БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ ЖАНРЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

1.1 Жас жеткіншектер әдебиетінің көрнекті қаламгерлері (Қ.Мұқышев, Ә.Ахметов, Б.Ысқақов)

1.2 М.Әлімбаев және қазақ балалар әдебиеті

1.3 Балалар поэзиясының жанрлық түрлері (Н.Әлімқұлов, Ә.Дүйсенбиев, Ж.Смақов шығармашылығы)

1.4 Қазіргі қазақ балалар әдебиеті. Балалар прозасының дамуы (Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, М.Гумеров, Қ.Толыбаев, Т.Нұрмағамбетов шығармашылығы)

1.5 Қазіргі балалар прозасындағы қызықты хикаялар жанры (М.Етекбаев, Ә.Қалдыбаев, Н.Ақыш шығармашылығы)

1.6 М.Қабанбаев – балалар жазушысы

1.7 Қазақ балалар поэзиясының мазмұндық-тақырыптық жүйесі. Ж.Кәрбозин, Е.Өтетілеуов шығармашылығы

1.7.1 Қ.Мырзалиевтің балаларға арналған жыр мұрасы

1.8 Ә.Асылбеков, Е.Елубаев шығармашылығы

Емтихан сұрақтары

Реферат тақырыптары

Бақылау жұмыстарының тақырыптары

ГЛОССАРИЙ

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

ТЕСТ СҰРАҚТАРЫ

ЮНИТА

 

Жас жеткіншектер әдебиетінің көрнекті қаламгерлері (Қ.Мұқышев, Ә.Ахметов, Б.Ысқақов)

 

Қабыкен Мұқышев. Бала тілін біліп, оның жүрегіне жол таба білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қаншама ұлы жазушы болғанмен, кейде баланың көңілінен шыға алмауың да ғажап емес. Өйткені ол үшін биік ақыл-парасат, терең біліммен бірге ерекше сергек сезім, өзгеше табиғи дарын керек. Ал ондай адамдар өмірде сирек кездеседі.

Міне, осындай сирек кездесетін дарын иесінің бірі Қ.Мұқышев Қарағанды облысының Нұра ауданыныа қарасты Балықты деген жерде туып, балғын балалық шағын осы жерде өткізеді. 1931 ж. бастауыш білім алады да, 1932-38 жж. Қарағанды, Петропавл қалаларындағы мектептерде, одан кейін Алматы облысына қарасты Қаракемер селосындағы техникумда оқып, білімін көтереді. 1938-41 жж. Алматы қаласындағы Абай атындағы КазПИ-дің тіл-әдебиет факультетінің студенті болады. Өз мамандығы бойынша ол Алматы, Ақмола, Қарағанды облыстарының мектептерінде, Қарағанды қаласындағы оқытушылар институтында қазақ әдебиетінен дәріс береді. Облыстық радиохабарларын тарату комитетінде редактор, облыстық халық творчествосы үйінің директоры қызметін атқарады.

Ақын өз өмірінің соңғы 20 жылында таза творчестволық жұмыспен айналысады. Барлығы 15-тен астам өлең кітаптарын жазады.

Жас балдырғандар мен жеткіншектердің сауатын ашып, білімін көтерумен бірге олардың дүниетанымын молайтып, адалдық, әділдік, достық, ерлік, отансүйгіштік қасиеттерді бойына молынан сіңіріп, азаматтық болмысын қалыптастыруда көркем әдебиеттің атқарар ролін жақсы білді де, өзінің ақындық өнерін бірыңғай жас оқырманға бағыштады.

Бөбектерге арнаған өлеңдері суретті кітапшалар болып, ертегі, поэмалары жеке-жеке кітап болып шықты. Олардың басты-бастылары: «Ораз бен қораз» (1956), «Кірпі мен ит» (1959), «Көршілер» (1960), «Екі мысық» (1963), «Мысық неге етіксіз» (1965) суретті кітапшалары, «Дана мен бала» (1968) өлеңдер жинағы еді. 1971 ж. «Мысық неге етіксіз» кітапшасы орыс тіліне аударылды. Ақынның таңдамалы өлеңдері 1978 ж. «Дана мен бала» деген атпен басылып шықты.

Қ.Мұқышев ұстаз ақын болғандықтан да балалардың мінез-құлқын, ой-қиялын жақсы білді. Сондықтан да оның өлеңдерінің қай-қайсысын алсақ та, нақты сюжетке құрылған, қызық оқиғалы, әрі қысқа, әрі ғибратты болып келеді.

«Сейтек неге тентек?» деген өлеңі:

Болды бір бала

Аты еді Сейтек.

Ерке еді шора

Мінезі тентек,- деген шумақпен басталады. Әр шумағы шағын сюжетке құрылған. Оның қалай киініп, қалай жуынғаны, ас ішіп, оқуға барғаны, яғни, жүрген-тұрғанынан қырсық, қыңыр баланы көреміз. Ал осы Сейтек мектепке келгенде, керісінше, биязы мінезді бала. Оқуы да жақсы. Ақын осындай аумалы мінезді баланың психологиясын көрсеткен.

