Деби лото» ойыны. Ойынға екі топ қатысады. Әр топ өзіне ат қойып, оны таныстырады.

1 кезең «Бой жазу». Топ капитаны лотодан номерді алады да, соның сұрағына жауап береді. Әрбір дұрыс жауапқа бір ұпайдан беріледі.

1 топқа:

1. Фольклор дегеніміз не?

2. Жазба әдебиеттің ерекшеліктері неде?

3. Тарихи өлең дегеніміз не?

4. Тарихи өлеңдер неліктен азаттық қозғалыстармен байланысты дейміз?

5. XVIII ғ. жоңғар шапқыншылығы кезінде туған өлеңдерді атаңыз.

2 топқа:

1. XIХ ғасырдағы Қоқан мен Хиуа экспансиясында туған өлеңдерді атаңыз.

2. Орыс отаршылдығына қарсы туған өлеңдерді атаңыз.

3. Тарихи өлеңдердің басқа жанрдан айырмашылығы.

4. Тарихи өлеңді қандай жанрға жатқызамыз?

5. Неліктен тарихи өлеңдерде лиризм мол кездеседі?

2 кезең«Үзінді» деп аталады. Бұл кезеңде топтарға үзінді жазылған парақ беріледі. Топ мүшелері үзінді кімдікі екенін және қай шығармадан алынғандығы жайлы айтуы керек.

3 кезең «Ойлан тап». Табиғат лирикасы жайлы өлеңнен үзінді оқылады. Өлең кімдікі екенін табу керек.

4 кезең «Талдау».«1916 жылғы көтеріліс шығармаларында фольклордың, авторлық ауызша әдебиеттің, жазба әдебиеттің, сондай-ақ публицистиканың сипаттары өзара түрлі жағдайда түйіседі» деген пікірді мысалдар келтіру арқылы дәлелдеңіз.

5 кезең «Блиц турнир». Екі топқа кезекпен сұрақ қойылады. Дұрыс жауапқа бір ұпайдан беріледі.

1 топқа:

1. М. Жармұхамедовтың тарихи өлеңдер жайлы айтқан сөздерін келтіріңіз.

2. Тарихи өлеңдердің жаңа жанрлық түрлерін атаңыз.

3. Дәстүршіл әдебиет поэтикасында қандай категориялар үстемдік етеді?

1. Дара шығармашылдықтың көркемдік жүйесінде қандай категория шешуші міндет атқарады.

2. Жоқтау үлгісіндегі арнауларға мысал келтіріңіз?

3. М. Жұмабаевтың ұлттық рухта жазылған шығармаларын атаңыз?

4. Б. Күлейұлының ұлттық рухта жазылған шығармаларын атаңыз.

2 топқа:

1. Жанр дегеніміз не?

2. Стилъ дегеніміз не?

3.Метаморфоза дегеніміз не?

4. Эзотериялық лирика дегеніміз не?

5. Риторикалық стиль дегеніміз не?

6. Индивидуалдық стиль дегеніміз не?

7. Мәдени архетиптер дегеніміз не?

 

ІІІ. Глоссариймен жұмыс.

Атауы Мағынасы
Мораль  
Манифест  
Реформация  
Субстанция  
Стихиялық  
Утилитаризм  
Эволюция  
Метаморфоза  
Публицистика  
Риторикалық стиль  

ІV. Тест тапсырмаларын орындау.

V. Магитранттардың білімін бағалау

 

 

Дәріс №1-2

Тақырыбы:Ұлт және ұлттық идея

Жоспары:

1.Ұлттық идея – қазақ мұраты

2. Ұлттық мінез

Тірек сөздер: ұлт, идея, ұлттық мінез, этнос.

 

Ұлттану қазақ даласына ежелден қоныстанған үрдіс екені ақиқат. Осыдан үш мың жыл бұрын өмір сүрген Герадоттан, кешегі Колбинге дейін әрқилы мақсатқа сай Қазақстанға сырттан келгендер арғы тегіміз сақтарды, салт-дәстүрімізді, рухани - мәдени ұстанымдарымызды, тарихымызды, яғни қазақтардың қайдан, қашан, қалай шыққанын, болмысын танып-білуге ұмтылғаны күмән туғызбаса керек.

ХХ ғасыр этностарды мидай араластырып жіберді. Отарлаудың зорлық-зомбылығынан жоғалып кеткен ұлттар аз емес. Бір ғана КСРО-ның өзінде 1926-1939 жылдар ішінде 194 ұлттан 100-ге жетпейтін ұлт қалған екен. Осылайша ұлттану өзекті мәселеге айналды. Қоғамдық санаға адамдардың ұлтқа жіктелетіні аса зор құндылық ретінде орнықты. Бүгінде ұлтқа берілген анықтама ондап, жүздеп саналады. Ұлт дегеніміз - өзінің қазақ (орыс,неміс, жапон...) екенін тарих тереңінен бастау алған төл санасымен ұғатын және басқалардан тілдік, рухани, геосаяси, т.б. өзгешелігімен аажыратылатын адамдардың үлкен қауымдастығы.

Идея – грек сөзі, образ, ұғым, түсінік мағыналарында қолданылады. Атқаратын міндетіне қарай идея алуан-алуан қырымен көзге түседі. Мәселен, бірде ол сырт дүниені бейнелейтін қоғамдық сананың пішіні болса, енді бірде адамның басты сенімі орнына жүреді. Шығарманың түпкі түйіні мағынасында да қолданылатыны бар. Ал ұлттық идея - ұлттың тілегі, ниеті, ойы. Ұлттық идеяны ұлт мұраты деп қабылдауға да болады.

а)Тарихы

Қандай ғана болмасын үрдісті зерттегенде тарих ғылымы үш сұраққа жауап іздейді:

1. Қашан пайда болды?

2. Қандай даму белестерінен өтті?

3. Бүгінгі жай-күйі нешік?

Ұлттық идея тарихы да бұл сұрақтардан тыс тұра алмайды. Хронологиялық тұрғыдан келер болсақ, Қазақстандағы ұлттық идеяның жасы – қазақ этносымен түйдей құрдас. Ендеше ұлттық идеямыздың бес ғасырдан астам тарихы бар екен. Оның өзі бірнеше дәуірден тұрады. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегін мемлекеттікті нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру, бірде тілін, бірде тісін көрсеткен Ресей, Қытай, Жоңғар,Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнату құрады. Асан қайғының:

Еділ менен Жайықтың

Бірін жазға жайласаң,

Бірін қыста қыстасаң,

Ал қолыңды маларсың

Алтын менен күміске!-

деген жыр жолдарында ұлттық мұраттың сол дәуірдің аңсағаны – территориялық тұтастық, саяси еркіндік, әлеуметтік кемелдік, табиғат пен адам арасындағы үйлесім бейнеленген. Елдің бірлігін, ішкі тыныштығын, ханның ынсапты болуын, халықтың берекелі байлығын жырлаумен ұлттық идеяны мемлекеттік саясат биігіне көтергендер қатарында Қазтуған, Шалкиіз, Жиембет, Доспамбет жыраулар тұр. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарында Отан қорғау ұлт мұратына айналды. Ақтамбердінің:

Жауға шаптым ту байлап,

Шепті бұздым айқайлап,

Дұшпаннан көрген қорлықтан

Жалынды жүрек қан қайнап,

Ел-жұртты қорғайлап,

Өлімге жүрміз бас байлап, -

дейтіні осыдан.

