Дәріс №1 тақырып. Әлеуметтік педагогиканың нысаны және пәні.

1. Адам туралы ғылым жүйесіндегі әлеуметтік педагогика ғылымының орны, оның негізгі ерекшеліктері.

2.

Педагогика гректің «пайдагагос» деген сөзінен шыққан. «Пайдос» - бала, «аго» - жетектеу. Яғни, тікелей аудармасы баланы жетектеуші деген мағынаны білдіреді. Ежелгі Грецияда өзінің қожайынының баласын қолынан жетектеп мектепке апаратын құлды «педагог» деп атаған

Тәрбие туралы білімдер ең ежелгі болып саналады және олар қоғам дамуымен тығыз байланысты. Алғашқы адамдардың өздерінде бала тәрбиесі туралы білімдер болды және олар бір ұрпақтан екінші ұрпаққа салт-дәстүрлер, ойындар, тыйымдар, өмірлік ережелер түрінде беріліп отырды. Бұл білімдер сонымен қатар мақал-мәтелдерден, аңыздардан, ертегілерден және тағы басқа ауыз әдебиеті үлгілерінен өз көріністерін тапты және халықтық педагогиканың негізгі мазмұнын құрады. Халықтық педагогика пайда болу себебі - тәрбиеге деген объективті әлеуметтік қажеттілік. Ол - жинақталған әлеуметтік тәжірибені аға ұрпақтың жас ұрпаққа беруі қажеттілігі.

Педагогика ғылымының тәрбие туралы күнделікті тұрмыстық білімдерден айырмашылығы – тәрбие, білім беру облыстарындағы құбылыстар арасындағы себеп-салдар байланыстарын ашу. Оқыту мен тәрбие ықпалдары арқылы адам дамуында қандай өзгерістер жүреді және олар немен байланысты екендігін түсіндіреді.

Педагогика алғашқы кезде барлық ғылымдар сияқты философия аясында дамыды.

Ежелгі дүниенің дамыған елдері Қытайда, Египетте, Индияда, Грецияда тәрбие тәжірибелерін қорытудың, теориялық тұжырымдар құрудың алғашқы қадамдары жасалды.

Батыс Европа тәрбие жүйесінің негізі ежелгі грек философиясы болды . Грек философтары адам, қоғам өмірінің барлық жақтары туралы білімдер жүйесін құрды. Олардан адам тәрбиесі мәселелері де тыс қалған жоқ.

Грек философиясының көрнекті өкілдерінің бірі Демокриттің «Адам мен табиғат ұқсас. Тек тәрбие ғана адамды түзейді, оның табиғатын құрады», «Жақсы адам табиғатынан емес (яғни, адам жақсы, не жаман болып тумайды), жаттығулар арқылы қалыптасады» деген сөздерінен оның адам қалыптасуындағы тәрбиенің маңызы туралы көзқарасын көруге болады. Ежелгі Грекияның ұлы ойшылдары Сократ, Аристотель, Платон еңбектерінен адам тәрбиесіне, тұлға қалыптасуына байланысты идеялар мен қағидаларды кездестіруге болады.

Педагогика жеке ғылым ретінде философиялық ғылымдар жүйесінен ХХVII ғасырда бөлініп шықты. Оған негізгі еңбек сіңірген ұлы чех педагогы Ян Амос Коменский. Оның белгілі еңбегі «Ұлы дидактикада» оқытудың негізгі теориялық мәселелері мен оны ұйымдастырудың жолдары қарастырылды. Өз еңбектерінде Я.А.Коменский тәрбие мәселелеріне де үлкен мән берді. Ол «Аналар мектебі» атты еңбегінде отбасы тәрбиесіне байланысты өз көзқарастарын жария етті.

Я.А.Коменскийдің ізімен батыс европа елдерінен педагогика ғылымына зор үлес қосқан ғалымдар шықты.

Ағылшын философы және педагогы Джон Локк өзінің «Тәрбие туралы ойлар» еңбегінде өзіне-өзі сенімді, біліктілігі мен іскерлік қасиеттері ұштасып жатқан, адамгершілік сенімдері бар адам – джентльмен тәрбиесіне көп көңіл бөледі.

Француз ойшылы Жан Жак Руссо баланы табиғатынан дарынды деп таниды. Оның ойынша, тәрбие - баладағы тума қасиеттердің дамуына кедергі болмай, оған толық еркіндік беріп, әрі оның қызығулары мен құмарлығына икемдеу.