«Көршілер» өлеңінде ылғи да керісіп, бір-біріне қарсы келе беретін екі бала өрт шыққан кезде тіл табысып, күш қосып, өртті асқындырмай, дер кезінде өшіреді. Сөйтіп, олар қайтадан табысып, дос болып кетеді. Екі өлеңнің де айтайын деген ойы анық, бояуы қанақ, тілі жатық шыққан.

Қ.Мұқышев көптеген өлеңдерінде айтайын деген ойын жан-жануарлардың тірлік-тіршілігі арқылы береді. Оларға адамға тән қасиеттер жат емес. «Екі мысық», «Бақа мен шіркейлер», «Осындай достар бар» деген өлеңдерінің танытқыштық мағызы, адалдықты көрсететін идеясы бар.

Табиғаттың қайталанбас ғажап көріністерін жырлау, жас өспірімдерді әдемілікті, сұлулықты танып, бағалай білуге үйрететіні сөзсіз. Ақын бұл тақырыпқа да біраз қалам тартқан. «Көктем» өлеңі көп жырланатын мезгіл туралы қайталау сияқты көрінгенімен:

Бәйшешегі түрленді,

Иіс майын жағынып,- деп өзінше тауып айтқан.

«Бесік жыры» өлеңінің идеясымен бірге құрылысы да қызық.

Көкешіңнен келмей хабар,

Неге мұнша кешікті.

Құлыншағым, тоқтай түршы,

Қақпай ма ешкім есікті?- деп басталады. Әр шумақтан кейін қайталанып отырған екі жолды қайырмасы да тапқыр берілген.

Әлди-әлди бөпешім,

Келген шығар көкешің,-деп аяқталады.

Ақын өлеңдерінің бір ерекшелігі – тілінің ойнақылығы, балалардың қабылдауына барынша оңайлығы.

Қ.Мұқышевтің балаларға арнап жазған қай өлеңін алсақ та, ол ең алдымен тартымды оқиғаға, қызықты сюжетке, өткір ойға құрылған. Оның шығармалары өзінің осы даралығымен бағаланады. Мәселен, «Ораз бен қораз», «Кірпі мен сұрмойнақ», «Тауық пен жылан» сияқты қып-қысқа өлеңдерімен-ақ аңқаулық пен аңғалдықты әшкерелеп, батырлық пен батылдықты дәріптейді.

Ақын көлемі қысқа, шағын өлеңдермен бірге ұзақ эпикалық шығарма жазуға да шебер болған. «Алғашқы айқаста» 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшілерінің бірі Рахымжан Мәдиннің халық мүддесі үшін қол бастаған намысшыл, азаматтық ерлік ісін, «Достоевскиий туралы аңыз», «Әл-Фараби сағынышы» поэмалары ертеде өмір кешкен ұлы ақын, ғалымдардың аңызға айналған ізгі ойы мен әрекеттерін үлгі етіп ұсынады. Ақын ерлік, елдік, ізгілік, парасат, әділдік туралы ойын көбіне-көп ел аузында сақталған аңыз сюжеттері арқылы беруді қалайтын сияқты. «Күй атасы» поэмасы шығыс елдеріне аты кең тараған бірде дана қарт жырау, енді бірде күйші-композитор Қорқыт ата жайындағы аңыздардың ең бір қызықты, ғажайып терең пәлсапалы сюжетіне негізделген. Ол – Қорқыттың ажалмен шайқасы. Бар тірлікті жалмап келе жатқан ажалдың Қорқыт күйінен жеңіліп, дәрменсіз күйге түскен сәті, тәңірінің оны тағы өлім ұрығын себуге айдап салған тұстарындағы ажалдың күйзелісі психологиялық тартысқа негізделген. Ақырында, күй жеңіп, ажал тізе бүгеді. Ал «Таңат» поэмасы да халықтық даналықтан туған аңызға негізделген.

Қ.Мұқышевтің өлеңдері мен поэмалары жеке кітап боп шығумен бірге көптеген коллективтік жинақтарға, мектеп балаларына арналған оқулықтар мен оқу құралдарына енді. Мектеп және балабақша сауық кештерінде өлең боп оқылып, ән болып шырқалды. Оның қаламынан туған осы ойнақы да отты өлеңдер мен салиқалы поэмалар – қазақ балалар поэзиясының алтын қорына қосылған елеулі үлес, асыл қазына. Бұл жырлардың ұзақ жылдар бойы қазақ балаларының рухани азығы болып қала берері сөзсіз.

Әбдікәрім Ахметов (1924-1983).«Мені көркем сөзге құнықтырған қиссалар болса керек. Әкемнің өзі «әліпті таяқ деп білмесе» де, сөзге құмар кісі еді. Ал үйімізге жырау-жыршы келе қалған кеш біз үшін торқалы тойдай еді» (Ә.Ахметов)

Демек, оның әдебиеттегі алғашқы үлгі-ұстаздары халық қазынасы мен Сыр бойының сүлейлері болғаны ғой.

