Алғашқы орыс ұлттық мектептер

XІV-XV ғасырларда қазақ даласында құрылған қазақ хандығы – сақтар мен ғұндардың, ежелгі түркілердің, Шыңғыс хан мен Алтын Орда империяларының заңды мұрагерлері болып саналады.

Алтын Орда империясының ыдырауы – Русь мемлекетінің отаршылдық бұғаудан босанып, өз тәуелсіздігін алуына әкеліп соқтырды. Русь мемлекетінің тәуелсіздік алуы – қайта өрлеу дәуіріне (XІV-XVІ ғғ.) дөп келеді.

Бір кезде Шыңғыс, Бату, Жошы, Тоқтамыс, Ақсақ Темір империясының отар елі болған Ресей, кейін сол империядан ыдырап, бөлініп шыққан халықтарды (Өзбек, Татар, Ноғай, Сібір (Көшім), Қырым, Астрахан хандықтарын) өз империясының отар еліне айналдырды.

Қазақ хандығы жаңа мемлекет болып қалыптасу барысында (1470–1731 жж.) 260 жылдай тәуелсіз ел болып, дербес өмір сүрді. Бірнеше ауыр қасіреттерді, жойқын соғыстарды бастан кешіріп, тіпті жер бетінен жойылып кете де жаздады.

Қазақ жерінің байлығына қызыққан Ресей мен Қытай империялары құпия келісімшарт жасасып, Қытай – жоңғарларды, ал Ресей – қалмақтарды қазақтарға қарсы айдап салды.

Осындай қырғын соғыстар қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеді, көне дәуірден бері қалыптасып келе жатқан өнер-білімнің, ұлттық мәдениеттің одан әрі дамуына қажетті жағдай туғыза алмады. Дегенмен де қазақ халқының іштей ұйытқысы болған рухани күш бар еді. Ол – азаттық идеясы. Елдің елдігін ұстап тұрудың кепілі ретінде үш күштің бірлігі алға тартылды. Оның бірі – ел басқарушы қағанның білікті болуы, оның бұйрығы мен заңдарының түзулігі (“тура биде туыс жоқ”, “хан қараға да, халыққа да ортақ ие” деген ұстаным үстемдік құрды). Әсіресе Жәнібек, Керей, Қасым хан мен Есім, Хақназар, Тәуке, Абылай хандардың дипломатиялық ел билеу саясаттары мен жарғылары ерекшеленіп көзге түсті. Хандар халықтың бірлігі үшін ел ішіндегі сөзі куәлі, аузы дуалы билермен ақын-жыраулардыхан сарайымаңынатоптастырды. Олар хандардың ел билеу саясатынқара халыққа түсіндіріп бақты.

Ел бірлігінің ұйытқысы қол бастайтын батырлар мен ел бастайтын көсем-билердің бірауыздылығы, әсіресе “ел намысы – ер намысы” деп қарау басты идея болды. Олар үшін “атақоныс” ең қасиетті ұғым болып саналады. Елін, жерін қасықтай қаны қалғанша жаудан қорғау, тәуелсіздіктің туын жоғары ұстау қастерлі заң болып табылды. “Сегіз қырлы, бір сырлы” отаншыл азамат тәрбиелеу моральдық-этикалық басты принцип болып есептелді. Осы мақсат ел билеуші хандар мен халықтың сөзін ұстаушы би-шешен, ақын-жыраулардың тәлімдік талаптарын айқындады. Ол талаптар: көшпелі мал шаруашылығын жете игеру, еңбексүйгіштік, қиындыққа төзе білу, ел намысын қорғау, жаудан беті қайтпау, ататегін жадында сақтау, сөз асылын қадірлеу, тапқырлық пен алғырлық, ат құлағында ойнау, ата салтын бұзбау (жасы үлкенді, ата-ананы сыйлау, құдайы қонақтың меселін қайтармау, көрші хақын жемеу, қайырымды, ізгі жүректі, бауырмал болу т.б.) Осындай қоғамдық қатынасты кішкентайынан көріп-біліп өскен адамдарда ел намысын көп болып қорғау, тұрмыс-тіршіліктегі мүдделестік, өмірге деген көзқарастың үлкен-кішідегі сәйкестілігі, олардың өзара қарым-қатынасында жеке бастың бұра тартуына мүмкіндік бермеді. Тұрмыс-тіршіліктегі бірыңғайлық, психологиялық жағынан мүдделестік пен бірауыздылық әркімнің өз рулық одағының ар-намысын қорғауға жұмылдырды. Ол бүкіл ру мен ұлтқа ортақ салт-дәстүрлерді туғызды.

