М.Әлімбаев және қазақ балалар әдебиеті 1 страница

50-ші жылдардың басынан бері әр кезде жарық көрген “Биікке-биікке”, “Жұмбақтар”, “Орақ - олақ”, “Отпен ойнама”, “Менің ойыншықтарым”, “Алатау баурайында”, “Шынықсаң, шымыр боларсың” – бүлдіршіндерге арнап жазған кітаптарының алғашқылары осылар. Орыс тілінде “Отчего да почему?”, “Ая и луна”, “Что на что похоже” атты кітаптары бар. Балалар поэзиясы саласындағы ең ірі үшеуі – 1973 ж. “Балдәурен, шіркін, балалық”, 1976 ж. “Ақсерек те көксерек”, 1982 ж. “Аспандағы әпке”. Соңғысы 1984 ж. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Бұл – қазақ балалар әдебиетіне берілген алғашқы жүлде.

“Баланы жек көрем дейтін пендені табу қиын, ондай ақынды табу одан да қиын. Бар ғұмырын, бар білігін, бар талант-дарынын жас ұрпаққа арнаған қаламгерге әр кез бас ием, шығармаларын сүйсініп оқимын. О басында мен балалар ақыны болсамшы деп армандамаған адаммын. Өзім мұғалімнің баласы болғандықтан, ұлан кезімде оқытушы болсам деп мақсат еттім. Он бес жасымда педучилищеге түсіп, оны аяқтадым”

М.Әлімбаев Павлодар облысының Шарбақты ауданындағы Маралды аулында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. КазГУ-дің журналистика факультетін бітірген. “Пионер” журналы мен “Қазақ әдебиеті” газетінде қызмет еткен.

“Өмірім - өлеңімде” деген екен С.Есенин. Барлық ақын осыны айтады. Басынан кешкені, көзімен көргені елеулі болмаса, ел құлағына жағар сөзді ақын қайдан табады? Балалар баспасөзіндегі ондаған жылдарға созылған қызметі, әсіресе, 1958 ж. тұңғыш рет шыға бастаған “Балдырған” журналында бас редактор болуы балалар әдебиетінің ерекшелігін, өзгешелігін, талап-тілектерін, мұң-мұқтажын зерттеуіне себепші болды. Осының бәрі оның бүлдіршіндерге рухани азық беруіне өз үлесін қосуына мүмкіндік тудырып, творчестволық ізденіске жол ашты.

Жас ерекшелігін елеп-ескермеу өнердегі олақтыққа итермелейді деседі, сөз өнерінде де сол. Жас ерекшелігін сақтауды мойындасақ та, бір ғажабы “жақсы шығарма жас талғамайды” деген қағида да бар. Сондықтан Мұзафар ақын: “Жазған жырларымды 7 жастағы бала да, 77-дегі қария да оқыса екен, -деп тілеймін, тілеп қана қоймай, соған талаптанамын”,-дейді.

“Өзім куәсі болған көріністерден жазылған өлеңдер қатарында айтатыным көп: “Кітап та – жеміс ағашы”, “Адалдық”, “Мысық пен құмыра”, “Қисықбай”, “Пернебек пен көбелек” т.б. жүздеген өлеңдер. Бірақ көзің түскеннің немесе көзге түскеннің бәрі шетінен өлең бола бермес. Өлең болғалы тұрғанды аңдауың керек. Сөйтсек, әр заттан, әр құбылыстан, әрбір ой-пікірден, әрбір көзқарастан поэзияны таба білу керек-ау. Жазылған өлеңнен алар ғибрат болсын, тәлім болсын. Танымдық мәні бар нәрселерді кішкентайларға поэзиялық шығарма арқылы ұсынған жемістің көп пайдасы бар. Ол үшін ақын-жазушы аса білімдар, жан-жақты хабары бар адам болуы тиісті деседі. Әлі де аз білетінімді, білген сайын көп білу керектігіне көз жеткізудемін. Ғылыми-көпшілік кітаптарға, оқымыстылар еңбегіне үңілгенді жақсы көрем. Солардан өлеңге нәр табам”

“Бала өлеңінде де тартыс, күрес, конфликт, қарама-қайшылық болуы шарт. Әйтпесе, тартыссыз өлең бөбекті қызықтырмайды.

