Соттық – психиатриялық сараптама

Шизофрениямен зардап шегетін науқастар өздерінің істеріне есеп беруге және оларды басқаруға қабілетсіз болғандықтан қабілетсіз болып танылады және психиатриялық ауруханаға жолданады. Бұл қатарға ұстама тәрізді шизофрения жағдайы жатпайды, бұл жерде еңбектік адаптацияның сақталуымен ұстамадан кейінгі көпжылдық терең ремиссия және тұлғалық өзгерістің болмауы немесе төмен айқындылықтағы дәрежесі жөнінде сөз болып тұр. Бұл жағдайда науқасты қабілетті деп тану мүмкін болады. Аз үдемелі, баяу ағымды және постпроцессуальды психопатия тәрізді жағдайлар сараптамасы айтарлықтай қиындықтар туындатады.

Азаматтық акт жасау кезінде шизофрениямен науқастардың (неке қию, мүліктік келісімдер, өсиет және т.б.) қабілеттілігін бағалау осы акттерді жасау сәтіндегі науқастың психикалық күйімен анықталады. Науқастың психотикалық күйде жасаған азаматтық акттарының заңды күші болмайды. Басқа жағдайларда науқасты қабілетті деп мойындау мүмкіндігі бар.

Шизофрениямен науқастар әскери міндет атқаруға жарамсыз деп саналады.

 

Тарау

МАНИАКАЛЬДЫ-ДЕПРЕССИВТІ ПСИХОЗ

Маниакальды депрессивті психоз – бұл этиологиясы анықталмаған, ұстама тәрізді, айқын эмоциональды бұзылыстармен көрінетін психикалық ауру, ереже бойынша, ол бұзылыстар өткеннен кейін науқастың дертті күйге дейінгі өзіне тән психикалық жағдайы толық қалпына келеді және тұлға өзгерістері пайда болмайды (ұстамалар санына тәуелсіз).

 

Маниакальды-депрессивті психоздың клиникалық көріністерінің ерекшеліктері

Маниакальды-депрессивті психоз (МДП) өткен жүзжылдықта дербес ауру ретінде Е. Крепелинмен ажыратылды.

МДП – дың негізгі көріністері депрессивті және маниакальды күйлер болып табылады. Осы күйлердің әрқайсысының өзіне тән клиникалық көріністері бар: эмоциональды өзгерістер, интеллектуальды үрдістер ағымының қарқыны және белгілі бір психомоторлық құбылыстар. Депрессивті күйде науқастың көңіл – күйі төмен, барлық психикалық үрдістер ағымы, сондай – ақ қимылдық көріністер баяулаған, ал маниакальды күйде көңіл – күй көтеріңкі, психикалық үрдістердің ағымы жылдамдаған, іс-әрекетке талпыныстың жоғарылауы байқалады.

Бұл аталған көріністер әлсіз айқындылық дәрежесінен өте айқын дәрежеге дейін байқалуы мүмкін. Сонымен, субдепрессия жағдайында науқастар жабырқау көңіл-күйге, жеңіл қажу күйіне, ойын жинақтау қиындығына шағымданады. Әлем көңілсіз болып көрінеді. Кейде аффективті патология әртүрлі сенестопатиялар, ағза қызметінің бұзылыстары түрінде дамиды. Сандырақ идеялар, терең депрессия күйі байқалмайды. Гипомания кезінде аздап көңіл–күй көтеріңкі және психомоторлы белсенділік артады. Олар өмірге құштар, әрекетшіл, өздерін жоғары бағалайды, кейде өткір, тітіркенгіш болып келеді. Дегенмен олардың әрекеті өнімді болып қалады, және жиі қызметін жалғастыра береді. Депрессивті және маниакальды күйлер бірден пайда болмайды, олар белгілі бір кезеңдерден өтіп дамиды, дегенмен маниакальді аффект депрессивті аффектпен салыстырғанда жылдам дамиды.

