Жеке тұлға және жалпы адамзаттық құндылықтар мен ұлттық идея.

Жеке тұлға дүниедегі бар нәрсені сол дайын түрінде қабылдап қана қоймай, өзіндік саналығы, ақылдылығы, белсенді іс-әрекеті негізінде қоршаған ортаның өзгеруіне, қоғамның дамуына әсер ете алады.

Қазіргі ақпараттық технологиялардың жедел дамуына байланысты адамдар жер шарының әр бұрышындағы кез келген ғылыми, экономикалық, әлеуметтік, психологиялық, медициналық жаңалықтарды біліп отыруларына мүмкіншіліктері бар. Соның нәтижесінде адамның дүние танымы да кеңейе түсуде.

Әр жеке тұлғаның дүние танымы дегеніміз адамның дүниеге, қоғамдық қатынастарға, табиғатқа, өзіне деген көз қарастар жүйесі, оның бағыттылықтарының формасы. Ал адамның дүние танымы арқылы оның құндылықтары, өмірлік идеалдары мен ұстанымдары байқалады.

Өзінің дүниетанымы негізінде әрбір тұлға қоғамдық қатынастарға араласады. Бірақ адамдар бірі-бірінен бөлек өмір сүре алмайды. Дүниеде көп мәселелер адамдардың бірлесіп шешім іздестірулерін қажет етеді. Сол сияқты тек адамдардың ғана бірлесуі емес, халықтардың бірігуін емес, мемлекеттердің бірігуін қажет ететін мәселелерде бар. Сондықтан қазіргі таңда адамдардың планетарлық көлемде ойлай алуы маңызды мәселеге айналып отыр.

Мысалы экологиялық апат мүмкіндігі, ядролық қауіптер, жұқпалы індеттер барлық адамдардың, барлық мемлекеттердің, барлық дүниежүзілік қауымдастықтың күштерін жер бетіндегі тіршілікті сақтап қалу үшін жұмылдыруды қажет етеді. Яғни бұның өзі жалпыадамзаттық құндылықтарды сақтаудың маныздылығын көрсетеді.

Барлық адамдарға ортақ бейбітшілік, адам құқықтары, экология, ашаршылықтың болмауына кепілдік, денсаулық т.б. құндылықтардың қажет екендігі сөзсіз.

Ал мұндай жалпыадамзаттық құндылықтар өз бетінше кездейсоқ қалыптаса алмайды, оны жүйелі тәрбие түрінде ұйымдастыру қажет. Ол үшін жас ұрпақ тәрбиесінде мынандай міндеттердің орындалуы маңызды орынға ие:

- дүниежүзілік қарама-қайшылықтар қалай болмасын әр адамға әсерін тигізеді, ондай қайшылықтарды шешуге ат салысуда әр адамның үлесін ескеру;

- жалпы адамзаттық мәселелерді шешуде ұлтаралық, халықаралық, мемлекетаралық байланыстарды нығайтудың қажеттілігін түсінулерін қамтамасыз ету;

- жер бетіндегі бейбітшілік үшін, қоршаған табиғатты сақтау үшін ғылым мен мәдениеттің, барлық елдердің, адамдардың өзара ынтымақтастықтарын қамтамасыз ету.

Қазақстан Республикасы тарихи тағдыр біріктірген көпұлттық, көп конфессияланған мемлекеттердің бірі. Әр халықтың өз мәдениетін толыққанды дамытуы, тілі мен діні пайдалануы сияқты мәселелер мемлекеттік заңдармен реттелген. Сонымен қатар Ұлттық мәдени орталықтар, Республика Президенті жанындағы Қазақстан халықтары Ассамблеясы, түрлі қоғамдық бірлестіктер мемлекеттің тұрақты назарында дамып келеді.

Халқымыздың ұлттық дүниетанымының мол мұрасын толық зерттемей және оны жүйелі түрде жас ұрпаұ санасына сіңірмей жан-жақты жетілген ұлжанды, отан сүйгіш ұрпақты тәрбиелеу мүмкін емес. Әр адамның құндылықтарды меңгеруі, тіпті адамның дүниемен байланысы, оны тануы нақты бір ұлттық жағдайда қалыптасады, яғни ұлттық белгілері болады.