Қарға, қарға, қарғалар

Қар үстінде жорғалар,

Боран соқса долданып,

Бұтаға кеп қорғалар.

Қысып кетсе сары аяз,

Көзден жасы сорғалар.

Қар үстінде жем көрсе,

Қапелімде қолға алар.

Екі шоқып бір қарар

Деп жолымды оңғарар.

Бұл өлең жолдарында қарға үшін қаншама қиыншылық, ауыртпалық бар. Жұдырықтай құс, панасыз жан иесі, долы боран, сақылдаған сары аяз – бәрі де бала көңілінде аяушылық сезімін тудырмай ма? Біз балалар поэзиясында шыншылдыққа осылай терең бойлай алмай жүрміз. Кішкентай оқырмандарды қызықтыра алмаудың бір кілтипаны осында сияқты.

Бала өлеңі оқиғалы, белгілі бір адамның немесе хайуанаттың әрекетін – адалдығын не арамдығын, батырлығын не бостығын, достығын не қастығын суреттейтіндей оқиғалы болғаны абзал.

Бала өлеңі ойынға құрылса, құба-құп. Диалогпен берілген өлеңдер, әсіресе, ойынға бейім. Мысалы: Бәт-бәт, бәтеңке,

Бәтеңкеде – сәтеңке.

Сауысқанның құйрығын

Санап тұрсам, он алты,

Және сегіз, және алты.

Бала өлең-жырдың әуенділігін, әнге бергісіз әсем болуын қалайды.

Бақа, бақа балпақ

Басың неге жалпақ? …..

Әр жолда алты-алтыдан дауысты дыбыс бар. Әрі ашық дауыстылар. Олақ ақындар бұл талаппен санаса бермейді, дауыссыз дыбыстарды қаптатып, өлеңді оқыған кіп-кішкентай баланың тілін күрметіп, тұтықтырып, әуреге салады. Әрине, шығарма жазып отырғанда, ешбір ақын қанша дауысты дыбыс, қанша дауыссыз дыбыс тіздім екен деп санап жатпайды. Бұл ішкі сезімнің, ақындық алғырлықтың жұмысы.

Балалар – байыпты халық. Бүгінде олардың білмейтіні аз. Талғамы биік В.Белинскийдің бір сөзі осы бүгін айтылғандай: “……Балалар жазушысы болып қалыптасу қиын, арнайы туу керек. Мұның өзі өзінше бір қабілеттілік болады. Мұнда талант қана емес, сонымен бірге өз алдына даналық та керек.”

Балалар әдебиетіне таланттылар мен табандылар ғана тұрақтайтыны содан шығар.

Балалар поэзиясының жанрлық түрлері (Н.Әлімқұлов, Ә.Дүйсенбиев, Ж.Смақов шығармашылығы)

Нұрсұлтан Әлімқұлов (1928-1982). Әр таланттың өмір жолы әр басқа, соған орай, олардың творчестволық тағдыры да әр қилы сабақталады.

Н.Әлімқұлов Алматы облысының Қаскелең қаласында туған. Орта мектепті бітірісімен, 1950 жылы ҚазМУ филология факультетіне түсіп, оны бітіргеннен кейін журналистік қызметпен айналысады. Республикалық, облыстық газеттерде, қазақ радиосында, баспаларда, 1957-59 жж. мектепте мұғалім болады. Содан кейін бірыңғай творчестволық қызметке ауысқан.