Жақсы менен жайсаңның басын өлімге байлаған XVIII ғасыр Абылай хан дүние салуымен қазақтың маңдайындағы бағын ұшырды. Ресейдің бодандығына кірген қазақ қоғамы әлеуметтік-саяси және территориялық тұтастығынан айырылды. «Бөліп ал да, билей бер» саясатынан туындаған әрбір саяси күш, әлеуметтік қауым өз биігіне, көздегеніне лайық ұлттық идеяны дүниеге әкелді. XVIII ғасырда Абылай мен Әбілхайырдың, ХІХ ғасырда Махамбет пен Баймағамбет сұлтанның, Кенесары мен Қоңырқұлжаның, ХХ ғасыр басында Сәкен мен Мағжанның, Әліби мен Әлиханның ұстанған ұлттық мұраты барша қазаққа ортақ еді деп, сірә, ешкім айта алмас. Иә, бұлар әрісі - туған халқына, берісі- соңынан ергендерге қызмет еткісі келді. Бірақ, уақыт өзі көрсеткендей, біреулері ат төбеліндей азшылықтың мұратын жалаулатса, екіншілері – барша қазақтың болмаса да қалың көпшіліктің мұратын дөп басып таба алғаны ақиқат. Орталықтанған мемлекеттің болмауымен қоса біртұтас ақпараттық кеңістіктің жоқтығы да жалпыұлттық идеяның өрісін тарылтты, жолын кесті. Сырым, Махамбет, Кенесарылар ұлттық идеяны қарулы күрестен тапса, Шоқан, Абай, Ыбырайлар ағартушылықтан, Әлихан, Ахмет, Міржақыптар Алаш автономиясынан, Шоқай тұтас Түркістанды құрудан, Әліби, Сәкендер таптық жіктелуден олжалады. Ең пәрмендісі әрі халыққа тиімдісі Алаш автономиясының ұлттық идеясы.

Кеңестік Қазақстандағы ұлттық идеяның тарихы мен тағдырын бір ауыз сөзбен шиырып айтар болсақ, ол – ұлтжанды тұлғалардың қасіреті мен қуғын-сүргініне ұшырағаны, кешегі әралуан ұлттық идеяны әу бастағы тартымды мән-мағынасынан жұрдай болған утопиялық социалистік идеяның алмастырғаны,ол - өз еліндегі, өз жеріндегі қазақтың күшпен таңылған саяси – идеологиялық тапшыл ұрандар мен адасулар әсерінен қазақтан жатсынуға бет түзегені. Кеңестік жылдардағы Қазақстанда қазақтың санасы мен жүрегін билеп алған ұлттық идея болған жоқ. Ұлтын сүйген социалистік эксперименттерден қара бұлттай төніп келе жатқан апаттың сұмдығын қапысыз ұғынған рухы биік ақын-жазушылар, ғалымдар, жекелеген тұлғалар туған халқының тілі, діні, мәдениеті, жері үшін отқа күйіп, суға түскенмен, қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйе ұлттық идеяны түзуге де, халыққа ұсынуға да жеткізбеді, көктей солдырды. 1920-30-жылдары Алаш зиялылары құрбандыққа шалынғаннан кейін ұлттық идеяны табу бағытындағы талпынысты «Жас тұлпар» қозғалысының дүниеге келгенінен, «Қазақ әдебиеті», «Зерде» газет-журналдарындағы ұлт тарихы, тілі, мәдени мұрасы жайлы жариялымдардан, Ш.Смаханұлының қазақ мектептерін ашуға жанталасынан, 1979 жылғы Целиноград, 1986 жылғы Алматы оқиғаларынан көреміз. Қисапсыз қасіретті басынан өткізген біздер тәуелсіздіктің табалдырығынан нысаналы даярлықсыз аттай салдық.

Б) Бүгінгі халі

А.Байтұрсынов: «Қазақ – жоқ іздеген халық», деген. Ахмет Байтұрсынов заманындағы қазақ баласы білімнен, ғылымнан, өнеркәсіптен ала алмаған еншісін іздеді. Әлі де жоқ іздеп жүрміз. Биік технологиялардан кенже қалыппыз. Әлемдік бәсекеге даяр емес екенбіз. Ауаның, судың, топырақтың бүлінбеген, былғанбаған, таза күйіндегі күндерін аңсаймыз. Ең ауыры – бүгінгі қазақ өзін-өзі іздеген, танып болмаған халық. Аты да, заты да бір қазақ қаншаға бөлініп кеткенін көзбен көріп, жүрекпен сезініп отырмыз. Ал енді соларды санап көрейік:

1. Бар болмыс – бітімімен нағыз қазақ қалпындағы қазақтар бар. Сақтардан жеткен мұра, байырғы түркілердің нақыл сөздері, Қорқыттың күйлері, Ақан, Біржан, Шәмшінің әндері бұларға асылдың сынығындай.

2. Кешегі өктем ұлт орыстардың сойылын соғып жүрген қазақтар. Мұндайларды Шерхан Мұртаза: «Ұлы империяның ұлы жемісі» деген еді.

3. Тілі, ділі орыстанып кеткенмен халқына бүйрегі бұратын қазақтар. Бұлардың бір бөлігіне ұлтжандылық сезім тән. Қазақша сыңар жол өлең жазбаса да О.Сүлейменовты кім орыс ақыны дей алады?

4. Жаһанданудың салмағына жаншылып, Америкаға, Батысқа шыбындап бас изейтін, өзінікіне мұрынын шүйіретін қазақтар.

5. Басқа діннің ықпалына түсіп, не ол емес, не бұл емес қазақтар.

6. Тарихи отанына сағынышпен жеткенде бауырларының өзін де, сөзін де түсінбей, айран-асыр болып тұрған оралмандар.

7. Жүзге, жерге бөліну сияқты дерттен айықпаған «ортағасырлық» қазақтар.

8. Жекешелендіру мен нарықтан қарық болған «жаңа қазақтар».

Осылардың бәрінің басын қосатын, бәрін өгіздей өрге сүйрейтін құдірет Ұлттық идея. Ойы онға, санасы санға бөлініп отырған қазаққа ортақ ұлттық идеяны таба қою оңай міндет емес.

Ұлттық идеяға қойылатын талаптар:

Біріншіденұлттық идея Ата Заңымызға қайшы келмеуі тиіс. Яғни нәсілдік, ұлттық, діни, жыныстық кемсіту немесе дәріптеуден алыс тұрғаны абзал.