МДП салыстырмалы түрде кеш басталады. Науқастанғандардың орта жасы 35 – 40 жас. МДП әйелдер жиі шалдығады. МДП – ң таралуы 5000 – 10000 тұрғынға шаққанда 1 науқасты құрайды. Бұл дерт көзге көрінбейтін себептерден немесе қандай да бір зиянды фактордың әсерінен кейін дамуы мүмкін. Дерт депрессивті күйден де, сондай – ақ маниакальды күйден де басталуы мүмкін. Ұстамалардың ұзақтығы әртүрлі, олар бір аптадан бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Ереже бойынша, ұстама науқастың сауығуымен, психикалық бұзылыстардың жойылуымен аяқталады, бірақ арада бірнеше уақыт өткеннен кейін науқастарда аффективті бұзылыстар қайта дамиды.

 

Депрессивті күйлер

Депрессивті күйдің дамуы, алғашында физикалық бұзылыстар басымдылығымен, содан соң психикалық бұзылыстардың да көрінуімен жалпы дискомфорт сезімінен басталады. Содан соң жүрек аймағында, көкірек тұсында физикалық мұң сезімімен төмен көңіл – күй дамиды. Бұл сезімдер науқастармен басу, қысым, ауру сезімі ретінде суреттеледі. Кейде өздерінің эмоциялық бұлыстарын сезімсіздік күйі ретінде түсінеді. Сонымен қатар олар ойлау қабілетінің баяулағандығын, болып жатқан жағдайлар мен құбылыстарды түйсінудегі қиындықтарды байқайды. Науқастардың бет ажары мұңлы, қозғалыстары мен сөзі баяуланған.

Мұң сезімі, психикалық көріністердің баяулауы және қозғалыстық реакциялардың тежелуі, депрессияның белгілері болып табылады. Бұл кезде науқастардағы қозғалыстың тежелу күйі субступор және ступор (депрессивті ступор) деңгейіне жетуі мүмкін, бірақ кататониялық ступормен науқастардан айырмашылығы олар сұрақтарға әрқашан біртекті болса да жауап қайтара алады. Науқастар туыстарына, жақындарына деген эмоциялық үйірлігін, қоршаған ортамен эмоциональды үндестігін жоғалтқанына шағымданып, осыған аса ауыр күйзеледі. Өзінің күйін суреттуге келгенде дәрігерлерге олардың күйін түсіну қиын тәрізді көрініп, кейде көп сөйлеп кетеді.

Депрессивті күйлер басқа да психопатологиялық өзгерістермен қатар жүреді. Науқастарға қатысты жайлар көмескі бояумен қабылданады. Өз өміріндегі жеке жағдайлар мен ұсақ тірліктерді олар өзін - өзі кінәлау және өзін-өзі кемсіту идеяларын құруға қолданады. Мұндай идеялар аса бағалы, сондай – ақ сандырақ сипатын да алуы мүмкін. Науқастардың ойынша, олар өзінің жасаған қылмысы үшін сот алдында жауап беру керектігін айтады және өте қатал жаза қолдану қажет деп есептейді. Науқастардың күйінде айқын тәуліктік тербелістер байқалады. Кешкі мезгілде таңертеңгі уақытпен салыстырғанда олар жеңілдік сезінеді. Депрессивті күйлер соматовегетативті бұзылыстармен қатар жүреді: іш қатулар, шырышты қабаттардың құрғауы, тәбет бұзылыстары және т.б.

Депрессияның мұндай күрделенген түрі қазіргі таңда өте сирек кездеседі. Әдетте депрессиялық күйлерде депрессияның қандай-да бір компонентінің басымдылығы байқалады, осыған сүйеніп депрессивті синдромның белгілі бір варианты жөнінде айтуға болады. Депрессивті синдром варианттарын бөлудің ортақ белгілеріне депрессивті күйдегі психопатологиялық құрылымның типті немесе атиптілігі жатады.

