Ерiк жайлы негiзгi теориялар

 

Жалпы ерiк проблемасы XVIII−XIX ғасырларда психологиялық зерттеулерде негiзгi мәселелердiң бiрi болып табылатын. Алайда XX ғ. психологиядағы жалпы дағдарысқа байланысты ерiктi зерттеу екiншi орынға ығыстырылып қалды. Зерттеулер жүргiзiлгенiмен, тар көлемде болды. Қазiргi психологияның ұғымдық жүйесiн талдай келе, психология тарихшысы М.Г. Ярошевский ерiк ұғымы ХХ ғ.-дағы психологияның негiзгi ұғымдары қатарына кiрмейтiнiн атап өттi. Ал АҚШ психологиясында “ерiк” терминi iс жүзiнде қолданылмайды екен. Тiптi психология жайлы көптеген оқулықтарда ерiк туралы тараулар жоқ. Тек кейiнгi кездерi ғана оған қызығу қайта ояна бастады. Ерiк мәселесiне қатынастың бiрде олай, бiрде бұлай болып өзгерiп тұруының сыры неде?

В.А. Иванниковтың көзқарасы бойынша, ерiк психологиясы саласындағы зерттеулерге деген қызығудың төмендеуiне үш себеп бар көрiнедi: 1) әдiснамалық қиындықтар; 2) ерiктi теориялық түсiнудегi қиындықтар; 3) зерттеудiң әдiстемелiк қиындықтары. Сонымен, ерiк туралы түсiнiктiң дамуында қандай тұрғылар мен бетбағыттар бар, соған келейiк.

Бiз жоғарыда айтып кеткендей, ерiк ұғымына антикалық ғылымда неғұрлым айқын әрi дәл мағына берген Аристотель. Оның айтуынша, ерiк ұғымы адамның тiлек, қалауына негiзделмеген, керiсiнше адамның қаламаған, бiрақ қажеттi және ақыл-парасатқа, саналы түрде қабылдаған шешiмдерiне сүйенiп iстелiнетiн әрекеттерiн түсiндiруге арналады. Аристотель тұңғыш рет психологиялық ұғымдар жүйесiне енген әрi өзiн түсiндiру үшiн ерiк ұғымын қажет ететiн ақиқат болмысты сипаттаған. Ондай болмыстар қатарына жататындар: әрекеттi таңдау, оны тудыратын күш және өзiн меңгеру. Сонымен, ерiк ұғымы психологияға әуел бастан-ақ түсiндiрушi ұғым ретiнде, теориялық конструкт (құрылым) ретiнде енгiзiлген екен.

Сөйтiп, шеңберiнде ерiк проблемасы арнайы қойылған бiрiншi парадигма немесе реалдық адамның өзiнен туындайтын әрекеттiң пайда болуы. Оны шартты түрде ерiкке мотивациялық тұрғыдан келу деп те атайды. Ол кейiн ерiктi өзiн-өзi детерминдеу проблемасы ретiнде зерттеудiң мықты бiр бағытына айналады. Мұның басында Аристотель тұрғанын айта кеткен жөн. Қазiргi уақытта мотивациялық тұрғы аясында ерiк табиғаты жайлы үш дербес нұсқаны бөлiп көрсетуге болады. Бiрiншi нұсқада ерiк әрекет мотивациясының бастапқы сәтiне келiп саяды (тiлек, талпыныс, аффект). Екiншi нұсқада ерiк дербес психикалық не психикалық емес табиғаты бар және өзге ештеңеге саймайтын әрi басқа психикалық процестердi анықтайтын жеке дербес күш ретiнде бөлiнiп көрсетiледi. Ал үшiншi нұсқада ерiк мотивациямен тығыз байланысты, бiрақ онымен тура дәл келмейтiн, кедергiлердi жеңуден тұратын әрекетке қозғаушы қабiлеттiлiк ретiнде қарастырылады.

Ерiктiң мотивациялық бағытына В.Вундттың эмоциялық ерiк теориясын жатқызуға болады. В.Вундт бойынша, қарапайым ерiк процесi қатарына эмоциялық процестiң бiрi елiгудi (құмартып зауықтануды) жатқызуға болады. Оның айтуынша, нақ эмоция мотивтiң мәнiн құрайды. Вундт қарапайым ерiктiк процесте екi жайды бөлiп көрсетедi: аффект және одан шығатын әрекет.

Ерiктiң қозғаушы функциясын әдейi iстелген әрекетке түрткi болатын механизм ретiндегi квазиқажеттiлiктiң қалыптасуымен теңестiрген К.Левин зерттеулерi батыс психологиясын ерiк мен мотивацияны ажыратпай теңдестiруге әкеп сайды.