Екіншіден, ұлттық идея Қазақстанның атын анықтап отырған қазақ халқының мұратын ұлықтаумен қоса, басқа диаспоралардың тарихи, дәстүрлі, этникалық ар-намысына тимей, қайта соған қуат беретін факторға айналуын қамтамасыз ететін болсын.

Үшіншіден, ұлттық идеяның хронологиялық бастапқы сәті белгілі болғанмен, бүгін де, ертең де шексіз жүзеге аса беретінін баса көрсеткені жөн.

Енді есін жия бастаған қазақтарға, Қазақстанға ұлттық идеяны ұстану бұлжымас заңдылық. Тап осы заңдылықты сақтамағандықтан да елде тілге, дінге, БАҚ-қа байланысты дау-дамайлардың басы қайтпай тұр.

Лт» ұғымы жайында қазақтар арасында тұңғыш рет толымды ғылыми түйін жасаған кісі – Ғаббас Тоғжанов (1900-1937). Ол өзінің «Ұлт деген не?» атты көлемді полемикалық мақаласында бұл категорияға: «...тілі бір, жері бір ғасырлар бойындағы тіршілік күресінен, тұрмыс салтынан, жиі қатынасынан туған мінез-жан сипаты бір жұрттардың қосылуы, бір жұрт болуы», - деп анықтама береді.

Сайран Әбушәріптің жазуынша: «Қазақтардың ұғымында ұлт – бұл табиғи, биологиялық сипатқа ие болған, этникалық ру-тайпалық құндылықтар негізінде пайда болатын этнос, суперэтнос (ру мен тайпалар бірлестігі), қауымдастық». Ұлтты даралауға тиісті қасиеттердің қатарында бұлардан басқа да бірқатар шарттар (ұлттық рух, ұлттық дін, ұлттық мемлекеттілік, капиталистік қарым-қатынастардың орнығуы, т.б.) ауызға алынып жүр.

«Халықтың құлқы, мінезі, ойы заманындағы әдебиетінен білінеді», - дейді Х.Досмұхамедұлы.

Сайып келгенде, «әр жаратындының бүкіл мәнді мәйегі – оның идеясы» екендігіне қол қойсақ, этностың тұрмыс-табиғатына қатысты құбылыстардың уызы – ұлттық идея болып табылады.

Жер жүзінде қанша ұлт ұшырасса, сонша түрлі «ұлттық идея» кеуде көтеретіні анық. «Өз елін сүю дегеннен адам өз халқынан басқа халықтарды мейлінше жек көрсін, басқа халықтарға қасқыр болып тисін деген сөз шықпайды».

Н.В.Гогольдің «Пушкин туралы бір-екі ауыз сөз» атты мақаласында: «...ұлттық сипат дегеніміз сарафанды суреттеуде емес, халық рухының өзегінде жатыр», - деп ой түюі, академик З.Қабдолловтың Абай туралы зерттеуінде: «Ұлт ақыны болу оның шығармаларындағы жекелеген ұлттық сипаттарда, бояуларда, өрнектерде ғана жатпайды. Ұлт ақыны болу сол ұлттың сөзі ғана емес, өзіне айналу. Бұл – керемет нәрсе», - деп толғануы сол себепті.

Этностардың тарихи санасы тұлғалана түскен сайын «халықтық рухтың» орнына «ұлттық рух» ұғымы жиірек қолданылады. Бұл мәселені бірқыдыру байыпты зерделеген этнопсихолог Г.Шпет (1879-1940) «ұлттық рухтың» халықтың сын-сипаттары мен идеясын бедерлейтін «образ» арқылы айғақталатынын айтады да, оның «ұлттық мінез» ұғымымен тепе-тең екендігін және қоршаған орта құбылыстарымен әртүрлі өзара әсерлесу барысында нақтыланатындығын ерекше ескертеді. Қазіргі оқымыстылардың да ұлттық рух пен ұлттық мінездің арасында баламалық белгісін қоюға қарсы еместігі байқалады. Тіпті ұлттық төлсананы (самосознание) да осылармен бір арбаға жеккенді мақұл санайды.

Олай болса, әдебиеттегі ұлттық мінез мәселесін барлау белгілі бір дәрежеде ұлттық рухтың және ұлттық төлсананың бейнелі түрде көрінетін тұрпаттары туралы да сөз сабақтау болып шығады. «Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды», - дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Және бұдан өзіміздің «қазақы иісіміздің» (Мағжан Жұмабаев) аңқымасына да амал жоқ.

Ендігі бір тиянақты жауабын таппаған жайт: ұлттық рух (ұлттық мінез) бен ұлттық идеяның қарым-қатынасы.

Идеялар жоғалған жерде дүние сиырдың бүйрегіндей шексіз бөлшектеніп кетеді. Бұл ретте байқайтынымыз: идеяның ұйыстырушылық қуаты. Ұлттық рух пен ұлттық идеяның арасындағы сабақтастық пен септестік те осы төңірекке орайласса керек.

Жалпы жаңа идеялардың санада мейлінше суарылып, сезімге молынан сіңісіп, содан соң жан-жүйкенің түкпіріне терең бойлап, түпкілікті бекуі баяу жүретіндігі белгілі. «Тек сол жүзеге асқан жағдайда ғана идеялар мінездің бөлшектеріне айналып, адамның қимыл-құлқына әсерін тигізеді. Мінез белгілі бір мөлшерде бейсаналық идеялардың (бессознательные идеи) қабаттануынан құралады», - деп жазады Г.Лебон «Идеялардың халықтар өміріндегі мән-маңызы» атты зерттеуінде. Әрине, қалыптасуы мен қатпарлануы қаншалықты жәй жүрсе, идеялардың жұмыр бастың жықпыл-жыраларынан шетке шығарылуы да – соншалықты мимырт процесс. Қалай айтсақ та, тарихи дамудың тәжірибесі кез келген идеяның өну, өрлеу және өшу кезеңдерінен тұратындығын терістемейді.

Сонымен, Ұлттық идея дегеніміз – этностың мезгілдік һәм мекендік факторлар арқылы айқындалатын тәжірибесі, танымы және талғамына байланысты бірте-бірте жаңғырып-жаңаланып отыратын, бірақ өзіндік ілкі белгілерін жуық арада жоғалта қоймайтын табиғи-тарихи әрі тылсымдық бітім-болмысының, сана-сезімінің, мінезі мен мәдениетінің, соған сәйкес туындайтын әлеуметтік мұрат-мүдделері мен қимыл-қозғалыстарының жалқылық та, жалпылық та мәнін жинақтаған ұйтқысы.

Лттық мінез

Ұлттық айырмашылықтарға тарихи тұрғыдан алғаш назар аударып, жаңаша қисын жасағандардың бірі – XVIII ғасырдың атақты ағартушысы И.Г.Гердер: «Адамдардың жарық жалғандағы тұрмыс-тіршілігінде көп мәселе мезгілге, мекенге және ұлттардың мінез айырымдарына тәуелді; өйткені ең негізгі нәрсе – халықтың мінезі», - деген еді.