Мектеп қабырғасында жүріп-ақ жыр жаза бастаған жас талапкердің үмітін өршітіп, шын пейілмен жетекшілік еткен әдебиет пәнінің мұғалімі екен. Ал алғашқы өлеңі «Лениншіл жас» газетінің бетінде басылыпты.

Студенттік шағында Нұрсұлтанның өлеңдері республикалық газет-журнал беттерінде жиі-жиі жарық көріп, ақын ретінде таныла түсті. Ол қазақ поэзиясының екі саласында бірдей еселі еңбек етті. Оның бірі - әндерге текст жазу болса, екіншісі балаларға арнап жазған шағын өлеңдері, ертегі-поэмалары.

Кез келген ақынның кез келген өлеңі әнге текст бола алмайды. Бұл ретте ақындық дарынға қоса музыкалық қабілеттің де қажеттігі сөзсіз. Нұрсұлтанда осы екі қасиет сәтті ұштаса білген. Сондықтан болса керек, Н.Әлімқұловтың сөзіне жазылған «Әлі есімде», «Қайықта», «Армандастар», «Алтыным», «Әдемі-ау», «Жетісу», «Мойынқұмда», «Алатау» әндерін жұрт үнемі айтып жүреді. Нүрсұлтан тек үлкендерге ғана емес, сонымен бірге балаларға арналған әндерге де бірнеше өлең жазды, олары ел арасында күні бүгінге дейін орындалып келеді. «Батыр бала Болатбек» әні – сол әндердің таңдаулысы деуге болады. Ақын әндерге, ән текстеріне жарияланған түрліше бәйгелердің бірнеше дүркін жүлдегері де болды. Ал «Оңтүстікте ақ мақта» әнінің өлеңі үшін ақынға Жамбыл атындағы Республикалық әдеби сыйлық та берілді.

Үлкендерге арнап әр жанрда қалам тартқан Н.Әлімқұлов балалар әдебиетінің де белді өкілі болды. Ол өз өлең-жырларымен балаларды да үлкен қуанышқа бөлеген ақын. Ол балаларға арнап көптеген өлең-жыр, әзіл-оспақ, мысқыл, әлденеше поэма, дастан, ертегі-аңыздар жазып қалдырды.

Нұрсұлтан, әсіресе, Отан, ана, мектеп, балабақша туралы бірнеше сәтті туындылар жазды. Сондай-ақ, туған елдің көркем көрінісін, оның сұлу табиғатын да өлең жолдарына түсіре білді. Жалпы ақынның балаларға арнап жазған өлеңдерінің көбін туған жердің сұлу табиғатын, оның көркем көріністерін суреттеуге арнағаны байқалады. «Бәйшешек», «Жаңбыр» т.б. өлеңдеріндегі көріністердің бөбектердің табиғат құбылыстарын тануына тигізер көмегі мол болмақ.

Ақын Н.Әлімқұловтың балалар поэзиясындағы айрықша табысы деп оның бала мінезіне, бала тіліне құрылған әзіл-оспақ өлеңдерін айтар едік. Автордың «Қоңырау», «Бес алдым», «Телефон», «Кәмпит», «Ораз бен қораз», «Дойбы», «Маған әпер баласын», «Барабан», «Календарь», «Бес саусақ», «Қар», «Мұз» секілді өлеңдері – Нұрсұлтанның ғана емес, жалпы қазақ балалар поэзиясында өзіндік орны бар шығармалар, өйткені ақын бала мінезін жақсы біледі, оны өз өлеңдерінде дәл көрсетеді, олардың ойламаған, күтпеген жерден оқыс қойған сұрақтары, іс-әрекеттерінің көбі ақын қаламынан өлең болып шыға келеді.

Мәселен, автордың «Кәмпит» атты өлеңін алайық:

Қонақта боп мамасы,

Тұрған кезде жүргелі.

- Дастарханнан баласы, -

- Кәмпит ала жүр, - деді.

