Кердері Әбубәкір 2 страница

Барлығы - Қазақстаным!

С.Жиенбаев

Сен мен үшін - сыр да емес, қыр да емессің...

Сен мен үшін - бір өлке, бір Даласың!-

Ж.Әбдірашев

деген ыңғайдағы декларациялық шумақгар жиі жолығысады.

Қорытып қарасақ, ақындарымыз бүкілқазақстандық бірлік пен бүтіндік, тұастық пен татулық идеясын алуан әдіспен айшықтапты. Елдің жағрафиялық шет-шегін - күнгейі мен теріскейін, батысы мен шығысын тұспалдайтын поэтикалық сөз-символдар да қалыптасты. Мысалы, Ілияс өзінің «Дала» поэмасында Қазақстанның төрт тарабын Алатау, Атырау, Сыр, Ертіс образдары арқылы бейнелесе, Мұқағали сәл-пәл өзгешелеп - Алатау, Алтай, Арқа, Атырау ұғымдары арқылы жинақтайды. Бұрын байыптағанымыздай, осылай ойлау машығы да дәстүрлі поэзиямыздың арнасынан алшақ жатпағандығы айқын.

Сөйтіп, қазақ жырында атамекен тақырыбының сәулеленіп-суреттелуінің талай уақыттық тәжірибесі ұлттық идеяның «көркемдік кардиограммасындағы» жанды желілерді, өзекті өрімдерді тап басып танытатындығы талассыз.

Дәріс № 13-14

Тақырыбы: Батырлықты жырлау дәстүрі және оның тарихи- поэтикалық трансформациясы

Жоспар:

1. Хандық дәуірдегі батырлықты жырлау дәстүрі.

2. Махамбет поэзиясыдағы дәстүр жалғастығы.

3. 1960-80 жылдардағы поэзиядағы көк бөрі образы.

Тірек сөздер:идеализациялау, көк бөрі бейнесі, эпифора, тотем, контекст.

 

Сонау сақ, ғұн, түркі-монғол замандарынан бері қарай жортармандық, жаугершілік даңқы жер жарып, тарих тақтасына Атилла, Елтеріс қаған, Шыңғысхан, Бату, Әмір Темір, Бабыр, Бейбарыс секілді атақты қолбасылардың есімдерін алтын әріппен жазған Орталық Азия көшпелілерінің сөз өнері де өжет, өршіл, өктем сарындармен суарылып отырғандығы таңданыс тудырмайды. «Өйткені жауынгершілік психология үстем болған ол дәуірдегі көшпелі елде соғыс өмір сүрудің бір қажетті құралы ретінде болды да, ал бұл соғыстарды жырлау, мадақтау салтқа айналды». ҮІ-ҮІІІ ғасырлардағы ұлы жортуылдардың рухы «Күлтегін», «Тоныкөк» тас кітаптарында таңбаланса, ІХ-ХІ ғасырлардағы бабаларымыздың айбыны мен айдыны М.Қашғаридың «Сөздігі» арқылы жеткен «Мен жеңбесем, кім жеңер?», «Мыңлақ елін алғанбыз», «Таңғутқа жорық», «Үдіре қуып», «Жауға шап», «Соғыс» тәрізді жорық жырларында бедерленген. Одан беріде хатқа түскен оғыз-қыпшақ тайпаларының шығармалары, Сайын-Алтай халықтарының архаикалық-қаһармандық эпостары және өз жұртымыздың қасиетті қазыналарының бірі - батырлық жырлары да бастауын әріге бойлатқан найзагер салт-сананын сілем-сорабын танытады. Қаһармандық турасындағы дағдылы дүниетаныммен тонның ішкі бауындай жалғасып жатқан және ұдайы жорыққа қамдану немесе жаудан қорғану жағдайында жасалған ХҮ-ХҮІП ғасырлардағы дара шығармашылық үлгілерінің «негізгі лейтмотиві - ел қорғау, батырлықты ең жоғары мұрат ретінде суреттеу болды». Қазақ хандығының мүдде-мәртебесі мен шет-шебіне өздері де қаруымен қалқан, тілімен тосқауыл бола білген жорықшы жыраулардың азаматтық толғаулары елдік пен ерлікті
дәріптеді. Жоңғар шапқыншылығы кезінде талай-талай сүркіл, сергелдең жорыққа қатысқан Ақтамберді Сарыұлы жырау «Салпаң да салпаң жортармын» атты толғауында өзінің батырлық тұлғасын эпикалық «мен» арқылы бедерлеу үшін қиыннан қиысқан метафоралық қолданыстарға барады. Жыраудың өзін «торлаусыз өскен құланға», «байраққа біткен құраққа», «жапанға біткен терекке» балауы күн-түн қатқан мігірсіз жортуылға көндіккен («мезгілсіз жусап өрермін»), елдің туы жығылуына ерік бермейтін («саусағым жерге түсірмен»), қиын-қыстау жағдайда сабырлы, сүйекті қалпынан айнымайтын, тепе-теңдігінен ауытқымайтын («еңсемнен жел соқса да, теңселмен») жан екендігін ишаралау үшін керек болса:

Қарағайға қарсы біткен бұтақпын,

Балталасаң да айрылман,

Сыртым - құрыш, жүзім - болат,

Тасқа да салсаң майрылман! -

деген түйінді тармақтарда күрделі метафораның көмегімен батырдың мықтылығын екі еселей көрсетеді.

ХҮІ ғасырдың сөз жампозы Доспамбет «Қоғалы көлдер, қом сулар» деген атпен белгілі толғауында «арыстандай екі бұтын алшайтып, арғымақ мінген», «кілең бұздай кілшейтіп, көбелер киген», «жұпарын қардай боратып, арулар кұшқан», «торы төбел ат мініп, той тойлаған», «кұрама шапшақ көп қымыз құйып ішкен» ер-азаматтың өмірде опық жеместігін өлең жолының аяғында «өкінбес» сөзін қайталау (эпифора) тәсілі арқылы үстемелей, үдете айтып келеді де, жырын батырлық мұратқа орайлас тармақтармен тұжырымдайды:

Екі арыстан жау шапса,

Оқ қылқандай шаншылса,

Қан жусандай егілсе,

Аққан судай төгілсе,

Бетегелі Сарыарқаның бойында

Соғысып өлген өкінбес!

Жас уағында «күлдір-күлдір кісінеген күреңді мініп», «күдеріден бау таққан кіреуке киіп», «жанына алған жалаулы найзасымен жау қашырып» жүрген Ақтамберді жырау тоқсанға келіп, төсек тартып жатқанда жалғыз нәрсеге ғана қамығып-қайғырыпты. Онысы тағы да сол

- Бар арманым, айтайын,

Батырларша жорықта

Өлмедім оқтан, қайтейін!.. –

деген таныс сарын. Жауынгер-жыраулар көптің мұң-мүддесін көксеумен қатар, керек кезінде оған арқа да сүйеді. Ел билеушілердін қате қимылдарын, әділетсіз әрекеттерін, менмен мінездерін батыл түрде бетке басып, ақыл айтулары (Шалкиіз, Жиембет, Бұқар) - қара бастарының қуат-қабілеттерімен қоса, артында қаумалаған қалың жұртқа сенгендіктерінің нәтижесі. Сөйтіп, жыраулық поэзия өкілдері жалғыздықтан гөрі, жамағатшылдықты үстем койды. Мұнан бірігу идеясы билеген мемлекеттік сананың сүрлеуі де сезіледі.

Тағы бір қызығы, осыған керісінше, бұғау мен бодандыкқа киліккен XIX ғасыр ақындарының шығармаларында жауға жалғыз шабатын батырды идеализациялау жиі жолығысады. Мысалы, Нұрым Шыршығұлұлы «Ұсынсам қолым жетер ме» атты өлеңінде «ақ сүңгісін өңгеріп, жауға жалғыз жөнелген» ерлерді аңсайтындығын айтады. Сүйінбай Аронұлының «Сұраншы батыр» толғауында қазақ қаһарманы жалғыз өзі қоқандықтардың бес мың қолын тас-талқан етеді; бірақ батырлық жырдан айырмасы - ақырында ажал құшады. Мүндай суреттеудің себеп-сырын ашып алғанымыз абзал.

