Вегенер гранулематозы диагнозының критерийлері 2 страница

Кейде «жасырын» ісінулер, яғни көзге көрінбейтін, пальпация тәсілімен анықтауға келмейтін ісінулер болады. Ондай ісінулерді анықтау үшін науқас адамның массасын динамикалық түрде анықтау қолданылады және тіндердің жоғары гидрофильдігін анықтауға мүмкіндік беретін Мак-Клюр-Олдрич сынамасы қойылады.

ЖГН болатын ісінулер тез пайда болып қана қоймайды, ауру жағымды дамыған жағдайда тез жойылып кетеді (10-14 күн ішінде).

ЖГН-те артериялық гипертензия 70-87% жағдайда кездеседі. Гипертензиялық синдром патогенезі төмендегідей: натрий хлориды мен судың бөлінуінің тез баяулауы гиперволемия, гипергидратация және жүректің айдалма қан көлемін көбейтеді. Айдалма қан көлемінің көбеюі АҚҚ көтерілуін тудырады. ЖГН-те болатын АГ 2-3 аптаға созылады, бірақ қысқа мерзімді (бірнеше күн бойы) болуы мүмкін және АҚҚ деңгейі орташа дәрежеде болады: максимальды АҚҚ с.б. 140-160 мм дейін, минимальды АҚҚ с.б. – 95-110 мм дейін көтеріледі. ЖГН болатын АГ-ға қоса жүректің ұлғайғаны (гиперволемияға байланысты жүректің кеңуі және гидроперикард) және брадикардия (синокаротид зонасының рефлекторлы тітіркенуі) байқалады. Ісінудің, артериялық гипертензияның және брадикардияның қоса кездесуі гломерулонефриттік ісінулердің маңызды диагностикалық белгісі болып табылады.

Олигурия (тәуліктік несеп 400-500 мл) аурудың алғашқы күндері науқас адамның көпшілігінде болады, анурия (тәуліктік несеп 100-200 мл) сирек кездеседі, 1-3 тәулік сақталады, кейін полиуриямен алмасады. Тәуліктік диурездің азаюы бүйрек шумағындағы фильтрацияның азаюымен және ісіну тудыратын барлық механизмдермен байланысты болады. Олигурия ісіну пайда болған кезде байқалады, ісіну кеткенде ол полиуриямен алмасады.

Несепте болатын өзгерістерге протеинурия, гематурия, цилиндрурия және лейкоцитурия жатады.

Протеинурия барлық дерлік ауру адамда кездеседі және оның мөлшері 1 г/л-ден 16-30 г/л дейінгі аралықта тербеліс береді. Протеинурияның ең үлкен мөлшері аурудың басында байқалады, кейін ол біртіндеп азайып, 2-4 аптадан кейін, кейде 1-2 айдан кейін жойылып кетеді. ЖГН болатын протеинурия жоғарғы, орташа және төменгі селективті болып бөлінеді. Сирек жағдайда протеинурия болмауы мүмкін. Аурудың бұл варианты нефриттің анальбуминуриялық түрі деп аталады немесе мұндай жағдайды «нефритсіз нефрит» деп атайды.

Гематурия немесе эритроцитурия көбіне микрогематурия түрінде кездеседі (көру алаңындағы эритроцит саны 5-15-тен 50-100-ге дейін). Сирек макрогематурия байқалады (13% жағдайда), онда несептің түсі жас еттің жуынды суына ұқсас болады. Протеинурия мен гематурия ЖГН-ң басқа симптомдарынан ерте пайда болады, бірақ кеш жойылады, кейде 3-6 айға дейін жедел нефриттің «қалдық белгілері» түрінде сақталады.

Жедел гломерулонефритте несепте гиалинді, түйіршікті және эритроциттік цилиндрлер болады. Жедел нефритте болатын лейкоцитурия шамалы болып келеді, ол несеп жолдарының инфекциялық ауруларымен байланысты болмайды. Несептің салыстырмалы тығыздығы олигурияда қалыпты күйде немесе аздап көбейген, полиурияда болмашы азайған.

Қанның жалпы анализінде аздап лейкоцитоз, ЭТЖ-ң 20-50 мм/сағ. дейін жылдамдағаны, диспротеинемия (a1-a2-глобулиндер, сирек g-глобулиндер көбейген) анықталады.

