Тақырып Ресейдегі қазіргі мектеп және педагогика

Дәріс жоспары

1. Ғылым мен гуманизм үшінші мыңжылдықтың әлемаралық құндылығы.

2. Қазіргі педагогикалық техналогиялар обьективтік қажеттілік

3. Педагогикалық технологияларға шолу .

4. Тұлғаға бағытталған техналогиялар.

5. Негізгі тұжырымдамалық идеялар.

6. Орта және жоғары мектептің даму тенденциялары.

7. Қазіргі жағдайда үздіксіз білім берудің тенденциялары

 

Педагогикалық ғылымның халыққа білім берудегі маңызы орасан зор болғандықтан, іргелі зерттеулерге және педагогиканы түрлі ғылым салаларымен байланыста зерттеуге көңіл аудару керек болды. Ғылыми ізденістер әлеуметтік орта мен мектеп тәжірбиесінің байланысын айқындауға, оқытуды жоғары технологиямен қаруландыруға, зерттеу үрдісінің және оқыту мен тәрбиелеудің бірлігін қамтамасыз етуге, қажетті теориялық зерттеулерді жүргізуге бағытталды.

Жалпы орта білімді қайта құру педагогика саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді басқа ғылым салаларымен кіріктіре жүргізуді қажет етті.

Үздіксіз білім беру жүйесіндегі базалық орта білім беру тұжырымдамасын (1989) білім саласында іске асыру шаралары жүргізілді. Дегенмен де тұжырымдамада белгіленген шаралар кеңестік кезеңдегі саяси-идеологиялық және экономикалық жүйенің тоқырауына байланысты қоғамдық сұранысты қамтамасыз ете алмады. Бұл кезде Одақтың ыдырауы да белең ала бастап еді. Қоғамдық даму тығырыққа тіреліп, жаңа нарықтық қатынастар жүйесіне лайық болашақ ұрпақты тәрбиелеудің жаңа тұжырымдамаларын жасау үшін ғылыми ізденістер жүргізу қажеттігі пайда болды.

Жаңашыл педагогтардың ғылыми-теориялық және әдістемелік ізденісі. Теория мен практиканы өзара кіріктіре отырып жүргізуде жаңашыл мұғалімдер Ш.А.Амонашивили, В.Ф.Шаталов, С.Н.Лысенкова, И.П.Волков, И.П.Иванов, т.б. іргелі педагогикалық мәселелерді шеше білді.

Ш.А.Амонашивили мектеп практикасында алты жасар балалармен жұмыс істеудің мазмұны мен ұстанымдарын ғылыми негіздеп тексерді. “Мектепке алты жастан“ атты еңбегінде алты жасар баланың бойында болатын қасиеттерді саралап көрсетті. Ол алты жасар балалармен қарым-қатынаста төмендегі қасиеттер негізге алынуы керектігіне тоқталады:

“Біріншіден, біз мейірбанды болуға тиіспіз, балаларды қаз қалпында сүюге тиіспіз, шолжаңды да, тіл алғышты да, ақылдыны да, миғұланы да, жалқауды да, ынталыны да бірдей жақсы көруіміз керек.

Екіншіден, біздер балаларды түсіне білуіміз керек. Бала кішкентай болғанымен, оның ісі мен қарекеті үлкен. … Балаларды түсіну дегеніміз – олардың позициясында тұру, олардың сезімін қадірлеу, қам-қарекеті мен ісін елеу, олармен санасу деген сөз. Баланың көңіл-құбылысы мен жүрек тебіренісін, оның сезімі мен талпынысын түсіне отырып қана әр баланың өміріне ең жақын адамыңдай қоян-қолтық араласа отырып, педагог баянды тәрбиеге қол жеткізе алады.

Үшіншіден, педагогиканың, тәрбиенің жасампаз күшіне сенуіміз керек.

Төртіншіден, біз болашақтың адамын, жаңадан қалыптасқан адамды қалыптастыруға міндеттіміз“.