Бұл орайда мынандай үлкен мәселеге көніл бөлу қажет. Егер жас ұрпақ бойында өзінің тіліне, ұлттық дәстүрлеріне, мәдениетіне деген сүйспеншілік болмаса оларды жалпы адамзаттық мәселелерде ойландырып толғандырмайды. Осы бағытта «Қазақстан Республикасының этно-мәдени білім беру тұжырымдамасы», «Жоғары мектеп студеттеріне этнопедагогикалық білім беру тұжырымдамасы», «Университеттік білім беру жүйесінде болашақ мамандарды тәрбиелеу тұжырымдамасы» жасалып іске асырулуда.

Бұл бағытта жастар бойында ұлттық және азаматтық құндылықтарды қалыптастыруға байланысты көптеген зерттеулер жүргізіп, ұлттық тәрбие мәселелерін шешуге өз үлестерін қосып жатқан Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, Ә.Табылдиев, Р.Төлеубекова, С.Ғаббасов, С.Ұзақбаева, К.Қожахметова, Ж.Наурызбай, З.Әбіліова т.б. көптеген отандық ғалымдарымыздың орны еркше.

Ұлттың болашағы- оның ұрпғы. Олай болса жас ұрпақтың тәрбиесіне, олардың дүние танымдарының дұрыс қалыптасуына әсер ететін ұлттық бағыттағы іс шаралар жүйелі жүргізілуі қажет. Жас жас ұрпақа ұлттық тәрбие беруде ұл адамдардың құнды ой пікірлерінің, қанатты сөздерінің ұлттық рухтың күшейе түсуіне ықпалы зор:

 

Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу- сатқындық белгісі.

Б.Момышұлы

Өзінің елін сүймеген адам ештеңені де сүйе алмайды. Д.Байрон.

 

Қазақ халқының тарихында зиялы жастардың ұлт мүддесін қорғау үшін қуғын-сүргінге де ұшырап кеткені өшпейтін өкініш. Бірақ ол тоталитаризм саясатының салдары болған. Ал қысқа болса да күреске толы ғұмырларында «адамшылдық тұқымын шашқан» А.Байтұрсынов, Ш.Құдайбердиев, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов сынды ағаларымыздың өмірлері қазіргі жастар үшін өнеге, еліміз үшін үлкен ерлік. Олардың еліміз үшін қиын қыстау кезінде халық санасына сепкен «адамшылдық тұқымдарын» көктетіп, өңдеп, гүлдендіріп, жемістерін жинайтын қазіргі жастар. Олардың өз ұлтына деген сүіспеншіліктері, отан үшін отпен қан кешкендері, қазақ елінің еркіндігі жайлы армандары халқының өткен тарихында да, келешегінде де құнды ұлттық мұра ретінде сақталады. Сондықтан жастардың ұлттық дүние танымдарының дұрыс қалыптасуы, және соның негізінде жалпы адамзаттық дүние танымды қалыптастыру қазіргі педагогикалық ғылымның көкейкесті мәселелерінің бірі.

Әлемдік білім беру кеңістігінде қажетті көпмәдени жеке тұлғаны қалыптастыру мәселелері.Әлемдік білім беру кеңістігін не құрайды? Оның құрмына мақсаттары, міндеттері, мәдени салт-дәстүрлері, философиялық негіздері бойынша ерекшелінетін ұлттық білім беру жүйелері кіреді. Осындай әр түрлі білім беру жүйелерінің өзара байланыстар, әркеттестіктері әр адамның дүние танымының кеңеюіне, рухани тұрғыдан баюына, мәдениетінің қалыптасуына септігін тигізіп, өздерін әлемдік білім беру кеңістігінің бір бөлігі ретінде сезіне алуларына мүмкіндік тудырады.

Бірақ осы жағандану процесінде әр ұлттың өзіндік ерекшелігі, салт дәстүрлері, тілі мен дінінің сақталып қалуы басқа мәдениеттер тоғысында өз орның жоғалтып алмауы өзекті. Қазақстанның да осы бағытта дамуындағы, өзіндік бет-бейнесін сақтап қалудағы басты жолдардың бірі- ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарымызды сақтап және білімді де саналы жас ұрпақ тәрбиелеу. Осыған орай ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай: «Қытайлықтар ұлы қытай қорғанымен, египеттіктер пирамидаларымен, итальяндықтар сазды әуенімен таң қалдырса, қазақ халқы ұлттық құндылықтары мен бай тілін мақтан етеді».