- Балам, ұят мына елден,

Осындайда сөйтесің.

- Жол - жөнекей егер мен

- Жылап қалсам қайтесің? – деп жауап қайырады.

Ақынның аталған өлеңдерінің қай – қайсысы болса да, баланың осындай тосыннан қойылған сұрақ-жауаптарына негізделіп жазылған. Бұл өлеңдердің барлығының да езу тарттыратын юморы бар. Тегінде, юмор деген кез келген балалар жазушыларында кездесе бермейтін дара қасиет.

Ән текстерін көп жазып, әбден машықтанғандықтан болса керек, ақынның әзіл-оспақ, юморлық өлеңдері көп жағдайда ойнақы, ырғақты, оқуға, айтуға, ұғуға, түсінуге жеңіл болып келеді. Осы ерекшелік есебін шығара алмай, оның шешуін «09» – дан сұрамақ болған Самат, «2» мен «3» қосып , мектептен «5» алдым деп келетін Кәкен, қоразды сағат орнына пайдаланатын Ораз, «Ай туды» дегеннен өзінше түйін жасап: «Егер Ай бүгін туатын болса, маған әпер баласын»,- дейтін Иса мінезі, іс-әрекеті айқын көрініс тапқан өлеңдерге де тән.

Ақынның әдеби мұрасындағы аса маңызды енді бір басты саласы – ертегі, поэма, дастандар. Оның қаламынан туған «Нысапсыздар», «Қораз бен түлкі», «Барабаншы қоян», «Батыр бала Болатбек», «Мұғалім», «Бала Тұрар» сияқты туындылары өте жоғары бағаға ие болған. Ақын тарихи тақырыпқа арналған поэмаларын жазарда бірқыдыру дайындық жұмыстарын жүргізіп, архивтерді ақтарып, болашақ шығармаларына едәуір материалдар жинастырған. Мұны «Батыр бала Болатбек» поэмасының кіріспесіндегі ақындық толғаныстан айқын аңғаруға болады.

Н.Әлімқұлов – балалар әдебиетіне хал-қадірінше үлес қосқан дарындардың бірі. Ол бала қылығын қапысыз басқан, сәби тілін дәл тапқан талант иесі.

Әнуарбек Дүйсенбиев (1931-1979).Әнуарбек Дүйсенбиев 1931 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ аулында дүниеге келді. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ұзақ жылдар «Балдырған» журналының жауапты хатшысы, «Жалын» баспасында бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасында аға редакторлық қызмет атқарған.

Ә. Дүйсенбиев әдебиетке елуінші жылдардың аяғында келді. Ақын балаларға арнап өлең, ертегі, жұмбақ, мазақтама, мысал жазды. Солардың баршасында ақын бала мінезін ұстанған еді. Бала мінезін бейнелеуге құрылатын өлеңдер сәби көңілге жеңіл ұялап, тез жатталып жататын. Ол әлеуметтік үлкен, күрделі сезімдерді бала көңіліне қона кетерліктей етіп, қарапайым жырлап бере білді. Бүлдіршіндердің жүрегіне Отан, Ана, Тіршілік, Тыныштық жайлы терең, шынайы сезімді, бала мінезді өлеңдер еркін ұялап жатты. Әрине, ол өлеңдермен бірге бала санасына ұлы сезімдер, тегеурінді ұғымдар да сіңісіп орныға бастады. Бұл -ақындық шеберлік жемісі еді.

Жақсылыққа, бақытқа,

Талпынған әр уақытта.

Бала біткен дос-бауыр,

Болмасын еш тосқауыл.

Ақпыз, қара, сарымыз,

Ағайынбыз бәріміз.

Ортақ болсын асқар-тау,

Жеміс толы бақша-бау.

Болсын жер мен су да ортақ.

Ақпыз, қара, сарымыз,

Ағайынбыз бәріміз,-деп жырлады ақын халықтар достығын.