Кеңес психологиясында мотивациялық тұрғы шеңберiнде ерiктi саналы түрде кедергiнi жеңу қабiлетi ретiнде түсiну басым болды. Д.Н.Узнадзе, Ш.Н.×хартишвили, С.Л.Рубинштейн, Л.И. Божович еңбектерiнде ерiктi әрекетке қозғаушы қабiлеттiлiк ретiнде түсiнетiн мотивациялық тұрғы көрнiс табады.

Ерiктi зерттеудегi екiншi тұрғы “ерiктi таңдау” тұрғысынан келу. Бұл бағыт шеңберiнде ерiк мотивтердi, мақсаттар мен әрекеттердi таңдау функциясына ие. “Ерiктi таңдау” тұрғысы шеңберiнде ерiк туралы көзқарастың екi нұсқасын бөлiп көрсетуге болады. Бiрiншi нұсқада ерiк жеке дербес күш ретiнде қарастырылады (теорияның волюнтаристiк типi), ал екiншi нұсқада ерiк танымдық процестердiң қызмет етуiне келiп тiреледi (интеллектуалистiк теориялар).

Ерiктi зерттеудегi үшiншi тұрғыны шартты түрде реттеушi деуге болады. Ол психологияда өзiн-өзi реттеу,басқару проблемасы ретiнде көрнiс бередi.

Ерекше дербес процесс ретiнде мiнез-құлықты реттеу идеясын айқын тұжырымдағандар ×.Шеррингтон мен И.М.Сеченов. Олар К. Бернардың өзiн-өзi реттеу туралы қағидасына сүйендi. Ерiктi жеке дербес күш ретiнде мойындамады. Мәселен, И.М.Сеченов адам әрекетiнiң себебiн оған белгiлi бiр мағына беретiн сезiмдiк қозудан, ойдан және моральдық сезiмдерден iздейдi.

Ерiктiң реттеушi функциясын өзiнiң талдау пәнiне айналдырған психолог М.Я.Басов. Оның айтуынша, ерiк тұлғаның өз психикалық функцияларын реттейтiн, шешiлетiн мiндеттерге сай оларды бiр-бiрiмен үйлестiретiн және қайта құратын психикалық механизм боп табылады.

Л.С.Выготский ерiктi жоғары психикалық функция ретiнде, тарихи дамудың өнiмi ретiнде қарастырады. Оның айтуынша, кез-келген ерiк процесi әуелден әлеуметтiк, ұжымдық, интерпсихологиялық процесс.

Л.М.Веккер ерiктi мiнез-құлықты реттеудiң ерекше түрпiшiнi ретiнде түсiнедi. Ол реттеудiң үш түрпiшiнiн бөлiп көрсетедi : ырықсыз, ырықты және ерiктi. Ерiктiк реттеу мiнез-құлықты тұлға жағынан ырықты түрде реттеудiң ең жоғары түрпiшiнi. Бұл тұлғалық деңгей.

Реттеушi тұрғыдан ерiк туралы көзқарасты дамытқан В.К.Калин. Ерiктiк реттеудi ол саналы, затты iс-әрекеттiң мотивтерi мен мақсаттары арқылы жанамаланған, оптималды жұмылдырылған күй ретiнде сипаттайды. В.К.Калин “ерiктiң әрекеттiң мақсатты функциясын” объектiден субъектiнiң өзiне ауыстыруды және “психикалық функциялардың ұйымдасуын қайта құруды” ұсынады.

Ерiктiк реттеу механизмi бойынша ғылым тарихында ерiк теориясының екi типiн бөлiп көрсетуге болады: автономдық (волюнтаристiк) және гетереномдық (интеллектуалдық, эмоциялық).

Бүгiнгi таңда ерiктi реттеудiң психологиялық механизмi ретiнде әрекеттiң мағынасының өзгеруi немесе қосымша мағына жасауды негiздеген В.А.Иванниковтың зерттеулерi қызығушылық тудыруда. Тарихи тұрғыда тұлғаның мағыналық құрылымының iс-әрекеттi реттеуге қатысы болу мүмкiндiгiн алғаш рет көрсеткен Л.С.Выготский едi. Ол балалардың мiнез-құлқының олар үшiн өз әрекетiнiң мағынасының өзгеруi нәтижесiнде қалай өзгерiске ұшырағанын сипаттаған едi. В.А.Иванников ерiктiк реттеудiң жоғары түрпiшiнi ретiнде мәнсiз немесе мәнi шамалы, бiрақ орындауға мiндеттi әрекеттi тұлғаның мағыналық сферасына қосу деп есептейдi. Ол мотивацияның ырықты түрi әрекеттiң туындауында ерiктiк реттеудiң негiзi ретiнде қарастырады.

Сонымен, қазiргi психологияда ерiк проблемасы екi нұсқада көрiнедi: өзiн-өзi детерминдеу проблемасы ретiнде ( мотивациялық тұрғы мен “ерiктi таңдау” тұрғысы) және өзiн-өзi реттеу проблемасы ретiнде ( реттеушi тұрғы).

