Жара ауруының асқынулары. 2 страница

Пирензипинді 50 мг 1 рет кешкі тамақтан 30 минут бұрын, сәйкестігіне қарай 12-16 апта және 8 апта бойы қабылдайды.

Жүрек айну мен құсуды жою үшін моторлы – эвакуациялық функцияны түзеу керек. Ол үшін орталық допаминдік рецепторларды бөгейтін дәрілер қолданылады:

- метоклопрамид (реглан, церукал): 5-10 мг күнге 3 рет тамаққа дейін 15-20 минут бұрын ішке қабылдайды, ауыр жағдайларда – бұлшық етке немесе венаға 2 мл (10 мг) күнге 1-3 рет егеді;

- домперидон (мотилиум): 10 мг күнге 3-4 рет тамаққа дейін 15-20 минут ішке қабылдайды немесе балауыз түрінде қолданылады (30 мг);

- тримебутин маллат (деридат) 150 мг 3 рет күнге, тамақтан 15 минут бұрын; ем курсі 7-10 күн;

- сульпирид (эглонил, догматил) бұлшық етке 100 мг (5% ертіндінің 2 мл) күнге 2 рет егіледі немесе 50 мг күнге 4 рет ішке қабылданады.

Тоқтамай жүрек айнығанда, әсіресе химиотерапияға байланысты жүрек айнығанда қолданылатын таңдамалы дәрі зофран болып табылады: 8 мг күнге 2 рет ішке қабылда-нады немесе 8 мг венаға егіледі; алдын алу мақсатында химиотерапияның алдында қолда-нылады.

Кілегей – бикарбонатты бөгетті қалпына келтіру үшін ликвиритон (0,1-0,2 мг күнге 3 рет тамаққа дейін) және биогастрон (100 мг 3 рет тамаққа дейін 1-ші апта бойында, кейін 50 мг 3-4 рет). Ем курсі – 4 апта. Простагландин Е1 синтетикалық аналогы – сайтотек те қолданылады, тәулігіне 3-4 рет тамақ қабылдау кезінде және түнге қарай. Ем курсі – 4-8 апта.

Реперативтік процестерді стимуляциялау. Ол үшін қолданылатын дәрі-дәрмектер: натрийдің оксиферрискарбоны (бұлшық етке 30-60 мг күнге), солкосерил (бұлшық етке 2-4 мл күнде), гастрофарм 1 таблеткадан күнге 3 рет тамаққа дейін, этаден 10 мл күнге 2 рет (1% ертінді – 5 мл ампулада), бүрген майы (ішке 10 мл 2-3 рет күнге), ретаболил (бұлшық етке, 50 мг 1 рет аптасына), метилурацил (0,5 күнге 3 рет), В, С, А топтарының витаминдері, алоэ шырыны және басқа биогендік стимуляторлар. Ем курсі 3-4 апта.

Емге төзімді (резистентті) жаралар. Егер 8 апта емделген асқазан жарасы және 4 апта емделген он екі елі ішек жарасы жазылмаса, ондай жара емге төзімді (резистентті жара) деп аталады. Мұндай жағдай болуы мүмкін себептер:

1) аденокарциноматоз, пенетрациялы жара;

2) анықталмаған аурулар: Золлингер – Эллисон синдромы, гиперпаратиреоз, жүйелі мастоцитоз;

3) тыртықтануды кідіртетін факторлар: басқа ауруларға байланысты дәрі қабылдау, шылым шегу, диагнозы қойылмаған қосалқы процестер: холецистолитиаз, созылмалы активті гепатит, ішек дисбактериозы, он екі елі ішек түйілуі.

Төзімді жараларда әдетте басқа құрама ем қолданылады, ем курсі ұзақ болуы керек және тамақтың асқазанда кідірісін болдырмайтын ем қолданылуы керек. Онымен қатар, емнің курсіне емге төзімділіктің себебін және жара ауруының даму барысын ескеріп, түзету енгізу керек.