XIX және XX ғасырлар тоғысының ойшылы Густав Лебонның пайымынша: «Халықтың мінезі және наным-сенімдері – оның тағдырын шешетін, міне осылар. Мінездің басты бөлшектері өзгермейді; дәл осы өзгермейтіндіктің арқасында белгілі бір халықтың тарихы әрқашан өзінің біршама бүтіндігін сақтайды. Ал наным-сенімдер өзгеруі ықтимал; нақ сол өзгеретіндіктің нәтижесінде тарих өз жылнамасына талай-талай төңкерістің болғанын жазып жатады».

Ұлттық ерекшеліктің ұйтқысы – ұлттық мінез дегеніміз не?

«Көптеген зерттеушілердің анықтауынша, ұлттық мінез дегеніміз - генотип пен мәдениеттің қосындысы. Генотип - әрқайсымызға атаның қаны, ананың сүтімен сіңетін табиғи таупық, ал мәдениет – бізді туғаннан бастап қарым-қатынасқа тартатын жаратынды, - деп бағамдайды мәдениеттанушы А.В.Лубский, - Сол себепті ұлттық мінездің құрамына адам баласы әлеуметтік өмірге араласу барысында өзі саналы түрде сезінбестен бойына сіңіретін мәдени архетиптермен қатар, индивидтердің ең жиі қайталанатын табиғи этнопсихологиялық ерекшеліктері де кіреді». «Ұлттық мінез – миф емес, болмыстық нақтылығы бар нәрсе» , - дейді әдебиетші Г.Ломидзе. «Ұлттық мінез-құлық - өмірде бар құбылыс», - деп қостайды бұл пікірді этнопсихолог С.Әбушәріп.

Ұлттық мінездің бір этносқа жататын жекелеген индивид мінездерінің механикалық қоспасы емес, олардың жік-жымы біліне бермейтін жанды, жүйкелі, жарасымды байланыстарының біртұтас жүйесі екендігін ескерсек, бұл құбылыстың жалқылық та, жалпылық та жақтары болатындығы байқалады. «Ұлттық мінез» бен «ұлттық рух» категорияларын қосақтай қарастыратын Г.Шпеттің айтқанындай, «ақсүйектік рухы», «белгілі бір заманның рухы», «қаһармандық рухы», «тоғышарлық рухы», тағысын-тағылар өздерінің бөлек-бөлек нақты бітімдерін сақтай отырып, сонымен қоса бүтіннің бағыныңқы бөлшектері де болып есептеледі. Ұлттың мінезі оның «қоршаған дүниеге, өзі араласатын болмыс оқиғаларына, объективті түрде қалыптасқан қарым-қатынастар мен рухани құрылымдарға реакциялардың жиынтығынан» белгі береді екен.

Осы ретте ұлтты тұтас тұлға, ал ұлттық мінезді – сол тұтас тұлғаның мінезі ретінде мәністейтін концепция да кездеседі. Төркіні романтизмде жатқан бұл тұжырымдаманың Фр.Ансильон «Ұлттық әдебиет ұғымын талдау» атты кітабында (1817): «Ұлт дегеніміз – жеке тұлға, өйткені ол органикалық бүтін болмысты құрайды және өзін басқа ұлттардан айрықшалайтын дербес сипаттарға ие», - деп, атап көрсетеді.

«Ұлттық мінездің әлеуметтік психологияның бір саласы болып зерттелуі, қарастырылуы бір басқа да, оның әдебиеттегі, өлең өнеріндегі өмірі, суреттелуі мен бейнеленуі, өлең туындысының қаны мен жанына айналуы өзінше бөлек дүние», - деп саралайды өлеңтанушы Б.Кәрібозұлы.

XX ғасырдың жиырмасыншы жылдары «Ұлт деген не?» атты мәнді мақала жазып, онда ұлттық мінез бірлігіне ерекше ден қойған Ғ.Тоғжанов: «Ұлт мінезі – ұлттық жан сипатының басқалығы» , - деген анықтама бере отырып, ол «ұлт әдебиетінде не, жалпы алғанда, ұлт мәдениетінде көрінуге мүмкін» екендігін және «бір қалыпта қалатын нәрсе еместігін» байыптаған болатын .

Белгілі ғалым Қ.Ергөбеков ұлттық мінездің «әрбір халықтың тарих бедерінде, түрлі өтпелі кезеңдерде қалыптасатын» қасиетті екендігін екшейді. Ұлттық мінезді поэзиялық шығармалардың жалпы пафосынан немесе рухынан, сондай-ақ ақындық «мен», лирикалық кейіпкер, лирикалық тұлға, лирикалық қаһарман бейнелерінің бітімінен анықтап-айғақтауға болады.

Академик З.Қабдоловтың: «Лирикада мінез болады. Ол – ақынның мінезі: өлеңім, өзіме тарт дегендей, әр өлең тек иесіне ғана тартады», - деген айқындамасы осы арада көмекке келсе керек. Өйткені ақын неғұрлым талантты, тұлғалы, тұтас болса, оның шығармашылығында өзі бел баласы саналатын ұлттың мінезі бірегей бүтіндікте танылады. «Ұлт ақыны» деген сөздердің дәреже-дәріп-даңқы соны сездіреді. «Абайдың қазағы» дегенде, біздің ойымызға отаршылдық ұйығына біржолата батқан елдің өңшең «ұстарасыз аузына түскен мұрты» - өңсіз өкілдері оралады; ал шынтуайтында бұл сол заманда болыстың іске жарамдысы (Абайдың өзі де болыс болған), байдың мырзасы бидің әділі, батырдың сойы, оқығанның елжандысы, кедейдің талаптысы, қарияның ақылдысы, т.с.с. тұқым-түбіртегімен жойылып кетті деген гәп емес. Өтпелі, өліара шақтарда жиі жолығатындай – олар не өздері өмірдің ағымынан адасып-аңырып қалды, не қатал құрсаулы отар қоғам мұндайларды тіршіліктен шығандатып-шетқақпайлаумен қажет қылмады. Сұңғыла Абай мұны білген жоқ деу – күпірлік; бірыңғай келешекке бет бұрған азаматтық арман-аңсарына, моральдық-идеялық мұрат-мақсатына сәйкес, Абай өзінің шығармаларында туған жұртындағы жаман мен жағымсызды реалистік ұлғайту тәсілімен жер-жебіріне жете масқаралады, мансұқтанды. Ақынға ұлттық мінездің тек келеңсізі мен көлеңкесін көрсеттің деп ренжудің жөні жоқ, себебі ол баласы Әбдірахман жайындағы жырларында заманынан озық тұрған болашақ қазақтың ілкібейнесін (прообраз) жасады. Бұл – бір. Екіншіден, Абай шығармашылығының контексіне тыңғылықты көз тастасақ, ондағы «жағымсыз» кейіпкердің фонында жарқырап көрінетін «жағымды» кейіпкердің болмысы бар екендігін анық аңғарамыз. Ол – Абайдың бәріне таразы, төреші ақындық «мені», халқының өзіне дейінгі бүкіл қадір-қасиетін бойына қорыта құйған ақынның тұлғасынан сомдалып-сұрыпталған ұлттық мінез. Бір сөзбен айтқанда, Абайлық ұлттық мінез.