Типті депрессивті күйлер ішінде ең алдымен анестетикалық депрессияны ажыратамыз. Мұндай күйдегі науқастар өздерінің сезімсіздігіне шағымданады, олардың айтуынша өзге адамдардың сезімдері қызықтырмайды, қоршаған өмірде болып жатқан жайттар оларда қуаныш та, реніш те тудырмайды, науқастар «жаным жоқ» немесе жүрегім «мұз тәрізді суық» деп есептейді. Кейде бұл сезімдер anaesthesia psychica dolorosa (жанға бататын психикалық сезімсіздік) дәрежесіне дейін жетеді. Мұндай жағдайда науқастар өз күйлеріне қатты күйзеледі. Науқастар өзінде қандай болмасын сезім тудыру үшін өз денесіне терең тілімдер немесе басқа да зақымдар жасаған оқиғалар орын алған. Дегенмен жиі анестетикалық депрессия қоршаған ортаға немқұрайлы, селқос қатынаспен көрініс береді (бұл күйді шизофрениямен науқастардағы эмоциональды кедейлену жағдайымен шатастырмау керек).

Науқас Е.И., 54 жаста, психикалық аурулармен тұқымқуалаушылық ауырлығы анықталмаған. Ауылда туылған, мектепке дейінгі кезеңін өте бұлыңғыр есіне алады. Мектепке 7 жасында барған. Оқуға ешқандай қызуғушылық болмаған. Мінез – құлқы салмақты, аз араласатын болған, бос кезінде үй шаруасымен айналысқанды жақсы көрген. 20 жасында Мәскеуге көшіп келген, машинистка болып жұмысқа орналасқан. Тұрмысқа шыққан. Некеден ұл мен қызы бар. Мінез – құлқы бойынша сол салмақты, томаға күйінде қалған, үй шаруасымен, күйеуі мен балаларын күтіп бағуды ұнатқан. 1965 жылы (науқас 46 жаста) қатты жақсы көрген ағасының өлімінен кейін науқастың көңіл – күйі бірден төмендеп, еш нәрсе істей алмай қалған, ұйқысы бұзылған, қорқыныш сезімі пайда болған, төсінің артында ауырлық сезімі пайда болған, тәбеті төмендеп, бір айдың ішінде 5 кг – ға азып кеткен. Көңіл – күйінің тәуліктік тербелісі байқалып, таңертеңгі мезгілде өзін аса нашар сезінген. Сол кезде психиатрға алғаш рет көрініп, психиатриялық ауруханада 45 күн емделген. Амитриптилин, тазепам, элениум қабылдаған. Ауруханадан шығар кезеңінде көңіл – күйі толық тұрақталды, ұйқысы жақсарды, тәбеті дұрысталып, қорқыныш сезімі жойылып, төс артындағы ауырлық сезімі басылған. Ауруханадан шыққанан кейін қызметіне оралып, көңіл – күйі қалпына келді. Күйеуі мен балаларына қамқор болып, уақытының көп бөлігін үй шаруасына бөлген. Кейіннен 2 – 3 жылда бір рет түрлі психиатриялық ауруханаларда көңіл – күйінің төмендеуі, қорқыныш сезімінің пайда болуы, ұйқысы мен тәбетінің нашарлауына байланысты жатып ем қабылдап тұрған. Стационарда орташа болу мерзімі 1,5 – 2 ай. 15 жылдық бақылауда науқас тұлғасында ешқандай өзгеріс байқалмаған. Профессиональды міндеттерін дұрыс атқарып, үй шаруасымен жеңіл айналысқан, әрдайым күйеуі мен балаларына қамқор болып жүрген. Өзінің сырқатына сын көзқарас толық. Көңіл – күйінің қашан төмендеп басталғанын анық атап береді. «Дерт» кезеңдері мен «сауығу» кезеңдерін анық айыра біледі.

Сырқатының соңғы ұстамасы ешқандай себепсіз дамыған. Немқұрайдылық, селқостық, суицидальды ойлар пайда болған.