Хирургиялық ем көрсетпелері:

1) тиісті ем нәтиже бермейтін қан кетулер;

2) перфорациялар;

3) асқазан қақпағының стенозы;

4) пенетрация;

5) асқыну болған жараның (тігілген перфорациялы жара, қан кету) жүргізілген емге қарамай қайта өршуі;

6) емнің нәтижесінде жара 6 ай бойы тыртықтанбауы және оның жиі қайталауы.

Еңбекке қабілеттіліктің қалпына келу критерийлері: аурудың асқынуының жойылуы, клиникалы – эндоскопиялық ремиссияға («алқызыл тыртық») қол жеткізу, рентгенологиялық бақылау мүмкін жағдайда – «ойық» симптомының жойылуы.

Еңбекке уақытша жарамсыздықтың орташа мерзімдері: сирек қайталауларда (1-3 жылда 1 рет) – 3-4 апта; жиі қайталауларда (жылына кем дегенде 2 рет қайталаудан көп) – 40-50 күн. Жараның ауыр, үзілмей қайталамалы дамуында және асқынулар болған жағдайда – 2,5-3 ай.

Санаторийлы-курорттық ем аурудың ремиссия кезеңінде жүргізіледі. Оны аурудың қайталауы кезінде және асқынуы болса, қолдануға болмайды. Санаторийлық – курорттық емге аурудың қайталауы тоқтағаннан кейін 2-3 айдан соң, жедел жара ауруында – стационардан шыққаннан кейін жіберіледі. Ең белгілі курорттар: Ессентуки, Железноводск, Боржоми, Старая Русса, Феодосия, Дарасун, Юрмала, Одесса, Арзни, Миргород, Морщин, Сары – Агач; жергілікті санаторийлар, санаторий – профилакторий қолда-нылады.

Диспансерлеу және профилактика. Жара ауруымен ауыратын адамдар диспансерлік есепке алынады. Олар жылына 2 рет қаралып, жалпы клиникалық және қосымша тексерулер өтіп тұрады. Асқазан мен он екі елі ішек рентгеноскопиясы жылына 1 рет, гастродуоденоскопия – жара тыртықтанғаннан кейін 2-3 ай өткен соң, кейін жылына 2 рет (күзде және жазғұтұрым) және көрсетпелер болуына қарай жасалады.

Жара ауруының қайталауының алдын алу шаралары: 1) салауатты өмір салтын қалыптастыру шаралары мен еңбек жағдайын жақсарту шаралары (науқас адамның психоэмоциональдық бейімделуі, зиянды машықтардан бас тартуы, жұмысқа орналасу);

2) Диеталық тамақтандыруды ұйымдастыру: тамақтану режимін (тәртібін) сақтау (күнге 5-6 рет, бір мезгілде), сөл бөлуді көбейтетін және асқазанның және он екі елі ішектің кілегей қабығын тітіркендіретін тағамдарды қолданбау;

3) Жылына 2 рет алдын алу мақсатында (күзде және жазғұтырым) дәрімен емдеу.

Жара ауруы рецидивінің алдын алу шараларын төменде келтірілген схемалардың біріне қарап іске асырады:

1) бірнеше ай тіпті жыл бойы антисекреторлық дәрілердің жарты тәуліктік дозасын үздіксіз сүйемел ем түрінде қабылдау. Эрадикация емі нәтиже бермеген жағдайда, рефлюкс – эзофагитте, асқынған жараларда, БҚҚП және басқа «ульцерогендік» дәрілерді қабылдау керек болғанда, жасы 60-тан жоғары ауруларда қолданылады.

2) «Талапқа» қарай емдеу, антисекреторлық препараттың біреуін толық тәуліктік дозада 2-3 күн, кейін екі апта бойы – жарты дозада қабылдайды. Рецидивтің алдын алудың бұл емін тыртықтанған жараларда және сенімді түрде НР эрадикациясы болған жағдайда аурудың қайталау белгілері бой көрсетсе, қолданады.

3) Санаторийлық – курорттық ем.

Диспансерлеудің тиімділігінің критерийлері: аурудың қайталауының сиреуі, негізгі ауру бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімінің азаюы. 5 жыл бойы аурудың қайталауы болмаса, науқас адамды диспансерлік есептен шығарады.