Ол, біріншіден, ақынның арсеналындағы көркемдік кеніштің сипатына, содан соң оны қалайша сұрыптап-сүргілеп қолданатындығына байланысты. Аталмыш сөз саңлақтары кеуделерінде қаттаулы эпикалық мол мұраның үрдісті үлгілеріне жүгінгендіктен, баһадүрлікті бейнелеудің дәстүрлі, дағдылы сорабын сақтаған. Екіншіден, тарихи ситуацияға сәйкес жалпы халықты жайлаған, соның ықпалымен суреткердің ойын серпілткен әлеуметтік идея аз міндет атқармайды. Жаңағы ақындардың тұсында соғыс отарының салдарынан қазақтың байырғы батырлық институтының керегесі біржола қиратылып, келмеске кеткендіктен, соның сұлбасын аңсау сарыны туды. Жат жұрттың табанында тапталып отырған елдің бостандықшыл, басасау ақыны өткендегі ірілікті өнеге етіп жырлап, жұрттың жігерін қайрайды; бағзыны бүгінге қарама-қарсы қойғанда көркемдік көтермеге жол береді. Сүйінбайдың Қоқан езгісіне наразылықтан туған «Қарасай батыр», «Өтеген батыр», «Ту алып, жауға шықсаң сен», «Жабай батыр», «Қараша - Қараш ұлы екен», «Әділдік орнаса», «Азаттық құсы ұстатпай», т.б. толғаулары сондай сарындағы азатшыл поэзияның бір ақынның шығармашылығында концепциялық бүтіндік байқатқан кемел, көсем туындылары болып табылады. Әлбетте, бұл бағыттағы мотивтер XIX ғасыр ақындарының басқаларында да кездеседі /мысалы, Дулаттың «Еспембет» жыры, Нұрымның «Шенен ер» толғауы, т.б./, бірақ тап Сүйінбайдағы секілді жан-жақты жырланып, ел егемендігін қозғаған тақырыптың тұтас та тұрақты желісіне айналмаған.

Ресейдің басқыншылық саясатына қарулы қарсылық көрсеткен кезеңдер поэзиясының тарихында орны оқшау тұратын тұлға - Махамбет Өтемісұлы.

Жыраулық поэзиядағы майдан даласында шаһид кешу, батырлықты дәріптеу, қиямет-қайымда бұқарамен бірге болу сарындары оның «Ереуіл атқа ер салмай», «Орай да борай қар жауса», «Алайма, сұлтан, алайма», «Желп-желп еткен ала ту», «Еменнің түбі сары бал», «Айналайын, Ақ Жайық», т.б. өлендерінде жаңаша контексте көрінеді. Махамбет шығармашылығын жыраулық поэзиямен идеялық тұрғыдан бірлестіретін және оны байытатын бірқыдыру белгілер осылар.

М.Өтемісұлының жаратылысында айдынды ақындық пен байтақшыл батырлық жарасты, тең терезелі бітім тапқан. Содан барып оның өмірі мен өнеріндегі тағы бір өзгешелік туындайды: ол - ұлт тіршілігіндегі ұранды оқиғалардың әрі жыршысы, әрі кейіпкері ретінде өзі басталғанынан басылғанына дейін бел ортасында жанын жалдап жүріп қатынасқан тарихи көтерілістің рухани-психологиялык хронологиясын қызуы қайтпаған қалпында, қолма-қол жыр жүйесіне түсіруі. Оның толғауларынан бейтарап бақылаушының статикалық бедерлеуі, салқынқанды бағамы сезілмейді. Қорыта қарағанда, «Бөлтіріктер» - сыртқары өктемдіктің себебімен тарихи түп-төркінінен адасу арқылы жақсы мен жаманды ажырата алмай, ауызбіршілік мұратынан айырылған, ол - ол ма, сөйтіп жақынынан жау іздеп жұтаған халықтың трагедиясын тұспалдайтын символикалық астар арқалаған өлең.

Бұдан басқа, ақындардың көбі көк бөрі бейнесіне бабалардың жолдарында өмірдің өзіндегідей тұтасқан, тоқтаусыз қимыл жүріп жатады: сырттайғысы- ат тұяғының дүбірі, аруақтаған айғай, ұшқан жебенің суылы, сүйкеніскен қарудың шыңылы, атылған мылтықтың даусы, зеңбірек добының жарқылы, жаралы майданның күңіренісі, ақ қар, көк мұздағы жанталас, іштегісі - бұғауға бағынбас тарпаңдык, кеудені қайнатқан кек, омырауды өртеген өксік, көзге тығылған жас, бойды кернеген намыс, жұдырық түйгізген ашу, бармақ шайнатқан өкініш, көкіректі сетінеткен шер-сағыныш, үзіліп бара жатқан ақтық дем... Және ең бастысы, осынын көбі - ақынның көзбен көріп, кұлақпен естіп, жүрекпен сезіп, мимен ойлап, қолмен істеп тұрған сәтіндегі ізі суымаған суреттер, дәлме-дәл сол мезетті бейнелемегеннің өзінде де сонылығын сақтаған, жан жылуын жоғалтпаған көріністер.