Ақын-жыраулар мен билер хан қасында отырып, оларға ақылшы бола білді. Өздерінің өлең-жыр, толғауларымен халықты хан айналасына топтастырып, ел мүддесін қорғауға, береке-бірлікке ұйытқы болды. Яғни олар ханға да, қара халыққа да тәлімгер тәрбиеші, ақылгөй ұстаздық рөлді атқарып келді. Солардың ішінде көрнекті қайраткерлер: Майқы, Асан қайғы, Қазтуған, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, Әнет баба, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Бәйдібек би, Жиембет, Ақтамберді, Доспамбет, Үмбетей, Бұқар жыраулар т.б. бар еді. Хандық дәуірден қалған рухани мұралардыңішінде XV-XVІІ ғғ. жазба мұралар да жоқ емес. Мысалы: Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тарих-и Рашиди”, Қадырғали Жалаиридің “Жами-ат тауариғы” және Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” т.б. еңбектер.

Асан қайғы.Асан қайғы Сәбитұлы (ХІҮ-ХҮ ғ.) халық есінде абыз, философ, ақын болып, мәңгі жатталып қалған ірі тұлға. Оның бар ғұмыры халықпен бірге өтіп, біте қайнасып кеткен. Ауызбірлігі жетіспеген ортада елінің ертеңін ойлап үнемі мұңға батып жүргендіктен, замандастары оны Асан “қайғы” атап кеткен.

Асан қайғы Алтын орданың ханы Ұлұғ-Мұхаммедтің ықпалды билерінің бірі болған. Қазан қаласынан Дешті Қыпшақ жеріне қайтып оралған Асан қайғы Алтын Орданың орнында пайда болған ұсақ хандықтардың өмірі ұзаққа созылмайтынын болжай білген. Ол Керей, Жәнібек сұлтандар бастаған қазақ руларының Әбілхайыр хандығынан бөлінуін жақтайды. Асан қайғы өз халқының “жерұйығын” Шу, Сарысу бойынан, Ұлытау төңірегінен іздеуге бет бұрады. Сондағы көздегені – ежелгі скиф, қыпшақ даласынан безбеу.

Халқының болашағын ойлаған Асан қайғы желмаясына мініп, төңіректің төрт бұрышын шарлап, «жайлы қоныс» іздейді. Жол бойы кездескен тау-тас, өзен-су, көлдерді көріп, әр жердің ерекшелік қасиеттерін өзінше бағалап, өсиет сөздерін айтады.

Асан қайғының дүниетанымында адамгершілік мәселесі, мінез-құлықтық қасиеттер, өзін-өзі ұстай білу, қайырымдылық, кішіпейілділік, ізеттілік, т.б. сөз болады. “Ұлық болсаң, кішік бол”, “Өзім болдым, толдым деп асқақтама” дегендер айтылады. Асан қайғының ұғымында жұртты бай, кедей деп, немесе үлкен-кіші деп жіктеу, бөлу жарамсыз. Абыздың пайымдауынша “таза мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады”. Асан қайғы жастардың жақсылардан үлгі алып, жамандардан бойды аулақ салудың қажеттілігін, олардың ата-аналары мен үлкендерді сыйлап қастерлеуін, ақылын тыңдап үнемі басшылыққа алуын, ізгі ниетті жайсаң жан болып өсуін қалайды. Осыған орай жыраудың: “Арғымаққа міндім” деп, артқы топтан адаспа. Артық үшін айтыспа, достарыңмен сынаспа” немесе “Қарындасыңды жамандап, өзіңе туған табылмас” деген сөздерінің тәлім-тәрбиелік мәні аса зор.