Сипатталған клиникалық көрініс жедел гломерулонефриттің классикалық түріне тән. Классикалық түрінен басқа ЖГН-ң моносиндромдық және нефроздық түрлерін ажыратады.

ЖГН-ң моносиндромдық түрі жиі кездеседі, несепте өзгерістер болуымен сипатталады, латентті дамиды және жиі созылмалы дамуға көшеді.

Нефроздық түрі ауқымды ісінулермен және нефроз синдромының белгілерімен (ауқымды протеинурия, гипопротеинемия, диспротеинемия), болмашы артериялық гипертензиямен сипатталады.

Жедел гломерулонефриттің даму барысының жедел циклді, ұзарған және латентті (жасырын) варианттарын ажыратады. Жедел циклді вариантында бүйректік және бүйректен тыс симптомдар болады, ұзарған вариантында онша ауқымды емес ісіну біртіндеп дамиды, болмашы гипертония және басқа симптомдар 6-12 ай бойында байқалады. Латентті (жасырын) вариантында тек несеп синдромы болады. Ауру 12 айдан ұзаққа созылса, ондай нефритті созылмалы нефрит деп атайды.

Асқынулары. Жедел гломерулонефриттің ауыр дамуында төмендегідей асқынулар болады: 1) жедел жүрек әлсіздігі; АҚҚ кенеттен және өте жоғары көтерілуі мен гиперволемия нәтижесінде туындайды. Сол жақ қарыншаға шамадан тыс күш түскенге байланысты пайда болады. Жедел жүрек әлсіздігі жүрек тұншықпасы және өкпе шемені (ісінуі) түрінде бой көрсетеді. 2) Бүйрек эклампсиясы (ангиоспастикалық энцефалопатия). Оның негізін ми артерияларының спазмы мен мидың ишемиясы және бас сүйегі іші қысым мен жұлын өзегі ішіндегі қысымның көтерілуі құрайды. Эклампсия кезінде мидың ісінуі мүмкін. Клиникалық тұрғыдан бүйрек эклампсиясы кенеттен көрініс береді – артериялық қан қысымының өте күшті көтерілуіне байланысты күшті бас ауырады, ұйқыға тарту, құсу, амоврозға дейін жететін көз көруінің нашарлауы болады. Кейін дененің құрысуы байқалады: әуелі клоникалық кейін тонустық құрысу байқалады. Ұстаманың соңында кома көрініс береді. Көз алмалары ауып кеткен, көз қарашықтары кеңіген, көру нервісінің емізегі ісінген, көз торына қан құйылған болады, ауыздан көпіршікті сұйықтық бөлінеді. Пульс баяулаған. Ұстама бірнеше секундтен 2-3 минутке созылады және кенеттен тоқтайды. Ұстама бір күнде бірнеше рет қайталауы мүмкін. Ұстамадан науқас адам біртіндеп қалпына келеді, ретроградты амнезия байқалады, ұйқышылдық, тежелгендік байқалады. Жұлын пункциясы нәтижесінде құрысу тез тоқтайды. 3) Жедел бүйрек жетіспеушілігі сирек кездеседі (1% шамасында) және тез жойылады.

Диагнозын қою және екшеу-іріктеу диагнозы. ЖГН диагнозы баспа ауруынан және салқын тигеннен кейін пайда болатын ауруға тән клиникалық триадаға (ісіну, гематурия және артериялық гипертензия) және анамнезде бүйрек ауруларының, жүйелі аурулар мен гипертонияның бұрын болмағанына қарап қойылады.

Жалпы жедел нефрит диагнозы клиникалық-лабораториялық белгілерге қарап қойылады, диагноз қою қиын жағдайларда бүйрек биопсиясы жасалып, биоптатты морфологиялық тексереді.

Екшеу-іріктеу диагнозын іске асырар кезде:

1) нақтылы жағдай созылмалы нефриттің өршуі емес, жедел нефрит екеніне көз жеткізу керек;

2) басқа ем амалын қажет қылатын ауруларды жоққа шығару керек: жедел пиелонефрит, жедел интерстициальды нефрит, бүйрек веналарының тромбозы, бүйрек ісіктері, тынжытас ауруы, бүйрек туберкулезі т.б.

