Трансдермальды және буккальды нитраттар

Трансдермальды пластыр түріндегі нитраттар: депонит – 5, депонит – 10 (нитроглицериннің 5 және 10 мг), нитродерм (50 мг); жақпамай түріндегі нитраттар: жақпамай – нитро 2%, нитрол, нитробид, миовин.

Буккальды түрлері жоғары қызыл иек үстіне салатын пластинка түрінде шығарылады: тринитролонг (1, 2, 4 мг); динитросорбилонг (20-40 мг).

Нитраттарды қолдану дозалары және басқа да ангинальдық ауырғандықтың алдын алу үшін қолданылатын дәрілер 1-кестеде келтірілген.

Бета-адреноблокаторларсимпатикалық нерв жүйесінің белсенділігін азайтады, оның өзі миокардтың жиырылғыштығын және қан қысымын төмендетеді, жүректен айдалатын қан көлемін азайтады. Оның нәтижесінде миокардтың оттегін қажет етуі азаяды.

Бета-блокаторлар кардиомиоциттерді катехоламиндердің зақымдаушы әсерінен сақтап, кардиопротекторлық әсер көрсетеді.

Антиангинальдық және гипотензивтік әсерден басқа, b-адреноблокаторлар мембрананы тұрақтандыру және катехоламиндердің аритмиялық әсерін бейтараптау арқылы, антиаритмиялық та әсер көрсетеді. Олар миокард инфарктісі дамуы мен кенеттен болатын өлімнің алдын алулары да мүмкін.

Бета-блокаторлардың жағымсыз әсерлеріне бронхоспазм тудыру, шеткі қан айналысын нашарлату (метаболизм арқылы спазм тудыру), теріс инотропты әсер, брадикардияның пайда болуы, атриовентрикулярлық өткізгіштіктің бұзылуы, импотенция (еркектегі белсіздік) жатады. Ұзақ уақыт қолданғанда қанда ТТЛП мен триглицеридтерді көбейту арқылы олар атерогендік әсер көрсетеді. Бета-блокаторлардың әлсіз жағымсыз әсерлеріне әлсіздік, депрессия, ой қызметінің төмендеуі, тұздың жиналуы және қант диабетімен ауыратындарда болатын гипогликемияға бейімділік жатады. Оларды беруді кенет тоқтатқанда симпатикалық стимуляцияға сезімталдықтың артатынынан миокард ишемиясы көрініс беруі мүмкін, сондықтан бета-блокатор беруді біртіндеп тоқтату керек.

Бета-адреноблокаторларды бронх-обструкциялық ауруларда, шеткі артериялардың ауыр ауруларында (облитерациялы атеросклероз, Рейно синдромы), атрио-вентрикулярлық блокада, көзге түсерліктей брадикардияда және артериялық гипотензияда беруге болмайды. Шарт-ты қарсы көрсетпелерге жүрек әлсіздігі, жара ауыруы және инсулинге тәуелді қант диабеті жатады.

Бета-адреноблокаторлар кардиоселективті (b1-адренорецепторларды басым бөгейді) және кардиоселективті емес (b1-b2 рецепторларды бөгейді) бета-блокаторлар болып бөлінеді. Кардиоселективті де, кардиоселективті емес те бета-адреноблокаторлардың ішінде бета-адрено-рецепторларды бөгеп қана қоймай оларды аздап стимуляция жасайтындары да болады (агонистік әсер), яғни мұндай бета-блокаторлардың ішкі (өзіндік) симпатомиметикалық белсенділігі болады.

Келтірілген мәліметтерге қарап бета-блокаторлардың төмендегідей түрлерін ажыратады:

1) Кардиоселективті, ішкі симпатикалық белсенділігі жоқ b1-блокаторлар: атенолол, метапролол, талинолол;

2) Кардиоселективті, ішкі симпатикалық белсенділігі бар b1-блокаторлар: ацебуталол;

3) Кардиоселективті емес, ішкі симпатикалық белсенділігі жоқ b1-b2 блокаторлар: пропроналол, надолол, тималол, соталол;

4) Кардиоселективті емес, ішкі симпатикалық белсенділігі бар b1-b2- блокаторлар: окспренолол, пиндалол, альпреналол, бопиндалол;

5) Бета-адреноблокаторлық та, альфа-адреноблокаторлық та әсері бар адреноблокаторлар: лабеталол, целипролол, проксодолол.

Бета-адреноблокаторлардың әр түрлі өкілдерінің антиангинальдық әсерінің бір-бірінен онша айырмашылығы жоқ. Бета-1-селективті препараттар (метопролол, атенолол) орташа дозада бронх өткізгіштігі мен перифериялық қан ағысын онша нашарлатпайды, ал жоғары дозада олардың кардиоселективтігі сақталмайды. Ішкі симпатомиметиктік белсенділігі бар препараттар тыныш күйде ЖЖЖ анағұрлым аз сиретеді. Майда еритін b-адреноблокаторлар (атенолол, надолол) ұзақ әсер етеді және ОНЖ нашар өтеді, сондықтан олардың жағымсыз әсері аз болады.

20-кесте