Махамбет поэзиясында, әсіресе оның көтеріліс жеңілгеннен кейінгі кезеңдегі өлеңдерінде зар заман әдебиетімен кейбір үндес, үйлес сарындар ұшырасады. Мысалы:

«Бұл қонысқа қондырған

Ата-бабам оңбасын

Танда сират басында»;

«...Балдырғаны білектей,

Баттауығы жүректей,

Ондай қоныс маған жоқ,

Құдай қылды - амал жоқ», -

деген жолдарды Мұрат Мөңкеұлындағы қоныстан жеріну мотивімен салыстырып көріңіз. Бірақ бұл ақын жырларындағы жетекші көңіл-күй емес.

Махамбеттің поэзиясы - шідер мен шынжырға көнбей кеткен жігерлі жеке күрескерліктің, сонымен қатар жалпы бұқаралық сипаттағы азаттық арпалысының рухты поэзиясы.

Қазақтың тарихи танымының ұзақ ұйқыдан соңғы тағы бір тыңайған тұсы - 60-80 жылдардын азаматтық поэзиясында да көк бөрі образы шығармалардың көркемдік кестесінен бастапқы бітімі мен мән-мазмұнына сай тиесілі орнын ойып алды.

Айталық, орыс тілінде жазатын көрнекті қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтің 1961 жылы дүниеге келген «Бөлтіріктер» атты өлеңінде қасқырдың түркіге ортақ тектік-тотемдік тұлғасы жаңаша контексте жаңғыртылады. Өлеңнің фоны - жапан дүз, жазық дала. Соның жонында жаяу-жалпы жортқан беймәлім бір жан жолындағы қалың жыныстың арасында жусанды жастана жан тапсырып жатқан қаншық қасқырдың үстінен шығады. Аналарының қазасының қайдан, қалай келгендігінен хабарсыз аш, аңқау бөлтіріктер өздеріне өмір сыйлаған өліктің жарасын қыңсылай жалап, жансыз емшегін жұлқылай сорғанда, олардың тұла бойларына құшырлана ішкен суық қанмен араласқан әлдебір кек сезімі де таралып барады. Алайда ол кек - кімге бағышталатын кек, бұл жағы белгісіз. Әйтеуір ертең кезіккеннің бәрін дұшпан көретін бейсана бөлтіріктердің басы бірікпей, жеке-жеке жортып, қарайғанға аузын қандап жүрері анық, тіпті жолыққан жерде бірін-бірі жұлмаламақ. Қысқасы, оларды күтіп тұрғаны - тұманды, таласты, таупықсыз тірлік. Бұл идея авторлық па, әлде жаңағы жайды көзімен көрген - ақырында қасқыр аулаушы болып шыққан, бірақ жетім бөлтіріктерді сол күйінше тастап кете барған аңшы кейіпкерге телімді ме, ол жағына бас ауыртудың да қажеті аз. Өйткені өлеңнің сюжетінің өзі обьективті ой тудыруға орайлас. Батыстың атақты психологы Карл Густав Юнгтің айтуынша, әуелгі тек-тамырынан алжасқан жұрт «жүйкеқұрт жаңылшақтық» («невротическая диспозиция») дертіне шалдығады, белгілі бір функционалдық мақсатта өзгеріп-өнделуі, жаңарып-жбатырлығын жырлап, соларды бүгінгі ұрпаққа өнеге-өрнек ету үшін немесе қазіргі қоғамның шындығын атамзаманғы адамдардың аузымен айтқызу мақсатында табан тірейтіндігі байқалады.

Мысалы, Ф.Оңғарсынованың «Сиыну» атты өлеңінде зынданда отырған қарақшы «далада кендік болғанмен, қорқау көңілдер тар мұнда» деп, қоғамдағы жасандылық пен жағымпаздыққа, әлеуметтік әділетсіздікке күйінеді. Сөз жоқ, бұл жерде автор дәстүрлі «қорқау қасқыр» деген тіркесті қорқау көңіл деп жаңалап, мұның көмегімен пейілі тар, парасаты кем жандарды алмастыра айтып отыр. Оған кешегі күні жортуылменен далада дабыл кақтырып жүрген қарақшының монологындағы: «Итшілеп өмір сүргенше, көкжал боп өлгенім мың артық!», - деген сөздер қарама-қарсы қойылады да, өлеңнің негізгі идеясы мағыналык шендестірулер («қорқау - көкжал», «ит - көкжал» жұптары) арқылы ашылады.