Тек осындай құндылықтарды тәрбие жұмысының жүйелі ұйымдастырылған түрлерінде, сан алуан әдіс-тәсілдері арқылы жас ұрпақ санасына ұлттық мәдениетті ұялатуға болатыны рас. Бұл ойды жас өрендердің ұлттық тәрбиесіне қатысты Міржақып Дулатовтың: «...Мұндай балалар мектепті бітіргенен кейін қай жұрттың арасында жүрсе де, сүйегіне сінген ұл рухы жасымайды... қайда болса да, тіршілігінде қандай ауырлық өзгерістер көрсе де ұл ұлы болып қалады »,- деген сөздерімен негіздеп кетуге болады. Ұлттық құндылықтарды сақтап, сол құндылықтар негізінде жастарды тәрбиелеу арқылы ғана болашақ ұрпақтың парасатты, білімді, мәдениетті, дүние танымдары жалпы адамзаттық деңгейде дамыған азаматтар ретінде қалыптастыруға болады. Әр елде өзінің ұлттық мәдениеті негізінде, қазіргі дүние жүзілік мәдениетке деген көзқарасы қалыптасады.

Жеке тұлғаның іс-әректінің табысты және жемісті болуы олардың мәдениетіне тікелей байланысты, себебі мәдени білімдер оның құндылық бағдарының негізі. Адам тұлғасының қалыптасуы, оның мәдениеті бала кезіне, білім алуы, тәрбие алу мекемелерінен басталады. Ұлттық тәрбие дегеніміз әр адамның тек өзінің ұлттық ерекшеліктерімен, ұлттық мәдениетімен ғана шектелуі емес. Әрине алдымен әр адам өз ұлтының салт дәстүрлерін, тілін, тарихын білуге міндетті. Бірақ басқа тілді үйреніп, басқа мәдениеттермен танысуына шектеу жоқ. Себебі қазіргі таңда адамдардың көп мәдени тұлға ретінде қалыптасуы өте маңызды.

Көпмәдени тұлғаны қалыптастыру ретінде әр елдің ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып:

- адамның салт-дәстүрлерге бай түрлі мәдениеттер, құндылықтар жағдайына бейімделуін, икемделуін;

- адамдардың түрлі мәдениеттер арасындағы ынтымақтастықта өмір сүруге ұмтылушылықтарын нығайту қарастырылады.

Әр халықтың мәдени өзгешеліктерін сақтай отырып халықтар арасындағы достықты, түсіністікті нығайту көп мәдениеттілікке тәрбиелеудің маңызды бағыттарының бірі. Бірақ сол көпмәдени тұлғаны қалыптастыру білім беру процесінде іске асырылып, оның нәтижелерінің бірі болып табылады. Білім беру процесі арқылы адам мәдениет әлемімен терең таныса алады, мәдени құндылықтарды меңгереді.

Білім беру мазмұны әр түрлі халықтардың мәдени мұралары арқылы, үнемі даму үстіндегі ғылым салалары мен адамның өмірлік тәжірибесі негізінде байып, өзгеріп, толықтырылып отырады. Қазіргі кезде әрбір тұлға тек бір ұлттың азаматы емес, ол әлем азаматы болынуына бет бұрыс алу қажет. Сондықтанда «дүниежүзілік білім беру кеңістігі» деген көп көніл бөлінуде. Адами қасиеттерін сақтап, мәдениетті болуы оның ұлттық ерекшеліктеріне байланысты емес. Қандай ұлт өкілі болсада адам жалпы адамзаттық мәдениетке сай болуы керек.

Көпмәдени тұлғаның қалыптасуына барлық білім беру мекемелері, тәрбие жүйелері, әлеуметтік институттар әсер етеді. Бұл үздіксіз жүретін процес. Ол тек бір мекеме көлемінде емес, адамның өзіндік білім алу барысында, оның өмірлік тәжірибесі негізінде қалыптасады. Көпмәдени тұлғаның қалыптасуына бұқаралық ақпараттық құралдардың, өнердің, саясаттың әсері зор.