3) нефрит екінші ретті патологиялық процесс болып кездесетін жүйелі ауруларды жоққа шығару керек.

Созылмалы гломерулонефритте (қайталау сатысында) анамнезде бұрын гломеруло-нефрит немесе несепте өзгерістер болғаны анықталады, тұрақты артериялық гипертония, тұрақты сол жақ қарынша гипертрофиясының белгілері, бүйрек функцияларының тұрақты төмендегені, анемия бары, циклді дамудың жоқтығы, бүйректердің кішірейгені (УДЗ немесе вена ішілік урография нәтижелері) анықталады. Кей жағдайда диагнозды дәлелдеу үшін пункциялық биопсия жасау керек болады.

Жедел пиелонефритте жоғары дәрежелі қызба, қалтырап тоңу, бел аймағының ауыруы (асимметриялы ауырғандық), дизуриялық белгілер, лейкоцитурия, бактериурия болады. Жедел пиелонефритте артериялық гипертензия, ісіну болмайды.

Жедел интерстициальды нефрит (тубулоинтерстициальды нефрит) антибиотиктер (пенициллиндер, аминогликозидтер, цефалоспориндер) алғаннан кейін, баспа, пневмония, ЖРВИ реконвалесценциясы кезінде туындайды, эозинофилия, тері бөртпелері және басқа да дәрілік аллергия белгілерімен және несептің салыстырмалы тығыздығының күрт төмендеуі-мен сипатталады.

Бүйрек веналарының тромбозы қатерлі ісіктерде, бүйрек амилоидозында және констрикциялы перикардитте байқалады, бүйректің шаншу ұстамасы (колика) белгілерімен, гематурия және протеинуриямен сипатталады. Бүйрек коликасынан кейін нефроз синдромы пайда болады. Радиоизотопты ренография көмегімен бүйректің асимметриялы зақымданғаны анықталады, диагноз қоюда шешуші рольді ангиография атқарады – веналық тромбоз ангиограмманың веналық фазасында анықталады.

Гипернефромаға клиникалық триада тән: кенеттен болатын гематурия, бел аймағының ауыруы (тұрақты сыздап ауыру, сирек – бүйрек коликасы типтес) және қабырға астында сипап анықталатын ісік тәрізді түзіліс. Диагноз қоюдағы шешуші тексеру әдістері: эхография, экскреторлық урография және компьютерлік томография.

Тынжытас (бүйрек тасы) ауруының диагнозын бүйрек коликасының белгілеріне қарап және УДЗ мен экскреторлық урография көмегімен конкременттерді анықтау арқылы қояды.

Бүйрек және несеп бөлу жолдарының туберкулезінің диагнозын анамнез мәліметтеріне қарап, активті немесе сөнген туберкулез белгілеріне қарап (гон түйіндері, өкпедегі петрификаттар, буын анкилозы, мойындағы тыртықтар), несепте туберкулез микобактериясын табуға қарап және туберкулез процесінің орнын, таралуын және түрін анықтауға мүмкіндік беретін инструментальдық тексерулердің (УДЗ, цитоскопия, экскреторлық урография) мәліметтеріне сүйеніп қояды. УДЗ туберкулез каверналарын (шеті тегіс, дөңгелек немесе сопақша келген өте айқын эхонегативті түзіліс түрінде) анықтауға мүмкіндік береді. Цитоскопия көмегімен қуықтың, несепағар сағасының кілегей қабығындағы туберкулезге тән өзгерістерді анықтайды (биопсия жасауға болады). Урограммада емізікшелердің кетіктенгені, тостағаншалар контурының тегіс еместігі, үлкен қуыстар (каверналар) және туберкулездік пионефроз көрінеді.

Екіқабаттылар нефропатиясында ісіну, артериялық гипертония және одан кейін 3-6 аптадан кейін пайда болатын несеп синдромы болады. Микро- және макрогематурия болмайды. Босанғаннан кейін барлық симптомдар жойылып кетеді.

Гипертония ауруында басты симптомдар артериялық гипертониямен байланысты болады, стрептококк инфекциясымен байланыс болмайды, несептегі өзгерістер болмашы болып келеді.

