Эпилепсия кезiндегi психикалық бұзылыстар

Эпилепсияның клиникалық көрiнiсi әрқилы болып келеді, бiрақ олардың ішінен синдромдардың негізгі үш тобын бөлiп алуға болады: пароксизмальды бұзылыстар - қысқа уақыттық тырысулық және тырысусыз ұстамалар; эпилепсиялық психоздар (жедел, созылыңқы, созылмалы); тұлғаның эпилепсиялық өзгерiстерi – мінез-құлық пен интеллекттің типті патологиясы.

Пароксизмальды бұзылыстар. Пароксизмальды бұзылыстар iшiнде аса тән болып келетіні үлкен тырысулық ұстама болып табылады, дегенмен эпилепсияның (сирек кездесетін) үлкен тырысулық ұстамаларсыз формалары да бізге белгiлi.

Үлкен тырысулық ұстама алдында науқастардың тең жартысында дерлік бiрнеше күн немесе тәулiк бұрын хабаршы белгiлер бақылануы мүмкін: жалпы жағдайы, көңiл-күйi өзгередi.

Күрделі, генерализацияланған үлкен тырысулық ұстама кейбір науқастарда аурадан басталады (грек сөзiнен aura – леп, самал).

Аураның формалары әртүрлi болады, бiр науқаста ол әдетте бір түрімен шектелген немесе бiрнеше типте болады. Жиi кездесетiн түрлерi – сенсорлы, психикалық, вегетативтi – висцеральды.

Эпилепсия кезіндегі пароксизмальды бұзылыстардың басқа түрiне кiшi ұстамалар (petit mal), абсанстар, амбулаторлы автоматизм жағдайы және дисфория жатады.

Эпилепсиялық психоздар.Эпилепсиялық психоздар пароксизмальды тырысулық синдромдардың жалғасы, трансформациясы ретiнде, олардың эквиваленті түрінде немесе олардан тәуелсiз пайда болуы мүмкiн.

Эпилепсиялық психоз клиникалық көрінісінде жиі параноидты, паранойяльды (әдетте қарапайым сипаттағы қатынас, соңына түсу сандырақтарымен, ипохондриялық сандырақпен) галлюцинаторлы-параноидты, делириозды, депрессивтi және кататониялық синдромдар байқалады. Бұл синдромдар үрей, қорқыныш аффектiмен жүреді, әдетте олар эмоциональды қанық болып келеді.

Эпилепсиялық психоздар ағымына қарай жедел, жеделдеу және созылмалы болып бөлiнедi.

Тұлғаның эпилепсиялық өзгерiстерi. Эпилепсияға психикалық үрдістердің оталғыштығымен қатар жүретін торпидтiлігі (инерттілігі) тән, ол байымды, кейде тұтқыр оймен (сөзіндегі, жазуындағы), аса ұқыптылық және педанттылықпен ерекшеленеді. Науқастың қызығушылықтар шеңбері тек өзінің дертіне, жеке тұлғасына қатысты. Қоршаған ортамен қатынасы деспотты, ұсақ-түйектер бойынша жоғары талап қояды. Эпилепсиямен науқастарға бос iзденiс, «әдiлетке» ұмтылыс, жоғары «адамгершiлiк» пен «өнеге» үшін қатаң күрес жүрізу тән.

Эпилепсиямен науқастар аса ашушаң, жылдам тітіркенеді, аффекттері торпидті, ыза, қаталдықпен бірге жүреді және айқын агрессиямен көрінуі мүмкін. Науқастар ренішін ұзақ уақыт есiне сақтап, кек алуға тырысады. Осы кезде басқа адамдарға немесе өзін ренжіткен адамдарға қатысты аса мейiрiмдiлік, жағымпаздық танытуы мүмкін.

Науқас М., 53 жаста II-шi топ мүгедегi. С.С. Корсаков атындағы психиатриялық клиникада стационарлық ем қабылдаған. Тырысулық ұстамаларының жиiлегеніне, әлсiздiкке, бас ауыруына шағымданады.

