Тақырып. Этномәдени білім беру

Жоспар

1.Этномәдени білім беру туралы түсінік

2. Қазақстан халқының этномәдени қызығушылықтарын тарату

3. Мәдениетаралық толеранттылық

 

1.Этномәдени білім туралы түсінік Қазіргі қоғам мен адамзат дамуының интенсивті жаһандық даму кезеңіндегі өзекті мәселелердің бірі этномәдени тұлға тәрбиесі. Еліміз егемендік алған кезеңдегі білім-тәрбие саласындағы қазақстандық мектеп моделін жасау белгісі және елімізге сай азамат тәрбиесі туралы Білім Заңында “Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау” – деп жазылған. Білімнің құндылығы туралы халықтық педагогикада, соңғы кезде этнопедагогикада көп мәліметтер бар.Соның ішінде ХVII ғасырда өмір сүрген мұсылмандарың алғашқы төрт халифасының бірі Әзірет Әліге «Білім артық па, байлық артық па?» деген сұрақ қойғанда , білімнің артықшылығы жайлы он дәлелмен былай жауап қайтарған екен: 1.Білім артық, өйткені ол Пайғамбардан қалған мирас, байлық- бақылдардан қалған мұра.2. .Білім артық,,өйткені ол сені бағады, байлықты сен бағасын.3. .Білім досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды көбейтеді.4. Білім іздей берсең, көбейеді, оны жұмсағанмен азаймайды. Байлық- жұмсасаң азаяды, білімнің артық болатыны осыдан.5. Білім артық, оны ұрыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді ұрылардан күнде қорғау керек.6.Білімің көп болса, сені құрметтейді, байлығың көп болса, қызғанады, білімнің артық болатыны сол. 7. Білім артық, білімің көп болғанымен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп отыруың керек. 8. Білім қанша көп болса да, іріп-шіріп бүлінбейді, дүние- мал бүлінеді.Сондықтан, білім артық. 9. Білім артық, ол жаныңды байытады.Байлық жан-дүниеңді шектейді,өзіңді тура жолдан тайдыруы мүмкін. 10. Білімді адам орнымен сөйлейді, мәдениеті артады.Байлығы мол адам оған мас болып, мақтанады,астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық.

Қазақстан Республикасы “Этномәдени білім беру тұжырымдамасында” жас ұрпақты ұлттық құндылықтар арқылы ұлтжанды етіп тәрбиелеу қажеттігі ерекше атап көрсетілсе, “Білім туралы” Заңда “Білім беру мекемелерінде тәрбиелік бағдармалар этномәдени элементтермен толықтырылады”,- деп нақты анықталған. Оқушыларға этномәдени білім берудің теориялық негіздері, этномәдени білім берудің жайы мен практикасы, оларға этномәдени білім беруді жүзеге асырудың жолдары Ж.Наурызбайдың “Ұлттық мектептің ұлы мұраты” және “Этномәдени білім” атты еңбектерінде көрініс тапқан. Қазақ мектептерінде оқушыларға этномәдени білім берудің мазмұнын қазақ этнографиясы, қазақ этнологиясы, қазақ этнофилософиясы, қазақ тарихы, қазақ этнопедагогикасы ғылымдары құрайды. Ал бұл ұлттық ғылымдар туралы әдебиеттер соңғы 10 шақты жылда ғана шыға бастады. Мысалы, А.Қасабеков пен Ж.Алтаевтың “Қазақ философиясы”; Ж.Артықбаевтың “Қазақ этнографиясы”; “Этнология және этнографиясы”; С.Қасимановтың “Қазақ халқының қол өнері”; Х.Арғынбаевтың “Қазақ отбасы”; ал ғалым- педагогтарымыз Қ.Жарықбаев пен С.Қалиевтің “Қазақ тәлім-тәрбиесі”; С.Қалиевтің “Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы”; Ә.Табылдиевтың “Қазақ этнопедагогикасы”; З.Әбілованың “Этнопедагогика оқулығы”, т.б. еңбектер жарық көрді. Этникалық – мәдени білімнің негізгі бөлігі – оқыту. Оқушылардың бірнеше тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыру бүгінгі мектептің көкейкесті мәселесі болып тұр.Осы ретте біздің еліміздегі көп тілді тұлғаны тәрбиелеудегі қазақ– түрік лицейлерінің тәжірибесін келтіруге болады. Шет тілдерін үйренудің негізі жетінші сыныпта қаланады. Ол үшін оқушының тілді тез әрі терең меңгеруі үшін материалдық-техникалық жағдайлар жасалған. Тіл үйрету үрдісі тіл дамыту, практикум, грамматикалық болып үш топқа бөлінеді.