Ауруханаға жеткізген кезіндегі психикалық күйі: орын мен уақыт бойынша бағдары дұрыс, бет-әлпеті мұңлы, қимылы мен сөйлеуі баяулаған, кеуде тұсындағы ауырлық пен қысымға шағымданады. Науқас ағасының қайтыс болғанына өзін кінәлімін деп есептейді, оның өлімінің алдын-алғанымда бұлай болмас еді дейді. Өлім жазасына тартылуым керек деп мәлімдейді. «Жақындарына туыстық сезімін» жоғалттым деп өзін кінәлайды. Тамақты мәжбүрлеумен ішеді.

Типті депрессивті күйдің келесі варианты өзін - өзі кінәлау сандырағымен жүретін депрессия. Бұл кезде сандырақ өзін - өзі кінәлау және өзін-өзі кемсіту идеяларымен көрініс береді. Бұл аталған идеялар әртүрлі сипатта болуы мүмкін: науқастар өткен өмірінде жіберген болмашы қателіктерін еске алады. Депрессивті аффект әсерінен осы өтіп кеткен жайлар ауыр дертті, жасанды актуальдылыққа ие болады және науқастардың санасында «қатаң жазаны» қажет ететін үлкен көлемді қылмыс сипатын алады. Мұндай науқастар ешқандай негізсіз кейде өздерін туыстарының өліміне кінәлайды. Депрессивті науқастар жақын адамына қажетті күтім көрсетпедім, түсіністікпен қарамадым, осылайша оның өлімін жылдамдаттым деп есептейді. Жиі депрессивті науқастар айналадағы адамдар алдында өздерінің толымсыздықтарын сезінеді.

Типтік депрессивті күйдің келесі варианты – үрейлі депрессия. Әдетте бұл түрі аффективті бұзылыстардың әлсіз интенсивтілігімен және созылыңқы ағымға бейімділікпен сипатталады. Үрейдің күшеюі жиі кешкі мезгілде үдей түседі. Мұндай күйлер бірнеше айға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін. Үрейлі депрессия тереңдей түскенде ажитациялық түрге ауысады. Мұндай күйдегі науқастар бір орнында отыра алмайды, аласұрып, қолдарын қайырып қысады. Жиі медперсонал немесе басқа адамдардың алдында суицидальды әрекет жасауға тырысады.

Сонымен қатар дисфориялық депрессияны ажыратады. Мұндай күйдегі науқастарда депрессияның басқа компоненттерінен басқа үнемі тітіркенгіштік, томағалық, өзі мен айналадағыларға көңіл толмаушылық бақыланады.

Жиі қимыл – қозғалыс бұзылыстарының басымдылығымен жүретін - ступорозды және адинамиялық депрессиялар да кездеседі. Ступорозды депрессия кезінде тежелу субступорлық деңгейге дейін немесе кейде ступорлық дәрежеге дейін жетеді. Адинамиялық депрессияда тежелу әлсіздік, сылбырлық түрінде көрінеді. Науқастар кейде айлап жатып қалады, ешнәрсеге қызықпайды, ешнәрсемен айналыспайды. Әсіресе адинамия және әлсіздік көріністері таңғы уақыттарда байқалады: науқастар ұзақ уақыт бойы орнынан тұра алмайды, жуынып, киіне алмайды. Айқын адинамиямен қатар мұндай науқастарға өзін - өзі кемсіту идеясы тән.

Және де жабысқақтықпен, соматовегетативті бұзылыстармен жүретін депрессияны ажыратады.

Атипті депрессивті күйлер қатарына аффективті бұзылыстардан бөлек басқа да психопатологиялық симптомдар жатады: кататония, онейроидты күйлер, депрессивті – параноидты сандырақ және т.б.

Маскалы депрессияға соматикалық симптомдар алдыңғы жоспарға шығып, ал психопатологиялық көріністер әлсіз және тек ұқыпты зерттегенде ғана анықталатын күйлер жатады. Жиі табанды ұзаққа созылатын ауру сезімдері, жағымсыз ауыр сезімдер (сенестопатиялар) байқалады. Көшпелі сипаты, интенсивтілігінің тәуліктік тербелістері (түнгі және таңғы сағаттарда күшеюі), аналептиктерге сезімталдықтың төмен болуы немесе мүлдем болмауы олардың ерекшеліктері болып табылады.