Балалар үшін қандай күрделі, қиын ұғымдарды ақын қарапайым бала тілімен жеткізіп отыр?! Бұл – мынау қат-қабат ғаламат дүниеге бала көзімен қарау, сәбилер көңілін, үміт-тілегін өлеңде өрнектеудің әдемі үлгісі. Өлең – балалардың уыз көңіліне адамгершілік гуманизм өнегелерін ұялатады. Қоғам тіршілігі, ізгілік, достық жөнінде қос-қабат ойлар бар өлеңде. Әрі өлең жаттауға жеңіл.

Қазақ поэзиясында аналар жайлы бірінен-бірі өткен рухы биік қаншама өлеңдер бар. Соның баршасы балғын саналы бала көңіліне ұялай кетеді десек, қателесеміз. Ол өлеңдер нашар да емес. Тіпті үздік-ақ. Бірақ, аудиториясы басқа. Аналар рухын, аналардың ақ сүтін, құдіретін балаларға жеткізу үшін бала көңіл жыр керек. Өлеңнен сәби жүректің дүрсілдеген үні естіліп тұруға тиіс. Сонда ғана балалар ол өлеңді қабылдайды. Әнуарбектің әдебиетке ең алғашқы қадамындағы «Ақ мамам» осындай оңтайымен туған өлеңнің бірі:

Мен деп кірпік қақпаған,

Менсіз тағам татпаған.

Бақыты үшін балаңның,

Аман-сау жүр, ақ мамам.

Ананы ардақтау ауыз әдебиеті асыл үлгілерінен соң сәби санасына осынау бала көңіл қарапайым, бала көзімен қарағанда назды, сазды өлең құдіреті арқылы сіңеді. «Ақ мамам» өлеңіне ән шығарылып (ән авторы: Ә.Бейсеуов) бала бақшалар мен мектептерде шырқалатыны да сондықтан. Жаттауға жеңіл, жүрекке жылы бұл өлеңнің Ананы ардақтап, қастерлеуге бастайтыны хақ. Бұл өлең де тынысты тақырыпты ақынның балаға лайықты кілтін тауып жырлай білетіндігінің бір көрінісі.

1956 жылы Ә.Дүйсенбиевтің «Парадта» атты тұңғыш жинағы жарық көрді. Дауылы мен жалыны бір, о шеті мен бұ шеті көз жеткісіз, буырқанған көк теңізге беттеген үміт қайығы. Атаның немересіне, әкесінің ұлына айтқан айтқан ақылы, қарт ананың мазасыз қамқор көңілінен шыққан бесік жырлары, сарынды, жарасымды өсиеттерінің көкейге қона кеткендері де баршылық.

Оқуда – бүгін еңбекте,

Ертеңгі күні мектепте.

Орындап халық талабын,

Әрқашан алда боламын.

«Болмайды соғыс» өлеңі де салмақты, жап-жақсы әсер қалдырады.

Жер шарында әр елде,

Айтады адал жан тегіс.

Болмайды соғыс әлемде,

Болмасын қайта қан-төгіс.

Бұл үлкенге де, кішіге де ортақ мақсат, ортақ ұран. Бейбіт өмірдің бір-ақ тілі бар, ол бейғам тыныштық, бесік әлдиі.

Ақын өлеңдерінің ендігі бір тобы ата-ана мен сәби арасындағы тәрбиелік қатынасқа негізделген. Араға жыл салып (1957 ж.) оқырман қауымға ұсынылған «Не деу керек?» атты суретті кітапша лезде мектеп, бала бақша сахналарының төрінен орын алды. Небәрі тәрбиелік жүйедегі бес-ақ шумақтық бір өлең.

Анаң сенің базардан

Алма сатып әкелді.

Ең жақсысын тәуірін

Саған таңдап әперді

- Не деп барып жеу керек?

- Рақмет сізге деу керек.