Түйінді периартериитте гематуриямен қатар субфебрилитет, жүдеу, тахикардия, миалгия, полиневрит белгілері, іш ауыруы және бронхоастматикалық синдром байқалады. Қан анализінде – анемия, лейкоцитоз, эозинофилия болады. Көбіне 40 жастан жоғарғы еркектер ауырады. Диагноз қоюдың шешуші әдісі – тері мен бұлшық ет биопсиясы, гистологиялық тексергенде биоптаттың артериолдарында ауруға тән қабынулы – инфильтративтік және некробиоздық өзгерістер табылады.

Жүйелі қызыл жегіде болатын бүйректің зақымдану түрлері: 1) латентті нефрит және оған тән несепте болатын болмашы өзгерістер (протеинурия және гематурия); 2) созылмалы қызыл жегілік нефрит: айқын несеп синдромы, гипертензия және СБЖ жедел дамуы тән; 3) созылмалы қызыл жегілік гломерулонефрит, айқын нефроз синдромының клиникасы болатын түрі. Басты диагностикалық критерийлеріне полиартрит немесе полиартралгия түріндегі буынның зақымдануы, тері өзгерістері, әсіресе бетте болатын «көбелек» белгісі, полисерозит, пневмонит, құрысулар, психикалық бұзылыстар, жітіфазалық көрсеткіштердің жоғары деңгейі, анемия, лейкопения, тромбоцитопения, LE-клеткалардың табылуы, антинуклеарлық антиденелердің жоғарғы титрі жатады.

Геморрагиялық васкулит (Шенлейн-Генох ауруы) салқын тигеннен кейін, ЖРА, дәрі қабылдағаннан кейін жедел басталады. Ірі буындар зақымданады, олардың айналасында симметриялы орналасқан, сонымен қатар сирақта және дененің басқа жерлерінде геморрагиялық бөртпелер (геморрагиялық пурпура) пайда болады. Іш ауыру ұстамасы мен мелена, коллаптоидты күй байқалады. Несепте гематурия мен протеинурия анықталады.

Гудпасчер синдромында альвеолар мен бүйрек шумақтарының базальды мембранасы зақымданады. Жас адамдар, көбіне еркектер ауырады. Ауру клиникасында қан қақыру, ентігу, нефроз синдромы және СБЖ тез дамуы басым болады. Темір жетіспеушілік анемия, қақырықта сидерофагтар, несепте протеинурия мен гематурия табылады. Өкпе рентгенограммасында – екі жақты ұсақ дақты, бір-біріне жалғасып жатқан инфильтративті өзгерістер анықталады, олар түбір маңында басталып, ортаңғы және өкпе алаңдарына тарайды.

Клиникалық диагнозды тұжырымдау кезінде ескеру керек: 1) аурудың клиникалық вариантын; 2) ең айқын синдромдарды (ісіну, гипертония синдромы); 3) аурудың асқынуларын.

Диагноз тұжырымдау үлгілері:

1. Жедел гломерулонефрит (классикалық вариант). Бүйрек эклампсиясы.

2. Жедел гломерулонефрит, жеке несеп синдромы (латентті вариант).

3. Жедел гломерулонефрит, ұзара даму варианты (3 айдан артық).

Емі. Ем шараларына режим, диета, дәрімен емдеу және санаторийлы-курорттық ем жатады.

Асқынуы жоқ жедел гломерулонефритте науқас адамды стационарға жоспарлы түрде орналастырады, ал ЖГН-ң асқынулары болса, науқас адам шұғыл түрде стационарға жатқызылады.

Режим. Барлық экстраренальдық белгілер жойылғанға дейін науқас адам төсек тәртібін сақтауы керек. Төсекте дене түгел жылынады, тамырлар кеңиді, оның ішінде бүйрек тамырлары да кеңиді, оның нәтижесінде қан айналысы жақсарады, шумақтық сүзу (фильтрация) күшейеді, диурез көбейеді, ісіну мен гиперволемия азаяды, жүректің жұмысы жеңілдейді. Төсек тәртібін сақтау 2-4 аптаға, ауыр жағдайларда – 5-6 аптаға созылады. Тек қана несеп синдромы болған жағдайда төсек режимін 2 апта сақтайды. Науқас адам стационарда 4-8 апта болады, кейін олар үй жағдайында емделуге көшіріледі, үй жағдайында емделу 4 айға дейін созылады.