2. Қазақстан халқының этномәдени қызығушылын жүзеге асыру.Қазақстан Республикасы барлық халықтардың мәдени мұраларын сақтап, қорғайды, мәдениеттердің теңдігін және әрбір халықтың өз мәдени ерекшелігін орнықтыру, сақтау және дамыту құқығын қамтамасыз етеді. Кез келген ұлттық мәдениеттің міндеті – байланыстарды үзбей, қайта оларды кеңістік пен уақыт тұрғысынан кеңейту, өркендетіп дамуы” деп жазылған. Осыдан мәдениет деген ұғымның ауқымы, өте кең деп айтуға болады. Оған рухани түсініктер ғана емес, адамзат қолымен жаратқан заттай айғақтар да кіреді. Осыдан болар, мәдениетті материалдық (құрал-жабдық, үй-жай, киім-кешек, көлік т.б.) және рухани (таным-түсінік, әдет-ғұрып, тәрбие, өнер, ғылым-білім, оқу-ағарту, саясат, этика, эстетика, әдебиет, өнер, дін, философиялық құқық т.б.) деп жіктеу де орын алып келеді. Қазақстанға әр жылдарда 800 мыңға таяу немістер, 18,5 мың корей отбасы, 102 мың поляк, Солтүстік Кавказ халықтарының 507 мың өкілдері зорлықпен көшірілді. Қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен басқа да халықтардың өкілдері Қазақстанға өз еркімен келген жоқ. Халықтардың күштеп көшірудің салдарынан республика халқы 1 миллион 500 мың адамға көбейді. Соғыс кезінде Қазақстанға 350 мың адам көшірілді. Тыңға 1,5 миллион адам келді, ал жабық әскери нысандар мұның үстіне 150 мың адамды қабылдады. Осының бәрі басқа ведомстволардың (мекемелердің) жұмыс күшін “ұйымдастырып жинауы” мен республикамызға өз бетімен көшіп келгендерді есептемегеннің өзінде осындай сипат алды. Соның нәтижесінде ғасырдың басынан бері ғана Қазақстанға 5 миллион 600 мың адам көшіріліп қондырылды, соның ішінде жер аударылғандар мен көшірілгендерді есептемегенде, 3,5 миллион адам соңғы 40-50 жылдың ішінде келді. Екінші жағынан алғанда, сталиндік қылмысты коллективтендірудің қасіретті салдарынан бір жарым миллионға таяу қазақтар қаза тапты. 1930-1932 жылдары 1,3 миллион қазақ КСРО-дан шет елдерге оралмастан көшіп кетті. Қазақстан халықтары үшін жаппай жазалау саясатының қасіретті сипатын көрсететін екі деректі келтірейін. 1930 жылы республикада 5 миллион 873 мың адам тұратын. Сонша адам осында көшірілді. Ал 1933 жылға қарай халықтың саны 2 миллион 493 мың адамға кеміп кетті. Бүгінгі таңда республикада бірнеше ұлт тілінде газет шығарылады. Телестудиялар Қазақстан халықтарының 12 тілінде және радиостанциялар 6 тілінде хабар береді. Мұның өзі ұлттың өзін-өзі көрсетуі мен өркендеуінің ақпараттық кеңістігін құру үшін салиқалы негіз болып табылады. Сондай-ақ, ұлттық балабақшалар, мектептер ашылуда. Республикада мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерінде 7 ана тілінде 426 мың, ал жалпы білім беретін мектептерде – 3 миллионнан аса бала оқытылып, тәрбиеленеді. Аз ұлт өкілдерінің 106 мың баласы өз ана тілін дербес пән ретінде оқып үйренеді. Павлодарлықтардың ізгі де пайдалы бастамасын атап көрсетуге болады. Мұнда 500 оқушыға арналған ұлттық жаңғыру мектебі ашылған, онда оқу және тәрбие беру ісі этностық топтардың 9 тілінде жүргізіледі. Осының бәрі 90 жылдардың бас кезінде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың республиканың барлық ұлттық мәдени қозғалыстарын бір ұйымға – Қазақстан халықтары Ассамблеясына біріктіру туралы идея айтқан болатын. Бұл алдымен алғы шарты жасалып, кейін Кеңес Одағы құлаған қиын-қыстау жылдар еді. Этномәдени тұлғаны тәрбиелеуді жетілдіруде ескеретін мәселелер: Ұлттық этнопедагогикаға негізделіп оқу-тәрбие моделін құрушы әрбір ұжым мен педагогтың тәрбие бағдарламасының ұстанымдарын басшылыққа алу. Ұлттық мектептерде этномәдени тәрбие мазмұнының тек қолданбалы білім аясында тұйықталып қалмауы, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре отырып жалпы адамзаттық құндылықтарға талпындыру, іздену мен шығармашылыққа бағыттау.