Жалпы ерiк тақырыбы психологиялық тұрғыда күрделi боп саналады. Өйткенi, ерiк мәселесi қалыптасқан дәстүр бойынша философиялық тұрғыда ерiк бостандығы, еркiндiк проблемасы ретiнде қарастырылды. Сондай-ақ, физиологиялық тұрғыда ырықты қозғалыстар мәселесi боп зерттелiндi. Ерiктiң психологиялық проблемасын оның философиялық, физиологиялық проблемаларынан ажыратып бөлек қарастыру керек.

Психология тарихына қарап отырсақ, XVIII−XIXғ.-да ерiктiң эмпирикалық теориясы басым болды. Мұнда, ерiк жеке адамның басында өтiп жатқан iшкi психологиялық процесс ретiнде қарастырылды. Адамды қоршаған дүниемен шынайы қатынасында емес, әлдеқандай бiр iшкi тұрғыдан алып қарады. Сыртқы мiнез-құлық “iштей” баста шешiлген жайдың салдары боп табылады. Бүкiл процесс негiзiнен сананың iшiнде жүзеге асады. Ерiктi зерттеудiң негiзгi әдiсi өзiн-өзi бақылау әдiсi болып табылды.

Бүгiнгi таңда ерiктi психологиялық зерттеу әр түрлi ғылыми бағыттар арасында өзара бөлiнiп алынды: бихевиористiк бағыттағы ғылымдарда тиiстi, сәйкес мiнез-құлық формасы зерттелiнсе, мотивация психологиясында iшкi тұлғалық қайшылық-кикiлжiңдерге және оларды жеңу тәсiлдерiне баса назар аударылады, ал тұлға психологиясында негiзгi назар тұлғаның тиiстi ерiктiк қасиеттерiн бөлiп зерттеуге бағытталады. Ерiктi зерттеумен сондай-ақ адам мiнез-құлқын өзiн-өзi реттеу психологиясы да айналысады. Басқаша айтсақ, қазiргi уақытта ерiктi зерттеу бұрынғы бiртұтастығынан, терминологиялық анықтығынан, бiр мәндiлiгiнен айырылып қалды. Жаңа ұғымдарды, жаңа теория мен әдiстердi қолдану нәтижесiнде тақырып аясы тереңдедi әрi кеңею үстiнде. Көптеген ғалымдар қазiр ерiк туралы iлiмге тұтас және бiрiккен сипат беруге бағытталған әрекеттер жасауда.

Ерiктi психологиялық зерттеуде адам мiнез-құлқы табиғаты жөнiндегi екi қарама-қайшы концепциялардың - реактивтiк және активтiк (белсендi) арасындағы күрес елеулi рөл атқарды. Алғашқысы адамның күллi мiнез-құлқын iшкi және сырқы стимулдарға реакциялар (жауаптар) ретiнде ғана түсiндiрдi. Зерттеудiң мiндетi сол стимулдарды табу және олардың реакциялармен байланысын анықтау. Мұндай түсiнiкте ерiкке орын қалмай қалады, ол табиғаты жағынан рефлекторлық боп табылатын реакция ғана. И.П.Павлов ерiктi тiрi ағзаның кедергiге кездескендегi белсендiлiгiнiң көрнiсi, “еркiндiк инстинктi” ретiнде қарастырды. Мiнез-құлықты реакция ретiнде түсiну ХХ ғ. алғашқы ширегiнде психологияны реактология (К.Н.Корнилов) және рефлексологиямен ( Б.М.Бехтерев) ауыстыруға әкелiп соқты. Ал екiншi концепция бойынша, адамның мiнез-құлқы әуел бастан белсендi болып табылады, оның формаларын адам саналы түрде таңдауға қабiлеттi. Мiнез-құлықты бұлай түсiнуде ерiк және ерiктiк реттеу ұғымдары мiндеттi түрде қажет. Физиология саласында Н.А.Бернштейн мен П.К.Анохин жүргiзген зерттеулер осы көзқарасты растайды. Бұл зерттеулер негiзiнде қалыптасқан концепциялар бойынша, ерiк адамның өзiнiң мiнез-құлқын саналы реттей алуы, меңгеруi боп табылады. Бүгiнгi таңда осы тұрғыдан қарастырып зерттеуде қазiргi сана психологиясы мен когнитивтiк психология бағыттары маңызды рөл алуда.

Сонымен, ерiк ұғымын ерекше бiр психикалық құрылым ретiнде түсiну әрекетi психологияда әр түрлi теориялық көзқарастың тууына әкелген екен. Мұның өзi ерiк ұғымының күрделi құбылыс екендiгiн бiлдiредi.