МӘСК жолдама берілетін жағдайлар: жара ауруы үздіксіз қайталаған жағдайда, хирургиялық емдегеннен кейін болатын постгастрорезекциялық және постваготомиялық синдромдардың декомпенсациялы дамуы.

Прогнозы. Асқынуы жоқ жара ауруының болжамы жағымды болып келеді. Егер науқас адамдардың қызметі ретсіз (жүйесіз) тағамданумен байланысты болса, оларды жұмысқа орналастыру керек. Ауру ауыр дамығанда және асқазан мен он екі елі ішектің қызметі бұзылған болса, науқас адамға мүгедектік белгілеу керек.

 

 

Ішек аурулары

Созылмалы энтерит

 

Созылмалы энтерит (СЭ)– жіңішке ішектің кілегей қабығында регенерациялық процестердің бұзылуымен, онда атрофия мен склероздың дамуымен және жіңішке ішектің барлық функциясының бұзылуымен сипатталатын жіңішке ішектің созылмалы қабынулы – дистрофиялық ауруы. Мамандандырылған стационарға түскен 1000 науқас адамның ішінде СЭ үлесіне 91,6 тиеді. Жіңішке ішектің проксимальды бөлігі басым зақымданатын созылмалы энтерит еюнит деп, ал дистальді бөлігі басым зақымданатын созылмалы энтерит илеит деп аталады.

Этиологиясы және патогенезі. СЭ полиэтиологиялық ауру.

СЭ ең жиі себептері – бұрын болған ішектің инфекциялық аурулары (дизентерия, сальмонеллез, кампилобактериялар, иерсениялар, токсикоинфекция қоздырғыштары), қарапайымдар мен ішек құрттары (лямблиялар, аскарида, балантидий, жалпақ лентец т.б.), энтеровирустар.

Созылмалы энтериттің дамуында алиментарлық фактордың да маңызы болады (құрғақ тамақтану, үйлесімсіз қоректену, өткір тұздықтарды көп қолдану). Созылмалы энтериттің себебі алкаголь, тағамдық аллергия (ең аллергенді тағамдарға сүт, балық, шоколад, жұмыртқа жатады), улы заттар (мышьяк, қорғасын, сынап, цинк, фосфор), дәрілер (бейстероидтық қабынуға қарсы дәрілер, цитостатиктер, глюкокортикоидтар, антибиотиктар және т.б.), иондаушы сәулелер (іш қуысы мен кіші жамбас ішіндегі қатерлі ісіктерді сәулемен емдегенде байқалады) де болады.

Созылмалы энтерит ащы ішек – соқыр ішек өзегінің жетіспеушілігінде де (тоқ ішек құрамының жіңішке ішекке қайта құйылуы), фатер емізегінің жетіспеушілігінде де (өттің ас қорытуға қатыспай жіңішке ішекке ағуы), ішек дамуының кемістігінде де (мегаколон) бой көрсетеді.

Көрсетілген себептердің тура әсерінен туындайтын СЭ, бірінші ретті деп аталады.

Екінші ретті созылмалы энтерит асқорыту органдары ауруларында (жара ауруы, созылмалы гепатит, бауыр циррозы, өт жолдары мен ұйқы безінің аурулары), бүйрек аурулары мен созылмалы бүйрек жетіспеушілігінде, дәнекер тінінің жайылмалы ауруларында, экземада, псориазда, эндокриндік ауруларда (қант диабеті, тиреотоксикоз), жүрек-тамыр жүйесінің, тыныс мүшелерінің ауруларында байқалады.

Барлық себептің әсерінен жіңішке ішектің кілегей қабығында қабыну процесі, дистрофиялық өзгерістер және кілегей қабық регенерациясының бұзылуы дамиды. Бұл жағдайда энтероциттердің екшеленуі (дифференциациясы) эпителий пролиферациясынан қалыңқы болады, сондықтан функциональдық тұрғыдан сапасыз энтероциттер пайда болады, оның өзі кілегей қабықтың атрофиясының дамуына, жіңішке ішектің функцияларының (ас қорыту, сіңіру, моторлық және секреторлық) бұзылуына жағдай жасайды.