Мұндағы жауаптың тақпақтық тұрғыдан берілуі заңды. «Не деу керек?» секілді ауызекі сөйлеу формасы пайдаланылған өлеңдерін алыңыз, күнделікті тіршілікте әрбір шаңырақта қайталанып жататын қарапайым көрініс. Кез келген өлең бұлай қоштатып, қызу қол соқтырмас.

Әнуарбек Дүйсенбиев әлеуметтік үлкен ой-сезімдерді қарабайырлыққа, жаттандылыққа ұрынбай, балалардың қабылдау ерекшеліктеріне сай жырлап бере білді.

Ол өлеңді бала мінезіне, сәбидің іс-әрекетіне құрады. Юмор – ақын өлеңдерінде бүлкілдей соғатын қан тамыры секілді. 1977 жылы ақынның Жалын баспасынан «Тілазар» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Оның өлеңдері юмормен қоректенеді. Бұл – шығармашылық үлкен мақсаттан туған саналы әрекет. Юмор – ақын өлеңдерінің ажарын аша түсетін әдемі бояу. Бұл тәсіл ақынды жалаң ақыл айтудан сақтайды. Әрі өлеңге мінез дарытады. Тәрбиелік сипатына келетін болсақ, бала үйренерін, жиренерін өзі өлең бойынан көріп, ойланады. Жеңіл юмор өлеңге жылылық, ерекше бір еркелік дарытады, назды жарасым береді. Бір мысал:

Жеп тұр Әсет алманы,

Інісін еске алмады.

Маған да аздап бер, - дейді,

Әсет оған бермейді.

-Кәкай, жеуге болмайды,

Айта көрме ондайды.

Шірік алма, - деп қойды,

Сөйтті де өзі жеп қойды.

Мұндай әзілі жарасымды ойнақы өлеңдер, тіл үйірер тәтті секілді оқушысын баурап алады. Тәрбиелік сипаты да жетерлік, қонымды. Ойдың юморлық образ арқылы көркем жеткізілуі осындай болып келеді.

Ә.Дүйсенбиевтің бірсыпыра өлеңдері бала ойынына құралады. «Қуыршақ» өлеңінен сәби кейіпкердің қуыршағына үлкен болып сөйлеп, сырласып отырғанын байқаймыз.

Ай, Қуыршақ, Қуыршақ,

Жуынбайсың, жуынсақ.

Беті-қолдың батпағын

Елең қылмай жатқаның...

Қашан адам боласың?

Өлеңді оқыған сәби көңіліне «өзім қандаймын?» деген сауал оралады. Ал, ата-ананың «Қуыршақтан айырмаң қайсы?» - деп ұялтуына да дәлел бар. Ақын өлеңі, осындай тәрбиелік, ата-ана мен бала арасына дәнекенерлік роль де атқарады.

Ақында «Поезд келеді» дейтін өлең бар. «Ду. Ду. Ду. Дук. Дук.», «Поезд келеді». «Ду. Ду. Ду. Дук. Дук!», «Бәрі жол береді» - болып басталады. Бұл да балалар ойынына құрылған өлең. Балалар әдебиетімен таныс емес оқушы үшін бұл, әрине, өлең болып сезілмеуі мүмкін. Шын мәнінде бұл өлеңнің жөн-жобасы былай: Бұл – ең төменгі жас мөлшеріндегі сәбиге арналған. Бала ойынына құрылған өлеңнің шығармашылық психологиясына зер салсаңыз, сәбидің ойнай жүріп, айта отырып жаттауына лайықталған. Сәби сол «Дук. Дук!» -ты айта жүріп жаттығады. Айта жүріп өлең сөздің қадір-қасиетін тұшынады. Демек, өлеңді балалар ойынына құру арқылы тәжірибелі талант балалар көңіліндегі поэзияны оятқысы келеді екен.