Е.Раушанов та «Біздің шалдардың өлеңі» атты жырында көненің көзі - ескінің ерін сөйлету тәсіліне сүйеніп, оның аузына:

«Жалаң да тоқым, жалғыз ер,

Жалпының қамын қамдадық.

Төсімді сипап таңғы жел,

Бөрі боп қырды шарладық», -

деген сөздерді салады. Автор әдеттегі бейнелеу әдісі ретінде әдеби стилизацияға әдемі жүгінген. Ал Ш.Әбдікәрімов «Қонған жер» атты бас-аяғы екі шумақтан тұратын шып-шымыр өлеңінде найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен жарым жалғанды бағындырған бабаларының рухын романтикалык әуезбен әсірелей отырып: «Барып-барып Балқантаудан астың ба? Өліп-талып көк бөріден қаштың ба?», - деген риторикалық сауалдардың жәрдемімен қасқырдың ұлттық ұғымдағы жолбасшылық маңызын мегзейді.

Сонымен, бірнеше ғасырлар бойғы қилы-қилы тар жол, тайғақ кешулерге қарамастан, қазақ халқының сана-сезімінде көк бөрі туралы ежелгі таным-түсініктердің сол күйінше сақталып, ұрпақтан ұрпаққа ұласуында өлең өнерінің атқарған қызметі айырықша деп ойлаймыз. Өз кезегінде бұл бағзы бейненің поэзиялық туындылардың көркемдік жүйе етілуі де мәнді мәселе саналады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. - Алматы: Ана тілі,

2. Словарь всемирной мифологии. - Нижний Новгород: «Три богатыря», 1997. - 496 с.

3. Ақберен. ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларының

жырлары (Құрастырған Қ.Сыдиықов). - Алматы: Жазушы,1992. - 224 б.

4. Сүйінбай. Таңдамалы шығармалары. - Алматы: Білім, 1996. -152 6.

 

 

Дәріс № 15-16

Тақырыбы: Қазақ өлеңіндегі фатализм және эсхатологизм

Жоспар:

1. Фатализм және эсхатологизм түсінігі

2. Қазақ поэзиясындағы фатализм мен эсхатологизм

Тірек сөздер: фатализм, эсхатологизм, болжал өлендер, суфизм.

 

Адам өмірінің алдағысын, сондай-ақ болашақ дәуірдің бет-бейнесін күні бұрын көземелдеу - кез келген халықтың қоғамдық қиялы мен көркемдік ой кестесінде өзінше өрім-өрнек табатын қызықты да қатпарлы құбылыс.

Болашақты болжап-барлаумен айналысатын әрбір тұлғаның ырыми функциясының мақсат-мүддесі, мән-мазмұны, айла-амалы, қысқасы, ниеті мен нәтижесінің сипаттары тоғысуы да, тоғыспауы да ықтимал. Мысалы, емшілікпен қатар, болжағыштықпен де шұғылданушы бақсылардың болмыс-бітімі кезең-кезеңге қарай түрліше танылады. Е.Тұрсыновтың жазуы бойынша, әскери демократия кезінде «бақсылар болашақты болжаушы, жау жағынан төнген кауіпті алдын-ала біліп, сол қауіптен құтылу амалдарын айтатын нұсқаушы, кеңесші міндетін атқарған». Ал Б.Абылқасымовтың пікіріне сүйенсек, бертіндегі казақ бақсылары «жалпылама сәуегейлік жасамайды, нақты адамдардың тағдыр-талайына, денсаулығына, ісіне қатысты болжамдар жасайды». Бұдан байыпталатыны, болашақты болжау жеке адамның тіршілігіне де, жалпы қауымның тұрмысына да қатысты айтылуы мүмкін екен.

Хандықтың саясатын айқындап, халықтың сөзін айтатын, сөйтіп өз өресіне сәйкес жөн-жоба сілтейтін жырауларға тән ерекшеліктердің бірі де - болжағыштық.

Болжал өлендердің халық тағдырының таусыншақ әрі тығырықты, кысылтаяң әрі қатерлі тұстарында туатындығына байыздасақ, онда Асан Қайғы шығармашылығын Алтын Орданың жеті мұрагерінің бірі - Қазақ хандығының қалыптасуы барысындағы әлі де тиянақсыз, түсініксіз, тұрлаусыз шағының шер-шежіресі деген дұрыс.