Диета. Бірінен кейін бірі №7а, 7б және 7 диета тағайындалады. Бұл диетаны берудің басты принципі – су мен тұзды шегеру. Науқас тәулік ішінде тәуліктік диурезге 400-500 мл қосылған көлемде сұйықтық қабылдауы керек. Тәулік бойы қабылдайтын ас тұзының мөлшері 3-5 г артық болмауы керек. Диетадағы тәуліктік белок мөлшері 0,5 г/кг деңгейіне дейін шегеріледі. Мұндай диета бүйректен тыс синдромдар толық жойылып, несеп синдромы күрт жақсарғанға дейін сақталады.

Дәрімен емдеу құрамы:

а) этиотропты емнен,

б) патогенетикалық емнен,

в) симптоматикалық емнен,

г) ЖГН асқынуларын емдеуден тұрады.

Этиологиялық ем стрептококк инфекциясының аурудың дамуында себеп екені дәлелденген жағдайда (мұрын-жұтқыншақ шайындысында стрептококкты табу, стрептококқа қарсы антиденелердің жоғарғы титры, стрептококк инфекциясымен айқын байланыс болуы) тағайындалады. Пенициллин, жартылай синтетикалық пенициллиндер, эритромицин беріледі. Тонзиллэктомияны ЖГН бастап 12 ай өткен соң жасайды.

Патогенетикалық емге иммунды депрессивті ем, антикоагулянттармен және антиагрегант-тармен емдеу жатады.

Иммунды депрессивті ем ретінде глюкокортикостероидтар, цитостатиктер қолданылады.

ЖГН-те глюкокортикостероидтар тағайындау көрсетпелері:

1) онша жоғары артериялық гипертония мен гематурия жоқ күйдегі ЖГН-ң нефроздық түрі;

2) АГ мен жүрек әлсіздігі жоқ жағдайдағы ЖГ-ң ұзара дамыған түрі;

3) жедел бүйрек жетіспеушілігі бой көрсеткенде.

Преднизолон 1 мг/кг тәулігіне дозасында 1 1/2 - 2 ай беріліп, кейін тәуліктік дозаны 5-7 күнде 2,5-5 мг қысқартып отырып, беруді тоқтатады.

ЖГН-те преднизолонды беруге қарсы көрсетпелер: артериялық гипертензия және бүйрек тамырларының тромбозы.

ЖГН-те цитостатикалық ем көрсетпелері:

1) глюкокортикостероидтармен емдеуге көнбейтін нефроз синдромы;

2) глюкокортикоидтар беруге қарсы көрсетпелер (АГ, қант диабеті, асқазан мен он екі елі ішек жарасы) болуы;

3) глюкокортикостероидтарға тәуелділік пайда болғанда және глюкокортикостероидтардың жағымсыз әсері бой көрсеткенде.

Азатиоприн мен меркаптопурин дене массасының кг-на 2-3 мг, циклофосфамид тәулігіне 1,5-2 мг/кг дозасында 4-8-10 апта бойы беріледі. Кейін 1/2 немесе 1/3 дозасы қолданылып, 4-6 ай бойы сүйемел ем қолданылады.

ЖГН-те гепарин беру керек:

1) аурудың нефроздық түрінде;

2) ЖБЖ дамыған жағдайда;

3) ТСҚҰ синдромында.

Гепарин микроциркуляцияны жақсартады, диурезді күшейтеді, гипотензивтік әсер көрсетеді. Гепаринді 25000-30000 ӘБ/күнге дозасында 6-8 апта бойы егеді, керек болған жағдайда 3-4 айға дейін қолдануға болады. Гепариннен кейін 1-2 ай бойы тікелей емес антикоагулянттар беруге болады, олардың дозасы протромбин индексін 40-50% деңгейінде ұстап тұратындай болуы керек.

Антиагреганттар (курантил, трентал) ауыр гематурия болмаған жағдайда ЖГН-ң барлық вариантында тағайындалады. Курантил тәулігіне 225-400 мг, трентал – 0,2-0,3 г дозасында 6-8 аптаға беріледі, кейін сүйемел дозаны 6-12 ай бойы беру керек.

Бейстероидтық қабынуға қарсы дәрілер қазіргі кезде ЖГН-ті емдеуде қолданылмайды.