Балаларға жазатын автор алдына талай қиындықтың тосылуы заңды. Өлеңге айналатын өмір құбылысының балаға түсініктілігі баланың жас мөлшері, оқушы ретіндегі қабылдау мүмкіндігі, ұлттық таным процесі, дала баласы ма, қала баласы ма, міне, осының баршасы қаламгер алдына сәт сайын тосылар сауалдар. Бәлкім, ұлы сыншы В.Г.Белинскийдің балалар жазушысы болып арнайы туылу қажеттігі жайлы пікірі - әдебиеттің бұл саласының сан алуан қиындығынан туған болар. Шартты түрде айтылып жатқан, балалар әдебиетінің көп-көп талабын Әнуар ақын талант бейімі мен талмай ізденуінің арқасында жеңді.

Ә.Дүйсенбиев ауыз әдебиетіне бөбектер махаббатын ояту үшін қызмет етті. Ізденді. Ақын қаламынан шыққан ертегі, аңыздар ауыз әдебиеті үлгілерінің формасы пайдалана жазылған жұмбақ, мысалдар кеше мен бүгіннің, фольклор мен қазіргі әдеби процесс арасына дәнекер болудың әдемі үлгісі. Ақын тақырыпты пайдалансын, формасын үйренсін, бірақ ауыз әдебиеті аясында қалып қоймаған еді. Олар шығармашылықпен игерілген, дербестігін сақтаған өлеңдер. Сол ертегі, аңыздарды ақын былай бастап кетеді:

Атасының тентегі,

Әжесінің көркемі,

Жетер елтең-селтеңің,

Тыңда отырып ертегі.

Ақын ата-ананың, ертекшінің, эпос айтушыларының мәнерін өз атынан бөбектерді еркелете назды қайталайды.

Ә.Дүйсенбиевтің «Айдың арғы бетінде» атты өлеңі шап-шағын жырда айды танып білуіміздің өткені, бүгінгі, ертеңі шымыр жолдармен жап-жақсы қамтылған.

Ай ұялшақ баладай

Жерге тура қарамай

Бізден бұрып бір бетін,

Көрсетпейтін суретін.

Бұл өткен күндер өрнегі.

Біздің ғалым ағалар

Біздің ғалым апалар

Ашты жолды асқарға

Ашты жолды аспанға.

Бүгінгі күніміздің бейнесі.

Әлі ұшамыз алысқа

Алыс айға Марсқа.

Бұл келешекке көз жіберу.

Мұндағы оптимистік түйін – сенім. Ертегі, аңыздардың сәбилер үшін маңызы өте зор. Қиялына қанат бітіріп, алыс-алыс жолға шақырады.

Ә.Дүйсенбиев біраз ертегі жазған. Әрқайсысының берер тағлымы әр қилы. Ақынның «Ботинка, Шұжық, Балқаймақ» ертегісі көркемдігі мен тәсіліне қарай өзгелерінен бөлек. Шоқтығы биік. Мысық, күшік, тышқан дүниедегі ең жақсы нәрсе деген не дегенге таласып, бір шешімге келе алмайды. Олар шындық іздеп сиырға жүгінеді. Адам еңбегіне бас иеді. Өлең жазар автор түйіні осы.

Түркі тілдес халықтар әдебиетіндегі Қожанасыр секілді халықтық, юморлық герой атына байланысты анекдот, әңгімелердің ізімен өлең жазу да Ә.Дүйсенбиевтің шығармашылығынан орын алған.

Қожекең тым шат бүгін,

Шулатып жүр көшені,

Айтады елге шаттығын,

Жоғалтыпты есегін, - дейді ақын бір өлеңінде. Балғын бөбек бұл өлеңді оқып болып, Қожекең есегінің жоғалғанына неге қуанады, - деп сәл тосылары даусыз. Мәселенің мәні келесі шумақта:

Жатыр едім төсекте,

Ол жоғалар кезінде,

Мініп жүрсем есекке,