Нағыз кісілік қасиеттер – озбырлыққа, менмендікке, бос даурықпаға елікпеу. Сондықтан “Мінезі жаман адамға, енді қайтіп жуыспа. Тәуір көрер кісіңмен жалған айтып суыспа” деген өсиетті ұсынады. “Тіршілікте бәріңіз бір болыңыз” деп халықты достыққа, бірлікке шақырады.

Ел қамын көп ойлап, көп толғанған қарт жырау өзінің толғау-жырларында “не жақсы”, “не жаман”, “не ғаріп” деген мәселелер төңірегінде ой толғап, заман жайында пәлсапалық ой-пікір білдіреді.

Мұритін тауып алмаса

Асыл туған пір ғаріп…

Ата жұрты бұқара

Өз қолында болмаса,

Қанша жақсы болса да,

Қайратты туған ер ғаріп – деп, ел басқарар көсемнің азғын болмай әділ болуын, қол бастаған батырдың соңынан ерер сарбазы – қалың қолы болуын, ерді елдің қолдауын құптайды.

Асан қайғы экологиялық тәрбие төңірегінде сөз қозғаған қазақтың тұңғыш ойшылдарының бірегейі. Оның толғауларында қазақ даласының сұлулығы, жер байлығы, аң-құстардың тыныс-тіршілігі, олардың географиялық мекен-жайы тілге тиек болады. “Аққу құстың төресі, ен жайлап көлде жүреді” деген шумақтан сұлулықтың сипатын аңғаруға тура келеді.

Жырау толғауларынан елге, жерге, ағайын-туысқа деген патриоттық сезім ерекше сезіледі. Әділдікті адамгершіліктің ақ туы тұтқан Асан ата “Әділдіктің белгісі - біле тұра бұрмаса, Ақылдының белгісі – өткен істі қумаса” деп айналасындағы ел жақсысына келелі кеңес беріп, үлкен ой салады.

Жорықта айдынды аламан, ақындықта арқалы жырау атанған Шалкиіз Тіленшіұлы (1465-1560) Дешті Қыпшақ өңірінде ғана емес, Қырым, Терістік Кавказ, Дон бойына да әйгілі тұлға. Ол өз заманындағы Ноғайлы әміршісі Темір, қазақ ордасы, кавказдықтар арасындағы саяси күрестердің ешқайсысынан сырт қалмаған. Жорықтың алдыңғы шебінде, айтыс-тартыстың басы-қасында, елдің бел ортасында жүрген Шалкиіз елдік пен ерлік, жақсылық пен жамандық, шеберлік пен шикілік мәселелеріне баса көңіл аударған. Кісілік қасиеттерге әр жақтан қайта-қайта оралып отырған. Шамасы, Шалкиіз өзі айтқандай “Жауырынына қанды көбе сыймаған, жағасына адам қолы тимеген” ержүрек, батыр, балуан, айдынды азамат болса керек.

Жорықта, соғыста, айтыс-тартыста ел мен ердің құны бәсекеге түсіп, бәйгеде сыналады. Ел ерлерсіз, ер өз елінсіз бабына келмейді. Осы бақталас пен жанталаста ақниетпен атқа мінгендер “жұртын жөнге салмақ” болады, қайырымсыз хандарға тежеу салады, тәубесіне келтіреді. Осындай ел үшін еңіреген ерлер қайда дегенді айтады Шалкиіз.

Шалкиіз дүрліккен, деміккен елге бас-көз болатын ханның бейнесін іздейді. “Пиғылы теріс хан іс етсе, ол жиған малыңды тәрік етер, ат-тоныңды бұлды етер, өз басыңды олжа етер” – дей келіп, әділетсіз Темірдің ісін көпке айғақ етеді. “Жақсыңнан мені кем көрдің, жаманыңмен тең көрдің” деп оның айыбын бетіне басады. Шалкиіз “Ақылсыз достан, ақылды дұшпан артық” екенін ұмытпағын деп достарына ой сала отырып,

Жаманға сырыңды қосып сөз айтпа

Күндердің күні болғанда

Сол жаман айғақ болар басыңа –

деп досты дұрыс таңдай, тани білу керектігін ескертеді. “Жаман дос жолдасын жауға алдырады” дегенді аңғартады.