3. Мәдениетаралық толеранттылық

«Толеранттылық» ауыз толтырып айтарлықтай өзіндік тарихы бар көнеден келе жатқан сөз болса да, оның жаңа заман мәдениетінің сөздері қатарына қосуға болатын сияқты. Бүгінгі күні әлеуметтік гуманитарлы ғылымдардың ең өзекті тақырыптарының біріне айналып отырған бұл ұғымның маңызы соңғы он жылдықтарда тіптен артқаны байқалады. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы халықаралық қатынастардағы жаңа тәртіп, мемлекетті басқару формасының демократиялана түсуі, халықаралық және мемлекеттік деңгейдегі даулы мәселелерді шешудің құқықтық механизмдерінің жетілуі, азаматтық қоғамды дамыту, жаһанданудың ықпалымен алыстың жақындап, арақашықтықтардың азаюы, әлеуметтік-мәдени қатынастардың жиілеуі, адам құқы, сөз бостандығы, ар-ұждан мен наным-сенім еркіндігі және т.б. әлемдік деңгейдегі соны өзгерістер мен жаңаша түсініктерге жол ашты. Халықтар ендігі жерде әлемнің мультимәдениеттілігін аңғарып, бұндай жағдайда бір-бірінің пікірін, бұрыннан қалыптасқан наным-сенімі мен көзқарастарын, салт- дәстүрі мен ғұрыптарын, өзіндік дүниетанымы мен құндылықтарын жат көріп жатырқамай, мүмкіндігінше құрметтеу керектігін, өзіңмен өзің оқшауланбай, ойда, пікірде, көзқараста ашықтық қажеттігін түсіне бастады. Сондықтан да бүгінгі күні бірқатар салаларда жиі естілетін сөздің бірі толеранттылық болып отыр.

Толеранттылық көпжақты сөз ретінде қоғамдағы демократия, адам құқықтары мен бостандығы, диалог мәдениеті, мәдениетаралық байланыс, саяси плюрализм, этикалық плюрализм, мәдени плюрализм ұғымдарымен тығыз байланысты. Ол сондай-ақ мына салаларда да кең қолданыста: әлеуметтік, жеке, саяси, құқықтық, идеологиялық, коммуникативті, этикалық, дүниетанымдық, психологиялық, медико-биологиялық, діни-конфессияналдық, ұлттық-этникалық, гендерлік, нәсілдік, педагогикалық, тұрмыстық т.б.

«Толеранттылық» сөзі алғаш рет батыста пайда болған. Әуелде діни салада қолданысқа түскен ол кейіннен басқа да көптеген жаңа ұғымдарға негіз қалады.

Толеранттылық (tolerance) бүгінгі күні «төзімділік» деген сөзбен түсіндіріліп жүр. Өйткені латын тіліндегі «tolerantia» (түбірі «tolerare» көп мағынаға келеді) деген сөз «төзу, шыдау, көндігуді, рұқсат ету» деген мағынаны білдіреді. Қазақ тілінде толеранттылыққа балама ретінде бүгінгі күні «төзімділік», «тағаттылық» сөздері қолданылып жүр.