Швейцар педагогы Иоганн Генрих Песталоцци педагогикада алғашқылардың бірі болып теория мен тәрбиелік іс-әрекет бірлігінің маңыздылығын көре білді. Оның «Лингард және Гертруда» шығармасында тәрбиенің адамгершілікке негізделуі, балаларға сыйластық қатынас және оларды мейірімділікке және қайырымдылыққа баулу туралы идеялары қарастырылды.

Педагогикадағы қарама-қайшылыққа толы тұлғалардың бірі – Иоганн Фридрих Гербарт. Ол оқыту психологиясы мен дидактика бойынша маңызды теориялық тұжырымдар жасады. Атап айтсақ, олар: сабақтың 4 звенолық моделі, тәрбиелеу оқыту және дамытушы жаттығулар жүйесі.

XIX ғасырда Ресейде педагогика ғылымының дамуына негізгі үлес қосқан К.Д.Ушинский.

Ұлттық педагогикалық теория мен практика мәселелері Ы.Алтынсарин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов және т.б. кемеңгер ағартушы-ғалымдардың еңбектерінен көрініс тапқан.

Ы.Алтынсаринның ағартушылық іс-әрекетінің үш бағытын айтуға болады: мектептер ашу, оқу-әдістемелік құралдар жасау және мұғалімдер даярлау.

Мағжан Жұмабаев – 1922 ж. алғаш рет қазақ тілінде «Педагогика» оқулығын жазып шығарды.

А.Байтұрсыновтың 1912 жылы шыққан «Қазақша әліппе» кітабы халықты сауаттандыруда басты оқу құралы болса, «Тіл жұмсар», «Ана тілінің әдісі», «Жалқылауды жалпылау» еңбектері қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізі болды.

Әдебиеттер тізімі:1, 3, 5, 8, 12, 13, 18, 21.

Дәріс №2 тақырып. Әлеуметтік-педагогикалық зерттеу әдіснамасы және әдістері.

1. Ғылыми-педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздері.

 

«Әдіснама» педагогикадағы ғана емес, жалпы ғылымтанудағы күрделі, көпмәнді түсініктердің бірі. Көптеген педагогтардың санасында «әдіснама» өмірмен байланысы аз, абстрактілік, педагогика теориясы мен практикасынан алыс жатқан философиялық мәтіндердің жинағы болып көрінеді. Мұндай түсінбеушіліктің себебі педагогикадан алыс жатыр. Өйткені, әдіснаманың өзінің әр деңгейі бар.

Педагогика әдіснамасының мәнін ашпастан барын жалпы әдіснама дегеніміз не? Соған жауап берелік. Қәзіргі кездегі ғылымтануда әдіснаманы ғылыми зерттеушілік іс-әрекет әдістері, формалары және оны құру (жүргізу) принциптері туралы оқу деп анықтайды.

Соңғы жылдары әдіснама туралы оқу өте тез даму үстінде. Әдіснаманың зерттеушілерге көмегі, нормативтік бағыттылығы артты. Оның басты міндеттерінің бірі – зерттеу жұмыстарын әдіснамалық қамтамасыз ету. Әдіснамалық білімдерсіз кез келген, соның ішінде педагогикалық зерттеулерді де сауатты жүргізу мүмкін емес.

Э.Г.Юдин әдіснамалық білімдердің 4 деңгейін көрсетеді: философиялық, жалпы ғылымилық, нақты ғылымилық және технологиялық немесе зерттеу әдістемесі.

1-ші, философиялық деңгей – танудың жалпы принциптерін анықтайды. Философиялық білімдер әдіснамалық функция атқарады.

2-ші, жалпы ғылымилық әдіснама – барлық немесе бірнеше ғылымдарда қолдануға болатын теориялық концепциялар. Мысалы, қоршаған шындықтағы құбылыстар мен процесстерді бір-бірімен байланыста, тұтас объект ретінде жүйелілік тұрғысынан қарастыру.

3-ші, нақты ғылымилық әдіснама – арнайы бір ғылым саласында қолданылатын зерттеу принциптері, әдістері жиынтығы. Педагогика ғылымынан оған келесі мысалды келтіруге болады. Зерттеу пәнін тұлғалық тұрғысынан қарастыру. Оның мәні: кез келген процесті, индивидтің жағдайын, қасиеттерін оның тұлғалық ерекшеліктерін ескерусіз дұрыс түсіну мүмкін емес.

