Этиологиясы және патогенезі. Шизофренияның этиологиясы мен патогенезі ауру бөлек нозологиялық бірлік болып бөлінгеннен бастап арнайы зерттеу пәні болды

Шизофренияның этиологиясы мен патогенезі ауру бөлек нозологиялық бірлік болып бөлінгеннен бастап арнайы зерттеу пәні болды. Э. Крепелин шизофрения токсикоздың, соның ішінде жыныс бездерінің қызметі бұзылысы нәтижесінде пайда болады деді. Шизофренияның токсикалық табиғаты жөніндегі идея басқа да келесі зерттеулерде өзінің дамуын тапты. Осылайша, шизофрения дамуы белок алмасуының бұзылуымен және науқастар ағзасында ыдыраудың азотты өнімдерінің жиналуымен байланыстырылды. Салыстырмалы түрде жақын уақыт аралығында шизофренияның токсикалық табиғаты жөніндегі идеяны науқастар қанының сары суынан арнайы - тораксеин затын табу арқылы дәлелдеуге талпыныстар жасалды. Бірақ шизофрениямен науқастардан қандай-да бір арнайы зат табу әрі қарай тұжырымын тапқан жоқ.

Шизофрениямен науқастар қанының сары суында токсикалық өнімдер болады, бірақ олар арнайылығымен ерекшеленбейді, тек шизофрения ауруына тән болып табылмайды. Олар басқа психикалық ауруларда, кей жағдайда сау адамдарда да кездеседі. Сонымен қатар олардың айқындылық дәрежесі шизофрениялық үрдістің қатерлілік дәрежесіне тәуелді. Бұл токсикалық заттардың бірқатар қасиеттері бар. Олар жасушалардың мембраналарын зақымдайтын мембранотропты әсерге ие. Экспериментте шизофрениямен науқастар қанының сарысуы эмбрионның жүйке тінінің даму үрдісін тежейтін әсері бақыланды. ОЖЖ дамуының бұзылысы шизофрениямен зардап шеккен жүкті әйелдердің жүктілігін қолдан тоқтатқанда да байқалды. Шизофрения кезінде белсенді фактордың жүйке жүйесін зақымдау әсері милық аутогендер мен аутоантиденелердің пайда болуына әкеледі. Олардың мөлшері де дерт үрдісінің қатерлілігімен байланысты. Бұл мәліметтер шизофрениямен науқастар ағзасының қызметі нәтижесінде пайда болатын белгілі бір биологиялық бұзылыстарды көрсетеді. Бірақ бұл бұзылыстарды түзетін механизмдер мен олардың пайда болуына ықпал ететін жағдайларды түсіндіретін жеткілікті айқындылық жоқ.

Соңғы жылдары шизофренияны биохимиялық зерттеулерде белгілі бір табыстарға қол жеткізілді, ол оның дамуының биохимиялық болжамын құруға мүмкіндік берді.

Әсіресе катехоламиндік және индолды гипотезалар салмақты болды. Шизофрениямен науқастардың миындағы нейробиологиялық үрдістер бұзылысының механизмдерінде дофамин мен норадреналин дисфункциясының рөліне сүйеніп катехоламиндік гипотеза негізделді. Индолдық гипотезаны жақтаушылар серотонин және оның метаболизмі, және басқа да индол туындылары психикалық қызмет механизмінде маңызды роль атқаратындықтан, олардың дисфункциясы және алмасу компоненттері шизофренияның пайда болуына әкеп соғады деп санады. Биогенді аминдер алмасуына қатысатын ферменттер бұзылысымен шизофрениялық үрдістің байланысы жөніндегі идея мәні осы аталған концепцияларға жақын.

Шизофренияның пайда болуында тұқымқуалаушылық патологияның рөлі анықталған. Шизофрениямен науқастарда осы аурумен тұқымқуалаушылық ауырлығы қарапайым тұрғындармен салыстырғанда бірнеше есе жоғары және тұқымқуалау ауырлығы сипатында белгілі бір заңдылық бар. Ата – анасында шизофрения болған жағдайда пробандтың ауруға шалдығу мүмкіндігі, бұл ауру алыс туыстарында болған жағдайдағыдан әлдеқайда жоғары болады; шизофрения дамуының биологиялық ата-анамен байланыстылығы дәлелденген. Пробанд пен оның туыстарындағы шизофрения көріністерінің типі арасындағы байланыс анықталды. Сонымен қатар, соңғы зерттеулермен шизофрениямен науқастардың, олардың туыстары, әсіресе ата – анасында зат алмасу үрдістері мен интеллектуальды ерекшеліктерінде кейбір ортақ сипаттар анықталды.

