерітіндіде тәулігіне 2-3 рет енгізеді.

Олеоморфоциклин - олеандомицин мен морфоциклиннің қоспасы; оны көк тамыр-венаға 0,26 г (250 000) тәулігіне 1 рет қана жібереді.

Басқа топтағы антибиотиктер.Ристомицин — күрделі құрылысы бар, жоғары молекулалы антибиотик. Басқа антибиотиктерге тұрақты микробтарға қарсы тиімді дәрі. Оны ауыр сепсистік жағдайларда қолданады.

Көк тамыр-вена арқылы тамшылатып, 500 000 Б. тәулігіне 2 рет енгізеді. Сонымен бірге қан құрамы мен бүйректің несеп бөлу функциясын (қызметін) қадағалау қажет.

Линкомицин — кейбір анаэробтарға антибактериалды әсер етеді. Оны басқа антибиотиктерге тұрақты микробтардан пайда болған сепсистік жағдайларда қолданады. Бұлшықет ішіне 0,5 г тәулігіне 2 рет немесе капсула түрінде тамақ ішерден 1 сағат бұрын, 0,5 г-нан тәулігіне 3 рет береді.