Инфекцияға жоғары қаупі бар науқастарды қабылдауды ұйымдастыру ерекшеліктері

Инфекциялық аурулары туралы бұрын белгілі науқастарды емдеу барлық қосымша процедураларды өткізуді талап етпейді. Қауіпсіздік үшін қабылдауды дұрыс ұйымдастыру қажет.

АИВ-инфицирленген немесе В гепатиті бар науқастарды қабылдауды жұмыс кезегінің соңғы сағаттарында жоспарлау қажет. Тек осы науқаспен жұмыс үшін қажет құралдар мен заттарды қалдырған жөн. Емдеу басталмастан бұрын сорып алатын құрылғыларды, беткейлерді, құралдарды өңдеу үшін дезинфекциялық заттарды дайындау қажет. Егер сорып алатын құралдар және шлангалар дайындалатын материалдар дезинфекцияға нашар ұшыраса немесе қанның шашырау мүмкіндігі болса, онда оларды қабықпен жабу қажет. Қызметкер қорғаныш киімін, масканы, көзілдірікті, қолғапты қолдану қажет. АИВ-инфицирленген науқасты қызметкерден шығатын инфекциядан қорғау үшін дәрігер мен ассистент қолдарын дезинфекциялауы және стерильді қолғапты қолдануы міндетті.

Қабылдау кезінде өткір құралдармен кездейсоқ түйрелуден сақтану қажет. Қажет жағдайда құралдарды, дәрілерді және т.б. беріп тұру үшін екінші ассистентті шақыру керек. Құрылғыларға және құралдарға қанның түсуі кезінде оларды бірден дезинфектанттың көмегімен мұқият тазарту керек.

Қабылдаудан кейін дәрігер мен ассистент қолғапты, бір реттік масканы шешеді және оларды қоқымға арналған қапқа лақтырады. Дәрігер халатын шешеді, ассистент оны кір жууға арналған сыйымдылыққа салады. Міндетті түрде қолдың гигиеналық дезинфекциясы жүргізіледі. Науқас қолданылған маталы салфеткалар жууға жіберіледі. Түкіргіштен барлық қоқыстарды және құрылғылардан қорғаныш қабықтарды қоқымға арналған арнайы қаптарға салады. Медбике жаңа қолғапты киеді және барлық жұмысшы құралдарғы гигиеналық күтім жүргізеді. Арнайы қысқыштар көмегімен қолданылған құралдарды дезинфекциялық сыйымдылыққа салады, бұл кезде кескіш және тікенекті заттар бөлек бір реттік сыйымдылыққа салынады. Ұштықтарды спиртпен дезинфекциялайды, содан кейін арнайы майлы аэрозольдің көмегімен олардың ішкі тазартуын жүргізеді. Ең соңында қондырғыларды автоклавтайды немесе олардың ішкі бөліктерінің басқа тиімді дезинфекциясын жүргізеді. Сорып алатын құрылғыларды дезинфекциялық заттардың көмегімен тазартады. Барлық беткейлердің мұқият дезинфекциясын жүргізеді, еден жуылады. Содан кейін медбике халатын, маскасын шешеді және оларды кір жууға арналған қаптарға салады, қолғабын қоқымға арналған қапқа лақтырады, қолының дезинфекциясын жүргізеді.

IV тарау. Алдын-алу қабылдауында стоматологиялық тексеру

 

Стоматологиялық тексеру (клиникалық және эпидемиологиялық) алдын-алу көмегін ұйымдастыру және оның тиімділігін бағалау үшін ақпарратты база жасауға мүмкіндік беретін алдын-алу жұмысының маңызды сатысы болып табылады.

Алдын-алу қабылдауында қолданылатын клиникалық стоматологиялық тексерудің негізгі әдістеріне сұрастыру, қарау, пальпация, перкуссия, ал қосымшаларға – лабораторлы және құралмен тексеру жатады.

 

Анамнез жинау

Сұрастыру (анамнез сұрастыру, жинау) тексеру әдісі ретінде науқастан алынған мәліметтерге (аты-жөні, жасы, туған жері және мекен-жайы) негізделеді. Баланың анамнезін жинау кезінде анасынан жүктілік пен босану ағымының сипаты туралы (яғни, бала өмірінің антенатальды, перинатальды және постнатальды кезеңдері), баланың ерте дамуының ерекшеліктері, қоректендіру түрі, басынан кешірген аурулары, созылмалы патологияның болуы туралы сұрайды. Ересек науқастардан олардың соматикалық денсаулығы туралы, әйелдерден – жүктіліктің, лактацияның болуы және т.б. туралы сұрайды. Балада (саусақты, ұртты, емізікті сору) және ересек адамда (темекі тарту, АҚКҚ тістеуі) зиянды әдеттердің болуын анықтау қажет.