Жиі маскалы депрессиялар астматикалық күйге ұқсас соматовегетативтік бұзылыстармен өтеді. Маскалы депрессия күйлері алкогольді шектен тыс қолданудың себебі болған жағдайлар да бақыланған. Бұл алкогольді шектен тыс қолдану маскалы депрессия ұстамасынан кейін тиылады. Психопатологиялық көріністердің ішінен күш-қайраттың әлсіреуі, әсіресе таңғы сағаттарда байқалатын әлсіздік, сүйікті істеріне ынтаның жоғалуы, түсініксіз мазасыздық сезімі, кітап оқу үстінде немесе теледидар көргенде тез дамтын шаршау бақыланады. Тынышсыз, ұйқыға кетудің қиындауымен және ерте оянулармен беткей ұйқы тән. Науқастар таңғы сағат 4–5-тер шамасында оянады, бұл кезде оларда ешқандай тыныққандық сезімі болмайды.

Маскалы депрессияның соматикалық көріністері әрқилы болып келеді. Бас ауыруы, бет, арқа, аяқ – қол, барлық мүшелерде дерлік ауыру сезімдері, жүрек-қантамыр жүйесінің бұзылыстары, әйелдерде етеккір циклының бұзылыстары және т.б. көрінеді. Бұл сезімдері нақты емес, науқастардың суреттеулері түсініксіз. Науқастардың айтулары бойынша ауыру сезімдерінің айқындылық дәрежесі мен лабораториялық және басқа да объективті тіркеу жолдарымен мүшелердегі патологиялық өзгерістердің табылмауы арасында сәйкессіздік байқалады.

 

Маниакальды күйлер

 

Маниакальды күй дамуының алдында күш ағыны, жоғары сөзшеңдік, әрекеттілік, белсенділік артуымен сипатталатын гипоманиакальды аффект көрініс береді. Мұндай күйдегі науқастар ерекше ішкі шабытты сезінеді, олар көңілді, жиі күледі, күшті тәбеттерімен ерекшеленеді, аз ұйықтайды, тәулігіне 5 – 6 сағат ұйықтаса да өзін сергек, қуатты сезінеді.

Науқастарда маниакальды күй белгілер триадасымен сипатталады: көтеріңкі көңіл – күй, ойлау үрдісінің жылдамдаған ағымымен, қимыл – қозғалыстық белсенділіктің артуы. Науқастар әр нәрсеге кірісіп кетеді, түрлі жоспарлар құрады. Айқын байқалатын маниакальды күйлерде аса алаңдағыштық әсерінен олардың әрекеттерінің мақсаттылығы жоғалады, қимылдық қозу күшейе түседі. Бұл жағдайда науқастар өздерін жоғары бағалайды. Өздерінің керемет қабілеттілігі, дарындылығын жариялайды. Кейбір жағдайларда ұлылық сандырақтық идеялары дамуы мүмкін (шығармашылдық, реформаторлық). Дегенмен маниакальды күйдегі науқастардың сандырақтық идеялары олардың аффективті күйлермен тығыз байланысты.

