Сілекей бездерінің жыланкөздері

Сілекей бездерінің жарақаты сирек кездеседі. Мұнда без тіндері мен түтіктерінің бүтіндігі жойылуы мүмкін. Құлақмаңы сілекей безінің жарақаты жиі кездеседі. Доғал немесе өткір заттардың әсерінен без тіндерінің бір бөлігі тілінуі немесе мыжылуы мүмкін. Оқ тиюден болған жарақаттардың аумағы үлкен болады. Бұл бездің жарақаты кезінде бет жүйкесі де жарақаттануы мүмкін.

Құлақмаңы сілекей безінің жарақаттануы без ісіктерін алу, маңындағы флегмоналарды ашу және төменгі жақ бұтағы отасы кезінде кездесуі мүмкін.

Құлақмаңы сілекейі безінің шығару түтігінің жарақаттануы ауыз қуысы ішінде жасалатын тіліктер кезінде болуы мүмкін. Бұл жарақаттар сілекей жыланкөздерінің пайда болуына себеп болады. Төменгі жақасты немесе тіласты сілекей бездерінің жарақаттары кезінде жыланкөздер пайда болмайды.

Жыланкөздер тері бетінде және ішкі, яғни шырышты қабат бетінде ашылуы мүмкін. Ауыз қуысының ішінде ашылған жыланкөздер емдеуді қажет етпейді. Сыртқы жыланкөздер науқасты физикалық және эмоциональды күйзелістерге ұшыратады, ол беттің және мойынның бүйір бетінде орналасып, әрдайым сілекеймен суланып, қабынып, дерматиттер дамиды.

Тері қабатына жиі құлақмаңы безінің немесе оны шығару түтігінің жыланкөздері ашылады.

Жыланкөздер толық және жартылай деп бөлінеді. Толық жыланкөздер түтік бүтіндігінің бұзылуынан, үзілуінен пайда болады, бұл жағдайда түтіктің толық үзілуінен, оның шеткі бөліктермен жалғасы болмайды, сілекей түгелдей жыланкөз арқылы шығады.

Жартылай жыланкөздер түтіктің жарақаттануынан пайда болады, бірақ сілекейдің түтік арқылы шығуы сақталады (ауыз қуысына).

Сілекей безінің паренхималық жыланкөздері болған жағдайда құлақтың қалқан алды тері қабатында, кейде құлақ сырғалығында және бездің анатомиялық шекарасы аймағында мөлдір сілекей бөлініп тұрған нүкте тәрізді тесік анықталады. Жыланкөздің ұзындығы қысқа және бағыты без тіндерінің бағытымен сәйкес келеді.

Жыланкөз ұрт аймағында шайнау бұлшықетінің алдында ашылып көп мөлшерде сілекей бөлініп тұрса, бұл белгілер құлақмаңы безінің негізгі түтігінің жыланкөзіне сәйкес келеді.

Жыланкөздің орналасуын немесе басқа да белгілерін анықтау үшін, (сүңгі-зондпен тексеріп көру әдісінен басқа) өзекке боялған зат жіберу керек (метилен көгі, бриллиант жасылы). Сиалография әдісімен: жыланкөздің ерекшелігін, оның бездің кейбір аймақтарымен және негізгі түтікпен байланысын, олардың жағдайын анықтауға болады.

Емі.Жаңадан пайда болған жыланкөздерді диатермокоагуляция әдісімен, гальванокаутермен күйдіру, ляпис кристалдарымен өңдеу, жыланкөз өзегіне бірнеше тамшы йод ерітіндісін жіберу арқылы емдеу шаралары жүргізіледі. Бұл шараларды 0,1 %атропин сульфат ерітіндісінің

6-8 тамшысын немесе беладонна тұнбасымен қатар жүргізген жөн. Аталған шаралар жартылай жыланкөздерде сілекей мөлшерінің азаюына септігін тигізеді.

Хирургиялық ем.Қолданылатын оталарды екі топқа бөлуге болады:

1.Сілекейдің шығуына механикалық кедергі жасау;

2. Сілекейдің ауыз қуысына шығуына жағдай жасау.

Барлық жартылай жыланкөздерді бірінші хирургиялық жолмен жабуға болады.

Қиын жойылатын жартылай жыланкөздерді К.П.Сапожковтың (1926), Н. П. Жаковтың (1943) және Лимбергтің ұсынған әдістерімен жабуға болады.