4-ші деңгей – нақты зерттеуді жүргізу әдістемесі. Зерттеуді жүргізу әдістемесі – ақиқат, шын білімдірді алуды қамтамасыз ететін әдістер және процедуралар.

Педагогика әдіснамасына В.В.Краевский келесі анықтама береді: педагогика әдіснамасы – педагогикалық шындықты көрсететін білімдерді алу әдістері мен принциптері, педагогикалық теорияның құрылымы және негізі туралы білімдер жүйесі, сонымен қатар осы білімдірді алу және зерттеу бағдарламасын, логикасы мен әдістерін нақтылайтын, зерттеу жұмысының сапасын бағалайтын іс-әрекет жүйесі.

Бұл анықтамадан әдіснаманың екі аспектісін көреміз: білімдер жүйесі және ғылыми-зерттеу іс-әрекет жүйесі. Ғылыми-эерттеу іс-әрекетінің 2 түрін айтуға болады: әдіснамалық зерттеу және әдіснамалық қамтамасыз ету.

Әдіснамалық зерттеудің міндеттері педагогика ғылымының даму тенденцияларын, заңдылықтарын ашу, педагогикалық зерттеулердің сапасы мен тиімділігін арттыру принциптерін құру.

Зерттеуді әдіснамалық қамтамасыз ету - әдіснамалық білімдерді зерттеу бағдарламасын құрғанда, зерттеу сапасын бағалағанда қолдану.

Педагогика ғылым ретінде 4 белгімен сипатталады:

1) мақсаты;

2) арнайы объектісі болуы;

3) танудың арнайы құралдарын қолдануы;

4) терминдердің бір мәнділігі.

Педагогикалық зерттеудің сапасын анықтайтын 11 сипаттамаларды көрсетуге болады. Олар: проблема, тақырып, көкейтестілігі, объектісі, пәні, мақсаты, міндеттері, гипотеза және қорғайтын қағидалар, ғылыми жаңалығы (новизна), теориялық маңыздылығы, практикалық маңыздылығы.

Проблема қою «Бұрын зерттелмеген нені зерттеу керек?» деген сұраққа жауап беру. Проблема қарама-қайшылықтан туындайды. Мысалы, жоғары мектептің оқытушысының кәсіби іс-әрекетіне деген педагогикалық талаптар мен олардың арнайы педагогикалық-психологиялық даярлығы болмауы арасындағы қарама-қайшылық.

Тақырыбы – зерттейтін проблемамызды қалай атау керек екендігін анықтау.

Зерттеу көкейтестілігі аталған проблеманы қәзіргі кезде не үшін зерттеу қажеттілігін анықтаумен тікелей байланысты.

Объект – зерттеуде не қарастырылатынын анықтау. Бірақ объект туралы толық, жан-жақты білім алу мүмкін емес. Сондықтан объектінің қай жағы, қандай қыры, байланыстары, қызметтері қарастырылады, соны көрсеткенде зерттеуші зерттеу пәнін анықтайды. Масалы, зерттеу тақырыбы - «Сыныптан тыс жұмыстарда оқушылардың моральдік жауапкершілігін тәрбиелеу». Бұл тақырып бойынша зерттеу объектісі - оқушылардың адамгершілік тәрбиесі. Ал эерттеу пәні –моральдік жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған сыныптан тыс жұмыстар жүйесі.

Зерттеу мақсаты – жұмысты орындау барысында алынатын нәтиже.

Зерттеу міндеттері – осы мақсатқа жету үшін не істеу керек екендігін анықтау.

Гипотеза – ақиқаттылығы, шындығы әлі анықталмаған, дәлелдеуді қажет ететін ғылыми болжам, ғылыми тұжырым.

Ғылыми жаңалығы – қандай нәтиже бірінші рет алынып отыр, бұрын істелмеген не істелді? деген сұраққа жауап беру.

Теориялық маңыздылығы (мәнділігі) - ғылымдағы қандай концепцияға, қандай теорияға өзгеріс, жаңалық енгізілді?

Зерттеудің практикалық маңыздылығы (мәнділігі) - алынған зерттеу нәтижесі қандай практикалық проблеманы шешуге мүмкіндік беретіні.

Әдебиеттер тізімі:1, 2, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 14, 15.