Ал жас ұрпақ бойында көп мәдениттілікті қалыптастыру үшін болашақ педагогтарды даярлау барысында осы мәселе бойынша бағыт-бағдар берілуі керек. Жас мамандардың табысты кәсіби іс-әрекетпен айналысуы олардың мәдениеттілік деңгейіне тікелей байланысты болады. Кәсіби білім беру студенттерді бір кәсіпке үйретумен айналыспайды, ол болашақ мамандарды қазіргі заман мәдениетіне сай азаматты тәрбиелеумен де айналысады. Қазіргі жастар ұлттық мәдениетті жақсы меңгеріп, басқа халықтар мәдениетін, әлемдік мәдениетті зерттеп таныса ғана олар өздерінің ілгері жылжуына, дамуына көп мүмкіндік ала алады.

Көпмәдени тұлға болу әсіресе болашақ мұғалімдер үшін маңызды, себебі олардың іс-әрекеттері балалар мінез-құлқын үнемі адамгершілік, эстетикалық, азаматтық тұрғыдан бағалауға бағытталған. Ұстаздардың көпмәдени тұлға болуының қажеттілігі олардың мұғалімдік жұмыстарында түрлі ұлт балаларымен, ата-аналарымен қарым-қатынасқа түскенде көп байқалады. Сондықтан болашақ ұстаздар ұлттық мәдениет пен қатар жалпы адамзаттық мәдениет әлеміне сай тәрбиеленулеріне маңызды.

Тұлға мәдениеті қазіргі зерттеуші- ғалымдардың пікірінше мынандай бағыттарды қамтиды:

- ғылымның жаңа жетістіктерін пайдалана білу;

- материалдық құндылықтарға қарағанда рухани құндылықтарды бағалай білу;

- жана-жақты дамыған, қызығушылықтары кең, рухани қажеттіліктеріне сай ұстанымдарын қалыптастыру;

- өз Отанының, туған өлкенің даму тарихын, халық салт дәстүрлерін, ауыз әдебиетің, халық өнерін біліп бағалау;

- мәдениеттің барлық саласынан хабардар болып, ондағы шығармашылықты бағалай білуі керек (музыка, театр, дизайн, би т.б.);

- әр маман өзін-өзі ұйымдастыру, өздігінен даму мәдениетін меңгеруі қажет.

Ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті және толеранттылық.

Қазіргі таңда адамдардың рухани байлығы, олардың әлеуметтенуі көкейкесті әселелерге айналып отыр, себебі олардың өмірлік бағыт-бағдарларын анықтайтын қоғамдық қатынастарға икемделуі тұлға аралық қарым-қатынастары, ұларалық қарым-қатынастары гуманизм қағидаларына негізделуі тиіс. Адам баласының тұлға ретінде дамып қалыптасуына оның өскен отбасылық отасы, ұлттық салт-дәстүрлер, әлеуметтік ортасы көп әсер етеді. Кезе келген жеке тұлғаның дербес психологиялық ерекшеліктерімен қатар ұлттық сана сезімдері, ұлжандылығы, ана тіліне деген сүйспеншілігі сияқты ұлттық ерекшеліктері болады.

Ұлттық тәлім-тәрбие ұлттық тіл арқылы іске асатыны анық. Тіл- адамдардың байланыс, қарым-қатынас құралы. Ал басқа ұлт мәдениетімен танысу сол ұлттың тілін білу арқылы іске асырылады. Қазіргі жалпы білім беру мектептерінде ана тілімен қатар шет тілдерінің де оқытылуы осы себептен. Шет тілдерді оқыту ол тек білім алу үшін емес, ол практикалық қажеттілік, ол заман талабы. Бірақ ұлттық сана сезімін дамуының ірге тасы- ана тіліне деген сый-құрмет. Халық тағдырындағы тілдің маңыздылығын бағалауға, құндылығын арттыруға байланысты айтылған мынандай ұлағатты ойлар күн бүгінге дейін өзекті болып отырғаны баршамызға анық:

«Ана тілі - халық болып жаралғаннан бергі жан-дүниесінің айнасы, өсіп, өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі... Жүректің терең сырларын, жанның барлық толқындарын тұқымнан-тұқымға жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы- сол халықтың тілі»

Ж.Аймаутов

 

Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткеніненде, болашағынанда қол үзеді.

Ғ.Мүсірепов

 

Кімде –кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауаты,мәдениеті адам деп санауға болмайды.
М.Әуезов.