Құлақмаңы сілекей безінің секреторлы қызметін жоғарылату үшін

1% пилокарпин ерітіндісінің 6-8 тамшысын тамақтанар алдында отадан кейін үш күн қабылдау қажет.

Сілекей бездерінің секреторлық қызметін төмендету, хирургиялық емге көнбейтін, тұрақты жыланкөздер кезінде көрсетілген.

Секторлық қызметін төментету үшін, науқасқа күніне 2-3 рет атропиннің 0,1% ерітіндісін тері астына жібереді.

Рентгенотерапия әдісін қолдану жақсы нәтижелер береді.

Сапожков әдісі.Жыланкөздің ашылу аймағында сопақша тілік жасайды, өзегіне сүңгі-зондты түгел тереңдете ендіріп, жібек лигатурамен байлайды. Пайда болған жарадан 2-3 см жоғары және төмен тері қабатынан апоневрозға дейін жеткізіп тілік жасайды. Осы тілік арқылы айналдыра жібек жіппен тігіс жасап, түгел буып байлайды. Содан кейін жараға кетгутпен (тереңінен), ал тері қабатына қылмен тігіс салады.

М. П. Жаков әдісі.Жыланкөздің ашылған орнын айналдыра сопақша екі тілік жасайды. Жыланкөз жолдары түгел тереңдікте тіліп алынады. Ақауға пластикалық, ал жара шекараларына ішекпен тігіс жасайды. Тігістерді тері бетінен 5 күннен кейін, ал пластикалық тігісті 8-10 күннен соң алады.

А. А. Лимберг әдісі.Бұл әдісті қолдану отадан кейінгі кезеңде жарадан сілекейдің бөлінуін сақтап, сол арқылы сілекейлі жараның бір-бірімен ажырамауын қамтамасыз етеді және жараның тегіс жазылуына әсер етеді.

Екіншіден тыртықтанған тіндерді түгелдей тіліп алып, көрші тіндермен жабады.

Көлемі үлкен тыртықтарды тіліп алынған соң қалған ақауды үшбұрышты қиықтарды 45° қарсы жылжыту арқылы жабуға болады. Жараның төменгі бөлігінде сілекей бөлінуі үшін орынқалдырады.

Отадан кейінгі кезеңде сілекей бөлінуін төмендететін шаралар қолдануды (атропин, беладонна) Лимберг-зиян деп есептейді.

Жыланкөздерді жабудың қолайлы әдісі ауыз қуысына ашылатын жаңа жол ашу және шығару түтігінің шеткі бөліктерін пластикалық жолмен жалғастыру болып есептеледі.

Г.А.Васильев әдісі.Ішке сіңу-инфильтрациялық жансыздандыру арқылы жыланкөздің ашылу аймағында, шығару түтігінің бағытына сәйкес, доға тәрізді көлденең тіліктер жасайды. Жараның алдыңғы шекарасы шайнау етінің алдыңғы қырынан 1 см алға орналасуы керек. Түтіктің ортаңғы бөлігін ашып, жыланкөзді ұзына бойы тері қабатымен бірге тіліп алады. Содан соң ауыз қуысы ішінен шырышты қабатынан және ұрт етінен өтетін доғал тілік жасайды.

 

 

 

 

 

Сурет-72. Г.А.Васильев бойынша құлақмаңы безінің түтігін пластикалық жолмен қалпына келтіру отасы

 

Тілше қиынды жасап (ені 1-2 см), бұл қиындының негізі шайнау етінің алдыңғы қырына және тістердің қосылу сызығынан жоғары орналасуы қажет. Қиындының ұзындығы жыланкөздің орналасуына байланысты. Қиынды дайын болған соң, оның негізінен бағыты түтіктің ортаңғы ашылған бөлігіне қарайтың кішкене тік тілік жасайды. Осы пайда болған үгіртау-туннель әрқылы қиындыны сыртқа шығарады. Түтіктің ортаңғы бөлігін ұзындығы 3-5 мм болатын тілік жасап, қиындыны түтіктің қабырғасына жұқа кетгутпен тігеді. Оның бойымен резиналы қашыртқы-дренаж өткізіп, бір ұшын ұрттың шырышты қабатына тігеді. Ұрттың шырышты қабатында пайда болған ақауды тартып, жақындастырып тігеді (29-сурет).