Ш.Амонашивили мектептің міндеті білім беру арқылы тәрбиелей отырып, балаларды бұрынғы және қазіргі ұрпақтардың материалдық және рухани байлықтарымен таныстыру деп санайды.

Т.И.Гончарованың әдістемесі тарихи материалдар негізінде жастардың өзін-өзі және бүгінгі күнді танып-білуіне көмектесу мәселесін көтереді. “Тарих тағылымы - өмір сабағы“ атты еңбегінде: “Нағыз сабақ – дегеніміз мұғалім мен оқушылардың ақиқатты бірлесе іздестіруі, ойлау мәдениетінің лабораториясы. Бұл жоқ жерде көңілсіздік, селсоқтық, рухани жұтаңдық орын алады…”

Ғалымның алдына қойған негізгі мақсаты – жеке адамды қалыптастыру. Ол: “Жеке адам болу дегеніміз өзін адамзаттың адамы ретінде сезіну, сан ғасырлар бойы халық тәжірибесі туғызған рухани мәдениеттің мәңгілік игіліктерін бойына дарытып, осы игіліктерді еңбекке, әлеуметтік мәнді қызметке, қоғамдық өмірге, адамдар қатынасына, күнделікті тұрмысқа енгізу деген сөз. Жеке адам – болмыстың жаңа формасын жасау жөніндегі өз халқының жасампаз істеріне, бұқараның шығармашылығына белсенді және саналы түрде қатысатын, қоғамға пайдалы болуға деген ішкі қажеттілікті сезінетін адам“, - дейді.

В.Ф.Шаталов педагогикадағы ең қиын міндеттердің бірін - әр оқушыны күнделікті қажырлы ой еңбегіне қатыстыру, жеке бастың сапасы ретінде танымдық дербестікті тәрбиелеу, әр оқушының өзіндік адамгершілік сезімін, өзінің күш жігері мен қабілетіне деген сенімділігін нығайту мәселелерін ойдағыдай шешу жолдарын ұсынды.

С.Н.Лысенкова балаларды оқытудың, оқу-таным қызметін өздігінен реттеудің тәсілдерін ұсынумен бірге төменгі сынып оқушыларының оқу әрекетін басқарудың пәрменді жүйесін жасады.

И.П.Волков төменгі сынып оқушыларымен шығармашылық сабақтарды өткізу барысында оқу материалдарының мазмұны мен оқу процесінің құрылымы айырықша көңіл бөлуді талап етеді, оқу үдерісін оқу мазмұнына сай құра білу балалардың талабы мен қабілетін анықтап, мақсатты түрде дамытуға көмектеседі, әр істегі шығармашылықтың алғы шарты болып табылатын сапаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді дегенді айтады.

И.П.Ивановтың ұжымдық шығармашылық тәрбие әдістемесі А.С.Макаренконың идеяларын қазіргі жағдайларға сай дамытып, ұжымшылдықты қалыптастырудың, сол кездегі пионер және комсомол ұйымдарындағы оқушылардың өмірін жетілдірудің, балалардың қоғамдық игілікке деген жекелей және ұжымдық қамқорлықтарын арттырудың жолдарын көрсетеді.

“Ұжымшылдары тәрбиелеу“ атты еңбегінде Иванов кеңестік дәуірдегі ұжымшылдық - өскелең ұрпақтарды қоғам талаптарына және оның мүдделерімен өмір сүруге тәрбиелеу – мектептің аса маңызды міндеті болғанын, әрбір ұстаз тәрбие беретін ұжымды құрудың және оны нығайтудың мейлінше тиімді жолдары мен құралдарын шығармашылықпен іздестіруге шабыттандыратын ой-пікірдің сарқылмас қайнар көзі деп бағалайды.

Қорыта айтқанда білім мазмұны мен оқыту әдістерін жетілдіру бағытындағы педагогтардың шығармашылық ізденістері дидактиканы теориялық және әдістемелік жағынан жаңа мағынадағы түсініктермен толықтырды.