 

Қазіргі дүниежүзілік білім беру кеңістігіне ену үрдісі барлық мәдениеттердің ықпалдасуына, ынтымақтастығына негізделеді. Осыған байланысты ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті мәселесі туындайды. Қазақстан жерінде 130-дан астам ұлт өкілдері бірігіп өмір сүруде. Өзіндік ұлттық ерекшеліктері бола тұра, олар бірі-бірімен қоғамдық, әлеуметтік, мәдени, тілідік қатынасқа түсіп араласады. Осы қатынастар барысында ұлттық мәдениет, ұлттық діл айқын байқалады. Сол өзгешеліктерін сақтай отырып, әр ұлт өкілдері басқа ұлт өкілдерімен толеранттық қарым-қатынасты сақтаулары – олардың білім беру мәселелеріндегі ортақ мақсатқа табысты жетулерінің кепілі деуге болады.

Толеранттық ұғымы латын тілінің «tolerantio» - деген сөзінен аударғанда «шыдамдылық» деген мағына білдіреді. Толеранттылық деген ұғым педагогикалық лекцияда жанадан қолданылған ұғымдардың бірі. Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде толеранттылық ұғымы:

- қандайда бір қолайсыз, жағымсыз факторлардың ықпалына сезімталдықтың төмендеуі нәтижесінде аландаушылықтың жоқтығы немесе әлсіреуі;

- психологиялық бейімділігін жоғалтпай адамның түрлі өмірлік қиындықтарға қарсы тұра алу қабілеті ретінде қарастырылады.

Яғни, толеранттылық- шыдамдылық, сабырлық таныту, қызбалыққа салынбау, кез келген қиындыққа төзімділікпен қарау, барлық мәселелерді бейбітшілік жолымен шешуге тырысу деген мағынаны білдіреді.

Толеранттылық- фрустрациялық, стрестік жағдайларда ауыр сезімдерге бой бермей, психикалық тұрақтылықты сақтай алу. Толеранттылықты кейбір әдебиеттерде түрлі пікірлерге, ықпалдарға шыдамдылықпен қарау деп те түсіндіреді. Қиыншылық туғызатын жағдайларға сабырлықпен қараудың маңыздылығын түсініп, оны іс жүзінде сақтай алған адамдар көп жағдайларда ұтымды нәтижеге қол жеткізе алады. Халық даналығындағы «сабыр түбі- сары алтын» деген мақалдында жиі қолданылуы осы себептен. Ал осы идея жайлы француз педагогы Жан-Жак Руссо: «Шыдаудың өзі ащы болсада, жемісі тәтті»- деген екен.

Толеранттылық мұғалімдердің ең маңызды қасиеттерінің бірі. Мұғалімнің толеранттылығының негізінде бір жағынан шынайы жағдайды дұрыс бағалай алу қабілеті, екінші жағынан жиеленіс жағдайлардан педагогикалық әдепті сақтап шығудың алдын ала анықтай алу мүмкіншілігі жатыр. Өз бойында толеранттылықты қалыптастыру- мұғалімнің маңызды кәсіби міндеттерінің бірі.

 

 

Студенттің өзін өзі бағалауға арналған сұрақтар:

1.Индвид, жеке тұлға, даралық ұғымдарының айырмашылығы неде?

2.Жеке тұлға ұғымының өзегі не?

3.Жалпы адамзаттық құндылықтар дегеніміз не?

4.Білім беру саласындағы ұлттық мәселелер қандай?

5.Дүниежүзілік білім беру кеңістігі неден құралады?

6.Ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтардың айырмашылығы неде?

7.Көпмәдени тұлға дегеніміз кім?

8.Ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті дегенді қалай түсінесіз?

9.Толеранттылық дегеніміз не?

Дебиеттер

1.Қожахметова К. Казахская этнопедагогика: методология, теория, практика.- Алматы.-1998.-317 с.

2.Аймауытов Ж. Педагогическое руководство (учебное пособие), Оренбург. 1924. «Психология» Алматы. 1995.

3.Қалиев С. Қазақ халқының салт-дәстүрі.- Алматы. 1991.

4.Табылды Ә. Ұстаз тәлімі- Алматы: «Білім», 2006.- 248 бет.

5.Толеубекова Р. Адамгершілік тәрбиесі туралы. Алматы, 1994