Науқас А.М.Г., 59 жаста. Анасы тарапынан туыстарында жиі деприссивті эпизодтар бақыланған: әжесі депрессия жағдайында өз - өзіне қол жұмсап, қайтыс болған, науқастың анасында көңіл – күйдің ттербелістері байқалған. Туған ағасында да субдепрессия ұстамасы болған, бірақ ауруханада емделмеген. Әкесінің сүйікті қызы болған, ал анасы оған суық қараған, бұл науқасты қатты қынжылтатын. Ол үнемі анасының ашуын шақырып, ызаландыруға тырысқан. Өте ерке, қырсық, мазасыз болған: болмашы себептерден бірде ашуға булығып, бірде қуанған. Сабағын өте жақсы оқыған. Ерекше өлеңдер, прозалар жазған, тілге деген қабілетті жақсы болған, декломирлеуді ұнатқан, көпшілік алдында өзін еркін ұстаған. Науқас 14 жасқа толғанда анасы әкесімен ажырасқан. Қыз бұл жағдайды қатты уайымдап, анасымен қатынасы одан ары нашарлай түскен. Туыстарымен қарым – қатынасы ешқашан жақын болмаған, достары көп болып, олармен жақын қатынасқан. Достық байланыстары ұзақ және тұрақты болған. Филология факультетін бітірген. Біршама уақыт мектепте қызмет еткен, неміс және француз тілдерінен сабақ берген, сонан соң испан, итальян, португал тілдерінен әдеби аудармашы болып жұмыс жасаған. Өз жұмысымен аса әуестікпен айналысқан. Жеке өмірі қалыптаспаған, әйтсе де мүмкіншіліктер болғанымен, ол өз дертімен ешкімді байланыстырғысы келмеген. Бір өзі тұрады, тұрмысы орнықпаған. Әдебиетпен, көрмелермен белсенді айналысады, қонақта жиі болады. Етеккір алдында, әсіресе жас кезінде көңіл – күйінде төмендеу жағына қарай тербелістер байқаған, ол жағдай бір аптадан бір айға дейін созылатын болған.

Алғашқы ауруханаға түсуі 45 жасында. Әлжуаз күйге түсіп, жұмысқа қабілеті төмендеген. Осы сәтте анасы қайтыс болған, анасының жаназасына келмеген, қатыспаған. Бір күн бойы төсектен тұрмай жатып алған. Ауруханаға түскен, 4 ай емделген. Ауруханадан көтеріңкі көңіл – күймен шығып, бұл жағдайды бақыт ретінде қабылдаған. Белсенділік, іскерлік танытқан, көптеген көйлектер сатып алып, ауқымды ақша жаратқан, аударма жұмыстары бойынша үлкен іс атқарған. Одан әрі науқаста жыл сайын маниакальды күйлер пайда болып тұрған, ол кезде іскерлік танытқан, үлкен шығармашылық шабытпен көптеген жоғары сапалы аудармалар жасайды; осы кезеңдерде ретсіз ақша жұмсайды, сылқымданып, танысулары жиілеген, туыстарымен керіскен. Ұстамалары әдетте жаз айында, екі айға дейінгі мерзімді қамтыған. Туыстарының инициативасымен күштеп ауруханаға жатқызылған.

Психикалық күйі: әнгімеге белсенді қатысады, сөздері монолог сипатында, өз инициативасы бойынша сөйлейді, дәрігердің сөзін бөле береді. Сөзі жылдамдаған, қатты дауыспен сөйлейді, мәнерлі, жиі жүріс-тұрысы жасанды түрде балаларға тән сипатта. Көңіл – күйі көтеріңкі, тітіркенгіштікке тез ауысады, «анасы мен әкесінің» алдында кінәлімін дейді. Жоғары алаңдағыштық байқалады: ассоциация бойынша бір тақырыптан екінші тақырыпқа ауытқып отырады. Өзін күйіне сыни көзқараспен қарайды, оны «күлкілі» жағдай деп атап, оған жедел түрде көмек көрсетуді сұранады, ем және зерттеу үрдісіне белсенді кірісіп кетті. Бөлімшеде науқастармен тез танысып, араласып кетті, өлеңдерін ләззат ала оқиды, кейде өлеңдерінің сипаты құлаққа оғаш, кейде тітіркенгіш, ызалы күйге түседі. Ем нәтижесінде сабырлана түсіп, өзінің әрекеттерін реттей алатын жағдайға жетті.