Тұқымында психикалық аурулар бақыланбаған. Науқастың анасы 72 жаста, денi сау, мiнез-құлқы кiшiпейiл, мейiрiмдi. Әкесi соғыста қайтыс болған. Кiшi қарындасы 48 жаста, денi сау.

Науқас I-шi жүктiлiктен, мерзiмiнде туылған. Босану уақытты созылмалы, акушерлiк қысқыштар қатысуымен болған. Балалық шағы ешқандай ерекшелiксiз. Өз қатарынан қалмаған, бiрақ біршама әлсіз, пассивті болған, жиi құсу байқалған. Мектепке дейiнгi мекемелерге барған. Барлық пәндер бойынша біркелкі оқыған. Достарымен жақсы араласқан, тату болған. Балалық шақ ауруларынан инфекциялық аурулармен ауырған, 13 жасқа дейiн түнгi энурезбен зардап шеккен, түнде ұйқысы тынышсыз, жиi оянатын болған. Кейiн бұл құбылыстар жойылған. 8-сынып бітіргеннен кейiн ұста болып жұмыс iстеген. Жұмысты адал, ұқыпты атқарған, ешқандай ескертулер болмаған Әскери борыштан босатылған. Зауыт маңындағы кешкi техникумды бiтiрген. 21 жасынан бастап мастер болып жұмыс iстеген. Әрқашан ынталы және адал қызмет еткен. Алкогольдік ішімдіктерді қолданбайды. 50 жасында психикалық ауруына байланысты 2-шi топ мүгедектігi тағайындалған. Жұмыс iстемейдi.

18 жасында алғаш тырысулық ұстама болған, әрiптестерiнің айтуы бойынша, жұмыстан келе жатқанда кенеттен құлаған, денесi қалшылдай бастаған, сонымен бiрге кіші дәретін жiберiп қойған және еріксіз дефекация қатар жүрген. Осыдан кейін ұстамалар жарты жылда 1-2 рет қайталанып отырған.

22 жасында ұстама жиiлеген және ай сайын қайталанған. Амбулаторлы ем қабылдаған. Пароксизмдер сиреген (жылына 1-2 рет), бiрақ туыстары кезеңмен пайда болатын сана бұзылыстарын жиi байқайтын болған, бұл жағдайда науқас бірнеше секундқа бастаған ісін тоқтатқан, қолымен мақсатсыз қозғалыстар жасаған, артынан оянған тәрізді болып бастағанын жалғастырған. Бұл құбылыстар аптасына 2-3 рет бақыланған.

38 жасында науқаста бас ауырулары пайда болған. Жайбасарлық танытқан. Кадрлар бөліміне қызметiн ауыстырған. Өте ұқыпты, қызметкерлерге талапшыл болған. Бас ауырулары жиiлеген. Жұбайымен және қызымен жиі керісетін болған. Жұмысында жай қимылдап, өзiне жасаған ескертпелердi ауыр қабылдаған, әрiптестерiмен сөзге келiп қалып отырған. 50 жасында профессиональды деңгейiнiң төмендеуiне байланысты 2-шi топ мүгедектігі тағайындалған. Әртүрлі психиатриялық ауруханаларда және МОЛГМИ С.С. Корсаков атындағы психиатриялық клиникада көп рет емделген. Қазiргi кезде жұмыс iстемейдi, шамамен аптасына 1 рет амбулаторлы автоматизм түрiнде пароксизмдер болып тұрады.

Соматикалық жағдайы: дене бiтiмi дұрыс, тамақтануы қанағаттанарлық. Терi жамылғысы түсі қалыпты, таза, шынтағы мен маңдайында ескі тыртықтар бар. Жүрек – қантамыр жүйесi, тыныс алу жүйесі және асқорыту органдары патологиясыз.