Содан кейін басынан кешірген стоматологиялық аурулары туралы мәліметтерді, стоматологқа бұрын келуі кезіндегі науқастың реакциясын анықтайды. Бұрын өткізілген алдын-алу стоматологиялық шаралары және қазіргі кезде орындалатын өзіне көмек жасау туралы ақпаратты жинайды.

Дәрігердің сұрақтары нақты, науқасқа түсінікті болуы қажет. Дәрігер сұрастыруды науқастың жауаптары әңгімені басқа жаққа ауыстырмайтындай жүргізуі қажет. Науқас дәрігердің оның проблемаларын шешуде қызығушылығын, шынайы көмек көрсету тілегін сезінуі қажет. Стоматолог-дәрігердің жұмысында қателіктер жиі дұрыс жиналмаған анамнезден пайда болады. Бұл науқас өзінің ынтасы бойынша айтқанмен ғана дәрігер шектелетін жағдайларға қатысты.

 

Ауыздан тыс тексеру

Жалпы жағдайды бағалау сұрастыру барысында және бақылау тәсілімен жүргізіледі. Науқасқа бір қарағанда оның психоэмоциональды жағдайын (тыныш, қозғалғыш), физикалық дамуын (шын жасына сәйкестігі, артта қалуы, озуы), келбетін (дұрыс, патологиялық), жүрісін (еркін, қиын), дене бітімінің түрін (үйлесімді, гипостеникалық, гиперстеникалық) бағалауға болады.

Жақ-бет аймағының сыртқы қарауы стоматологиялық креслада жүргізіледі, бұл кезде дәрігер науқасқа қарама-қарсы отырады.

Бет пен мойынның симметриялылығы аздап өзгерген немесе қалыпты болуы мүмкін, бұл жағдайда асимметрия тұрақты сипатқа ие. Үдей түсетін асимметрия қабынулы, жарақаттық немесе ісікті зақымданулар дамыған кезде болуы мүмкін.

Құлақ қалқанында туа пайда болған деформациялар болуы мүмкін, бұл жақ-бет аймағы эмбриогенезінің қалыпты ағымының бұзылуын дәлелді және дәрігерден жақ-бет аймағының толық тексеруін талап етеді.

Теріні қалыпты жағдайда таза ретінде сипаттайды. Оның өзгерістері (құрғауы, қабыршақтануы, қызаруы, қабынулы элементтері) дәрігерге бірқатар соматикалық және стоматологиялық аурулардың болуы туралы ақпарат береді.

Еріннің қызыл жиегі қалыпты жағдайда таза, біркелкі ылғал. Қызыл жиектің құрғауы және қабыршақтануы ерінді жалау әдеті туралы, тістесудің бұзылысы туралы немесе соматикалық патологияның болуы туралы дәлелдейді.

Мұрынның жағдайы: қалыпты жағдайда мұрын кеңсірігі жіңішке, мұрын кіреберісіне жолдар сопақша немесе дөңгелек. Тұрақты ауызбен дем алу кезінде кең мұрын кеңсірігі және мұрын кіреберісіне саңылау тәрізді жолдар қалыптасады.

Лимфо түйіндерінің жағдайын бағалау – ауыз қуысы мүшелерінің, сонымен қатар толық ағзаның ісік тәрізді, иммунологиялық, инфекциялық ауруларын анықтауға мүмкіндік беретін стоматологиялық тексерудің маңызды сатысы. Дәрігер ауыз қуысы тіндерінен лимфа қай лимфа түйіндері топтарына ағатынын білуі қажет. Қалыпты жағдайда лимфа түйіндері тіпті пальпацияланбайды немесе пальпацияланады, бірақ 1 см-ден аспайды, жұмсақ, қозғалмалы, ауырсынбайды, тегіс беткейі бар, қоршаған тіндермен дәнекерленбеген. Лимфа түйіндері жағдайының барлық басқа нұсқалары патологиялық болып табылады, дәрігер сақ болуы қажет және науқасты сәйкес мамандарға (стоматолог-хирургқа, педиатрға, терапевтке, гематологқа, онкологқа, иммунологқа) жіберу қажет.

Қарау және пальпация кезінде лимфа түйіндері келесі реттілікте зерттеледі: шүйде, құлақмаңы, жақасты, иекасты, беткей мойын, паратрахеальды. Лимфа түйіндерінің пальпациясын жүргізгенде науқастың басын тексерілетін жаққа төмендетеді (бұл тексерілетін жақта мойын бұлшықеттерінің босаңсуы үшін қажет). Егер оң жақты тексерсе, лимфа түйіндерін сол қолдың үш саусағымен, науқастың сол жағын тексерген кезде – оң қолдың үш саусағымен пальпациялайды, бұл кезде бос қолды басын қажетті жаққа төмендете отырып науқастың басына қояды.