Тақырып Қазақстан тарихындағы тәрбие мен педагогикалық ой пікірлер. Ерте заманнан Қазақ хандығының құрылуына (ҮІ-ХҮғ ) дейінгі Қазақстандағы ой –пікірлер

Дәріс жоспары

1. Қазақ халқының педагогикалық мәдениетіні даму тарихы

2. Қоғамдық процестің (ежелгі түркілердің жазба ескеткіштері, әл Фараби мұрасы Алтын Орданың құлау дәуіріндегі ойшыл ақындардың туындылары) пайда болуының бастапқы кезеңдері мен қайнар көзі.

3. Қазақ халық педагогикасы .

4. Мұсылмандық мектептер мен медреселердегі білім беру мақсаты мазмұны оқыту әдістері

 

Тарихтан белгілі көне түркілер ұрпағы – қазақтардың этногенезі туралы сөз қозғасақ, олар жоғарыда айтылған Енисей жазба ескерткіштеріндегі мәліметтерге қарағанда және көне Қытай, Ұйғыр, Моңғол жазбалары бойынша арғы тегі Моңғол тектес Ғұндар мен Үнді-Иран тектес Қыпшақтар мен Сақтардың, түркі тектес Үйсін, Қаңлылардың қосындысынан пайда болған Еуразия даласының көшпенділері екені байқалады. Қазақтың этногенезінде Керейттер мен Наймандардың, Арғындар мен Қоңыраттардың, Алшын, Жаппас, Шектілердің де болғанын тарих дәлелдеп отыр. Ол жөнінде атақты тарихшы В.В.Бартольд, Л.Н.Гумилев, Х.Арғынбаев, Ә.Марғұлан т.б. еңбектерінде дәйекті дәлелдер келтірілген.

Қазақ хандығы ХҮ ғ. орнағанымен қазақ ұлтының аты одан әлдеқайда ерте ҮІ ғ. өзінде-ақ төңіректің төрт бұрышына белгілі болған. Ол жөнінде М.Шоқайдың, түрік профессоры З.Ұ.Тоғанның, фольклорист-ғалымдар: Ә.Диваев, Ә.Қоңыратбаевтың, тарихшы-ғалымдар М.Х.Дулатидің, Ш.Уәлихановтың, А.Н.Бернштамның, М.Ақынжановтардың зерттеу еңбектерінде айтылған.

Ал қазақ халқының ұрпақ тәрбиелеу дәстүрі – халық педагогикасынан, оның ауыз әдебиеті үлгілері мен тұрмыс-тіршілігімен байланысты туындаған салт-дәстүрінен, ұлттық музыкасы мен өлең-жырларынан, қолөнер түрлері мен ұлттық ойындарынан бастау алған.

Ұлттық мәдениеттің ұрпақ тәрбиелеудегі ерекшелігін зерттеу ісімен ғылыми педагогиканың бір саласы этнопедагогика айналысады. Ол халықтың ұрпақ тәрбиелеу тәжірибесін, педагогикалық ой-пікір көзқарастарын, ұлттық ойлау ерекшеліктерін, өнер туындыларын зерттей отырып, оның мазмұны мен тәлімдік мәнін, тәрбие құралдары мен оны іске асырудың әдіс-тәсілдерін де қарастырады.

Этнопедагогиканың мақсаты – жастарға халықтық салт-дәстүрлер мен ұлттық мәдениет түрлерінен білім, білік, дағдыларды меңгерте отырып, олардың ұлттық сана-сезімі мен дүниетану көзқарасының қалыптасуына ықпал ету.

Этнопедагогиканың негізгі міндеті – егеменді еліміздің жастарын ой еңбегіне де, дене еңбегіне де қабілетті, сана-сезімі оянған, ұлттық ар,намыс,ұжданды қастерлейтін, нарық жағдайында өмір сүре білуге икемді, өнегелі, өнерлі, ұлтжанды азамат тәрбиелеу.