Бірақ шизофрения кезінде типті психопатологиялық көріністермен бірге биологиялық бұзылыстардың пайда болуы мен түзілуін анықтайтын нақты сипаттаманың болмауы, шизофрения табиғаты жөнінде әртүрлі концепциялар құруға мүмкіндік береді. Прагматикалық немесе идеалистік философиялық көзқарастарға сүйенген көптеген шетелдік психиатрлар арасында шизофрения мәнін түсіндіруде фрейдистік методологиялық ереже қолданылады. Олар шизофренияны тұлғаның өмірге сәтсіз қалыптасуының бір түрі деп қарайды. Толық қалыптасу мүмкінсіздігі жағдайын олар тұлғалық ақаумен түсіндіреді, ол ақау ерте балалық шақтағы жанұя ішіндегі интерперсональды бұрыс қатынастар нәтижесінде құрылады деді. Шизофренияның табиғаты жөніндегі мұндай пікірлер қолдау таппады. Ерте бала кезінен басқа жанұяда бейімделіп, өскен балаларда шизофренияның пайда болу қаупі жанұяішілік қатынастар еркшелігімен емес, тұқымқуалаушылықпен байланысты болатыны көрсетілді.

Қазіргі мәліметтер шизофрения табиғатын сыртқы орта факторларымен әсерлесу жағдайында көрінетін ағза қызметінің ерекше формада бұзылуына бейімділігімен полигенді ауру ретінде қарастыратын теорияны жеткілікті негізде құруға мүмкіндік берді.

 

Диагностика

 

Шизофренияның клиникалық көріністерінің спектрі өте кең, сондықтан оның диагностикасы көптеген қиындықтар тудырады. Негізгі диагностикалық критерияларына шизофренияға тән негативті бұзылыстар немесе науқас тұлғасындағы айрықша өзгерістер жатады. Оларға эмоционалды кедейлену, ойлау және тұлғааралық бұзылыстар жатады. Сонымен қатар шизофренияға синдромдардың белгілі жиынтығы тән. Шизофренияның дифференциальды-диагностикалық бағасын үш бағытта жүргізу қажет: экзогенді психоздардан, аффективті психоздардан, соның ішінде маниакальды-депрессивті психоздан, және де невроздар мен психопатиядан ажырату керек. Экзогенді психоздар белгілі бір зияндылықтармен байланысты басталады (токсикалық, инфекциялық). Ол кезде өзіне тән тұлғалық өзгерістер байқалады (органикалық типтегі), психопатологиялық көріністері галлюцинаторлы және жиі көру галлюцинациялары басымдылығымен жүреді

Аффективті психоздар кезінде шизофренияға тән тұлғалық өзгерістер байқалмайды. Психопатологиялық көріністер негізінен аффективті бұзылыстармен көрінеді. Аурудың динамикасында синдромдардың күрделенуі байқалмайды. Бірінші және екінші ұстамалар да аффективті патологиямен көрінеді, шизофрения кезінде (кезендік формасында да) ұстамалардың күрделенуге тенденциясы бар, яғни аффективті ұстамалар әрі қарай аффективті-сандырақтық, кататоно-онейроидты күйлерге ауысады.

Шизофренияны невроздар мен психопатиялардан ажырату шизофрениялық үрдістің баяу, белсенді емес ағымында қажет болады. Бұл жағдайда шизофренияға тән тұлғалық өзгерісті, невроз тәрізді немесе психопатия тәрізді бұзылыстардың ерекшеліктерін табу көмектеседі. Психопатиялар кезінде психопатологиялық симптоматика тұлғааралық қатынастармен байланысты, сондай – ақ психопатия тәрізді симптоматика үдемелі үрдіспен анықталады. Невроздар кезінде оның пайда болуына ықпал ететін белгілі психогенді зияндылықтар болады. Невроз динамикасы шизофренияның невроз тәрізді көрінісі динамикасынан ерекшеленеді.

 

Емі

Қазіргі кезде шизофрения ауруларын емдеуде көп мүмкіндіктер бар. Кең әсер ету спектрі бар психотропты дәрілердің үлкен арсеналы ауру көріністерінің ерекшелік ерекшеліктерін ескере отырып дифференциальды терапия жүргізуге мүмкіндік береді. Сандырақ және галлюцинаторлы бұзылыстар басым көрініс берген психотикалық бұзылыстар кезінде, қозу жағдайында галоперидол, тиопроперазин және т.б. нейролепиктер қолданылады, кататониялық бұзылыстар басым болғанда – этаперазин, френалон және т.б. нейролепиктер қолданылады. Шизофренияның жедел жоғары дене қызуымен, яғни фебрильді ұстамамен өтетін жағдайының еміне тоқтап өтейік. Фебрильді ұсатамалармен науқастарды емдеу үшін үлкен дозада аминазин, электротырысулық терапия қолданылады. Басқа нейролептиктер қолданылмайды. Кей науқастар аминазинді көтере алмайды, бұл жағдайда сол препаратпен қатар көктамырға сибазон тағайындаған дұрыс. Бұл шаралар тиімділік көрсетпесе, әрі қарай қызуы көтеріліп, ми ісінуі белгілері артқан жағдайда электротырысулық терапияға көшу керек.

