Тақырып. Этнопедагогика жалпы педагогикалық ғылымдардың құрамды бір бөлігі

Дәрістер тезистері

 

Жоспар

1. Этнопедагогика пәні, оның мақсаты мен міндеті.

2. Этнопедагогиканың әдіснамасы.

3.Халықтық педагогика және этнопедагогика ұғымдарының мәні.

 

1.Этнопедагогика пәні, оның мақсаты мен міндеті.“Этнопедагогика” термині екі сөзден құралған: “paidagogike”(грек тілінен аударғанда тәрбие туралы ғылым) және “ethnos” (грек тілінен аударғанда ұлт, халық ). Этнопедагогика ғылымы халықтың қалыптасқан ұлттық құндылықтарын, қоғамның ерекше қарым-қатынасын, халықтың әлеуметтік талаптарын жеке тұлғаның қалыптасуына бағыттап үйретеді. Этнопедагогиканың мазмұны халықтың өзіндік шығармашылығының қағидаларынан: қиял-ғажайып ертегілерден, аңыз әңгімелерден, халықтық әндерден, жұмбақтар мен жаңылпаштардан, мақал-мәтелдерден, нақыл сөздерден тұрады. Сонымен қатар халықтық тәлім тәрбие ұлттық қарым-қатынастың түрлі қырларымен ұлттық ойындарымен, ойыншықтардың және күнделікті тұрмыстағы қолданбалы өнердің, яғни халықтық музыканың ерекшеліктерімен жалпы ұлттық салт-дәстүрдің мысалдарымен толықтырылып отырады. Халық педагогикасы мен ұлттық педагогикалық ойлардан құралған қазақ этнопедагогикасы жүйеленіп, қалыптасқан ғылым. Этнопедагогика – ұрпақ тәрбиелеудің ұлттық жолдарын, мәдениеттің ұлттық негіздерін үйрететін ғылым. Этнопедагогика әлеуметтік талаптарын, көпшілік мақұлдаған талаптар мен құндылықтарын қабылдап игерген жеке тұлға қалыптасатын қоғамдық әсердің ерекшелігін зерттейді. Этнопедагогика ғылымы қазіргі педагогикалық тәжірибедегі халықтың озық ойларын іске асыру мүмкіндігін анықтайды, тәрбиенің қазіргі мақсаттарын ескере отырып халықтың өміріндегі сол немесе басқа құбылыстарының педагогикалық маңызын талдайды.

2. Этнопедагогиканың әдіснамасы. Этнопедагогика пәні халықтық педагогика болып табылады. Ал «Этнопедагогика» терминінің бірнеше анықтамасы бар. Г.Н.Волков этнопедагогика халықтық (табиғи, қарапайым, бейресми, мектептен тыс, дәстүрлі) тәрбиенің тарихы мен анықтамасы болып табылады, этнопедагогика этностық топтардағы бала тәрбиесі мен білімі негізіндегі отбасының, рудың, тайпаның, ұлыстың, ұлттың байырғы құндылықтар мен моральдық – этикалық және эстетикалық көзқарастарының эмпирикалық тәжірибесі туралы ғылым болып табылады деп көрсетеді. К.Ж. Қожахметова этнопедагогиканы педагогика ғылымының құрамдық бөлшегі ретінде, этнография, этнофилософия, этностық мәдениет және этнопсихологияның тоғысқан жерінде қалыптасқан саласы ретінде қарастырады. Ол этностық тәрбие жүйесінде отбасында және білім мекемелерінде үздіксіз жүзеге асырылатын пән болып табылады. Т.И.Огородников этнопедагогиканы этнографиямен және фольклористикамен байланыстыратын жаңа сала ретінде бағалайды. Т.Н.Петрова этнопедагогиканы халық тәрбиесімен теориясы ретінде түсіндіреді. Жоғарыда көрсетілген этнопедагогика терминінің тұжырымдай келе, жалпы түрде және қысқаша айтар болсақ, оның халық педагогикасы ғылымына жататындығын көруге болады. Әр халық өзінің тарихи даму кезінде өзіндік тәрбие тәжірибесін жасады, өскелең ұрпақты оқытуда және тәрбиелеуде өздеріне тән тәжірибе жинақтады. Сондықтан қазақ, татар, т.б. халықтар этнопедагогикасы толық негізделген, сонымен қатар барлық халыққа ортақ жалпы педагогикалық көзқарастары да бар. Мұндай көзқарастардың болуы бұл халықтың тарихи және географиялық дамуының ортақ болуы, жалпы адамзаттық рухани инабаттылықтардан туындаған мақсат, мүдделернің ортақтығынан, педагогикалық дәстүрлерінің өзара әсерінен туындаған. Этнопедагогика педагогиканың құрамдас бөлігі ретінде педагогикалық заңдар мен заңдылықтарға, педагогикалық принциптерге бағынады.