Неврологиялық жағдайы: оң жақ қабағының жеңiл птозы байқалады, басқа ошақтық неврологиялық симптоматика бақыланбайды.

Психикалық жағдайы: науқас орын және өзіндік тұлғасы бойынша дұрыс бағдарланған, бiрақ нақты күнді айтуда қиналады, ай мен жылды дұрыс атады. Қарым-қатынасқа түседі. Қойылған сұрақтарға күрделі, байымды жауап бередi, жауаптары әрқашан қойылған сұрақ төңірегінде емес, өз жағдайындағы бұзылыстар жөнінде әңгімелеуге көшіп кетеді. Науқас сөйлеуi баяулаған, монотонды, сөзшең, бiрақ сөз қоры шектелген.

Науқас сана жоғалту кезеңдеріне және осы кездегі артынан толық амнезияланатын еріксіз қимылдарға, бас ауыруларына, әлсіздікке шағымданады. Галлюцинаторлы және сандырақтық бұзылыстары жоқ. Науқастың бар зейіні өз дертіне бағытталған. Айтарлықтай дәрежеде жады өзгерісі байқалады. Көңiл-күйi тербелмелi. Кеңпейiлдiлік және қайырымдылық фонында тітіркену ұстамалары пайда болады. Науқастармен және медицина қызметкерлерiмен тәртіп сақтау мәселесіне байланысты керісіп қалады. Кекшіл. Өз жағдайына сын көзқарас жоқ. Өмiрінің негiзгi мақсаты өз денсаулығын қорғау деп санайды.

Қан мен зәрдің клиникалық анализдерінде патологиялық өзгерістер жоқ. Электроэнцефалографиялық зерттеуде ошақты билотеральды пароксизмальды белсенділік, ареактивтiлік және десинхронизация құбылыстары анықталды.

Бас сүйегiнiң рентгенографиясында өзгерiс жоқ.

Диагнозы: айқын тұлғалық өзгерістермен эпилепсия.

Эпилепсия үдемелі дамығанда осы ауруға тән ақылкемдігінің де көріністері үдей түседі. Эпилепсиялық ақылкемдігінің патофизиологиялық мәні жүйкелік (психикалық) үрдістердің инерттiлiгi болып табылады. Клиникалық тарапынан бұл ақылкемдігі ойлау патологиясымен көрiнедi, ол қиын ауыспалы, баяу, персеверативті (бір ойды қайталай беру, маңыздысын ажырата алмау) сипатта болады. Науқастар ұсақ-түйекте шатасып, ойы детализацияланған сипат алады, әңгіменің түйінін жоғалтады.

Науқастар көп сөзді, қажетсіз нақтылықтарға толы. Ауру бiр фазаны, сөз айналымдарын («тұрақты айналымдар»), сөздерді жиi қолданады. Бiртiндеп оларда жады төмендейді, әсіресе қысқа уақытты оперативтi жады зардап шегедi, әңгімелесу кезiнде ой жинақылығы төмендейдi. Бiлiм қоры тапшылау. Ұмтылыс, ынта, талпыныстары және ойлары жеке өзiнiң «Мені» айналасымен шектеледi.

Эпилепсиямен науқастағы ақылкемдігіне баға беруде ауырғанға дейiнгi интеллект деңгейін, және де эпилепсияның міндетті түрде ақыл кемдігіне әкелмейтіндігін ескеру керек.

Эпилепсиямен зардап шеккен адамдардың жоғары интеллектуальды қабiлетiн сақтап қалғаны жөніндегі жайттар белгілі.

Эпилепсия ағымы созылмалы, үдемелі, дерт жиі балалық немесе жасөспiрiм кезде пайда болады, бiртiндеп пароксизмдер жиілейді және тұлғалық өзгерістер тереңдей түседі. Дегенмен дертті үрдістің кідіріп, тоқтайтын жағдайлары да (5-10%) бақыланады.