«Ұлттың өткенін қайта жаңғырту, ұлттық мінезді іздеу және орнықтыру міндеті романтизмнің барлық ұлттық нұсқаларына тән», - деп жазады И.Тертерян. Мұның қазақ поэзиясындағы келісті, кемел үлгісі Мағжан романтизмінен көрінеді. Ж.Аймауытов ол туралы: «Қазақтың өткендегі өмірі мінсіз, кірсіз, идеальный өмір көрінеді, оған бұрынғы өткен қарттар да, байлар да, батырлар да, ақындар да, жақсылар да бұ заманда болмайтын жат адам болып көрінеді. Нағыз өмір, нағыз дәурен соларда болған, «адам» деп, «ер» деп ауыз толтырып айтуға солар жарайды. Бүгінгілер немене? Адамгершілік, ар-ұяты жоқ «қыбырлаған қоңыздар, қорсылдаған доңыздар»... сықылды көрінеді», - дейді. Демек, романтизмде халықтың өткендегі өмірін идеализациялау сарыны мен ұлттық мінездің үздік үлгілерін қайта қалпына келтіру талабы бір-бірімен ажырағысыз байланыста болады. Бастапқы белгілері зар заман әдебиеті мен ағартушылық ағымның ауқымында аз-аздап байқалған бұл тенденцияны романтикалық рухтағы ақындық индивидуализм одан әрі көркейтіп, күшейтті.

Ұлттық идея әр халықтың өзінің өсу деңгейінен, тарихи дамуының қажеттілігінен туындайтын мақсат-мұраттардың адам санасында бейнеленуі. Идеал ақиқаттың тікелей бейнеленуі емес. Ол бүгінгі реалдық шындық емес, болашақта дүниеге келетін ақиқат деген сөз. Идеология болса, сол алдағы жаңа шындықты өмірге әкелуге қызмет етеді.

Идеология қалың бұқараға, үстем топтың, партияның саясатын ең қажетті, жүйелі негізі бар деп сипаттап, теориялық жағынан негіздеп, қалың бұқараға жеткізуді мұрат тұтады.

Идея өмірдегі объективті қажеттілікті, құндылықты адам санасында бейнелейді. Адам санасындағы бұл бейнелеу үлкен күшке айналу үшін оны саясаттың өзегіне, мазмұнына айналдыру керек. Ал саясат идеология арқылы практикалық нақты іске ұласады.

Ұлттық идеяның ерекшелігі – ол ғасырларға жететін арман-мұратты емес, әрбір тарихи кезеңнің талабынан туатын, ел тағдырына тікелей әрі жедел әсер ететін, елді, халықты сыни тұйықтан, тығырықтан тезірек әрі көп шығынсыз алып шығатын әрекеттерге жұмылдыратын ой-пікірлердің жиынтығы.

Ұлттық идея дегеніміз - ұлттың, халықтың, адамдардың бақытты өмір сүруге септігін тигізетін мүдделерді жүзеге асыруға жұмылдыратын қозғаушы күш.

Идея - өмірдегі қажеттіліктің адам санасындағы бейнеленуі. Бұл идея мемлекет саясатының негізінде алынады. Идеология ол саясатты нақты іске айналдыруға қызмет етеді.

Идеяны күнделікті күйкі тірліктің қамынан тым алыстатып, асқақ, дерексіз құбылыс деп те түсінуге болмайды. Керісінше, идеяны нақты ақиқаттың ой-санада көрініс табуы деп қабылдау керек.

Ғасырдан ғасырға жететін ұлттық идея болмайды. Ол дамиды, өзгереді, ол ұзақ қозғалыссыз қалса, қасаң тартады, ел серпінсіз қалады. Қоғамды ат төбеліндей саяси элита ұшпаққа жеткізеді дегендей ой айтылып жүр.. Бұл түбірімен қате. Ат төбеліндей саяси элита халықтан оқ бойы озық тұрғанда, оның ойын бұқара халық түсінбесе, қолдамаса, елдің мерейі үстем болады деу дұрыс емес. Бүкіл халықтың оянуы керек, бүкіл ұлттың жаңаруы керек.

Ұлттық идея халыққа игілік, жақсылық әкелуге демеу болатын, оны жаңа іске жұмылдыратын, елдің алға ұмтылуына негіз болатын ой-пікірлердің жиынтығы болып табылады. Халыққа, қоғамға ең қажетті шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін идея – ұлттық идея күнделікті өмірде қажеттілігі айқын болған, ұлттың тағдырына ықпалы мол істерді жүзеге асыруға жетелейтін идея деп түсіну керек.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

1. Елеукенов Ш. «Әдебиет және ұлт тағдыры» . Алматы. Жазушы, 1997ж.

2. Қалмырзаев Ә. «Ұлттық идея» Астана, Елорда, 2007ж.

3. Шапай Т. «Шын жүрек-бір жүрек» Алматы, Жазушы, 2000ж.

4. Кәрібоз Б. «Беталыс» Алматы, Жазушы, 2005ж.

5. Шәріп А «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» Алматы, Рауан, 2000ж.

Дәріс № 3-4

Тақырыбы:Мифтік-поэтикалық ойлау жүйесіндегі «Қоныс -құт - құдірет» формуласы

Жоспар:

1.Белгілі бір қоныстың қасиеттілігі мен құдіреттілігіне күмәнсіз сену- утопиялық таным-түсініктің нышаны.

2.Жер-Анаға табыну турасындағы халықтық сана-салттың қалыптасуын және қағидалануын сатыларға бөліп қарастыру.

Тірек сөздер: миф, поэтика, Ергене қон, Жерұйық, утопия.

 

Көшпелі жұрттардың жан-жүрегіне бағзыдағы сақ, ғұн замандарынан бері қарай кірігіп кеткен сондай қасиетті, киелі ұғымдардың бастау-бұлағында тұратыны - жер.

«Олар жерді өздерінен бөле-жара қарамайды, керісінше, оны өздерінің тарихи, тәни және рухани өмірінің бір бөлігі әрі заңды жалғасы есебінде қабылдайды. Көшпелілер ұғымында жер жансыз табиғи құбылыс - жәй ғана аумақ емес, ол - жанды бейне. Жанды болғанда, қасиетті бейне - «Жер-Ана» келбетінде көрініс табады. Міне, осыдан келіп, жер мен көшпелілер арасындағы ара қатынас өзара тең әрі туысқан екі субьект арасындағы моральдық қатынас түрін қабылдайды. Көшпелілер өзін Жер-Ананың баласы, соның перзенті деп есептейді...», - деп жазады ғалым З.Кенжалиев.