Симптоматикалық ем жүргізу керек жағдайлар:

1) артериялық гипертензия;

2) ісіну синдромы;

3) гематурия синдромы.

Егер жоғарғы дәрежедегі АҚҚ төсек режимін сақтап, тұз бен суды шегергенде түспесе, онда антигипертензивтік ем қолданылады. Алдымен салуретиктер (гипотиазид, фуросемид) беріледі, нәтиже болмаған жағдайда гипотензивтік дәрілер беріледі: кальций антагонистері – нифедипин, верапамил, бета-адреноблокаторлар, атенолол, метапролол, бетаксолол, локрен, ААФ ингибиторлары – каптоприл.

Режим және диета нәтижесінде ісіну сақталған болса, нефротоксикалық әсері жоқ несеп жүргізетін дәрілер беріледі: гипотиазид, фуросемид, триампур – композитум (гипотиазид + триамтерен). Егер ісіну нефроз синдромының белгісі болатын болса, онда көрсетілген емдермен қатар, венаға плазма, альбумин жіберу керек, гепаринмен емдеу керек, иммунодепрессанттар тағайындау керек.

Ұзаққа созылған гематурияда аминокапрон қышқылы беріледі. 6 сағат сайын 3 г (шаймен, жеміс шырындарымен қосып ішу керек) 5-7 күн бойына, немесе венаға тамшылатып егіледі. 15% ертіндінің 150 мл күнге 1-2 рет 3-5 күн бойы. Одан басқа дицинон (этамзилат) тағайындалады; 12,5% - 2 мл бұлшық етке күнге 2 рет, 7-10 күн бойы; гематурия жалғасатын болса, оны кейін таблетка түрінде (0,25 3 рет күнге) қабылдайды. Аскорбин қышқылы мен аскорутин де қолданылады.

ЖГН-ң асқынуларын емдеуге жедел сол қарыншалық жүрек әлсіздігін емдеу, бүйрек эклампсиясын емдеу және ЖБЖ емдеу жатады.

Жедел сол қарыншалық жүрек әлсіздігін емдегенде қолданылады:

1) қан жіберу, 500 мл көлемінде;

2) венаға фуросемидтің (лазикстің) 120-140 мг егу;

3) ылғалды оттегімен тыныстау, өкпе шеменінде оттегін спирт немесе антифомпсилан арқылы жіберу керек;

4) строфантиннің 0,05% ертіндісінің 0,5 мл глюкозаның 40% ертіндісінің 20 мл қосып, баяу венаға егу;

5) ганглиоблокатор арфонадтың 25 мл 5% глюкозаның 500 мл қосып, минутына 20-25 мл жылдамдықпен венаға тамшылатып жіберу немесе натрий прусидін, нитроглицерин егу.

Бүйрек эклампсиясының даму негізін артериялық гипертензия, ми тамырларының күшті спазмы және мидың ісінуі екенін ескере отырып, оны емдегенде төмендегідей шаралар қолданылады:

1) қан жіберу, 500 мл көлемінде;

2) магний сульфатының 25% ертіндісінің 10 мл күнге 2-4 рет бұлшық етке егу;

3) лазикстің 80-120 мл глюкозаның 40% ертіндісінің 20-30 мл қосып, венаға егу;

4) дроперидолдың, седуксеннің 0,25% - 2 мл венаға егу, немесе аминазиннің 2,5% ертінді-сінің 1 мл бұлшық етке егу;

5) жоғарғы дәрежедегі АҚҚ сақталатын болса, өкпе шеменінің белгісі пайда болса, натрий нитропрусидінің 50 мл 5% глюкозаның 500 мл ерітіп, венаға 5-10 тамшы/минутына жылдамдығымен жіберу, 10-15 минут сайын егу жылдамдығы 10 тамшыға көбейтіліп отырады. АҚҚ алғашқы мөлшермен салыстырғанда 20-25% төмендегенде препараттың дозасын көбейтуді тоқтатады. Натрий нитропрусидінің орнына нитроглицериннің 1% ертіндісін қолдануға болады;

6) көрсетілген шаралардан нәтиже болмаған жағдайда жұлын пункциясы жасалады.

ЖБЖ-де гемодиализ жасалады.