Ол Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының Көктөбе деген аулында дүниеге келген. 1946 жылы Харьковтың әскери-дәрігерлік училищесін бітіреді. Кейіннен Шығыс шекара округінде офицерлік қызмет атқарады.

1950 жылдан бастап «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», Павлодар облыстық «Қызыл ту» газеттерінде істейді. 1968-81 жж. Алматыда, «Жазушы» баспасында редакторлық қызмет атқарады.

Ақын 20-ға жуық өлең жинақтарын шығарды. Оның шығармаларының басты тақырыбы – соғыс тауқыметтерін көрсете отырып, бейбітшілік ұранына үн қосу. Жазушының «Кішілік - кісілік», «Ардақ пен қоян», «Жаңа жыл жыры», «Күз көріністері», «Төрт түлік пен төрт жігіт», «Жайлау әліппесі» т.б. көптеген өлеңдері аттары айтып тұрғандай, тақырып аясы кең, жас оқушыларын әдептілікке, кісілікке, табиғатты сүюге, еңбекке баулитын сәтті дүниелері. Ақын балаларға арнап мысалдар, жұмбақтар, ертегілер де жазған. Бұл оның поэзиясының ішкі жанрларының мол ауқымын көрсетеді.

Ақын қаламынан бірнеше поэма, дастандар туды. Тек сюжет, детальдар арқылы ғана кейіпкер бейнесін жасау мүмкін деп білген ақын эпикалық шығармаларының қай-қайсысын болса да оқиғаға құрады.

Ә.Ахметовтың аңыздарға негіздеп жазған поэма-дастандарының қай-қайсысында болсын, ел аузында сақталған сюжеттік оқиға көп өзгермей, сол қалпын берік сақтап отырады. Дегенмен, ақын оларды тек поэзия тіліне көшіруші ғана емес, аңыздың адамгершілік идеясын тереңірек аша түсуші.

Бүркіт Ысқақов.Балалар үшін түрлі жанрда шығарма жазып келе жатқан қаламгерлеріміздің бірі – ақын Бүркіт Ысқақов 1924 жылы Қарағанды облысының Нұра ауданында Көкмөлдір деген жерде туған. 1942 жылы әскерге алынып, Ульяновск әскери-байланыс училищесінде оқыған. Соғыстан кейін КазГУдың журналистика факультетін бітіріп, «Пионер», «Лениншіл жас» редакцияларында бөлім меңгерушісі, жауапты секретарь болып істеген. Қызмет істей жүріп, Қазақ ССР ҒА-ның аспиратурасында оқыған. Кейіннен М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында қызметте болған.

Б.Ысқақов әдебиеттің әр саласында қалам сілтегенімен, оқырман қауым оның есімін ең алдымен балалар ақыны ретінде біледі. Өйткені оның творчествосының салмағы негізінен поэзияда жатыр. Оған 1959 ж. «Сенің Отаның», 1962 ж. «Москваны тыңдаймын», 1965 ж. «Өнерпаз болсаң», 1967 ж. «Кішкене көмекші», 1974 ж. «Сенің өлеңдерің», 1979 ж. «Жылдар жырлайды», 1985 ж. «Жеткіншек» атты өлең жинақтары дәлел. Ақын поэзиясы туралы сөз болғанда, ең алдымен онда азаматтық әуен, отаншылдық үннің басым жататынын ескерген жөн.

Б.Ысқақов – қазақ балалар драматургиясын жасауға және оны дамытуға белсене ат салысқан драматург. Ол 1948 жылдан бастап мектеп сахнасына арнап «Екі оқушы», «Түймедейден түйедей», «Ағалық ақыл», «Жаңа жыл кешінде», «Бейбітшілік жеңеді» атты шағын пьесалар жазып, сол жылдардың өзінде-ақ мерзімді баспасөз беттернінде жариялады. Ал оның балалар өмірінен жазылған бір топ пьесалары мен инсценировкалары 1959 ж. «Кішкене театр», 1987 ж. «Әлімнің әлегі» деген аттармен жеке кітап болып шықты. Автордың бұл пьесаларының қайсысы болса да қызықты сюжет, тартымды оқиғаларға құрылған. Өзіндік ерекшелігі – оқиға мектеп оқушыларының өз өмірінен алынған және олардың өз күштерімен өз сахналарына қоюына лайықталып жазылған.

Б.Ысқақовтың елеулі шығармаларының бірі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» атты өлеңмен жазылған ертегісі. 1966 жылы «Қазақфильм» киностудиясы осы шығарма негізінде мультфильм шығарды. Бұл – қазақ киноөнері тарихындағы тұңғыш мультфильм болатын. Фильм бүкілодақтық экранға қабылданды, аймақтық және бүкілодақтық байқауларда бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды.

Ал 1975 жылы Нью – Йорк қаласында өткен мультфильмдердің халықаралық фестивалінде «Қола праксиноскоп» сыйлығын алды.

Ақынның «Сенің Отаның», «Үш алыптың айтысы», «Кім жүйрік» т.б. өлеңдері көп жылдардан бері орта мектептердің оқу құралдарында орын алып оқытылып келеді.