Науқастың жақ-бет аймағы қызметтерінің жағдайын стоматологиялық креслода бағалайды, дәрігер науқасқа қарама-қарсы отырады.

Дыбыстарды айту сапасы анамнез жинау кезінде бағалануы мүмкін. Көбінесе 6-7 жасқа таман балада сөйлеу қалыптасқан және таза, дұрыс болып сипатталады. [ш], [з], [с] дыбыстарын айту бұзылысы тілдің бұлшықеттері тонусының бұзылысы туралы дәлелдейді (сондықтан жиі жұтыну патологиясымен қосылады). [р] дыбысын айту ақауы тілдің қысқа үзбесі немесе оның бұлшықеттерінің бұзылған тонусы туралы дәлелдейді. Дыбыстарды айту бұзылыстарын анықтаған кезде баланы логопедке консультацияға жібереді.

Самай-төменгі жақ буынының (СТЖБ) жағдайын екі қолдың екінші, үшінші және төртінші саусақтарын құлақ бүртігі алды аймағына қойып және науқасты аузын ашып, жабуын, жақпен жанына қозғалтуын сұрай отыра анықтайды. Қалыпты жағдайда СТЖБ-да қозғалыстар еркін, ауырсынбайды, сықырлау жоқ. СТЖБ патологиясы стоматолог-хирургтың консультациясын талап етеді.

Тыныс алу қызметі. Қалыпты жағдайда адам мұрынмен тыныс алады, бұл кезде еріндері жымдасқан. Егер қарау барысында науқас ауызбен дем алса, онда тыныс алу қызметінің бұзылысы қаншалықты күрделі екенін анықтау қажет. Егер науқастың кең мұрын кеңсірігі, жіңішке танауы, құрғақ еріндері болса – ауызбен тыныс алу ұзақ уақыт болғанын дәлелдейді және бұл мұрын жолдары өтуінің органикалық бұзылысымен немесе ауызды жауып тұратын бұлшықеттердің әлсіреуімен байланысты. Егер мұрынның формасы және тістесу өзгермеген болса,онда мұрын жолдары өткізгіштігінің уақытша бұзылуы (тұмау) туралы ойлауға болады. Мұрын жолдарының өткізгіштігін тексеру үшін науқасты мұрын кіреберісін кезекпен жаба отырып, жабық ауызбен тыныс алуын сұрайды. Егер мұрынмен тыныс алу мұрын жолдарының нашар өткізгіштігі себебінен қиын болса, онда баланы оториноларингологқа консультацияға жіберу қажет, өйткені мұрынмен тыныс алудың бұзылысы патологиялық тістесудің қалыптасуына әкелуі мүмкін.

Жұтыну қызметін зерттеген кезде жұтыну үрдісінде ауырсынатын бетінің қисаюы және иек бұлшықеттерінің жиырылуы («оймақ» симптомы) жоқ па соны бақылайды. Жұтыну қызметін қосымша клиникалық бағалау үшін науқастың ернін саусақтармен аздап ашылған жағдайда ұстап тұрады және тілдің ұшының орналасуын бақылай отырып науқасқа сілекейді жұтынуын сұрайды. Қалыпты жағдайда 4-5 жасқа таман соматикалық жұтыну қалыптасады: мимикалық бұлшықеттердің ширығуынсыз жұтыну, тіл алдыңғы күрек тістердің мойын аймағында таңдайдан итеріледі және тістер арасында көрінбейді. Жұтыну кезінде 5 жастан жоғары науқастарда бетінің қисаюы, тістер арасына тілді қоюы, тілдің алдыңғы тістерден немесе ұрттан итерілуі жұтыну қызметінің бұзылысы туралы дәлелдейді, бұл патологиялық тістесудің қалыптасуына мүмкіндік туғызады.

Шайнау қызметін анамнез мәліметтері негізінде бағалауға болады: науқас қатты тағамды (белсенді шайнау) қабылдайды ма немесе жұмсақ тағамды және артынан сұйық ішуге (енжар шайнау) тырыса ма соны анықтайды. Баланың шайнауының белсенділігі туралы ауыз қуысында кейбір белгілер бойынша талдауға болады: 5-6 жастан асқан балада уақытша тістердің төмпешіктерінің айқындылығы және көп тіс жұғындыларының болуы әлсіз, ағысыз немесе бір жақты шайнау туралы дәлелдейді. Шайнау қызметінің бұзылысы тістердің жегіленген бұзылысының, тістесу патологиясының, бұлшықет тонусы бұзылысының нәтижесі болуы мүмкін. Шайнаудың патологиясы патологиялық тістесудің қалыптасуына себепші болады.