Жіңішке ішек зақымданғанда жіңішке ішектің иммундық жүйесінің қызметі бұзылады, микробтық аллергия, тағамдық аллергия және дисбактериоз дамиды. Дисбактериоздың дамуында антибиотиктерді тиімдісіз қолданудың да белгілі бір рөлі болады. Сонымен қатар, жіңішке ішектің зақымдануына қоса гастроинтестинальдық эндокриндік жүйе қызметінің бұзылуы (асқазан – ішек жолында гормондар өндіріледі – гастрин, мотилин, соматостатин және басқа), ферментопатиялар (бірінші және екінші ретті) орын алады. Бұл өзгерістер де қабыну – дистрофиялық өзгерістердің үдей түсуіне және жіңішке ішектің кілегей қабығының регенерациялық қабілетінің төмендеуіне жағдай жасайды. Оның өзі жіңішке ішек қызметінің бұзылуын тереңдете түседі. Жіңішке ішектің функцияларының бұзылуы экстраинтестинальдық бұзылыстарға әкеліп соқтырады.

Патоморфологиясы. Созылмалы энтеритте жіңішке ішектің кілегей қабығында қабыну және дистрофиялық өзгерістер болады, процесс үдеген кезде атрофия мен склероз пайда болады. Жіңішке ішектің бөліктері (еюнит, илеит) немесе барлық жіңішке ішек (энтерит) зақымданады.

Классификациясы. СЭ жалпы қабылданған классификациясы жоқ. Қолданылып жүрген классификацияның қысқартылған варианты:

1. Этиологиясына қарай:

Инфекциялық СЭ

Паразитарлық СЭ

Токсикалық СЭ

Дәрілік СЭ

Алиментарлық СЭ

Радиациялық СЭ

Жіңішке ішекке жасалған операциядан кейін СЭ

Ішектің туа болған кемістіктері мен энзимопатиялары

Илеоцекальді өзек пен үлкен дуоденальдық емізік жетіспеушілігіндегі СЭ

Екінші ретті (басқа ауруларда болатын) СЭ

2. Басым орнына қарай:

Созылмалы еюнит

Созылмалы илеит

Созылмалы энтерит

3. Жіңішке ішектегі морфологиялық өзгерістер сипаты:

Атрофиясыз энтерит

Орташа дәрежелі парциальді бүрлі атрофия бар СЭ

Субтототальды бүрлі атрофия бар СЭ

4. Клиникалық даму барысы:

Жеңіл даму барысы

Орташа ауыртпалықты даму барысы

Ауыр даму барысы

5. Аурудың фазасы:

Өршу фазасы

Ремиссия фазасы

6. Жіңішке ішектегі функциональдық бұзылыстар сипаты:

Асқорыту жетіспеушілігі (мальдигестия) синдромы

Ішекте сіңу жетіспеушілігі (мальабсорбция) синдромы

Экссудатты энтеропатия синдромы

Жіңішке ішектің көп функциональды жетіспеушілігі синдромы (энтеральдық жетіспеушілік).

Клиникасы. СЭ барлық клиникалық белгілері жергілікті және жалпы белгілер болып бөлінеді.

Жергілікті, біріккен жалпы «ішек диспепсиясы» деп аталатын белгілерге (себебі олар негізінен қуыстық және қабырғалық ішектік ас қорытудың бұзылуынан пайда болады) дәретке отырудың бұзылуы, метеоризм, ішектің шұрқырауы мен аударылып – төңкерілу сезімі, кіндік айналасының немесе барлық іш маңының ауыруы жатады.