Санаторийлық-курорттық ем ЖГН-ң қалдық белгілері (микрогематурия, микропротеинурия) болса, ұзарған жедел гломерулонефритте (6 айдан жоғары) қолданылады. Науқас адам курортқа ауру басынан кем дегенде 6 ай өткесін жіберіледі; климаттық курорттар қолданылады: Байрам – Али (Түркіменстан), Қырымның Оңтүстік жағасы (Ялта), Саратан – ахи – Хаса (Бұхара маңында), Янгантау (Башқырстан).

Уақытша еңбекке қабілетсіздіктің орташа мерзімі дара несеп синдромында 25-30 күн, аурудың өріс алған белгілерінде 2-3-6 айға дейін (МӘСК рұқсаты бойынша). ЖГН-нен ауырғандардың бәрін еңбекке орналастыру қажет – ол адамдар салқын тиюмен, ылғалдылықпен, денеге күш түсумен, іс-сапарға барумен байланысты жұмыстардан босатылады.

Диспансерлеу. ЖГН-нен ауырған адамдар стационарлық емнен кейін 2 жыл бойы диспансерлік есепте болулары керек (учаскелік терапевт, немесе отбасы дәрігері бақылайды). Алғашқы 6 айда науқасты ай сайын 1 рет қарайды, қалған 1 1/2 жыл уақытта 3 айда 1 рет қарайды.

Прогнозы. ЖГН-те болжам жағымды, бірақ ұзарған жедел гломерулонефрит созылмалы гломерулонефритке ауысуы мүмкін.

Профилактикасы. Жедел гломерулонефриттің бірінші ретті профилактикасына денсаулықты шынықтыру мен нығайту, стрептококк инфекциясымен жанасуды болдырмау және стрептококк себепті аурулардың тиісті емін жасау жатады. Екінші ретті алдын алу шараларына ЖГН-ң қайталауын болдырмау және оның созылмалы гломерулонефритке ауысуының алдын алу жатады.

 

Созылмалы гломерулонефрит

 

Созылмалы гломерулонефрит (СГН) – бүйрек шумақтарының үдемелі ыдырауымен (талқандалуымен) сипатталатын және созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне әкелетін бүйректердің созылмалы (бір жылдан жоғары) иммунды-қабыну ауруы.

10-20% СГН жедел гломерулонефрит нәтижесінде дамиды. Аурудың 80-90% баяу, науқас адам үшін белгісіз басталады. Көбіне 40 жасқа дейінгі еркектер ауырады.

Этиологиясы және патогенезі. Егер СГН бұрын дұрыс емделмеген немесе диагнозы мезгілінде қойылмаған ЖГН-ң салдары болатын болса, онда бұл аурулардың себептері бірдей.

Жедел гломерулонефриттің созылмалы гломерулонефритке көшуіне созылмалы стрептококк инфекциясының және басқа инфекцияның өршуі, қайтадан салқын тию, еңбек пен тұрмыстың жағымсыз факторлары, жарақаттар, ішімдік жағдай туғызады.

Даму барысында ЖГН-пен айқын байланыс жоқ созылмалы гломерулонефрит бірінші ретті СГН деп аталады. Бірінші ретті СГН-ң этиологиялық факторлары ЖГН-ң себептерімен бірдей болуы мүмкін, яғни инфекциялық (бактерия, вирус, паразиттер) және инфекциялық емес (алкоголь, подаградағы зат алмасудың бұзылуы, дәрілер, ісіктер, дәнекер тінінің жайылмалы аурулары) факторлар СГН-ң себебі бола алады.

СГН-ң даму негізін жедел гломерулонефриттегі сияқты иммунды патологиялық процесс құрайды; оның екі вариантын ажыратады (ЖГН-тегідей).

Одан басқа үшінші – клеткалық даму механизмі болуы мүмкін, бұл механизмі Т- және В-лимфоциттердің қатысуымен іске асады.

СГН дамуының иммундық емес механизмдерінен маңызы барларына гиперкоагуляция, тамыр іші қан ұюдың күшеюі; фибрин және оның ыдырауының өнімдерінің капиллярлар шумағына жиналуы, сонымен қатар қанда кининдердің, серотониннің, гистаминнің, рениннің, простагландиндердің концентрацияларының көбеюі жатады.