Жырау өзінің «Ай, хан, мен айтпасам білмейсің...» атты толғауында Жәнібек ханның қарадан қатын алу, құладынға қу ілдіру, құла салдыру секілді әрекеттерін жаман ырымға жориды. Өйткені түркілердің дәстурлі дүниетанымына орай – мемлекет өміріндегі «кез келген саяси, әлеуметтік және діни өзгеріс, қай саладағы болмасын байырғы салт-санадан ауытқушылық азғындыққа жатқызылады». Сол себепті де болар оқиғаның бағдары жанды жаралайтындай:

Бұл арадан көшпесең,

Айтқаныма түспесең.

Орыс алар қалаңды,

Шулатар қатын, балаңды.

Осыны көрдім түсімде,

Біл десе де білмейсің:

Ай, Жәнібек, ойласаң,

Қилы-қилы заман болмай ма,

Суда жүрген ақ шортан,

Қарағай басын шалмай ма,

Мұны неге білмейсің?!

Халықтың ежелгі таным-түсінігі бойынша, «түстегі жақсылық жаманшылыққа, жаманшылық жақсылыққа еш уақытта айналмайды». Және, бір қызығы, «оның көпшілігі шындыққа сәйкес келеді» деген наным бар. Ендеше, Асан Қайғының болжалы дәстүрлі дүниетанымның арнасында айтылып отыр және өңде, яки өмірде өзгеріссіз жүзеге асуға тиіс деп есептеледі.

Осы тәрізді заңдылық Бұқар жыраудың Асан Қайғыға телінетін:
«Қилы-қилы заман болар, Қарағай басын шортан шалар» - деген
тұспал сөзді шешуінде де сақталған. Айырмасы, бұл жерде түс
баяндалмайды, оның орнына жұмбақтың астары ашылады.

Бірақ мұның да міндетті түрде орындалатындығы алдын-ала ишараланады.

«Сонда Бұқарекең қырын қарап тұрып, атының басын бұрып, қамшысын ерінің үстіне арта салып, көзіне жас алып:

- Әй, хан-ай!

Бұл сөзді сен сұрамасаң керек еді,

Мен айтпасам керек еді!

Ханға жауап айтпасам,

Ханның көңілі қайтады.

Қандыра жауап сөйлесем,

Халқым не деп айтады.

Қайғылы мұндай хабарды

Сұрамасаңдар не етеді?!

Бұл айтқан сөз, Абылай,

Болмай қалмас артыңнан,

Естісең, міне, қартыңнан, -

деп сөзін тауысқанда Абылай хан «Уһ!» деп, сұрағанына пұшайман болған екен»- деген үзіндіде екі аяқты пенденің тағдырына қатысты емес, бүтін бір халықтың көрер құқайы, кешер қайғысына байланысты туындаған фатализм бой көрсетіп тұр.

Фатализм (лат. fatalis - жазмыштық, fatum - тағдыр, талан) - кез келген дүниелік нәрсе ешқандай кездейсоқтық пен жеке ерікті талғау-талдауға арқа сүйей алмайды, тек қана әлдебір тылсым күштердің тарапынан жасалған күні бұрынғы кесімді бұйрыққа бағынады дегенді ұстанатын дүниетаным. Ол үш топқа сараланады:

Біріншісі - мифологиялық фатализм. Бұл бойынша, бүкіл өлемге әмірін жүргізуші болып саналатын - тағдыр. Асан Қайғы мен Бұқар жырау шығармаларындағы жоғарыда айтылған жайттардың түйіні осындай көзқарастың төңірегінен табылады;

Екіншісі - теологиялық фатализм. Мұнда тіршілік тұтқасы тек Құдайдың құзырына қарайтындығы тұжырымдалады. Мысалы, исламдағы «тағдыр тақтасы» - лаух-ул-махфуз алдын-ала маңдайға жазулы, пешенеге бұйырмыс, қашса құтқармайтын несие-нәпаканы, сор-селебені айқындайды. «Дін бояуы» (М.Әуезов) араласқан әдебиетке тән;

Үшіншісі - рационалистік фатализм (Демокрит, Гоббс, Спиноза, Лаплас, т.б.) - Ол дүниедегі құбылыстарды тұйықтаулы жүйе ішіндегі себеп пен салдардың тапжылмас тізбегі деп түсіндіретін ғылыми таным - механикалық детерминизмді тірек тұтады.