Дәретке отырудың бұзылысы диарея түрінде көрініс береді. Энтеритте үлкен дәрет өте ауқымды (тәулігіне 300 г жоғары), сұйық, кейде ботқа тәрізді, ақшыл-сары түсті болып келеді, онша жиі емес (тәулігіне 3-8 рет), жиі ертеңгі және кешкі уақытта (ас қорытудың шыңына жеткен кезде) байқалады, құрамында қорытылмаған тамақ қалдықтары (лиентерия), бұлшық ет талшықтары (креаторея), май тамшылары (стеаторея) болады. Нәжісте қан мен кілегейдің болуы ауруға тән емес. Кейде тамақ қабылдағаннан кейін өте күшті үлкен дәретке отыру сезімі пайда болады, мұндай дәрет көлемді және өте сұйық болып келеді. Дефекацияға қоса жалпы әлсіздік, қолдардың дірілдеуі, тахикардия және артериялық гипертензия байқалады. Бұл белгілер функциональдық демпинг – синдромының белгілері болып табылады және тамақтың ішек бойымен тез қозғалысының, тез сіңуінің және инсулиндік аппаратты тітіркендіруден пайда болады. Іріңдеу процесі басым болған жағдайда нәжістің сасық иісі және сілтілік реакциясы болады, ал ашыту процесі басым болса, онда нәжісте ауа көпіршіктері болады, нәжістің реакциясы қышқыл болып келеді. Созылмалы энтеритте диарея ішектік гиперсекреция мен экссудация, жіңішке ішекте осмотикалық қысымның көтерілуі, нәжістің ішек бойымен тез қозғалуының нәтижесінде туындайды.

Метеоризм ең жиі күннің екінші жартысында байқалады, оған қоса іштің орташа дәрежеде ауыруы, жүрек соғуы байқалады, кейде ол тәтті тағамды, сүтті және құрамын-да сүт бар тағамдарды көтере алмау түрінде белгі береді, газ кетіп, дефекация болғаннан кейін азаяды. Метеоризмге жиі қоса іштің шұрқырауы мен аударылып – төңкерілу белгі-лері болады.

Созылмалы энтеритте болатын ауырғандық кіндіктің айналасында (еюнитте) және мықын аймағында (илеитте) болады, кейде барлық ішке тарайды. Пайда болу тегіне қарай ауырғандық спастикалық ауырғандық (ұстама тәрізді, кіндік айналасында болады), метеоризмге байланысты пайда болған (тұрақты, газ кеткеннен кейін азаяды), мезентериалдық ауырғандық (мезадениттен кейін туындайды, тұрақты болып келеді, дефекация мен газ кеткеннен кейін және спазмолитиктерден кейін тоқтамайды), ганглионит салдарынан болған ауырғандық (тұрақты, күйдіріп ауыру, дефекация және газ кеткеннен кейін тоқтамайды) және аралас сипатты ауырғандық (көбіне спастикалық ауырғандық пен метеоризм нәтижесінде пайда болған ауырғандық қосылғанда байқалады) болып келеді.

Іштің шұрылдауы мен ақтарылып – төңкерілуі әдетте тағамдық аллергияның (сүтке аллергияның) және ішекте лактаза ферментінің жетіспеушілігінде байқалады.

Науқас адамды тексергенде төмендегідей жергілікті энтеральдық симптоматика табылады:

1) тілдің ақшыл – сұрғылт жамылғымен жабылуы;

2) іштің кебуі, көбіне кіндік айналасының кебуі;

3) Образцов симптомы (соқыр ішекті сипап тексергенде шалпыл және шұрқырау белгілерінің анықталуы);

4) мезаденитке байланысты анықталатын ауырғандық нүктелері: а) Поргес нүктелері – кіндіктің сол жағында және жоғары ХІІ кеуде және І бел омыртқа деңгейі; б) Штернберг нүктесі: 1-ші – ащы ішек – соқыр ішек аймағы; 2-ші – кіндіктің оң жағында ІІ бел омыртқа деңгейі.