Жақсы мен жаманды, адалдық пен арамдықты, дос пен қасты адами өлшемімен айғақтай келіп, Шалкиіз айналасындағыларға өрелі өсиет ұсынады:

Малыңды бер де басың қос,

Басыңды қос та, бек сыйлас.

Күндердің күні болғанда

Басың жауда қалар ма! -

деп шынайы дос пен қасты дұрыс айыра біл дегенді айтады.

Сырты құрыш, жүзі болат, ақыл-айласы мен қажыр-қайраты көпке танымал, сөзіне ісі сай, от тілді, болат қанжарлы Ақтамберді Сарыұлы (1675–1768 жж.) батырлығымен де, батылдығымен де, алғырлығымен де, ақындығымен де жұртқа танылған жырау.

Ақтамберді 17 жасынан қару асынып, жасақ ертіп Орта Азия хандықтарымен, қалмақ шапқыншыларымен соғыста қолбасшылық қабілетімен көзге түскен. “Ақтабан шұбырынды” оқиғасының куәгері болған. Ол елін жаудан қорғап қана қоймай, отырықшылыққа баулып, арық қаздырып, егін салдырған. Жырау 93 жыл жасап, 1768 ж. дүниеден қайтқан. Ақтамбердінің өмірбаяны оның өлеңдерінен айқын байқалады.

Атадан тудым жалқы боп,

Жақыннан көрдім талқы көп – деп өмірден көрген өгейлігіне реніш білдіреді.

Халқымыздың тіршілік тынысы, ата кәсібі, мінез-құлқы, жастарға айтар өсиеті, өмірге деген көзқарасы оның толғауларынан айқын аңғарылады.

Көпті көрген көне жырау жастарға өсиет айта келіп, Меккені іздеп қайтесің, ата-анаңа көрсеткен сый-құрметің құдай жолын қуып, Меккеге барумен пара-пар деп ой қорытады.

“Жақсыда жаттық жоқ”, “Жақсының ісі көпке ортақ” деп ұққан жырау:

Білімді туған жақсылар

Аз да болса көппен тең,

Жақсысы кеткен ауылың,

Өртеніп кеткен шөппен тең” – деп терең философиялық ой топшылайды. Ақтамберді жырау халық әрқашанда ел басқарған, тура жолдан таймайтын басшыны қадір тұтқан. Ол алысқа да, жақынға да әділдігімен жаққан. Ұлығы әділ ел ешкімнен кем-қор болмайды дегенді білдіреді. Берекелі бірлікшіл болыңдар, адал еңбек етіңдер дегенді өсиет етеді.

XVІІ-XVІІІ ғғ. еларалықдипломатиялық қарым-қатынасты күшейтуде, ортақжауға қарсы елдіберекелі бірлікке, ел намысын қорғай білуге үндеуде Әнет, Төле би, Әйтеке би, Қазыбек билердіңтапқырлық ойларға құрылған шешендік сөздерінің тәлімдік мәні ерекше. Олар халықты ортақ жаудан қорғаудың күшті құралы ел бірлігінде деп қарады. Төртеу түгел болса аспандағыны алуға болатынын, ал алтау ала болса қолдағыдан айырылуға болатынын өздерінің шешендік ой толғауларымен халыққа білдіріп отырды. Бірлігі күшті елдің алмайтын қамалыжоқдеп қарады. “ Бірлік түбі – береке, береке болар мереке” деп ел бірлігіне ұйытқыболды. Олар айтқан әділдік, адалдық, шыншылдық, бірлік, береке-бірлік, ел намысын қорғау жөніндегі асыл ойға құрылған шешендік сөз топшылаулары заман өткен сайын өз құндылығын жоймайтын тарихи мұра болып саналады.