Түркілердің генеологиялық әпсана-әңгімелерінде Оғыз қағанның ұрпағы - Ел ханның Қиан атты ұлы мен немере інісі Нүкізден тараған тайпаларға төрт жүз жыл құтты қоныс болған Ергене қоналқабы жөнінде «Ергене қон» атты эпикалық дастан бар. Бұлардың қай-қайсысында да халықтың бастапқы түп-тегіне үңілу талабымен бірге, шежіренің шертісі бойынша өздері өсіп-өнген делінетін өлкені әсірелеп-әспеттеу тенденциясы байқалады. Сайын-Алтай түркілерінің, сондай-ақ қазақтар мен қырғыздардың қаһармандық жырларында да бұл құбылыс анық аңғарылады.

Мысалы, фольклоршы Е.М.Мелетинский: «Сібір түркілерінің эпосында «ілкі дәуірлер» (яғни алғашқы адам жаратылды-мыс дейтін мифтік мезгіл) «алтын ғасыр» ретінде мейлінше мол мадақтайды. Қазақ эпосында Алтын Орда мемлекеті орнаған Еділ-Жайық бойына қатысты сондай сүйіспеншіліктің сипатталуын Ш.Уәлиханов: «Жәнібек билік құрғанда, туыстас қазақтар мен ноғайлар бірге көшіп-қонған, ол кез қазақ жырларында алтын ғасыр деп аталады», - деп куәландырады.

Әдетте бір жерде байыздамайтын көшпелі жұрттың есте жоқ ескі замандарда қоныс қылған аймағының орнын нақ көрсету мүмкін бола бермейді. Оның бейнесі мен атауы көбіне-көп ауызша тарихтың, халықтық шығармашылықтың және тілдік қордың қыртыс-қатпарларында ғана сақталып қалады да, күтпеген жерден жаңаша жаңғырады немесе басқа бір жағрафиялық, жамағаттық яки жадығаттық ұғымдарға жұтылып кетеді. Мәселен, біздің әңгіме бастауымызға әліп болған «Ергене қон» сөзінің сұлбасы «Есіктен ергенек кетсе, иттен иба кетеді» деген мақалдан, ру аты - «ергенектіден», Ресейдің Волгоград, Ростов облыстары мен Қалмақстанның біраз бөлігінде жайылып жатқан Ергени қыратының ныспысынан сөзсіз танылатын секілді.

Ең ежелгі өркениеттің өлкесі саналатын Шумер елінің мәдени мұраларында жиі ауызға алынушы жаннат жер - Дильмунның қайда қазық қаққандығын табу мақсатында жиырма жылға жуық археологиялық қазбамен айналысып, арнайы зерттеу жұмысын жазған дат ғалымы Дж. Биббидің өзі: «Өкінішке қарай, біз осы күнге шейін Дильмунның орналасқан жерін дәл көрсетіп бере алмаймыз»- деп опық жеген. Бір таңсығы, шумерлік «Дильмун» сөзінің аккадтық баламасы - «Нидук-ки» делініп, мұның бірінші бөлігі «қасиетті», екінші жартысы «жер» деген мағынаны білдіретін болып шықты. «Нидук-ки» тіркесі көне түркілік «Ыдуқ иер» («Қасиетті жер») тіркесімен семантикасы жөнінен ғана емес, дыбыстық тұлғасы жағынан да жақындасады. «Ыдуқ иер»-дің қазақ тіліне өңін өзгешелеңкіреп сіңген нұсқасы - Жерұйық(Жерүйек деп те айтылады).

Бір айқын нәрсе, шумерлердің Дильмуны, Томас Мордың Утопиясы тәрізді, Асан Қайғының Жерұйығы да - жер бетінде жоқ, қиялдан туған қоныс. Сол Жерұйықпен қоса-қабат қолданыла беретін Жиделібайсынға келсек, ол шынымен де бар аймақ және бүгінгі Өзбекстан Республикасының Сухандария уалаятында орналасқан деген пікір жолығысады. Жиделібайсынды қазіргі Жетісу өңірі деп дәлелдейтін кызғылықты болжам да кезігеді. Қалай болғанда да, қазақ арасында қайырлы да құтты қоныс туралы әпсана-әңгімелер әдетте Жерұйықпен немесе Жиделібайсынмен байланыстырыла өрбітілетіні белгілі. Ал байырғы түркілердің дәстүрлі дүниетанымындағы халықтың бірлігіне, берекесіне және бақытына ұйытқы болатын мұндай мекеннің аты - Өтүкен. Махмуд Қашқаридың жазуынша, ол - «татар даласындағы ұйғыр еліне жақын бір жер». Жүсіп Баласағұнидың «Құтадғу білік» шығармасында ұшырасатын «Өтүкен бегі» тіркесі тарихтың алыс жаңғырығындай естіледі. Тарихшы С.М.Ақынжановтың: «Рашид-ад-диннің Утиканы - зерттеушілердің басым көпшілігінің пікірі бойынша Орхон өзенінің бастауларында орналасқан Өтүкен таулары атының бір нұсқасы»,- деген сөздері де мағлұматымызды байыта түседі. Ал басқа ғалымдардың байламдары негізінен Л.П.Потаповтың мына тұжырымынан алысқа ұзамайды: «Өтүкен аймағына Селеңгінің бастауларынан Енисейдің бастауларына дейінгі аралықты қамтитын кең таулы-орманды аудан кіреді. Бұл алқапқа караған солтүстік-шығыс Тувадағы орманды тау жоталарының бірі осы уақытқа дейін әлгі жердің атауын сақтап қалған». Сөйтіп, «Өтүкен» атаулы жердің болғандығы көп күмән тудырмайды.

«Өтүкен» сөзі жай ғана жердің аты емес, үлкен рухани мән-мағына арқалап тұр. Орхон мен Селеңгі өзендерінің жүлгесінен табылған кіші «Күлтегін» жазуында: «Егер қазір баяғы кексіз түркі қағаны Өтүкен қойнауында отырса, (онда) елде мұң жоқ...»; «Өтүкен қойнауының нағыз иесі жоқ еді, бірақ ел тұратын жер осы Өтүкен қойнауы еді. (Дәл) осы жерде отырып, табғаш халқымен табыстым...»; «Ол жерге барсаң (табғаш, яғни қытай жерін айтып отыр), түркі халқы, өлімшісің. Өтүкен жерінде отырып, (қазынаға) керуен жіберсең, еш мұңың жоқ. Өтүкен қойнауында отырсаң, мәңгі елдігіңді сақтайсың сен. Онда түркі халқы тоқ...». Үлкен «Күлтегін» жазуында: «О, қасиетті Өтүкен қойнауының халқы, бостың. Біресе ілгері шаптың, біресе кері шаптың, барған жерде не пайда таптың? Қаның судай құйылды, сүйегің таудай үйілді, бек ұлдарың құл болды, пәк қыздарың күң болды».