Жалпы энтеральдық симптоматика СЭ орташа ауыртпалықты және ауыр даму барысында байқалады және мальдегистия синдромы (жіңішке ішекте ас қорытылудың бұзылуы) мен мальабсорбция синдромының (ішектің сіңіру функциясының бұзылуы) салдарынан туындайды. Науқас адамда жалпы әлсіздікке, дел-салдыққа, еңбекке қабілеттің төмендеуіне, көңіл-күй бұзылысына, тәбеттің төмендеуіне, жадының әлсіреуіне шағым болады. Кей науқаста функциональдық демпинг – синдромының белгілері болады. СЭ болатын жалпы белгілерге әр түрлі зат алмасу бұзылуының белгілері, эндокриндік дисфункция белгілері және басқа органдардың зақымдану белгілері кіреді. Барлық жағдайда бұл симптомдардың себебі – ферментопатия және ішекте сіңу процесінің бұзылуы нәтижесінде туындайтын ас қорытудың бұзылуы.

Белок алмасу бұзылысының белгілеріне дене массасының азаюы, бұлшық еттердің семуі, гипопротеинемия және гипопротеинемиялық ісіктер (экссудатты энтеропатия мен нәжіс арқылы белок жоғалту) жатады.

Май алмасудың бұзылуы дене массасының азаюы, тері асты шелдің жойылуы, стеаторея, қанның липидтік спектрінің өзгеруі (холестериннің, фосфолипидтердің, триглицеридтердің азаюы) түрінде көрініс береді.

Көмірсу алмасуының бұзылысы ашыту диспепсиясының белгілерімен (іштің кебуі, іштің шұрылдап, ақтарылып – төңкерілуі, метеоризм, диарея), гипогликемияға бейімділік, сүтті көтере алмау белгілерімен, глюкозамен жүктеме бергеннен кейінгі гипогликемиялық қисықтың көлбеу болып келуімен сипатталады.

Минералдық зат алмасу бұзылысы белгілеріне гипокальциемия белгілері (қанда кальцийдің азаюы, нервті – бұлшық ет қозғыштығының күшею симптомдары – аяқ – қолдың, тұлғаның құрысуы, бұлшық еттердің ауыруы, оң мәнді Хвостек, оң мәнді Труссо симптомы, остеопороз), темір жетіспеушілік белгілері (теміржетіспеушілік анемия), су – тұз тепе-теңдігінің бұзылу белгілері (әлсіздік, бұлшық еттің ауыруы, жүрек айну, құсу, экстрасистолия, гипотензия) жатады.

Орташа ауырпалықта және ауыр даму барысы бар науқастың бәрінде дерлік гиповитаминоз белгілері болады.

С витаминінің жетіспеушілігінде қызыл иектің қансырағыштығы, мұрыннан қан кету, теріде геморрагиялық бөртпелер болады.

В12 витамині мен фолий қышқылының жетіспеушілігінде В12-жетіспеушілік анемия белгілері байқалады.

А витаминінің жетіспеушілігінде «ақшам соқырлық» бой көрсетеді (кеш пен түнде көрудің нашарлауы).

В1 витаминінің жетіспеушілігінде полинейропатия симптомдары (аяқтың күйдіріп, шымшып ауыруы, дене үстінде «шыбын-шіркей жүрген» сезім, аяқтың әлсіздігі, сіңір рефлекстерінің төмендеуі) анықталады.

В2 витаминінің жетіспеушілігінде ангулярлық стоматит («езулік»), хейлит (еріннің қызыл жиегінің қабынуы), мұрын қанаттары мен мұрын – ерін қатпарлары аймағында дерматит белгілері байқалады.

К витаминінің жетіспеушілігінде гипопротромбинемия және қансырағыштық кездеседі.

Д витаминінің жетіспеушілігі гипокальциемия тудырады.

СЭ орташа ауыртпалықты және ауыр даму барысында 35-40% жағдайында гипоталамо – гипофиздік жетіспеушілік белгілері (әлсіздік, кахексия, артериялық гипотензия, жыныс мүшелерінің семуі т.б.), қалқанша без гипофункциясының белгілері (беттің іспектенуі, тоңғақтық, жадының төмендеуі, дауыстың өзгеруі, брадикардия, гипотензия т.б.), бүйрек безі қыртысы гипофункциясының белгілері (жүдеу, тері пигментациясы, гипотония және т.б.), жыныс бездері гипофункциясының белгілері (әйелдерде етеккірдің бұзылуы, еркектерде – импотенция) болады.