Ауру көрінісінде негативті бұзылыстар басым болған жағдайда ынталандырушы әсері бар нейролептиктерді қолдану ұсынылады. Депрессивті және депрессивті-параноидты көріністермен науқастарға антидепресанттар тағайындау керек. Күрделі психопатологиялық синдромдар кезінде нейролептиктер, антидепресанттар және т.б. препараттардың комбинациясын қолдануға болады. Инсулинді шокты, электротырысулық терапия тәрізді дәстүрлі әдістерді қолдану да жақсы нәтижелер береді. Инсулинді шокты терапия шизофрениялық үрдістің жедел көріністерімен және соматикалық әлсіз науқастарға көрсетілген, ал электротырысулық терапия басқа ем әдістеріне резистентті, және созылмалы депрессиямен науқастарда қолданылады.

Шизофрениямен науқастарды толыққанды өмірге оралту үшін кеңес психиатрлары әлеуметтік-еңбектік реабилитацияға көп көңіл бөлді. Психиатриялық көмекті ұйымдастырудың жалпы жүйесінде әртүрлі емдік – еңбектік және шизофрениямен науқастарға әлеуметтік әсер етудің әртүрлі формалары қарастырылған.

Шизофрениямен науқастардың ішінде 50%-ның мүгедектігі жоқ, және олар кәдімгі жұмыс орындарында қызмет істейді. Қалғандары негізінен ІІ, сирек жағдайда І және ІІІ топ мүгедектері. ІІІ топ мүгедектері арнайы цехтарда жұмыс істейді, ал ІІ топтағылар психоневрологиялық диспансер жанынан ашылған емдік – еңбектік шеберханаларда жұмыс істейді. Науқасқа еңбек түрін таңдауды науқастың психикалық күйін және бұрынғы мамандығын ескере отырып, дәрігер-психиатр жүргізеді. Бұл мүмкіндік болмаған жағдайда науқас мамандық білім алып, жаңа жұмысқа орналаса алады.

 

Профилактика

Шизофрения профилактикасының мәселелері психиатрияның маңызды міндеттерінің бірін құрайды. Этиологиясы жөнінде нақты мәліметтердің болмауы бұл дерттің тиімді біріншілік профилактикасын құруға мүмкіндік бермейді. Қазіргі кезде шизофренияның біріншілік профилактикасы медикогенетикалық кеңеспен шектелуде. Мамандар жұбайларға, егер олардың тұқымдарында психикалық аурулар болса немесе жұбайлардың бірі шизофрениямен зардап шеккен жағдайда олардың болашақ балаларында шизофрения даму мүмкіндігі жөнінде ақпарат береді. Екіншілік және үшіншілік профилактика шараларын жүргізу үшін медикаментозды және реабилитациялық тәсілдер қолданылады. Науқас адам ерте анықталғанда, уақытында емдеп, сүйемелдеуші терапия қолдану арқылы айқын психикалық бұзылыстардың алдын-алып қоймай, науқастың қоғамдық, жанұялық өмірге қатысуын сақтап қала аламыз. Науқастың әлеуметтік – профессиональды бейімделуінің тұрақтылығы мен тиімділігін іске асыру үшін әлеуметтік реабилитация шаралары қажет.

Реабилитация жөніндегі мәселе шешімінің өзіндік қиындықтары бар, ол бірінші кезекте шизофренияның полиморфизмімен, ауру ағымы мен сатыларының әрқилы формаларының болуына байланысты. Сондықтан шизофрениямен науқастардың реабилитациясы индивидуальды және дифференциальды сипатта болуы керек. Науқас жағдайына байланысты реабилитациялық шаралар госпитальда немесе ауруханадан тыс жағдайларда жүргізіледі.

Госпитальдық реабилитация варианттарына бірінші кезекте ауруханалық шеберханалардағы еңбектік терапияны, мәденитерапияны, бөлімше ішілік және жалпы ауруханалық әлеуметтік шараларды жатқызады. Келесі қадам стационар жағдайында науқастарды жеңіл тәртіптегі бөлімшелерге немесе күндізгі стационарларға ауыстыру болып табылады. Реабилитациялық шараларды бірыңғай кешенді бағдарлама әдісі бойынша жүргізген дұрыс, әсіресе науқасты қандай-да бір жаңа еңбек дағдыларына үйрету кезінде, мысалы, өндірістік немесе ауылшаруашылықтық дағдыларға (егер село жөнінде сөз болса).

Шизофрениямен науқастардың амбулаторлық реабилитациясын (ауруханадан тыс) жүргізу ауданның психоневрологиялық диспансерлер дәрігерлеріне тиісті. Шизофрениямен науқастар да еңбек етіп жүрген ірі өндірістік мекемелердің медико-санитарлық бөлімдерінде құрылған психиатриялық кабинеттер де өздерін жақсы жағынан көрсетті. Өндіріс жағдайында жүргізілген реабилитация шизофрениямен әлеуметтік дезадаптацияланған науқастар санының азаюына мүмкіндік береді. Дегенмен реабилитациялық шаралар жетістігі көп жағдайда еңбектік белсенділік пен сүйемелдеуші терапияны ретті жүргізуді дұрыс үйлестіруге де байланысты.