Міне, екі жазуда да Білге қағанның атынан айтылған арнау сөздерден ұғатынымыз: біріншіден, Өтүкенге орнығып отырудың өзі-ақ биліктің, бірліктің және байлықтың баянды, ал көрші елмен саяси әрі сауда-саттық қарым-қатынастың берекелі болуына сөзсіз кепілдік беретіндігі (тәңірдің жарылқауы); екіншіден, Өтүкеннен көтеріле көшудің өзі-ақ халықтың босқыншылық пен бодандыққа, қырғын мен қасіретке ұшырауына сөзсіз апаратындығы (тәңірдің жазалауы).

Белгілі бір қоныстың қасиеттілігі мен құдіреттілігіне бұлайша күмәнсіз сену - утопиялық таным-түсініктің нышаны. Бір ғажабы, Өтүкенге жол бастаған Елтеріс кағанның кеңесшісі Тоныкөк берідегі - Жәнібек хан тұсындағы Жерұйық іздеген Асан қайғыны, Жиделібайсынға көшуді жақтайтын Абылай хан жанындағы Бұқар жырауды еске түсіреді. Зерттеушілердің басым бөлігі әлеуметтік утопиялардың негізінен қоғамның бүліншілік пен бағдарсыздыққа, тұғырсыздық пен тиянақсыздыққа толы өліара кезеңдерінде көп туындайтынын тұжырымдайды. Түркі тарихын таразылап көргенде де Өтүкен идеясының пайда болуына әсер етерлік жағдайлар аз емес (тақ таласынан өрбіген дағдарыстар, түркілердің табғаш елінің езгісінде қалуы т.б.). Сондай сәттерде халықтың құтты қоныс туралы арман-аңсарының оянуы - табиғи нәрсе. Ендеше, М.Дүйсеновтың: «Көне түркілер өздерін өздері билеп, бақытты ғұмыр кешкен дәуірін сол аңызды Өтүкен жерінде өтіп еді деп санаған. «Күлтегін» жазбасының авторы бұл жерде нақты бір топонимикалық атауды алып отырған жоқ, аңыздық атауды атап отыр»- дегені шындыққа жанасымды.

IX ғасырда жазылған манихейлік шығармалардың бірінде «Өтүкен елінің құты» деген тіркес кездеседі екен. Онда түркілердің ата-мекеніне телінген «құт» сөзінің семантикасы «бақыт», «береке» ұғымдарын ғана емес, сонымен бірге «ұрпақ таратушы күш» деген мағынаны да қамтыған. Алтайдағы түркі жұрағаттарының таным-түсініктерінде осы күнге дейін «рулық таулар» ұғымының өмір сүріп келе жатқандығы жайдан-жай болмаса керек. Әрбір сүйек (ру) өзінің тегі шыққан деп есептелетін тауға жалбарынып, оның рухына бағыштап құрбандықтар шалған. Бұл рәсімге көбіне арнайы түрде шамандар (бақсылар) шақырылған. Этнограф С.А.Токаревтің ойынша, тауларды осылайша туыстық-тектік жағынан меншіктеудің негізінде әрбір рудың жағрапиялық түп-төркінін меңзеу жатыр. Олай болса, ата-бабаларымыздың Өтүкен жеріне қарым-қатынасында мифтік сананың сүрлеуі сайрап жатқандығын аңғару қиын емес.

Бертін келе монғолдар мен буряттардың наным-сенімінде Өтүкен жаратушы құдіретке теңестірілген. «Әлемдік мифология сөздігінде» оған мынадай анықтама беріліпті: «Этуген - монғолдар мифологиясында құдай деп танылған жер; жанды кейіпте көрінбейтін жер құдайы». Ал «Оңтүстік Сібір түркілерінің дәстүрлі дүниетанымы: адам және қоғам» кітабында: «Буряттардың ежелгі Жер құдайы - «Этуген Ана», дұға мәтіндерінде жер бедерін әйелдің денесімен салыстыру арқылы сипатталады», - деген дерек бар. Бұған қоса, перзент тілеген бурят әйелдері «ана құрсағы» ретінде қабылданатын тау үңгіріне жалынып-жалбарынатын болған.

Лев Гумилев жоғарыдағы жайттарды мына мәліметтермен нақтылай түседі: «Құпия шежіре» бізге Тәңірі монғолдардың бір ғана құдайы болмағандығын толық айқындылықпен хабарлайды. Аспанмен бірге Жер-Этуген де еске алынады... Плано Карпиниге жүгінсек, монғолдар бұл тәңіріден қорыққан, сөйтіп оған тасаттық беріп отырған. Этуген үшін «оба» салынған (асуларға тастар үю) және де ерте кездері сол обалардың үстінде қанды құрбан шалу рәсімдері өткізілген». Этугеннің құрметіне тау-тасқа қымыз, сүт, тіпті шай төгіп, шығыс шығару дағдысы болғандығын да растайтын деректер кездеседі.

Еуропа саяхатшылары Плано Карпини мен Марко Полоның қолжазбаларында айтылатын Итога, Натигай құдайларының да Этугеннің (Өтүкеннің) дыбыстық өзгеріске ұшыраған нұсқалары екендігі дәлелденіп отыр. Ал енді осы сөз қазақ тілінде сақталған ба деген сұрақ туады.

Қоныс аударған шақта ежелгі ру-тайпалардың өздерімен бірге жер-су аттарын да ала кететіндігі мәлім нәрсе. Қазақстанның Жетісу аймағында «Өтеген» атты төбенің, сонымен қатар шағын өзеннің болуы осы ойға жетелейді. Күсеп, Сүйінбай, Тілеміс, Жамбыл жырлаған Өтеген батырдың Жерұйық іздеуінде де бір кілтипан бар екендігі даусыз. Содан сөз сабақтай отырып, зерттеушілер тарапынан байырғы Өтүкен мен бүгінгі Алматыны бір-біріне телу талабы да жоқ емес.

«Ергене қон», «Өтүкен» және «Жиделібайсын» сияқты нақты атауларға негізделген («Жерұйыққа» жалпыламалық тән екендігі түсінікті) Жер-Анаға табыну турасындағы халықтық сана-салттың қалыптасуын және қағидалануын төмендегідей сатылар бойынша сипаттауға болады. Белгілі бір этностың:

ü біріншіден, өздеріне әуелден бұйырмыс табиғи территория - ойкуменаны тіршілікке қолайлы және қажетті қоныс ретінде қабылдауы;

ü екіншіден, бара-бара өздері өсіп-өніп, күн кешірген аймақты күллі әлемнің кіндігі ретінде кепиеттеп, көне түркілердің аса қастерлі ұғымы - күпі дәрежесіне дейін дәріптеуі;

ü үшіншіден, табиғи-тарихи дамудың бір кезеңінде ата-бабаларының сүйегі жатқан қасиетті қонысты сиыну сезімі арқылы құдайға барабар құдірет кемелдігіне көтеруі.

Жоғарыда келтірілген жағдайларды жинақтай келе, көшпенділердің мифтік-поэтикалық танымындағы Жер-Анаға қарым-қатынастың шартты түрде «Қоныс - құт - құдірет»формуласына сәйкес қалыптасатындығын аңғарамыз.