СЭ ұзаққа созылған жағдайда патологиялық процеске басқа органдар қосылады, созылмалы гастриттің, реактивті гепатиттің, созылмалы панкреатиттің белгілері пайда болады.

Созылмалы еюнитте қанттың, сүттің, саңырауқұлақтардың, крахмалдың құрамында болатын және жіңішке ішектің проксимальды бөлігінде ыдырайтын дисахаридтерді көтере алмау белгілері көрініс береді – іштің ауыруы, іштің кебуі, іштің өтуі, құсу (осы тағамдарды қолданғанда). Сирек теміржетіспеушілік анемия белгілері кездеседі.

Созылмалы илеитте қалыпты жағдайда ішектің дистальді бөлігінде іске асатын өт қышқылдарының абсорбциясы бұзылады. Илеит хологондік диареямен, оң жақ мықын аймағында іштің ауыруымен, кебуімен, шұрқырауымен сипатталады. В12-жетіспеушілік анемия, гипокальциемия, остеопороз байқалады. Ұзақ болған диареяда өт қышқылының айналымы бұзылады, оның өзі өт тасы ауруын тудырады.

СЭ ауырлығының 3 дәрежесін бөледі:

І дәрежесі (жеңіл түрі) жергілікті белгілердің басым болуымен сипатталады, дене массасы 5 кг дейін азаяды.

ІІ дәрежесінде (орташа ауырпалықты) құнарлы қоректенуге қарамастан дене массасының анағұрлым азаюы (10 кг дейін) болады, жалпы белгілер басым болмағанмен айқын көріне бастайды.

ІІІ дәрежесі (ауыр түрі) дене массасын үдемелі жоғалтумен, жалпы белгілердің басым болуымен, ішкі органдарда дистрофиялық белгілердің пайда болуымен сипатталады.

Қосымша тексерулер:

Қанның жалпы анализінде микро- макроцитарлық анемия, ЭТЖ өсуі болады.

Қанның биохимиялық анализінде гипопротеинемия, гипоальбуминемия, гипокальциемия, гипокалиемия, гипонатриемия, гипоферремия, гипохолестеринемия, фосфолипидтердің, b-липопротеидтердің, глюкозаның азаюы.

Копрологиялық анализде полифекалия анықталады, нәжіс сабан-сары немесе жасыл-сары түсті, лиентерия, стеаторея, креаторея, амилорея анықталады, нәжісте энтерокиназа мен сілтілі фосфатаза көп болады. Копрологиялық тексеруде дисбактериоз анықталады: бифидо- және лактобактериялар азайған, гемолитикалық және лактонегативті эшерихиялар, патогендік стафилококк, протей, гемолитикалық стрептококк көбейген.

Жіңішке ішектің сіңіру функциясын бағалау үшін Д-ксилоза қолдану тестісі мен Шиллинг тестісі қолданылады.

а) Д-ксилоза қолдану сынамасы: ксилозаның 5 г ішке қабылдағаннан кейін оның несеп арқылы бөлінуін 5 сағат бойы анықтайды. Қалыпты жағдайда ішке қабылданған ксилозаның 30% бөлінеді. СЭ-те ксилозаның несеп арқылы бөлінуі азайған.

б) Шиллинг сынамасы: науқас ішке радиоактивті кобальтпен таңбаланған В12 витамин қабылдайды, 2 сағаттан кейін В12 витаминін парентеральді егеді. Кейін В12 витаминінің тәулік бойы несеп арқылы бөлінген мөлшерін анықтайды; қалыпты күйде енгізілген витаминнің 10% бөлінеді, оның 3% төмен бөлінуі ішектің сіңіру функциясының төмендегенін көрсетеді.

Жіңішке ішектің бөлу функциясын зерттеу. Ең қарапайым әдіс – Трибуле сынамасы: нәжістің 10% эмульсиясының 6 мл-іне сондай мөлшерде сулеманың қаныққан ерітіндісін қосады. Ертіндіні сілкіп араластырып, бөлме температурасында қалдырады. Белок көп бөлінген жағдайда тұнбаның жоғарғы жағы ағарған болады.