3.Халықтық педагогика және этнопедагогика ұғымдарының мәні. Этнопедагогиканың өлшем, көрсеткіш сияқты т.б этнопедагогикалық айрықша белгілері болады. Аталған белгілер халықтық тәрбиенің жалпы бағалауына сүйенеді. Осындай белгілерге сәйкес халықтық тәрбие нақты айқын нышандарымен анықталады. Жалпы айтқанда: белгілі бір мақсаттарға бағытталған жағымды жеке қасиеттерді меңгеретін жеке тұлғаның қалыптасуына бағытталады; табиғи жағдайларда жүргізіледі, тәрбиеші мен тәрбиеленуші арасындағы қарым - қатынас табиғи қатынас болып табылады (табиғилық); ұрпақтар тәжірибесі сабақтастығын жалғастыруда барлық тәрбие түрлері мен әдіс – амалдарын қолдануға негізделеді (сабақтастық); жоғарғы тиімділігімен сипатталады (әрекет жасау); уақытпен шектелмейді және тұтастай – формалды, мектептен тыс тәрбиеге қарағанда жеке бөліктерден тұрмайды (үздіксіз болу); өмір сүру барысында барлық процеске қатысады (педагогикалық циклдың толық болуы); нақты, қатаң түрде шектелген тәрбиешілер болмайды, барлығы да халық – тәрбиешісі (тәрбиешінің көпшілдігі); халықтық тәрбие құралдарының барлық бай кешені, түрлі әдіс – тәсілдері қолданылады (өзара әсер ету тәсілінің қиыстырылуы); тәрбиенің әр түрлері мен тәсілдері қолданылады, жеке тұлғаның белгілі бір қасиеттері қойылмайды, толыққанды адамды тәрбиелеу көзделеді (тәрбиеге кешенді түрде бетбұрыс); табиғи бөлшек ретінде табиғат заңына бағына отырып, адам дамуының заңдылығын сақтау (табиғи үйлесімділілік); тек сыртқы әсері ғана емес өзін-өзі тәрбиелеуге де ерекше көңіл бөлуді ескеру (тәрбиелеуде тәрбиеленушілердің қатысуы) т.б. Осылайша, этнопедагогика халықтың тәрбие жөніндегі білімін педагогикалық көзқарастарын жинап, талдап, жүйелейтін ғылым. Оның жалпы құрылымында ұрпақтан ұрпаққа берлілетін ұлттық тәрбиенің тарихи, мәдени заңдылықтары жатыр. Этнопедагогика жеке тұлғаны қалыптастыру мақсатында баланы тәрбиенің объектісі мен субъектісі ретінде зерттейді, халықтық тәрбиені ұйымдастырады, халықтың негізгі педагогикалық түсініктерін зерттейді. Этнопедагогиканы зерттеу саласына, сондай-ақ, қоғамдық және әлеуметтік әсер ету үдерісі жатады.