«Әлбетте, уақыт өтісімен этникалық өздік сана біртіндеп діни және әпсаналық түсініктерден арылуға бет түзейді. Бірақ Жер-Ананың, Отанның қасиеттілігі, сыртқы қоршап тұрған табиғаттың Отанмен тығыз байланыстылық сезімі этностың өздігін танудың маңызды бөліктерінің бірі болып қала береді».

Қазақ поэзиясында бейнеленген ұлттық идеяның ұстанымдарының бірі - атамекен идеясының көрініс табуы осындай бітімде танылатын Жер-Ана архетипімен сабақтасып жатыр.

Н.Келімбетов: «Сөйтіп, «Ергене қон» дастанына өзек болған идея - халыққа құтты қоныс, «жер үйек», бақытты өмір іздеу сарыны араға сан ғасырлар салып барып, Асан қайғы жыр-толғауларында кайталанады», - дегенде осы заңдылықты меңзесе керек.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

1. Ақатай С. Жалайырлар. //Жұлдыз, 1998, № 9. - Б.166-176.

2. Райков А.В. Идея пассивного сопротивления в трудах деятелей национально-освободительного движения в начале XX века//

3. Общественно-политическая и философская мысль Индии. - М.: Политиздат, 1962 - 252 с

4. Традиционное мировоззрение тюрков Южной Сибири: Время и пространство. - Новосибирск: Наука. Сиб. отд., 1988. - 215 с.

5. Акатаев С. Мировоззренческий синкретизм казахов.-Алм, 1993.- 150 с.

 

Дәріс № 5-6

 

Тақырыбы:Жыраулық поэзияда қоныстық утопияның бейнеленуі

Жоспар:

1. Асан Қайғының Жерұйығы - ХV ғасырдан бергі мезгілдегі авторы айқын әлемдік утопиялардың тұла бойы тұңғышы.

2. Қазақ арасындағы қорғаныстық утопияның танымал жұрты - Жиделібайсын.

Тірек сөздер: қорғаныстық утопия, антиутопия,құтты қоныс, құтсыз қоныс, Эльдорадо, Пазаргада.

 

Утопиялық таным-түсініктердің, арман-аңсарлардың және жоба-жорамалдардың бастапқы бітім-болмысын барлаған зерттеушілердің қай-қайсысы да бұл құбылыстың туу төркінін қоғамдағы көненің кенжелеп, тыңның төбесі қылтия бастаған қарама-қайшылығы мол өліара, өтпелі кезеңдерге телиді. Кез келген әлеуметтік утопияның өрнек-өрімінде тіршілік пен тұрмыстың бүгінгі тұрқына қанағаттанбаушылық, соған сәйкес қиюы қашқан дәуір дидарына басқа бір балама бейнені қарсы қоюшылық жататындығын ескерсек, барша жұрт бірдей мойындаған осы айғақ-аксиоманы ортағасырлық ордалы ойшыл, жыраулық поэзия жампоздарының бірі - Асан Қайғының жерұйықнамасы да терістемейді.

Асан Қайғының Жерұйығы - ХV ғасырдан бергі мезгілдегі авторы айқын әлемдік утопиялардың тұла бойы тұңғышы. Басқасын былай қойғанда, жер жүзіне мәшһүр Томас Мордың «Утопия» шығармасының өзі 1516 жылы ғана жарық көрді. Христиандық утопияны уағыздап, жер үстіне жұмақ орнатпақ болған Томас Мюнцердің шаруалар көтерілісін ұйымдастырған уақыты одан да кейінірек - 1525 жыл еді. Тағы бір атақты утопияшыл Томаззо Кампанелланың «Күн қаласының» тасқа басылған тұсы тіпті кеш - 1602.

Бір аяныштысы, екі Томас, бір Томаззо - үшеуіне де бұл фәнидың бақ-берекесі баянды болмады. Ағылшын Mop мен неміс Мюнцерді жарық жалғанмен дар ағашы қоштастырса, италиялық Кампанелла 27 жыл бойына түрменің бүргесіне таланды. Ал Асан Қайғы айтарын айтып, жасарын жасап, армансыз өз ажалынан өлді. Міне, «есті», «еркін» дейтін Еуропа мен «дөрекі», «доғал» дейтін Дәшті Қыпшақ ойшылдарының кешкен күйі!

Белгілі бір қоғамдық құрылысқа қатысты қарастырғанда, утопияларды жіктеудің жүйесінде бірізділік жоқ (кеңістіктік, мезгілдік, діни-мифологиялық, саяси, т.с.с). Осыған орай біз де утопияға мемлекет һәм мемлекетаралық қатынас қарауылынан қарап, оны үш топқа бөлдік:

1. Құтты қоныс немесе қайырымды қоғам туралы утопия (Мысалы, Платонның «Мемлекет», Ямбулдың «Күн елі», әл-Фарабидың «Қайырымды қаланың тұрғындарының көзқарастары туралы», Бэконның «Жаңа Атлантида», Андреастың «Христианополис», Гаррингтонның «Океания республикасы», Герцкидың «Фрейландия» шығармалары, т.б. Жалпы, кеңістіктік және уақыттық, сондай-ақ «әділ әкім» туралы утопиялық тұжырымдамалардың мазмұндарында айырым болғанымен, мақсат-мұраттарының тоғысар тұсы біреу-ақ. Ол - кемел қоғам туралы қағида.

2. Жаугершілікпен, жиһангершілікпен ұштасқан отаршылдық утопия.

3. Елдік бүтіндікті сақтау не бас сауғалау сипатындағы қорғаныстық утопия.

Асан Қайғының утопиясы - түркі тұтастығының тегеурінін сезінуден кіндік үзіп кетпеген әрі оның жаңа бір бөлшегі - Қазақ хандығының мұратын межелуден туған екі ұдай - «қос қыртыс» (М.Әуезов) сананың сәулесі.

Асан Қайғының:

Еділ менен Жайықтың

Бірін жазға жайласаң,

Бірін қысқа қыстасаң,

Ал қолыңды маларсың

Алтын менен күміске! -

деуінде ата қонысты ат жалы, түйе қомында жүрген ұлыстың бірлік-берекесінің басты кепілі ретінде түйсіну жатыр. Себебі, қазақ арасында «Алтын Орда ірге жайған ел, басқаша емес, Еділ-Жайық деп аталады» (Ш.Уәлиханов).

Жыраулар туындыларынан қоғам туралы номадтық таным-түсініктердің қаймағы бұзылмаған қағидалары қылаң береді. Мысалы:

Жабағылы жас тайлақ

Жардай атан болған жер,

Жатып қалған бір тоқты

Жайылып мың қой болған жер.

Жарлысы мен байы тең,

Жабысы мен тайы тең,

Жары менен сайы тең...

Қазтуған

Бұл секілді өлең-өрнектер көбіне жыраулардың кіндік кескен жерінен ұзап шыққан заманында дүниеге келетіндігі немесе өткен шақ туралы толғанғанда ойға оралатындығы (Асан Қайғыда - «...Н