Атипті маниакальды күйлердің ішінен көңілді манияларды (бірінші кезекте көңілді, көтерінкі көңіл – күй), өнімсіз манияларды (науқастар әртүрлі істерге кіріседі, бірақ олардың біреуін де аяғына дейін жеткізбейді), шатасқан манияларды (идеялар секірмелілігімен идеаторлы қозу айқын байқалады), ызалы манияларды (жоғары тітіркенгіштікпен, ызамен жүреді) ажыратады.

Кейде басқа да атипті маниакальды күйлер кездеседі. Жоғары психикалық және моторлы белсенділік жағдйында науқастарда көтеріңкі көңіл – күй бақыланбайды. Олардың күйінде тітіркенгіштік, қозғыштық және ызалылық басым болады.

МДП динамикасы әртүрлі болуы мүмкін. Жиі депрессивті де және маниакальды да ұстаманың пайда болуы бақынадаы (аралас типтегі ағым). Сондай – ақ дерт динамикасында тек маниакальды немесе депрессивті ұстамалардың пайда болуы мүмкін (униполярлы типтегі ағым), сондай – ақ континуальды ағым варианттары (жалғасқан) болуы мүмкін, бұл кезде депрессивті күйлер ашық аралықсыз маниакальды күйге ауысады. МДП науқастарда аффективті бұзылыстардың айқындылық дәрежесі әртүрлі, аффективті бұзылыстардың жеңіл формалары әдетте субдепрессивті және гипомания деп аталады. Жиі аффективті бұзылыстар сырқаттың барлық барысында айқын емес сипатта болып, субдепрессиялармен, гипоманиямен байқалады. Аурудың мұндай формасы «циклотимия» деген атауға ие болды.

Аурудың динамикасында белгілі бір заңдылықтар байқалады. Алғашында жиірек маниакальды ұстамалар кездеседі, одан ары қарай олар сиреп, депрессивті ұстамалар басым болады. Ұстамалардың ұзақтық мерзімі да өзгереді. Сырқаттың алғашқы кезеңінде олар қысқа және даму дәрежесіне қарай ұзара бастайды, осыған сәйкес ашық аралықтар – ұстама аралық кезендер қысқарады. Ұстама аралық кезеңдерде психопатологиялық симптоматика бақыланбайды. Дегенмен жеңіл аффективті тербелістер болуы мүмкін, көңіл – күйдің төмендеуі, жиі таңғы сағаттарда бақыланатын енжарлық байқалады. МДП үшін ұстама аралық кезеңде психикалық денсаулықтың толық қалыптасуы тән. Науқастар ауруға дейінгі кезеңдегі күйлеріне қайта түседі. Мұндай күйлер арнайы «интермиссия» терминімен анықталады. Бұл терминмен науқастың психикалық денсаулығының толық қалыптасуы, оның барлық дертті психопатологиялық көріністерден арылуын түсінеміз. Ремиссиялар кезіндегідей науқаста басынан өткен ұстаманың қалдық симптомдары немесе аурумен шақырылған кейбір өзгерістер қалуы мүмкін. Интермиссиялар кезінде преморбидтік (ауруға дейінгі кезең) кезеңмен салыстырғанда науқас тұлғасының кейбір өзгерістері болуы мүмкін. Бірақ мұндай өзгерістер жастық факторлармен, атеросклерозбен және т.б. байланысты болуы мүмкін. МДП –бен науқастар ұстама кезеңінде үнемі бақылауды қажет етеді. Депрессивті күйде науқастар жиі тамақтан бас тартады. Осыған байланысты науқастардың тамақтануын қадағалап отыру қажет. Кейде айқын депрессиялық күйдегі науқастарды мәжбүрлеп тамақтандыру қажет болады. Бұл науқастар жиі суицидальды ойлар айтады, жиі сол ойларын іске асыруға талпыныс жасайды; маниакальды науқастар өз күйлерінің ерекшелігіне байланысты өзіне немесе жақындарына зиян келтірулері мүмкін: бейтаныс адамдармен қарым – қатынасқа түсіп, заттарын, ақшаларын тарту ету және т.с.с.